27 жастағы моңғолиялық спортшы Сайфолла Тілеубердіұлы 2015 жылғы халықаралық жарыстарға Моңғолия астанасы Улан-Батордағы өзінің жеке орталығында жаттығып жатыр. Спортшы алдымен Жапониядағы әлем чемпионатына, кейін Мәскеудегі әлем кубогына барады. Ал тамызда Орландода (АҚШ) өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Сайфолла барлық жарыстарға жалғыз баратынын, жеке бапкері мен кеңесшісінің жоқ екенін айтады.
«Биылғы жарыстарға қатысу шығындарын өз қалтамнан шығарамын. Мемлекеттен арнайы көмек жоқ. Жаттығу да өзім ашқан жеке фитнес орталығымды өтеді» дейді ол.
Жарыстарға баратын қаржы табу үшін моңғолиялық қазақ жеке кәсібін ашқан. Ол негізгі мамандығы бойынша Улан-Баторда тергеуші болып жұмыс істейді.
Сейфолла – совет кезеңінде Ресейдегі жоғары оқу орындарында оқыған баян-өлгийлік қазақ интеллигенциясы отбасыларының бірінде туған. Әкесі – инженер, шешесі – заңгер. Қазір екеуі де зейнетте. Спортшының өзі де Баян-Өлгийде туып-өскен.
«Негізі боксшы болғым келген. Оқушы кезімде бокс үйірмесіне жиі баратынмын. 2009 жылы Улан-Батордағы полиция академиясына оқуға түсіп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мені пауэрлифтингке алып келді. Бұрын қол күресті қатар алып жүргем, қазір пауэрлифтингке ден қойдым» дейді әлі үйленбеген бойдақ жігіт Азаттық тілшісіне.
Сейфолла Тілеубердіұлы пауэрлифтингпен 21 жасында айналыса бастаған. Бұл спортпен қатар қол күреске де қызығады. Осы екі спорттан бірнеше халықаралық жарыста жүлде алған. 2010 жылы Сейфолла халықаралық аренадағы алғашқы ірі жеңісіне жетіп, пауэрлифтингтен Улан-Батордағы Азия чемпионатында алтын алады. Бір жыл өткен соң қол күрестен Өскемендегі Азия біріншілігінде қола медаль иеленеді.
Спортшы 2014 жылы пауэрлифтингтен Моңғолия чемпионатында үшсайыс қорытындысы бойынша 917 килограмм көтеріп, ел рекордын жаңартады. Сол жылы ол АҚШ-та өзінің ең ірі табысына қол жеткізеді. Майамиде өткен әлем чемпионатында Сейфолла 125 килограмм салмақ дәрежесінде зілтемірді иығына қойып көтеру бойынша 380 килограмм нәтижемен әлем рекордын да жаңартты.
«Жыл сайын нәтижемді жақсартуға тырысамын. 2013 жылы Прагада өткен әлем чемпионатында қола, 2014 жылы Майамиде алтын алдым. Биыл алтынның санын көбейту басты мақсатым» дейді спортшы.
Майамидегі пауэрлифтингтен әлем чемпионатына ардагерлер арасындағы жарысқа барған 58 жасар қазақстандық спортшы Боранбай Бейсенбаев моңғолиялық қазақ жігіттің қайратын өз көзімен көрген.
«Сайфолла алдымен 350 килограмды иығына қойды да еркін отырып, тұрды. Кейін 370 және 380 килограмды да еш қиналмай көтеріп, алтын алды» дейді ол.
Сайфолла Тілеубердіұлы қазір өзінің жеке орталығында бірнеше баланы жаттықтырып жүр.
«Пауэрлифтингке ебі бар деген төрт-бес баланы іріктеп алып, соларды дайындап жүрмін. Алдағы уақытта жаттықтырушы ретінде де шәкірттерімнің жеңісін көргім келеді» дейді ол.
Пауэрлифтинг зілтемірді жатып көтеру, тұрып көтеру және иықпен көтеру сынды үш сайыстан тұрады. 1972 жылдан бері әлем чемпионаты ұйымдастырылып келе жатса да, бұл спорт түрі олимпиада бағдарламасына енбеген.