Ресей аннексиялап алған Қырымда 18 қарашада ашылған Үшінші Александр патшаның ескерткіші (авторы - Андрей Ковальчук) тарихи фактілерді бұрмалағаны үшін бірден сынға ілікті. Жұрт әсіресе рельефінде аталған патша билік құрған дәуірдегі Ресейдің жетістіктері бейнеленген стеланы сынап жатыр. Президент Владимир Путин Қырымға арнайы ұшып барып, ашылу рәсімінде сөз сөйлегендіктен, патшаға қойылған ескерткішке ерекше назар ауды. Монумент 1894 жылы император дүние салған Ливадий сарайының жанына орнатылды.
Қазанда "Жыл мұғалімі" конкурсы наградаларын табыс еткеннен кейін президент Владимир Путин Кремльге шақырылған мұғалімдермен әңгімелесіп тұрып үшінші Александр патшаны Ресей тарихының "көрнекті қайраткері", "мемлекетімізді құрушы" деп атаған болатын. Ресей тарихындағы "басты қайраткер" туралы сұрақты Путинге "Жыл мұғалімі" сыйлығының лауреаты Илья Демаков қойған.
Монархтың жаңа ескерткіші туралы пікірталас кезінде "Живой журнал" блог-платформасы оқырмандары Үшінші Александр патшаның аз-кем қатысы болған, я мүлде қатысы болмаған Ресей мемлекетінің "тасқа мәңгіге қашалған" жетістіктерін тізбелеп шықты. Стелада бейнеленген символдардың көбі оның әкесі Екінші Александр патшалық құрған кезеңмен байланысты.
ТАСС агенттігі ескерткіш стеласындағы бейнелерді былайша сипаттаған: "Можайский ұшағы мен Мосиннің мылтығы жасалды, зауыт-фабрикалар, Транссібір темір жолы, Құтқарушы Христ ғибадатханасы, Третьяков галереясы, Тарихи мұражай салынды. Бұл жерде Федор Достоевский, Лев Толстой, Николай Пржевальский, Петр Чайковский, Дмитрий Менделеев сынды сол заманның көрнекті қайраткерлері де көрсетілген".
Ескерткішті сынаушылар жазушы Федор Достоевский 1881 жылғы қаңтарда - Үшінші Александр таққа отырардан үш ай бұрын қайтыс болған деп көрсетеді. Ал Третьяков галереясы 1856 жылы құрылған, бұл - "Третьяковтің" ресми сайтында көрсетілген әрі көпшілікке мәлім факт. Тарихи мұражайдың негізі 1872 жылы ресми қаланған. "Живой журнал" қолданушылары Можайский ұшағы 1870 жылдардан бастап құрастырыла бастаған, ол Үшінші Александр тұсында сол күйі ұшқан жоқ деп жазған. Ал химик Дмитрий Менделеев ең әйгілі периодтық заңын 1869 жылы ашқан. Бұған қоса, оқырмандар Ресейдің "қос одақтасы" – "армия мен флоты" туралы әйгілі сөздің авторы Үшінші Александр екенін растайтын дәлелдер аз екенін де көрсеткен. Ескерткіш тұғырында дәл осы – "Ресейдің тек екі одақтасы бар, ол – армиясы мен флоты" деген сөздер ойылып жазылған.
Пікір білдіргендердің көпшілігі жаңа ескерткіштің Петербургтің орталығындағы Мәскеу вокзалына қарсы беттегі Знамена алаңында (қазіргі Көтеріліс алаңы) тұрған Үшінші Александр патшаның әйгілі ескерткішіне ұқсайтынын да көрсеткен. Октябрь революциясынан кейін ескерткішті Орыс мұражайының ауласына апарып тастаған, ал кейін Мәрмәр сарайының қарсы бетіне апарып орнатқан, қазір әлі сол жерде тұр.
Владимир Путинге неліктен Үшінші Александр бейнесі тартымды болып көрінді? Тарихшы, Петербургтегі Еуропа университетінің профессоры Иван Курилла бұл туралы ойларымен бөлісті.
- Үшінші Александр неліктен Владимир Путин үшін кенеттен сүйікті патшаға, ұнамды тарихи персонажға айнала қалды деп ойлайсыз? Ол өз билігімен нені салыстырып, қандай параллель жасауға тырысады, егер, әрине, ондайға тырысса?
