Қызметінен кеткен Ош басшысы оралуы мүмкін

Ош әкімі Мелис Мырзакматов (оң жақта) сайлау учаскесіне келді. Ош, 4 наурыз 2012 жыл.

Ош қаласында ықпалды басшының қызметінен алынуына жұрт наразылық білдірді. Бірақ елдегі ең даулы саясаткерлердің бірі Мелис Мырзакматов бұл орынға қайтып келуі мүмкін дейді сарапшылар.
Қырғызстанда соңғы төрт жыл бойы Ош қаласын басқарған, елдегі ең даулы саясаткерлердің бірі Мелис Мырзакматовтың желтоқсанның 5-і күні қызметінен алынуы елді дүр сілкіндірді. Қырғызстан премьер-министрінің баспасөз хатшысы Жантөре Сатыбалдиевтің мәлімдеуінше, Мырзакматовты қызметінен алу жайлы жарлыққа қол бұрынырақ қойылған.

ЫҚПАЛДЫ ТҰЛҒА

44 жастағы Мелис Мырзакматов Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласын этникалық қақтығыстар болған 2010 жылдан бері басқарып келді. Оны осы қызметке оңтүстік және солтүстік болып бөлініп, ара-жігі ажыраған елді біріктіру үшін тағайындаған болатын. Қазір бұл проблема Қырғызстандағы саясатты айқындаушы негізгі фактор болып отыр.

Мырзакматов бұның алдында «қаржылық қылмыс жасады» деген күдікпен тұтқындалған парламенттің бұрынғы спикері Ахметбек Келдібековтің жақтаушылары өткізген шеруде оңтүстік өңірінен шыққан қамаудағы саясаткерге

Мелис Мырзакматов (ортада) коррупция айыбымен қамауға алынған парламент депутаты Ахметбек Келдібековтың қолдаушылары өткізген наразылық акциясында сөйлеп тұр. Ош, 2 желтоқсан 2013 жыл.

қолдау көрсеткен еді. Арада үш күн өткенде қызметінен алынған Мырзакматов – Қырғызстан билігінен қуылған Құрманбек Бакиевпен байланысы күшті болса да, қызметінде қалған жалғыз басшы. Бұқара халық «қылмыс жасады» және «жемқорлыққа жол берді» деп Құрманбек Бакиевті айыптап, билікке қарсы жаппай ереуілге шыққан соң, Бакиев 2010 жылы елден қашып кеткен болатын.

Бакиевті сынайтын депутат Өмірбек Текебаев Мырзакматовтың қызметінен алынуына Келдібековті қолдау шеруіне қатысқаны және үкіметті ашық сынауы себеп болуы мүмкін деп санайды.

– Оштағы кез келген қарсылық шеру кезінде мэрдің негізгі міндеті – заңсыздыққа және толқуға жол бермеу. Одан бөлек, бүлікке шақыратын кез-келген адамды бақылауда ұстау. Бәлкім Мырзакматов мемлекеттік мүдде мен қауіпсіздік шараларының қаншалықты керектігін түсінбейтін шығар. Премьер-министрдің оны қызметінен алу себебі осы болса керек, - дейді ол.

НАРАЗЫЛЫҚ

Бұл өзгеріс Ош қаласында наразылық туғызды. Этникалық құрамы әртүрлі қалада ықпалды шенеунік Мырзакматовты жақтаушылар өте көп.

Наразы топ тез арада әкімшілік ғимараты алдына жиналып, оның қызметтен кету себебін түсіндіруді биліктен талап етті. Жиналған жұртты әкімшілік ғимаратына кіргізбес үшін, каска киіп, резеңке таяқпен қаруланған 200-ге жуық полиция бөгеді.

Ош облысы әкімшілігінің алдында тұрған полиция. 2 желтоқсан 2013 жыл.

Қаланың уақытша мэрі Әлімжан Байқазақов шерушілерге «Мырзакматов сіздердің талаптарыңызға жұма күні өзі жауап береді» деді. Қазір Бішкекте отырған Мырзакматов бұл жайында көп ақпарат берген жоқ. Ол ВВС-ге ғана өзінің премьер-министрдің шешімімен келісетінін айтқан.

