ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ МИНИСТРІ ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІ ҮШІН СЫНҒА ҚАЛДЫ
Ұлыбританияда шығатын Guardian басылымында жарық көрген “Баспасөзді реттеу мекемесінің басшысы сөз бостандығын шектейтін Қазақстан режиміне кеңес берген” деп аталған мақалада Ұлыбритания Баспасөз стандарттары жөніндегі тәуелсіз ұйымның (IPSO) жаңа басшысы Эдвард Фолксты Қазақстанда “журналистерді сотсыз тұтқындап, газеттерді жауып, мемлекеттік цензура орнатумен аты шыққан режимге” қызмет еткені үшін сынға алған.
Осы тұста журналистер Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдың Қазақстан үкіметіне жұмыс істегенін еске салады. 2010 жылдардың басында, қантөгіс болған Жаңаөзен оқиғаларынан соң Блэр елдің имиджін жақсарту бойынша сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңес берген. Guardian-дағы мақала авторы оны “авторитар басшы” деп сипаттаған.
Фолкс бұл жұмысы үшін қомақты ақша алған болуы мүмкін, себебі Қазақстан “өз имиджін көтеру үшін жоғары лауазымды шетелдік қайраткерлерді шақыруға ерекше құмар”.
“Сыншылардың айтуынша, Орталық Азиядағы бұл елді жемқорлық жайлаған, онда адам құқықтары бұзылады, ал бұл “баспасөз еркіндігін қолдағысы” келетін IPSO-ның амбициясына мүлде кереғар. Ақпарат құралдарын сыртқы ықпалдан қорғау жөнінен Қазақстан әлемдегі ең нашар елдерің қатарына жатқызылады”, – деп жазады Guardian.
“Астана” халықаралық қаржы орталығының (AIFC) жұмысын үйлестіру мақсатында Ұлыбританиядан шақырылған жоғары лауазымды судьялар мен заңгерлердің қатарында Лорд Фолкс те бар. 2018 жылы Фолксты AIFC жанындағы экономикалық соттың судьясы етіп тағайындаған. Ол Қазақстан басшылығына әлі де қызмет етіп жүр ме, ол Қазақстандағы еңбегі үшін қанша жалақы алады, бұл жағы белгісіз. Тек белгілісі – ол елге жылына бес рет барып қайтуы тиіс болған.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсонның айтуынша, лордтар палатасының мүшесі әрі Ұлыбританияның бұрынғы әділет министрі лорд Фолкс Қазақстанның ұсынысын қабылдай отырып, өзіне режимді заңдастыратын тұлғаға айналу қаупі төніп тұрғанын түсінуі керек.
“Қазақстан сөз бостандығын қатаң шектейтін шаралар қолданып отыр. Ол өзін авторитарлық үкіметті легитимдеуде пайдалануы мүмкін екенін білген болуы мүмкін деп ойлаймыз”, – деді Хью Уильямсон.
Құқық қорғаушының айтуынша, Фолкс бұл жұмысы үшін қомақты ақша алған болуы мүмкін, себебі Қазақстан “өз имиджін көтеру үшін жоғары лауазымды шетелдік қайраткерлерді шақыруға ерекше құмар”.
Мақалада бұрын ақпарат құралдарына тарап кеткен мәлімет бойынша, Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэр Қазақстан президенті Назарбаевқа кеңес бергені үшін жылына 5 миллион фунт стерлинг ақы алуға уағдаласқан.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан судьялардың арасында Англияның бұрынғы бас судьясы лорд Вульф бар, ол Нұр-Сұлтандағы қаржы орталығы сотының төрағасы болып тағайындалған.
“Қазақстандағы сот жүйесінің тәуелсіздігіне үлкен күмәнмен қараймыз. Вульф және оның қасындағы басқа да британдық судьялар құқықтық стандарттары өте төмен, нақты тәуелсіз сот жүйесі жоқ елде жоғары құқық стандарттары бар шағын “аралды” ғана басқарады”, – деді Хью Уильямсон.
IPSO төрағасы ретінде қызметіне кіріскенде лорд Фолкс “Баспасөз бостандығы – демократияның маңызды бөлігі” деген болатын. IPSO сайтында бұл мекеменің мақсаты – газеттер мен журналдары өз әрекеттері үшін жауапқа шақыру, жеке адамдардың құқықтарын қорғау, журналистиканың жоғары стандарттарын қолдау және Ұлыбританияда баспасөздегі сөз бостандығына қол ұшын беру деп жазылған.
Мақала Guardian газетінде жарық көрген соң IPSO өкілі редакцияға хат жазып, лорд Фолкстың AIFC сотындағы жұмысы “оның сөз бостандығына адалдығына күмән келтіреді деген пікір негізсіз” деген. Оның айтуынша AIFC соты Қазақстанның сот жүйесінен тәуелсіз, “ең жоғары халықаралық стандарттармен жұмыс істейді, ал оның судьялары ең адал әрі бейтарап судья ретінде бүкіл әлемге танылған”.