- Әңгіме Үшінші Александр патша туралы ғана емес. Кейінгі жылдары патшаларға ескерткіш орнату жиілегенін байқап жүрміз. Мысалы, Иван Грозный сияқты тұлғаларға ескерткіштер ашылды. Әлгі ескерткіш Калугада тұр, сондықтан бұл мәскеулік емес, жергілікті бастама шығар. Кремльдің іргесінде Владимир князьдің ескерткіші тұр, ал Кремльдің жанындағы Александр бағын аралап көрсеңіз, кейінгі жылдары тіпті қатты өзгеріп кеткенін көруге болады. Ол жерде Бірінші Александр патшаның, патриархтардың ескерткіштері тұр... Соңғы жылдары осындай, яғни монархиялық-православиелік коммеморация күшейіп, монархтарға көптеп ескерткіш орнату идеясын орталық билік көп айтатын болды. Енді міне Үшінші Иванға – асатаяғына бүркіт қондырып алған фэнтэзи кейіпкері сияқты ерсілеу көрінетін ескерткіш қойылды.
Бұл жайлы баяғыдан айтылып жүр. Ресей феодал мемлекетке көбірек ұқсай бастаған еді, енді монархиялық елге де ұқсап барады. Бірақ Үшінші Александр патшаның орны бөлек. Сондықтан биліктің көкейіндегі ойды дөп басып күн ілгері болжаған Никита Михалков Үшінші Александр бейнесін "ең жақсы патша" ретінде оның рөлін өзі ойнаған "Сибирский цирюльник" фильмін түсірген кезден бастап көп насихаттады. Орталық билік Михалковтың сол кездегі уәждеріне енді келіскен сияқты. Үшінші Александр патша – елді соғысқа ұрындырмаған монарх туралы мифтер билік туралы қазіргі түсінік-пайымдарға сай келетін тәрізді. Үшінші Александрдың сөзі делініп жүрген, ал енді ескерткішке ойып жазып қойған әлгі - "Ресейдің тек екі одақтасы бар, ол – армиясы мен флоты" деген сөздер квинтэссенция болуы керек... Негізі, әлгі сөздердің авторы Үшінші Александр дегенге күмәнданатындар көп, оның авторлығына қатысты баға бере алмаймын. Бірақ қазір Үшінші Александрды осы бір ауыз сөз үшін ғана дәріптеп жатқандай. Өйткені, қазіргі Ресей қуатты одақтастарының бәрінен айырылып қалды, сондықтан енді өз күшіне ғана сүйенетін шығар.
Бірақ дәл осы Үшінші Александр тұсында басқаша болған. Әлгі сөзді шынымен сол айтты ма, жоқ па - белгісіз, бірақ оның кезінде Ресейдің Еуропаға бет бұрып, өзге елдермен одақтаса бастағаны – тарихи факт. Қазір Александр бейнесі әрі "дана патша", әрі қарсы реформа жүргізген патша ретінде насихатталады. Бұл кезеңде алдыңғы дәуірдің, яғни Екінші Александр патшаның дәуіріндегі либералдар мен революционерлердің бәрі Сібірге жер аударылған. Бұл реакция жайлаған заман болатын. Екінші Александр рұқсат еткен еркіндіктің бәрі шектелді. Америкалық Джордж Кеннан-әке Сібірге саяхат жасап, кейін "Ресейдің озық ойлы адамдарының бәрі Сібірге айдауда" деп дәл Үшінші Александрдың тұсында жазған болатын. Қазіргі биліктің көңіл түкпірінде бұл да жатқан шығар.
- Дегенмен Үшінші Александрдың билігі онша ұзақ болмады. Одан кейін билікке Екінші Николай патша келді де, Ресейде бәрінің астан-кестеңі шықты. Сонда Үшінші Александр мығым мемлекеттің негізін қаламаған болып тұр ғой?
- Мен бұл жерде Николайдың тұсында ненің астан-кестеңі шыққаны мен Үшінші Александр қалай басқарды деген мәселені тікелей байланыстырып, екеуінің ортасынан себеп пен салдар іздемес едім. Бірақ, Ресей революцияға жол бермеуге мүмкіндік беретін реформа жүргізетін сәтті өткізіп алғаны анық. Өйткені, кезінде Екінші Александрды конституциялық басқару жүйесін енгізу туралы жарлыққа енді қол қоймақ болып жүргенде өлтірді (осындай жарым-жартылай аңыз бар, бірақ ол да кей дереккөздерге негізделген) деген әңгімелер шыққан. Әйтеуір сондай жоба талқыланғаны анық. Сосын билікке Үшінші Александр келді де әлгі жобалардың бәрін жылы жауып тастады. Ресей қатал басқару жүйесіне оралып, императордыңлибералдарға, жергілікті басқару, өзін-өзі басқаруға қатысты жобалары мүлде немесе ішінара жабылып қалды.
