Жексенбі, 14 наурыз күні Мьянмада әскер билігіне қарсы наразылықта кемі 38 адам қаза тауып, ондаған кісі жарақаттанды. Бұл туралы "Саяси тұтқындарға көмек көрсету қауымдастығы" дейтін үкіметтік емес ұйым хабарлады. Әскери хунта осыдан кейін елдің ең ірі қаласы Янгонның екі ауданында әскери жағдай тәртібін орнатты.
Қаза тапқандардың басым бөлігі – 34 адам – Янгонның екі ауданы Хлайнтайа мен Швепитада болған. Әскери жағдай тәртібі де осы екі ауданда орнаған. Қалған төрт өлім Баго, Мандалай, Хпакант қалаларында тіркелген.
Өзге деректерге қарағанда, қаза тапқандар саны 63 болуы мүмкін.
Саяси тұтқындарға көмек көрсету қауымдастығы 1 ақпаннан кейінгі наразылық акцияларында осымен кемі 126 адам қайтыс болды дейді. Ұйымның сөзінше, өлім саны бұдан көп болуы ықтимал.
Біріккен ұлттар ұйымы Мьянмадағы наразыларға қарсы зорлық-зомбылықты айыптап, шерушілерді халықаралық қолдауды күшейтуге шақырды.
"Халықаралық қауымдастық, соның ішінде аймақтық қайраткерлер Мьянма халқы мен оның демократияға деген ұмтылысына ниеттестік ретінде бірігуі қажет" деді БҰҰ-ның Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша арнайы уәкілі Кристина Шранер Бургенер.
Халықаралық қауымдастықтың қантөгіске алаңдауы күшейді. Бірақ осыған дейін билікті басып алған генералдар зорлық-зомбылықты азайтуға деген үндеулерге құлақ аспады.
БҰҰ-ның Мьянма жөніндегі сарапшысы Том Эндрюс Twitter желісінде 14 наурыз күні болған оқиғаға наразы екенін айтты.
"Хунта басшылары билікте емес, түрмеде отыруы керек" деді ол. "Оларға ақша мен қару жеткізуді доғару қажет. Мен БҰҰ-ға мүше елдерді әрекет ету жөніндегі үндеуіме құлақ асуға шақырамын".
Әскер билігінің әрекетін Human Rights Watch ұйымы да айыптады.
"Демалыс күндері өрт кезінде қаза тапқан шерушілер санының артуы Мьянма қауіпсіздік күштерінің наразыларға әскери оқ атуда қаншалық құтырғанын көрсетеді" деді Human Rights Watch ұйымы Азия жөніндегі директорының орынбасары Фил Робертсон.
14 наурыз күнгі қақтығыстың өршуіне Қытай иелігіндегі бірқатар зауыттың өртке орануы да себеп болған. Наразылар әскери төңкерістің артында Қытай тұр дейді.
Қытай елшілігі өртті айыптап, полицияны Қытай кәсіпорындарының қауіпсіздігін қамтамасы етуге шақырды.
Қамауда отырған Аун Сан Су Чжи дүйсенбі, 15 наурыз күні сот отырысына қатысуы керек.
Нобель сыйлығының иегері Аун Сан Су Чжи рация құрылғыларын заңсыз импорттады, коронавирус шектеулерін орындамады, телекоммуникация заңдарын бұзды және халық толқуын қоздырды деп айыпталып отыр.
Әскери билік сондай-ақ оған 600 мың доллар ақшаны және ірі көлемдегі алтынды пара ретінде алды деп айып тақты. Су Чжидің адвокаты айыптар "негізсіз" дейді.
МЬЯНМАДАҒЫ ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС
1 ақпан күні Мьянма әскері билікті басып алып, елдің де-факто лидері Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді қамауға алған. Төңкерістен кейін билік әскер басшысы генерал Мин Аун Хлайнға өтті.
Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауы әділетсіз өтті дейді. Ол сайлауда Аун Сан Су Чжидің Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз атанған.
Осыдан кейін ел тұрғындары жаппай наразылыққа шығып, әскер билігіне қарсы шықты. Олар Аун Сан Су Чжиді босатып, демократиялық тәртіпті қалпына келтіруді талап етеді.
Ақпанның соңында әскерилер наразыларға суық қару қолдана бастады. 27-28 ақпан күндері өткен наразылық акцияларында полициямен қақтығыста 18 адам қаза тауып, отыздан астам кісі жарақат алды. Полиция шерушілерді тарату үшін резеңке оқ пен жас ағызатын газ қолданды.
3 наурыздағы наразылық кезінде 38 адам қаза тапты. Полиция Янгон, Мандалай, Мьинджан секілді қалаларда наразыларға қарсы оқ атқан. Қаза тапқандардың ішінде екі жасөспірім болған.