“Лорд Фолкс пікір білдіру бостандығын сақтауға жан-тәнімен берілген, ал оның AIFC-дағы жұмысының ауқымы тар және ол Қазақстан үкіметіне немесе баспасөзге қатысы бар басқа істерге қатысты ешқандай кеңес бермейді”, – деп мәлімдеген IPSO өкілі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Блэр Назарбаевқа Жаңаөзен туралы не деуді үйреткенӘБЛЯЗОВ, ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚ АДВОКАТ ЖӘНЕ МАЛЬТАЛЫҚ ПРОФЕССОР. БҰЛАРДЫ НЕ ОРТАҚТАСТЫРАДЫ?
Америкадағы Buzzfeednews сайты жариялаған журналистік зерттеу мақаласында мальталық профессор Джозеф Мифсуд, онымен байланысы бар швейцариялық адвокат Стефан Ро және автор “қазақ олигархы” деп атаған Мұхтар Әблязов арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам айтылады.
BuzzFeed ақпаратына сенсек, бұрын белгісіз болып келген құжаттар 53 жастағы Стефан Роның ондаған оффшор компанияны бақылауда ұстағанын көрсеткен, ал ол компаниялардың негізгі қожайыны – соңғы 11 жылда Еуропада тұрып, Қазақстан үкіметін сынап келе жатқан қазақстандық бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов болуы мүмкін.
“Әблязов Қазақстандағы “БТА банктен” миллиардтаған доллар ұрлап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жылжымайтын мүлік пен коммерциялық мекемелер арқылы табысын заңдастырып келді деп айыпталған”, – деп жазады BuzzFeed.
Мақалада Джозеф Мифсудты [АҚШ-тың арнайы прокуроры] Роберт Мюллердің Ресейдің 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлауға араласуы туралы арнайы тергеуіндегі басты фигураға айналған шортандай ұстатпас мальталық профессор” деп атаған. Федералдық тергеу бюросының бұрынғы директоры Джеймс Коми Мифсудты “орыс агенті” деп атаса, Мифсуд пен оның адвокаты бұл бұл пікірді жоққа шығарды. Мюллердің АҚШ-тағы атышулы тергеуі кезінде Мифсуд халық назарынан жоғалып кетті. Оның 2017 жылдан бері қайда жүргені беймәлім.
BuzzFeed тұжырымына сенсек, Стефан Ро мен оны құқықтық және іскерлік әріптестері бірнеше жылдан бері Әблязов пен оның айналасындағыларға тиесілі болған активтерді алып кетумен айналысқан. Әйтеуір, “БТА банктің” ұстанымы осындай.
Осы аралықта АҚШ пен Ұлыбританияда Әблязовқа қарсы сот процестері жүрді, оның активтеріне шек қою туралы үкімдер шықты әрі өз капиталы туралы ақпарат беруді жасырып, сотты сыйламағаны үшін айыпты деп танылды. Ұлыбританияда 22 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген ол Лондонның орталығындағы автовокзалдан автобусқа отырып, Францияға қашып кеткен деп жазады басылым. 2013 жылы Әблязовті Францияның оңтүстігінде қамауға алған, алайда Париж оны экстрадициялаудан бас тартқан соң, 2016 жылдың соңында ол бостандыққа шықты. Ал “БТА банк” Ұлыбританиядағы сот процесін жалғастырды.
“Әблязовқа қатысты сот процесіндегілер оның Сербиядағы концерт залы мен Трамптың [компаниясы салған] апартаменттерінен бастап, Нью-Йорктегі қонақүйді жөндеу жобасы мен Цинциннатидегі сауда үйіне дейінгі сан алуан инвестициялар арқылы ұрланған бірнеше миллиард долларды жасырып қалды деп санайды”, – деп жазады BuzzFeed.
2009 жылы Әблязов елден қашып кеткен соң өткізілген аудит БТА-дағы миллиардтаған долларлық “үлкен ойықты” байқаған. Сол кезде Қазақстандағы ең ірі банк саналған БТА кейін мемлекет меншігіне өтіп, дефолтқа ұшырағанын жариялады. Көп ұзамай БТА Әблязовті “аса ірі ауқымда алаяқтық айналысты” деп айыптаған БТА банк оған қарсы сот процесін бастады. БТА банкінің хабарлауынша, Әблязов 10 миллиард долларға жуық ақшаны алып кету үшін жалған компаниялар мен әріптестерін пайдаланған.
Ұлыбританиядағы соттың құжаттарына сәйкес, Әблязов айтпай жасырып қалған активтердің арасында Маршалл аралдарында тіркелген компания да болған. 2016 жылы бұл компания Стефан Роға 15 миллион доллар қаржы жөнелткен. Стефан Ро бұл ақшаны алмағанын, Әблязовқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан әрі редакцияның үстінен сотқа арыз беремін деп қорқытқан.
