КАСПИЙ САММИТІ
Radio France Ineternationale тамыздың 12-і Ақтауда өткен Каспий саммитінің қорытындыларын талдап жазған. Бұл саммитте теңіз жағалауындағы бес ел басшылары теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған еді.
RFI "Mer Caspienne: les pays riverains signent un accord historique" ("Каспий теңізі: жағалау бойы елдері тарихи келісімге қол қойды") атты мақалада ақпарат құралы "Бұл келісімнен Түркіменстан мен Әзербайжан ұтты, өйткені екі ел талай жылдан бері жобасы дайын тұрған Транскаспий газ құбырын тарту мүмкіндігін алды" деп Мәскеудегі тілшісі Этьен Буштың пікірін келтірген.
RFI-дің жазуынша, конвенцияға қол қойылғаннан кейін бұл жобаны іске асыруға бөгет болып келген тосқауылдардың бәрі жойылған. Бұған қоса, RFI сарапшысының пікірінше, конвенциядан Ресей де біршама ұтқан. Өйткені келісімге сәйкес, "Каспийде жағалаудан тыс елдер әскери база сала алмайды, кемелерін де жібере алмайды". RFI "бұл орыстар мен ирандықтардың көптен бергі арманы болатын, өйткені олардың Каспий теңізінің көп бөлігін бақылауда ұстауына енді АҚШ, НАТО, Қытай немесе өзге бір ел бөгет бола алмайды" деп жазған.
ВИДЕО: Каспий саммиті
ШЫҢЖАНДАҒЫ АЗ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ
Foreign Policy басылымы Шыңжандағы этникалық азшылық өкілдерінің жағдайы туралы тақырыпты Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың сотын талдау арқылы тағы қозғаған. "Мемлекеттік шекарадан заңсыз өтті" деген айыпталған оны сот кінәлі деп танып, алты айға шартты жаза кесіп, сот залынан босатты. Foreign Policy істің бұлай аяқталуын "қазақстандық сот жүйесінің тосыннан әділ төрелік танытуының көрінісі" деп атаған.
Басылымның жазуынша, бұрыннан этникалық ұйғырлар тұратын Шыңжаң ауданы жылдар бойы этникалық қақтығыстар ошағы болып келді. Бірақ 2016 жылдың аяғында Қытай коммунистік партиясының обкомына жаңа басшы келгеннен кейін аймақ басшылығы тұрғындарды "Оруэлл тәсілі" бойынша "жаппай аңду және концентрациялық лагерьлерге қамау сияқты небір қитұрқы тәсілдерге жүгіне бастады".
Foreign Policy басылымы бұдан ұйғырлар ғана емес, қазақ, қырғыздардың да жапа шеккенін жазған. "Мұндай лагерьлерде қамауда болған адамдардың сөзінше, олардың басты мақсаты - этникалық топтарды ислам діні мен өз мәдениетінен бас тартуға мәжбүрлеу" деп мәлімдейді басылым.
FP дерегінше, бұл проблема әсіресе, Қазақстанда көп қозғалды. Кейінгі жылдары жақындары мен туыстарының Қытайда қамауда отырғаны туралы жүздеген адам хабарлаған. FP қазақстандық белсенділер Қытайдан қоныс аударғандардың құқығын қорғау үшін құрған "Атажұрт Жастары" ұйымын мысалға келтіріп, бұл мәселені азаматтық белсенділікті өрістету арқылы шешуге болады деп санайды.
КҮН ҚУАТЫН ӨНДІРЕТІН ПАРККЕ АРНАЛҒАН НЕСИЕ
Renewables Now онлайн-ресурсының хабарлауынша, Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанның Қызылорда облысында күннен энергия өндіретін әрі қуаттылығы 30 МВт болатын парк құрылысын несиелендіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Басылым дерегінше, 31 миллион еуро көлеміндегі қарызын Қазақстанда орналасқан әрі жартылай франциялық Total Eren девелопер компаниясына тиесілі Nomad Solar компаниясы алуы тиіс. Көмір қышқыл газының атмосфераға бөлінуін 49 мың тоннаға азайтады деп жоспарланған әрі "қазақстандық жобалар нарығында мүлде сирек кездесетін құрылымдардың өміршеңдігін көрсетуі" тиіс парк жобасындағы негізгі үлес те осы компанияға тиесілі.
ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫН РЕФОРМАЛАУ ТУРАЛЫ
Eurasianet сайты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі Қазақстан қоғамын тіксінткенін жазып, Қазақстан құқыққорғау органдары жұмысы тиімділігін ақсатып тұрған проблемаларды қозғаған. Сочи олимпиадасының қола медаль иегері Денис Тен автокөлігінің айнасын шешіп алуға тырысқан ұрылардың қолынан мерт болған.
"Бұл өлім әлеуметтің жаппай ашу-ызасына ұласып, ұсақ қылмыстарға тосқауыл бола алмай отырған полицияда көптен күткен реформалар бастауға түрткі болды. Полиция дерегінше, көліктердің айнасын ұрлау қылмыстарының 90 пайызы Алматыда жасалады" деп жазған Eurasianet.
Басылымның жазуынша, 6 тамыз күні Алматы полициясының бөлімшелері ғимараттарының айналасындағы қоршауларды бұза бастайды, енді оларға азаматтардың кіруі оңайлайды деген хабар тарады. Бірақ Eurasianet пікірінше, полицияның "көпке жақынырақ болу" талпыныстарына халық сенбей, өз бетінше қорғану амалдарына көшуде. Басылым Тен өлімінен кейін "газ баллондарына сұраныс екі есе артты" деген аңшылыққа арналған тауарлар дүкені сатушысының сөзін келтірген.
Eurasianet сайтының пікірінше, мәселе "құқық қорғау органдарының жасалған қылмыстарды елемеуге бейімдігінде" болып отыр. Басылым Халықаралық адам құқығы және заң үстемдігі бюросының сарапшысы Андрей Гришиннің бұған қатысты пікірін келтірген.
"Полиция статистиканы бүлдірмеуге тырысады. Олар тіркеген шағымдар көбейген сайын ашылмаған қылмыстардың пайызы да өсе береді" деген Гришин.
Сарапшының сөзінше, мұның бәрі проблемалардың қордаланып, халықтың полициядан түңілуіне ұласқан. Eurasianet "құқық қорғау органдарына азаматтардың 10 пайызы ғана сенеді" деген дерек келтірген.
АЗИАДА ҚАРСАҢЫНДА
Рейтер агенттігі 18 тамызда басталатын жазғы Азия ойындарынан жүлде дәметіп отырған Қазақстанның амбициялары туралы жазған. Рейтер мақаласында Қазақстанды былайша сипаттайды: "Орталық Азияның 17 миллион халқы бар бұл елі бокс, дзюдо сияқты жазғы спорт түрлерінен мықты, 2014 жылғы ойындарда спортшылары 84 медаль, оның ішінде 28 алтын медаль иеленген".
Агенттік пікірінше, Қазақстан биыл Индонезияда өтетін ойындарда боксшылары мен дзюдошыларына ерекше үміт артады және жүлде саны жағынан тағы бір тұшымды нәтиже көрсетеміз деп үміттенеді.