Осылайша Ресей мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің орнына, оны сол заманның талаптарына сәйкестендірудің орнына, "бабалардың өсиеті бойынша" жүруді, мұның алдында 100 жыл билік жүргізген Романовтар жүйесіне оралуға тырысты. Революцияға, дағдарыстың революцияға ұласуына да осы түрткі болған шығар, ал мемлекет бұған дайын болмай шықты. Әрине, бұған бүтіндей Үшінші Александр ғана кінәлі деп санауға болмайды, бірақ Үшінші Александр тұсында да әлдебір реформалар жетіспеді. Бірақ, қазіргі билікке ешқандай революция болмайтын, ешкіммен соғыспаған елді басқарған патша туралы аңыз, сыртқы және ішкі қатерлерге армияны қолданбай тойтарыс бере алған бір адамның шексіз билігінің мықтылығы туралы миф ұнайды. Бір жағынан біз ол заманда Ресей қандай әлдебір айрықша жетістіктерге жеткенін білмейміз. Ескерткіште көрсетілген жетістіктер алдыңғы немесе кейінгі патшаның тұсындағы жетістіктер, қазір жұрт айтып жатқандай, олардың Үшінші Александрға мүлде қатысы жоқ. Иә, ол қоғамды уысында ұстады. Бірақ бұл сол кездегі мемлекет үшін пайдалы болса да, қоғамға зиянды болып шықты. Яғни елдің шығармашылық мүмкіндіктерін де тежеп тастады.
– Үшінші Александрдың ол жақта демалып, қайтыс болғаны болмаса, оны Қырыммен не байланыстырады? Үшінші Александрдың бұрын Петербургтегі Знамена алаңында тұрған ескерткіші бар емес деп? Қазір ол Петербургтегі Мрамор сарайы алдында тұр. Әлгі ескерткішті көрнекілеу жерге апарып қойған әлдеқайда оңай болмас па еді?
– Жоға, қажеті не? Үшінші Александрға орнатылған қазіргі ескерткіш оның Павел Трубецкойдың сіз айтып отырған ескерткішінің тура көшірмесі екенін тағы біреу байқапты. Бірақ атсыз соғылған көшірмесі. Егер аттың орнына томар қоя салса, дәл сол Александр болып шыға келеді. Бірақ, Қырым – бөлек әңгіме. Өйткені, революция мерейтойына орай Қырымда өзге ескерткіш ашылады екен деген әңгіменің айтылып жүргеніне бірнеше ай болған. Революция мен азамат соғысынан кейін бітімге келу мен революциядан басталған 100 жылдық циклдың аяқталу символы болады делінген әлгі «бітімге келу» ескерткішін ашуға Путин барады деп жоспарланған. Бірақ ондай ескерткіш орнату идеясы Севастополь мен Қырымда күтпеген жерден қатты қарсылыққа тап болды. Солшылдар кіммен бітімге келмекпіз деп өре түрегелді. Сондықтан ескерткіш сол күйі ашылмай қалды, енді ашылмайтын да шығар. Бірақ, Путин қарашада Қырымға барып ескерткіш ашады деген идея қалған болуы керек. Алайда, бітімге келу ескерткішінің орнына Үшінші Александр ескерткішін ашты. Бұл да өзінше символикалық белгі ғой, - деп түйіндейді Иван Курилла.
Мүсінші Андрей Ковальчук ескерткішті сынағандардың пікірлерін жоққа шығарып, ештеңе өзгертпейтінін мәлімдейді. Ол ескерткіш "тарихи шындыққа сәйкес келеді", "тарихшылармен ақылдастым", "деректерді тарихшы Александр Мясниковтың 2016 жылы «Өнегелі өмір» сериясынан шыққан кітабынан алдым" деген уәж айтады.
Мысалы, ескерткіште бейнеленген Федор Достоевский Үшінші Александр таққа отырмас бұрын қайтыс болған деп көрсеткендерге Ковальчук "біріншіден, Александр ханзада кезінен Федор Михаиловичке қамқор болған, екіншіден, Достоевскийдің шығармашылығы оған орасан зор ықпал еткен. Александрдың тұлға ретінде қалыптасуы Достоевкийсіз мүмкін емес еді" деген уәж айтады. "Россия 24" телеарнасы эфирінде Ковальчук "Тарихи мәселелердің жөні бөлек, ал бұл – көркем туынды. Сондықтан ештеңені өзгертер жайым жоқ, қай сұраққа болсын айтар жауабым бар" деп мәлімдеді.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Андрей Шароградскийдің мақаласы орыс тілінен аударылды.)