НАТО саммиті екінші қырғиқабақ соғыстың басы ма?

НАТО жаттығулары кезінде парашютпен секіріп жатқан Польша жауынгерлері. Турино, 7 маусым 2016 жыл.

Екі жыл бұрын Уэльсте өткен НАТО саммитінде басталған көп мәселе Варшавада жалғаспақ. НАТО елдері басшылары Уэльсте «төтенше жағдайда» бас қосқан еді. Енді бұл одақ ұзақ та шиеленіскен араздыққа әзірленіп жатыр. Кей саясаткерлер саммит шешімдерінің әсері ондаған жылдарға созылады дейді.

Екі жыл бұрын Атлантикалық альянс әу бастағы негізгі миссиясына қайта оралып, өз мүшелерін қорғау қамына кіріскен. Бүгін олар барлық күш-жігерін жинап, күннен күнге қауіпті болып келе жатқан Ресей беталысын тойтаруға бекінеді.

2014 жылдың қыркүйегінде НАТО басшылары Уэльстегі Ньюпортта жиналғанда Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистермен соғыс енді ғана басталып жатқан. Ресейдің Батысқа қатысты агрессиялық саясаты күш алып келе жатқан мезет еді.

Онда «гибрид соғыс» деген термин жаңа шығып, жұрт оның мағынасын түсінбей әлек болып жүрген.

2014 жылғы Уэльстегі басқосу осы дағдарысқа қатысты жедел әрекет етудің жайын пысықтаса, осы аптада Варшавада өтетін кездесуде Мәскеумен арадағы ұзаққа созылуы мүмкін араздық кезінде тұрақты да мығым қорғаныс қалыптастыру мәселесі сөз болмақ.

Шілденің 8-9-ы күндері Польша астанасында өтетін саммитте қабылданатын шешімдердің жаңғырығы ондаған жылдарға созылады дейді саясаткерлер.

Мамырда Эстония президенті Тоомас Хендрик Ильвес «Бұл жиын жаңа дәуірдің басы болады, онда біз түбегейлі өзгерістерге лайықты түрде жауап беру үшін «Батыс қауіпсіздігі» деген ұғымға қайта анықтама береміз» деген.

Оның үстіне бұл саммит Ұлыбритания халқы Еуропа Одағынан шығуды қолдап дауыс берген Brexit әсері басылмай жатқанда өткелі тұр.

Сонымен, Варшава саммитінен не күтуге болады?

ШЫҒЫС ШЕП

Әрине, шығыс шепті - НАТО-ның осы шекарасындағы мемлекеттерді Ресей агрессиясынан қорғау мәселесі – саммиттің басты тақырыбы болмақ.

Жақында АҚШ-тың НАТО-дағы бұрынғы елшісі Николас Бернс «Трансатлантикалық одақ басшылары ащы ақиқатты түсінуі керек: Еуропадағы бейбітшілік, қауіпсіздік және демократиялық тұрақтылық дегенге бұдан былай толық сенім жоқ» деп жазды.

НАТО саммитінің баннері. Варшава, 7 шілде 2016 жыл.

Екі жыл бұрын Уэльсте НАТО Эстония, Латвия, Литва, Польша және Румынияда жаңа әскери нысандар салып, қауіп төнген мүшелеріне екі күн ішінде көмектесе алатын жедел шұғыл әрекет күштерін орналастыру туралы шешім қабылдаған.

Варшавада альянс шығыс шебін бекіте түсу үшін Эстония, Латвия, Литва және Польшаға әрқайсысы мың сарбаздан тұратын төрт батальон жіберу жөнінде ұйғарымға келмек.

Бұл мақсат аясында АҚШ, Ұлыбритания, Германия мен Канада әрқайсысы бір батальоннан жіберуге келісіп отыр.

АҚШ батальоны Польша аумағына, Беларусь пен Ресейдің Калиниград облысының арасын бөліп жатқан Сувалки дәлізіне орналасады деп жоспарланған. Ені 100 километр болатын бұл дәлізде Польша мен Литва шектесіп жатыр.

Әскерилердің болжауына қарағанда, қақтығыс болған жағдайда Ресей бұл дәлізді басып алып, Балтық елдерін альянстың қалған бөлігінен оп-оңай бөліп тастай алады.