Мырзакматовтың бұлайша үнсіз қалу себебін болжауға тырысып жатқан кейбір саяси сарапшылар оның қызметтен алынуы уақытша шара болуы мүмкін деген пікір білдірді. «Бұл амал сайлау туралы жаңа заңнан соң оның қызметіне тезірек қайтып келуіне жол ашатын сияқты» деген болжам айтады олар.

ӘКІМ САЙЛАУЫ ЕНГІЗІЛЕ МЕ?

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазір Ош пен Бішкек қаласының мэрлерін сайлайтын жаңа заңға қол қою жайында ойланып отыр. Жаңа заң қабылданса, қала мэрін президент бұрынғыдай тікелей өзі тағайындамайды. Оларды қалалық кеңес сайлайды.

Егер алдағы аптада жаңа заңға президент қол қойса, екі қалаға мэр сайлау науқаны келесі жылы қаңтар айында басталуы керек. (Қызмет бабын асыра пайдаланағаны үшін деген айыппен тергеліп жатқан Бішкек қаласының мэрі Иса Өміркулов осы аптада қызметінен босатылды.)

Оштағы жергілікті кеңес сайлауы. Қырғызстан, 22 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Мырзакматовтың «Ұлттар бірлігі» деп аталатын партиясы Ош қаласы кеңесінде басым көпшілік орынға ие. Осының өзі кез келген сайлауда оның жеңіске жетуге мүмкіндігі жеткілікті екенін байқатады.

Атамбаев Ош қаласы мэрі қызметіне өзінің Социал демократиялық партиясының бір мүшесі отырғанын қалайды.

Қазіргі билік 2015 жылы өтетін парламент сайлауына дейін Мырзакматовты саяси сахнадан кетіргісі келетін сияқты. Себебі, Ош аймағындағы 1 миллионға жуық сайлаушы Мырзакматовке айтарлықтай қолдау көрсетуі әбден мүмкін.

ӘККІ САЯСАТКЕР

Бішкектегі саяси сарапшы Марс Сариев Мырзакматовтың өзіндік жоспары бар деп санайды. Оның ойынша, Мырзакматов Ош қаласының мэрі қызметін «бұл орынға міндетті түрде қайтып келемін» деген ниетпен тастап кеткен.

– Мырзакматов әбден ысылған әккі саясаткер және ол кез-келген саяси жағдайда қалай қимылдау керектігін жақсы біледі. Ол Ош қаласы мэрінің орнына сайлауға түсіп, жеңіп шығу үшін әдейі үзіліс жасады. Мен бұл сайлауларда басқа біреулер жеңеді деп ойламаймын. Сайлауда кімнің билігі бар – сол жеңеді, - дейді сарапшы.

Ош қаласындағы шеру. 1 наурыз 2012 жыл.

Бішкек Мырзакматовты бұдан бұрын қызметінен бір рет алмақшы болған. Бірақ ол жолы Мырзакматов қарсыластарын қаймықтыру үшін өз аймағындағы жақтаушыларын пайдаланып, оңтүстікте бүлік шығарамыз деп қорқытып, Бішкектің бетін қайтарып тастаған.

Бұл қызметке 2009 жылы келген Мырзакматовке Ошта елдің бәрі бірдей қолдау білдірмейді. Оштағы этникалық өзбектер оны 2010 жылғы қантөгістен кейін елді татуластыру ісі бойынша аса көп іс атқарған жоқ деп санайды. Сол кездегі қақтығыста қаза тапқан 400 адамның көбі - өзбектер.

Кейбір өзбек топтары қантөгісті ұйымдастыруға мэрдің де қатысы болуы мүмкін деп күмәнданады. Олар қақтығыс аяқ астынан туып кетті дегенге сенбейді.

Оштағы қантөгіс жайлы «Мен шындықты білгім келеді» атты естелігінде Мелис Мырзакматов 2010 жылғы қақтығыстарға қатысы болмағанын жазып, өз атына айтылған айыптарды жоққа шығарған.