Сейсенбі, наурыздың 10-ы күні Лондон жоғарғы сотында өткен отырыстан кейін британ басылымдары ел астанасындағы офшорлық компаниялардың атына тіркелген үш жылжымайтын мүліктің иесі ретінде Қазақстан парламенті сенатының спикері әрі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиевті атады. Сотқа дейін ВВС медиакомпаниясы британ билігінің күдігін туғызған Лондонның қымбат аудандарының біріндегі зәулім үйде Нұрәлі Әлиев тұрады деп жазған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаев жиенінің" Лондондағы қымбат үйі күдікке іліндіБритан билігі "қайдан алынғаны белгісіз байлық" ретінде бұғаттау туралы ордер берген бұл үйлер туралы ақпарат сот барысында жария етілді. Қазақстан экс-президентінің отбасы мүшелері билік шешімімен келіспей, қарсылық білдірген еді. Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі ел аумағынан "лас" ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуға қарсы күресте қолданылатын бұл ордерді осымен екінші рет пайдаланып отыр. Егер иесі қаржыны заңды жолмен тапқанын дәлелдей алмаса, онда осы ордерге сүйеніп, күдікті мүлікті тәркілейді.
"Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев пен оның анасы, Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева сейсенбі күні Лондон жоғарғы сотында құны 80 миллион фунт стерлинг тұратын Лондондағы "қайдан алынғаны белгісіз байлық" ретінде бұғаттауға ордер берілген үш жылжымайтын мүліктің түпкілікті бенефициары (меншік иесі – ред.) ретінде аталды" деп жазды британдық Financial Times газеті.
Былтыр наурызда Қазақстан президенттігінен кеткенімен, билікке әлі ықпалын жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне қатысты бұл мәліметтерді сот процесіне назар аударған британдық басқа басылымдар да жариялады. Назарбаев президенттіктен кеткен күні оның үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының спикері болып сайланып, мемлекеттік билік иерархиясындағы екінші тұлғаға айналған.
Британ басылымдары (кейбірі Лондондағы жылжымайтын мүліктердің суреттерін де жариялады) Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі бұғаттаған нысандар - қымбат үйлер мен пәтерлер екенін жазады. Атап айтқанда, Денвуд-роудтағы зәулім үй, Челси ауданындағы 31 миллион фунт стерлингке алынған қос пәтер және "миллиардерлер көшесі" аталып кеткен Бишоп-авенюдегі 39 миллион фунт стерлингке сатып алынған қымбат үй. Бұлардың барлығы да офшорлық компаниялардың атына тіркелген, бұл компаниялар "қайдан алынғаны белгісіз байлық" ретінде бұғаттауға берілген ордермен келіспейтіндерін айтады. Компания адвокаттары бұл мүліктердің "қылмыстық жолмен келген қаржыға сатып алынғанын" жоққа шығарады.
Нұрәлі Әлиев пен оның әйелі Аида Әлиеваның өкілі Лорна Скиннер Бишоп-авенюдегі үйде отбасымен бірге тұрған Әлиевті мүліктің иесі деп атады деп жазады Financial Times. Адвокат "жақында ұры түскенін" айтып, бұл нысан туралы ақпаратты жария етпеуді сұраған, бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырмады.
Жылжымайтын мүліктер тіркелген офшорлық компаниялардың адвокаты бұл үйлерге Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі әрі Нұрәлі Әлиевтің әкесі Рахат Әлиевтің қатысы жоғын, үйлер оның ақшасына сатып алынбағанын айтқан. Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігінің тергеушілері жылжымайтын мүлік Рахат Әлиевтің "лас ақшасына" сатып алынған деп санайды. 2007 жылы қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен араздасып қалған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке Қазақстан соты "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған", "адам ұрлаған", "қылмыстық топ құрған" деген айыптар бойынша сырттай ұзақ мерзімге түрме жазасын кескен. 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде бір кісілік камерада қамауда отырған Рахат Әлиев өлі табылған.
Лондон сотында күдікті жылжымайтын мүлік иелерінің мүддесін қорғаушы адвокат Рахат Әлиевтің Дариға Назарбаевамен 2007 жылы ажырасқанын, сол себепті 2008 жылдан кейін сатып алынған Лондондағы жылжымайтын мүлікке оның қатысы жоғын айтты деп жазады ВВС. Адвокат тергеушілердің "жоқты бардай етіп бұрмалап отырғанын" айтып, олардың "әлем туралы патриархалды жосықсыз түсінігін" сынады және "Назарбаеваның өз бетінше табыс табуға қабілетті әйел" екенін мәлімдеді деп жазады британ басылымы. Адвокат өз клиенттері қылмыспен күрес жөніндегі агенттігіне жылжымайтын мүлікті сатып алу және қаржыны басқару туралы құжаттарды ұсынғанын, бірақ агенттіктің оны зерттеуден бас тартқанын айтқан.
Назарбаеваның өкілінің айтуынша, оның клиенті "ешқандай құқық бұзушылыққа қатысы жоғын жеткізеді және соттың бұл мәселені тезірек шешкенін асыға күтеді".
Азаттық сайтында наурыздың 10-ы күні Нұрәлі Әлиевтің жылжымайтын мүлкі туралы мақала жарияланғаннан кейін оның заңгері Катрина Далидің редакцияға жолдаған хатында "Нұрәлі Әлиевтің бұл іс бойынша барлық тиісті ақпаратты ұсынып, NCA-ға (Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттік – ред.) көмектесуге тырысқанын", ал қазір "агенттіктің ұстанымымен мүлде келіспейтінін және соттың мәселені тезірек шешуін күтетінін" хабарлаған.
Лондондағы сот процесі жалғасып жатыр.
Егер Назарбаева, Әлиев пен олардың офшорлық компаниялары күдікті даулы үйлердің заңды жолмен келген ақшаға сатып алынғанын сотта дәлелдей алса, онда "қайдан алынғаны белгісіз байлық" ретінде бұғаттауға берілген ордердің күші жойылады деп жазады ВВС. Ал егер олар дәлелдей алмаса, онда билік әлгі үйлерді тәркілеп, аукцион арқылы сатуды талап ететін болады. Бұл іс бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, "мүлік иелеріне ешқандай айып тағылмайды, бұл дау олардың кінәлі я кінәсіздігі жайлы емес" деп жазады британ басылымы.
Ұлыбритания билігі бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден шыққандардың күмәнді ақшаны заңдастыруына қарсы күресті 2018 жылы бастаған. Британ соты осы кезге дейін құны ондаған миллион фунт стерлинг тұратын мүлікті бұғаттаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның аты тағы да аталды