Германия басқаратын батальон - Литвада, Британия жасағы - Эстонияда, ал төртінші батальон Латвияда орналаспақ.

Оның үстіне АҚШ Балтық аймағына, Болгария мен Румынияға қосымша 3500 жауынгерін жөнелтуге келісіп отыр. Мұндағы негізгі әскери база жаттығу орталығына лайықталып кеңейтіліп жатыр.

Бұған қоса, маусым айында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Румынияның «3 мыңнан 5 мыңға дейін әскер қабылдауға әзірміз» деген ұсынысын талқыға салмақ. Бұл ұсыныс мақұлданған жағдайда ол тек әскери жаттығу өткізетін орын ғана емес басқыншылыққа тойтарыс беруші бекініс рөлін де атқарады.

Чехия халықаралық қатынастар институты сарапшысы Марк Галеотти The Power Vertical подкастына берген сұхбатында бұл өзгерістерге былай баға берді:

- Бұлар – шабуылдаушы құрылымдар емес. Қанша мықты болса да, қанша жерден бес қаруы сай болса да, Ресей жаппай соғыс бастаған жағдайда анда-мұнда орналасқан мың әскер ештеңе істей алмайды. Бұлар – тек саяси маркер ғана. Олар «Бұл елдерге кіретін болсаңдар сендер тек эстондар мен латыштарды ғана емес, америкалықтар мен немістерді де өлтіресіңдер» дегенді меңзеп тұр. Бұл – өте маңызды, - деді сарапшы.

СОЛТҮСТІКТІҢ ОСАЛ ТҰСЫ

Ал Ресейді тоқтату мүмкін болмаса ше?

АҚШ-тың зымыран атқыш кемесі Donald Cook Балтық теңізіндегі Гдынь портына (Польша) кіріп келеді. 8 сәуір 2016 жыл.

Әскери сарапшылардың айтуына қарағанда, Солтүстік Еуропаның географиясына байланысты тіпті НАТО әскері болған күннің өзінде Балтық елдерін Ресейдің басқыншылығынан құтқару қиын.

Жақында RAND корпорациясы өткізген соғыс ойынының нәтижесіне қарасақ, «Балтық елдерін жылдам басып алуға жол бермеу үшін» НАТО жеті бригадасын (соның ішінде үшеуі ауыр артиллерия), оған қосымша «әуеден және жерден тиісті күштерін» жұмылдыруы керек.

Аймақты тұрақты түрде қорғап, НАТО-ға мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығын қалпына келтіру үшін мұның өзі де жеткіліксіз.

Сондықтан НАТО әсіресе альянсқа мүше емес екі ел – Финляндия мен Швецияға жақын әріптес әрі одақтас ретінде ерекше ықылас танытып отыр. «Жаңа қырғиқабақ соғыс» кітабының авторы Эдвард Лукас:

- Финдер мен шведтердің қолдауы болмаса, Балтық елдерін Ресейдің шабуылынан қорғау НАТО-ға өте қиын болады, - деді.

Финляндия мен Швеция НАТО-ға кірген жағдайда альянстың шығыс шебіндегі күші Ресеймен теңесіп қалады.

Бұрынғы бейтарап қалпынан жазбай келе жатқан елдердің екеуі де НАТО-ға кіруге әзірге дайын емес, дегенмен олар, әсіресе Швеция Батыс елдерінің әскери одағын қолдайтынын білдіріп. Екі ел де ұйымға мүше болудың пайдасы мен зиянын зерттеп жатыр.

Шеция мен Финляндияның НАТО-ға бүйрегін бұра бастағаны Варшавадағы саммитте де айқын байқалатын түрі бар.

Мамырда Швеция парламенті НАТО-ға қолдау көрсету жөніндегі келісімді бекітті. Ол келісім бойынша НАТО әскери жаттығу, қақтығыс не басқа да дағдарыс кезінде Швеция аумағында еркін әрекет ете алады.

Швеция мен Финляндияның сыртқы істер және қорғаныс министрлері осы жазда Брюссельдегі басқосуға НАТО-ға мүше 28 елдегі басқа әріптестерімен бірге қатысты. Мұндай формат НАТО тарихында алғаш рет қолданылды.

