Осы аптада Францияның кассациялық соты қазақстандық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялауға қатысты шешімді күшінде қалдыру туралы қаулы қабылдады. Ал Батыстың кейбір ақпарат құралдарында бұрынғы банкирге қатысты мақалалар жарияланды.
Кезінде «алаяқтық» бабы бойынша айыпталған Мұхтар Әблязов сот процесі қарсаңында Ұлыбританиядан қашып кеткен болатын. Оның Лондонның орталығындағы құны 14 миллион фунт стерлинг тұратын үйі Батыстың кейбір ақпарат құралдарының назарына тағы ілікті.
ЖЕРАСТЫ БАССЕЙНІ БАР ҮЙ
Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Independent газеті «Ұлыбритания тарихында алаяқтық бабы бойынша қозғалған ірі істі қараудан Мұхтар Әблязов Францияға қашып, құтылып кетті» деп жазады. Детективтер оны бір жылдан кейін Францияның оңтүстігіндегі Канны қаласы түбіндегі вилладан тапқан. Газет Лондонның орталығындағы зәулім сарайдың фотосуретін жариялаған, суреттің астында «Мұхтар Әблязовтің үйі» деген жазу бар.
Наурыздың 2-сінде халықаралық Bloomberg агенттігі «Миллиардерлер ақшаларын Лондонның зәулім әрі құпия үйлері арқылы қалай жасырады» деген мақала жариялады. Агенттіктің жазуынша, Ұлыбританияның жоғарғы соты мәрмәр ванналармен, хрусталь шырағдандармен жабдықталған, бал залы, жерасты бассейні, 10 адамға арналған түрік моншасы мен жеті жатын бөлмесі бар зәулім үйдің қожайыны Мұхтар Әблязов екенін анықтаған.
Енді 14 миллион фунт стерлингке (21 миллион 500 мың доллар) бағаланған үй сатылып, түскен ақша БТА Банктің қарыздарын жабуға жұмсалмақ. Ал ертеректе Мұхтар Әблязов «жалға алдым» деген уәжбен әлгі үйдің қожайыны екенін терістеген болатын. Бірақ Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ұлыбритания соты жылжымайтын мүліктің оффшор компаниялар желісі арқылы сатып алынғанын әрі олар Мұхтар Әблязовке қатысы барын жасырғанын анықтаған.
«ЗАҢСЫЗ АҚША ЛОНДОНҒА АҒЫЛЫП ЖАТЫР»
Наурыздың 6-сы күні Ұлыбританияның Independent газеті «Лондондағы жылжымайтын мүлік дүрбелеңі заңсыз ақшаға құрылған» деген тағы бір мақала жариялады. Газеттің мәлімдеуінше, коррупциялық жолмен алынған миллиардтаған фунт стерлинг ақшаны қылмыскерлер мен шетелдік шенеуніктер жасырын оффшор компаниялардың көмегімен Лондонда жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы заңдастырып жатыр.
Газеттің хабарлауынша, Лондонда құпия компаниялар арқылы сатып алынған 36 мыңға жуық үйдің көбі ұрланған ақшаның ізін жасыру үшін сатып алынған. Халықаралық Transparency International коррупциямен күрес ұйымының хабарлауынша, соңғы кезде Лондон коррупциялық жолмен алынған заңсыз ақша ағылып жатқан қалаға айналған. Өйткені Лондонда жылжымайтын мүлік қымбат тұрады әрі Ұлыбритания билігі мүлік иелері туралы ақпаратты жариялағысы келмейді.
Independent газетінің жазуынша, өткен жұмада Мәскеу қаласында қастандықпен өлтірілген ресейлік оппозиционер Борис Немцов «коррупция жайлаған елдерден ұрланған ақша ағынын тоқтату үшін Ұлыбритания жеткілікті шара қолданбай отыр» деп талай мәлімдеген.
Газеттің жазуынша, Ұлыбритания билігі қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру әрекеттерін көбінесе жазаламайды. Ал Transparency International ұйымы «көбірек ақша табуды ғана көздейтін жылжымайтын мүлік сататын агенттер күдікті мәмілелер жайлы билікке хабарламайды» деп мәлімдейді.
Қазақстан үкіметі Мұхтар Әблязовті «БТА Банк есеп-шотынан алты миллиард долларды жымқырды» деп айыптайды. Қазақстаннан кетіп қалған 2009 жылға дейін банк акцияларының басым бөлігі Мұхтар Әблязовтің иелігінде болған. Кейін банк мемлекет меншігіне өткен. Қыруар шығынға ұшыраған кредиторлардың арасында Ұлыбританияның RBS, Barclays, Standard Chartered және HSBC банктері де бар. Мұхтар Әблязов «саяси астары бар» деген уәжбен тағылған айыптарды мойындамайды.