"Қураған режимнен шаршау" һәм Шыңжаңдағы "мәдени геноцид"

30 маусымда Алматыда өткен рұқсат етілген митинг.

Батыс басылымдарының бірі осы аптада әлеуметтік желідегі Қазақстандағы билік транзитін келемеждеген әзіл пікірлерге шолу жасады. Ал ВВС Шыңжаңдағы діни азшылықтардың балаларын күштеп тәрбиелейтін мектептер мен балабақшалар жайлы зерттеуін жариялады.

ҚОРҚЫНЫШТАН АРЫЛҒАН, БІРАҚ КҮЛКІГЕ ҚАЛҒАН БИЛІК

Голландиядағы үкіметтік емес медиа ұйым​ Global Voices ​“Қазақстан билік транзитінің ортасында. Әлеуметтік желідегі әзілдер” деген мақала жариялады. Басылым “соңғы уақытта Қазақстан билігінде қорқыныш ирония мен әзілге орын босатып, екінші планға ығысты” деп жазады.

“Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бұл орында қағаз жүзінде отыр. Бірақ интернетте Тоқаев туралы емес, елдің атышулы әрі Конституциямен қорғалған бұрынғы президенті жайлы сөз көп. Полиция режиміндегі Қазақстан билігі мен оның президенті бұрынғыдай қорықпайтын сыңайлы” дейді басылым.

Қазақстандағы билік транзиті жайлы Global Voices “билік өте асығыс. Ал Назарбаев билеген отыз жылдай уақыттан соң халықтың шыдамы таусылған. Назарбаев 90 пайыздан артық дауыспен жеңген сайлауларда жергілікті бақылаушылар үнсіз болатын. Бірақ бұл жолғы сайлауды қадағалаған жергілікті бақылаушылар саны күрт көбейді. Бұл азаматтық қоғамның оянуын көрсетеді” деп жазды.

"Дауысымызды ұрлады". Бақылаушылар сайлау нәтижесімен келіспейді. 14 маусым 2019 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

"Дауысымызды ұрлады". Бақылаушылар сайлау нәтижесімен келіспейді

Голландиядағы медиа орталық өз мақаласында “Тоқаевтың сайлаудағы жеңісіне ешкім күмәнданбады. Бірақ Тоқаевта бедел, сыни пікірлерден қорғайтын, отбасы мен өзін қудалаудан сақтайтын заң жоқ. Көпшілік үшін Тоқаев – уақытша басшы әрі күлкіге көп қалатын президент. Бірақ мұның бәрін Тоқаев жоққа шығарады” деген пікір жариялады.

“Қазақстандағы әлеуметтік желіде Тоқаевты күлкіге айналдырған көп пост жарияланды. Оны Саша Барон Коэннің Қазақстанда тыйым салынған фильміндегі басты кейіпкер Боратпен салыстырды. Тоқаевтың сайлау алдында ілген плакаттары мен билбордтарындағы «V» әріпі «Victory» («Жеңіс») деген мағынаны беру керек еді. Бірақ мұны Бораттың суға түскенде киетін киімімен салыстырған мемдер тарады” деп жазады Global Voices.

Желіде Тоқаевтың инаугурацияда ту сүйіп тұрған фотосы тарады. Желі қолданушылары фотода “туды сүйіп тұрған Тоқаевты емес, керісінше туға сіңбіріп жатқан Тоқаевты” көрген.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде. 12 маусым 2019 жыл.

Басылым сайлау күнгі билікке қарсы наразылықта түсірілген суреттерге жазылған ирониялық постарды да жариялады.

“Кез келген театрдағы қойылымдарға музыкалық сүйемелдеу қажет. Қазақстандағы абсурдтың музыкасы “Нұр-Сұлтанда өлемін” сынды әндер болды. Бұл әнде жастардың қураған билік режимінен шаршағаны сөз болады” деп жазады мақала автор.

РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫНАН АРЫЛУҒА ТАЛПЫНЫС?

Германиялық​ Deutsche Welle “Қазақстан Совет заманынан қалған алфавиттен арылмақ” атты мақала жазды. Қазақстан 2025 жылдан бастап кириллицадан латын әліпбиіне өтпек. Мемлекеттік басылымдардың жазуынша, Қазақстан билігі бұл науқанға 218 миллиард теңге, яғни шамамен 505 миллион еуро немесе 595 миллион доллар жұмсамақ.

Мақалада Қазақстан билігі 32 әріптен тұратын латын әліпбиін қабылдағанын жазған. Ал Қазақстанның жаңа сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі “рухани жаңғыру” деп атаған.

Студенттер латын әліпбиінен диктант жазып жатыр. Алматы, 14 қараша 2018 жыл.

Қазақстан соңғы жүз жылда әліпбиін үшінші рет ауыстырмақ. 1929 жылы қазақтар араб әліпбиінен латынға көшті. Ол уақытта Совет одағы “жаңарған білім жүйесін құрамыз” деп өз қарамағындағы халықтарды латынға көшірген. Ал 1940 жылы қазақтар латыннан кирилиццаға ауысты. Ол уақытта Совет одағы құрамындағы аз ұлттардың білім алуға құқығы жоқ еді, ал кириллица “ұлттарды орыстандыру саясатының басы” болатын.

