Өзбекстандық Qanot Sharq әуекомпаниясы Ресейге рейстерін қысқартады

Ташкент әуежайы. Көрнекі сурет.

Өзбекстандық Qanot Sharq әуекомпаниясы 20 қаңтар мен 6 наурыз аралығында Мәскеу мен Санкт-Петербургке рейстерін қысқартатынын мәлімдеді. Тасымалдаушы компания мұның себебін Airbus A320 ұшақтарына жоспарлы техникалық қызмет көрсету қажеттілігімен түсіндірді.

Жоспарға сәйкес, Ташкент, Самарқан, Бұқара, Наманган және Ферғанадан – Мәскеу (Домодедово әуежайы) және Петербургке (Пулково әуежайы) ұшатын рейстер тоқтатылады. 22 қаңтар мен 5 наурыз аралығында Ташкент пен Самарқан арасындағы кейбір рейстер алынып тасталмақ.

Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін шетелдік бірнеше әуекомпания Ресейге ұшатын рейстерін уақытша тоқтатқан. 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы құлап, 67 адамның 38-і қаза тапқан еді.

Azerbaijan Airlines Бакуден Ресейдің 10 қаласына ұшатын рейстерді уақытша тоқтатты, бұдан бөлек, Қазақстанның Qazaq Air, Израильдің El Al (Тель-Авивтен Мәскеуге), Біріккен Араб Әмірліктерінің Flydubai (Дубайдан Сочи мен Минеральные Воды қалаларына) және Turkmenistan Airlines әуекомпаниялары рейстерін қысқартқан.

  • Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL әуекомпаниясына тиесілі Embraer ұшағы Баку - Грозный бағыты бойынша ұшқан. Алайда негізгі болжам бойынша, Грозныйда ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаннан кейін бағытын өзгертуге мәжбүр болып, Қазақстанда апатқа ұшырады. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев апатқа Ресей өкілдері кінәлі деп мәлімдеп, Ресей жағы өтемақы төлеуі керек деген талап қойған.
  • Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін кешірім сұраған. Ресей билігі әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилияда қара жәшік деректерін саралау аяқталды