Мұхтар Әблязовтің өзі ешқандай заң бұзбағанын айтып келеді. Оның пікірінше, өзіне тағылған айыптың бәрі – саяси мақсаттағы қудалау. Жақтастары Әблязовті Назарбаевқа қарсы шыққаны үшін қуғынға ұшыраған диссидент деп санайды. Әблязовтің өзі америкалық басылымдардың сұрақтарына жауап бермеген. Әблязов отбасының туысы журналиске Әблязовқа “өзін қорғауына, көзқарастарын дәлелдеуіне” мүмкіндік берілмеген.
ПОМПЕОНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ
Америкада шығатын Foreign Policy журналында жарық көрген “Помпеоның Украинаға үлкен сапарының тасасында” деп аталған мақалада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның постсоветтік мемлекеттер – Украина, Беларусь, Қазақстан және Өзбекстанға сапары туралы пікір білдірген.
Орталық Азия аймағында Ресейдің, Қытай мен АҚШ-тың көзқарастары тоғысады. Мақалада Қытай “Бір белдеу – бір жол” жобасы аясында миллиардтаған доллар қарыз беріп, “Орталық Азия арқылы Батысқа қарай жақындады әрі аймақтағы басты инвесторға айналды” деп жазады.
Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан “Қытайдың технологиялық, қаржылық және саяси нормаларына интеграцияланып барады”. Бұл өзгерістер Ресейді “қапаландырғанымен”, Мәскеу Қытайдың аймақтағы рөліне бейімделіп, оның артып бара жатқан үстемдігін мойындай бастады”, – деп жазады Foreign Policy.
Жоспар бойынша, Помпео Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесіп, әрі қарай Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен, содан соң Вашингтон ұсынған “С5+1” форматында Орталық Азияның барлық бес елінің сыртқы істер министрлерімен кездесу үшін Ташкентке ұшып кетеді.
“Кейбір ресми тұлғалардың айтуынша, Помпео екі авторитарлық елде де нарықтық және құқықтық реформаларды жүргізуге басты екпін береді әрі Вашингтонды Пекин мен Мәскеуге саяси, экономикалық қарсы күш ретінде ұсынады”, – деп жазады Foreign Policy. Алайда, сарапшылар тарихи жағынан Ресеймен қоян-қолтық жатқан әрі соңғы кездері Қытайға көбірек тәуелді бола бастаған аймақта бұл ұсыныстың сәтті боларына күмәнмен қарайды.
Foreign Policy журналына берген сұхбатында Мәскеу Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Александр Габуев: “Жергілікті басшылар Батыстың балама болғанын қалайды, бірақ Батыстың бұл аймақта қауқарын көрсету мүмкіндігі шектеулі екенін іштей сезеді. Орталық Азия бұл орманда екі үлкен аңның бар екенін түсінеді, олар – Қытай мен Ресей”, – деген.
ЛОНДОНДА МАШКЕВИЧТІҢ ҚЫЗЫНА ҮКІМ ШЫҚТЫ
Британдық Financial Times газеті Қазақстандағы тау-кен өндіретін ENRC корпорациясының негізін қалаушы Александр Машкевичтің қызы Анна Машкевичтің үстінен қозғалыс туралы тағы да ақпарат берді. Бейсенбі, 30 қаңтарда Вестминстер соты оны Ұлыбританияның Ірі алаяқтықтар агенттігіндегі (Serious Fraud Office — SFO) әкесіне қатысты істе “айғақтарды” жасырып қалғаны үшін айыпты деп тапты. Сот оған айыппұл салды. Машкевич SFO сұратқан құжаттарды беру туралы талапты орындамағаны үшін 981 фунт стерлинг (шамамен 1300 доллар) төлеуі тиіс.
Анна Машкевичтің түрмеге қамалуы да мүмкін еді, бірақ сот тек айыппұл кесумен шектелді. Сотқа келген SFO өкілі Машкевич “өтінішімізді орындамай, біздің тергеу әрекетімізге қасақана кедергі жасады” деген еді.
“Анна Машкевич – осы іс бойынша сотталған алғашқы әрі жалғыз адам”, – деп жазады Financial Times. Жеті жылдан бері жүріп жатқан тергеу ENRC-дің Қазақстан мен Африкадағы жұмысындағы заңбұзушылықтарға қатысты.
Газеттің ақпараты бойынша, Анна Машкевичтің фирмасы әкесінің компаниясына хатшы ретінде қызмет көрсеткен және Александр Машкевич пен ENRC-дің 2008 - 2018 жылдар аралығындағы жұмысына қатысты SFO сұратқан құжаттарды уақытында бермеген.
Америкалық Forbes журналы Машкевичтің 3 миллиард доллар дәулеті бар деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы "қос биліктің жартысы" және Лондондағы "Машкевич ісі"