“Қазақстан өзінің Совет заманының қалдығынан кеш болса да аралуға тырысып жатыр. Ал Қазақстанға жақын түркітілдес елдердің бірнешеуі ертерек латынға көшкен” деп жазды неміс сайты.

Әзербайжан Совет одағы құлаған сәтте, 1991 жылы, кириллицадан латынға өтті. Өзбекстан мен Түркіменстан 1993 жылы латын әліпбиіне көшті.

"Қазақстанның бұл әрекетін Ресей ықпалынан арылудың жолы деп қарастыруға болады. Дегенмен Қазақстан билігі Ресей Орталық Азия елдері үшін негізгі одақтас болып қала береді деп жиі айтады” деп жазды Deutsche Welle.

Неміс басылымына сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым “Қазақстан біраз жыл Ресейге жалтақтап, көп уақыт кириллицадан бас тартпады. Қазақстанның кириллицадан бас тартуын Ресей элитасы соққы ретінде қабылдайтыны анық” деген.

“Қазақстанда орыс тілінің ауқымы Совет одағы уақытынан да кең. Елде қазақтардың үлесі басым болса да, көп адам орысша еркін сөйлейді. 2009 жылғы санақ бойынша елдегі халықтың 74 пайызы – қазақша, 94 пайызы орысша түсінетінін айтқан. Қазақстан билігі осы айырмашылықты өзгерткісі келеді” деп жазды Deutsche Welle.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, Қазақстан латынға өту арқылы “қазақы құндылықтарға” құрылған ел болғысы келеді. Ол “Қазақстан латынға көшсе, елдегі демогафия өзгеріп, қазақтардың саны өсе түседі” деп ойлайды.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ “МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР”

Ұлыбританиялық​ BBC News ​жаңалық агенттігі “Қытайдағы мұсылмандар: Балаларды ата-аналарынан айыратын Шыңжаңдағы мектептер” деген зерттеуін жариялады.

Шыңжаңнан қашқан қазақ, ұйғырлармен тілдесіп, түрлі деректерді тапқан сайт “Қытай мұсылман балаларды ата-анасынан, сенімінен, тілінен айыруды ойлайды” деп жазды.

Бұл зерттеуді ВВС тапсырысымен германиялық доктор Андиран Зенц жүргізген. Зерттеу авторы Шыңжаңда болып, ондағы мұсылман балаларға арналған мектептер мен балабақшалардың жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Зенцтің сөзінше, бұл мектепте Шыңжаңдағы саяси лагерьлерге қамалған мұсылмандардың балалары “тәрбиеленеді”.

“Шыңжаңда ересектермен бірге балаларға да қысым күшейіп барады. Балаларды ұлтынан айыру үшін жұмыстар жасалып жатыр. Есептер бойынша, бір қаланың өзінде 400-ден астам бала ата-анасынан ажырап қалған” деп жазды ВВС.

Зерттеу авторы Шыңжаңда шетелден келген журналистерді 24 сағат бойы аңдитынын, сондықтан Қытайдан Түркияға қашқандармен ғана тілдесе алғандарын айтады. 60-қа жуық сұхбатта ата-аналар мен олардың жақындағы Шыңжаңда жүздей баланың жоғалғанын жеткізген.

“2017 жылдың өзінде Шыңжаңдағы мектептер мен балабақшалардағы балалардың саны жарты миллионнан асқан. Биліктің деректерінше, бұл балалардың 90 пайызы – ұйғыр мен Шыңжаңдағы діни азшылықтардың балалары. Қытайдың басқа аймақтарымен салыстырғанда Шыңжаңда балабақшалар саны күрт өскен” дейді зерттеу авторы.

Қытай билігі Шыңжаңдағы бұл мектептер мен балабақшаларды “елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастырудың алғышарты” және “балалардың ата-анасын алмастыратын орын” деп санайды.

Бірақ зерттеу авторы Зенцтің ойынша, бұл мектептер – елдегі азшылықтардың мәдениетін жоюдың амалы.

Зерттеушілердің айтуынша, “Шыңжаңда балаларға арналған мектептер мен ересектерге арналған лагерьлерде ұйғыр немесе басқа тілдерде сөйлеуге болмайды. Мектептерде оқушылар немесе оқытушылар қытай тілінен басқа тілде сөйлессе жазаланады”.

ВВС дерегінше, мектептер 10 мың вольт сымдармен қоршалған, айналасына камера мен дабыл құрылғылары орнатылған. Кейбір мектептердің шығыны лагерьлерден де асып түседі.

Қытай билігінің пайымдауынша, бұл мектептер мен балабақшалар аз ұлттардың балаларына үйінде ата-анасы үйрете алмайтын “өмір сүру шарттары мен жеке гигиенаны” оқытады. ВВС зерттеуінше, кейбір балалар оқытушыларды “ана” дейді.

“Шыңжаң билігі балаларды ата-анасынан айыру арқылы ұлтынан, дінінен, түп-тамырынан ажыратылған ұрпақ тәрбиелегісі келеді. Біз жинаған дәлелдер бұл шараның “мәдени геноцид” екенін көрсетеді” дейді зерттеу авторы Адриан Зенц.