Үш алтынымен Қазақстан алтыншы орынға шықты

Қазақстандық ауыр атлет Майя Манезаның олимпиада тұғырында алтын медаль ұстап тұрған сәті. Лондон, 31 шілде 2012 жыл.

Қазақстан үшінші алтын медаль иеленді. Алғашқы екі жүлдені велоспортшы Александр Винокуров пен ауыр атлет Зүлфия Чиншанло, ал үшінші алтынды тағы бір ауыр атлет Майя Манеза әперді.

Майя Манеза 63 килограмм салмақ дәрежесінде штанга көтеруден олимпиада чемпионы атанды. Жұлқа көтеруде 110 килограмм, серпе көтеруде 135 килограмды бағындырған Манеза қоссайыс қорытындысы бойынша олимпиада рекордын жаңартты – 245 килограмм.

МАНЕЗА VS ЦАРУКАЕВА

Майя Манезамен алтынға таласқан ресейлік Светлана Царукаева 237 (112+125) килограммен күміске тоқтаса, қола медальді канадалық Кристин Жирар тағынды - 236 (103+133) килограмм.

Майя Манеза 2009 жылы Гоянг қаласында (Оңтүстік Корея) әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды. Мұнда да күмісті Царукаева иеленген еді. Екі спортшы да 246 килограмм көтерген. Бірақ салмағының жеңілдігінен Манеза чемпион атанған еді.

Қазақстандық ауыр атлет Мая Манезаның олимпиада чемпионына айналған сәті. Лондон, 31 шілде 2012 жыл.


2010 жылы Антальяда (Түркия) өткен әлем чемпионатында Манезаға тең келер ешкім табылмады. Ол 246 килограмм салмақты көтерді. Екінші орын алған түркиялық Сибел Симсек 241 килограмды бағындырған еді.

Осы жылы Қытайда өткен Азия ойындарында да Манеза чемпион болды. Алтын алу үшін 241 килограмды көтеру жеткілікті болды.

2011 жылы Франция астанасы Парижде өткен әлем чемпионатында Манеза күміс жүлдені қанағат тұтты – 246 килограмм. Бұл жолы ежелгі бәсекелесі ресейлік Светлана Царукаева алтын алып кетті – 255 килограмм. Бірақ Царукаева Лондон олимпиадасында Париждегі көрсеткішінен 18 килограмм аз көтерді.

Лондондағы жарыстан кейін ресейлік журналистерге сұхбат берген Царукаева «Күміс медальға да шүкір. Бірақ нәтиже көңілімнен шықпады. Одан көп көтеруге мүмкіндігім болды. Бір ай бұрын бабым басқаша болатын. Бірақ оң тіземде жарақат бар. Кеше жүре алмай қалдым. Дәрігерлер тіземді емдеп, жарысқа шығуыма мүмкіндік жасап берді. Күміс жүлденің өзі мен үшін қымбат» деді.

ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Жарыстың төртінші күні қазақстандық екі боксшы алғашқы кездесуде жеңіске жетті. 49 килограмда Біржан Жақып француз Жереми Беккуді әрең ұтты -18:17. Жақыптың ендігі қарсыласы - филиппиндік Марк Барриго. 64 килограмм салмақта Данияр

АҚШ боксшысы Джаммелл Херинг (қызыл) пен Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов (көк). Лондон, 31 шілде 2012 жыл.

Елеусінов Джамелл Херингті ұтып (19:9), екінші айналымға өтті. Данияр келесі кезеңде ирандық Мехди Толоутибандлимен кездеседі.

81 килограмм салмақ бойынша татамиге шыққан дзюдошы Ислам Бозбаев алғашқы екі қарсыласы - Артем Василенко (Украина) мен Сачо Деньонды (Того) ұтқанымен, ширек финалға шығар тұста Пекин олимпиадасының чемпионы, германиялық Оле Бишофтан ұтылып қалды. Ал Бишоф финалда кореялық Ким Ву Жуннен жеңіліп, Лондон ойындарының күміс алқасын алды.

Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы топтық кезеңдегі екінші кездесуінде Австралиядан ұтылды – 4:7. Алда әлі үш ойын бар. Үшеуінде де жеңіске жетсе, ширек финалға шығуға болады.

Теннистен Ярослава Шведова жекелей сындағы жарысын аяқтады. Спортшы германиялық Сабина Лисицкиден жеңіліп қалды - 6:4, 3:6, 5:7. Шведова теннисте Қазақстан атынан жалғыз қалған еді. Енді бұл спорт түрінде Қазақстан спортшысы жоқ.