Альянс өкілдері «28+2» формуласы алда да жалғаса береді деп отыр.

ОҢТҮСТІКТЕГІ МАЗАСЫЗДЫҚ

Ресей Қырымды аннексиялап, түбекке қаруларын әкелгелі НАТО оңтүстікке, әсіресе Қара теңізге бұрынғысынан басқаша қарай бастады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қара теңіз «Ресейдің көліне» айналып кету қаупі бар деп жайдан жай ескерткен жоқ.

Қара теңіздегі Болгария мен НАТО-ның жаттығуы. 2014 жыл.

Америка сыртқы саясат кеңесінің аға сарапшысы Стивен Блэнк жақында «Украинаға басып кіріп, Қырымды аннексиялау арқылы Ресей президенті Владимир Путин Қара теңіздегі қауіпсіздік ахуалын өзгертті» деп жазды.

Мәскеуге қарсы тұру үшін Румыния осы саммитте Қара теңізде халықаралық тұрақты әскери-теңіз күштерін орналастыру туралы ұсыныс тастамақ.

Маусымда өткен баспасөз мәслихатында Столтенберг «Ресей Қырымда біршама күш алып келе жатқандықтан, бұл мәселе саммитте талқыланады» деген еді. Алайда НАТО-ның Қара теңіз флотын құру бастамасы қайшы пікірлер туғызып отыр.

Мәселен, Болгария премьер-министрі Бойко Борисов бұл бастамаға қарсы екенін және оған қолдау білдірмейтінін ашық айтқан.

Маусым айында өткен баспасөз мәслихатында Борисов «Қара теңіздің соғыс ошағына айналғанын қаламайтынын», «онда әскери кемелер емес, яхталар мен туристер серуендеп жүргенін» қалайтынын айтқан. Болгария оппозициясының айтуына қарағанда, бұл – Варшавада ең қызу талқыға түсетін тақырып болады.

КИБЕРМАЙДАН

Уэльсте көтерілген мәселелер әрі қарай жалғасып, Варшава саммитінде киберсоғыс жайы да талқыланбақ.

- Алдыңғы саммитте біз киберқорғаныс НАТО-ның ұжымдық қорғанысының бір бөлігі екенін және халықаралық құқық нормаларының киберкеңістікке де қатысты екенін айтқанбыз. Варшавада біз алға тағы бір қадам жасап, киберкеңістікті әуе, теңіз және жермен бірге әрекет ету аймағы етіп жариялаймыз, - деді НАТО-ның ресм өкілі.

Киберкеңістікті «әрекет ету аймағы» деп жариялау арқылы НАТО өз ресурстарын тиімдірек басқарып, жаттығулар мен тренингтерге киберқорғаныс тәсілдерін оқытуды да қоса алады.

Франция телехабар тарату жүйесі, Германиядағы болат өндіру мекемесі, Польшаның қор биржасы, АҚШ-тың Ақ үйі мен Өкілдер палатасы, АҚШ мемлекеттік департаменті, The New York Times басылымы – осылардың барлығы соңғы жылдары Ресейден жасалған кибершабуылдардан зардап шекті.

Бұған қоса, НАТО маусым айында қабылданған Украинаға «жан-жақты жәрдемдесу пакетін» ресми түрде мақұлдайды деп жоспарланған.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (сол жақта) пен Польша президенті Анджей Дуда баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Варшава, 7 шілде 2016 жыл.

Дегенмен, таяу болашақта солтүстік альянсты кеңейту мәселесі талқыға түспейтін сыңайлы. Тек биылғы мамырда НАТО-ға «кіру хаттамасына» қол қойған Черногория келер жылға қарай ұйым құрамына өтуі тиіс. Варшава саммитіне бұл елдің өкілі бақылаушы ретінде қатысады.

Саммит қарсаңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Грузия мен Украинаға сапар шегіп, «сіздерге есігіміз ашық» деген емеурін танытып кетті.

Жақында НАТО-ның Еуропадағы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары Джон Маккол «НАТО-ның «ашық есік» саясаты жалғасады, бірақ Грузия, Молдова және Украина сияқты [мүшелікке] кандидаттардың табалдырықтан аттау мүмкіндіктері шектеліп тұр» деп жазды.

Брайан Уайтмордың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.