КӨКЖАЙЛАУ, АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ
Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген "Көкжайлау мәселесі мен қазақ азаматтық қоғамы" деген мақалада Көкжайлау шатқалына тау курортын салуға белсенділердің келіспейтіні және мемлекеттің қарсылық танытушыларға қарым-қатынасы туралы айтылады.
"Біраз уақыттан бері Көкжайлау ерекше көңіл аударатын орынға айналды, қазақстандық танымал тұлғалар, медиа өкілдері мен ғалымдар әлеуметтік желілерде мәселеге қатысты пікірлерін айтып жүр. Мемлекет азаматтық қоғамның қарсылығына авторитарлық түрде жауап беріп, өзін қолдаушылардың басын біріктіріп жатыр", - деп жазады Diplomat.
Мақалада шатқалды курортқа айналдыру туралы ұсыныс алғаш рет 30 жыл бұрын жасалғаны, бірақ Совет одағы құлаған соң жоспардың ұмыт қалғаны, тек 2005 жылы қайта жаңғырғаны айтылады. Жаңа жобаның құны бір жарым миллиард доллар деп бағаланған, онда ұлттық саябаққа қарайтын жерді тау шаңғысы курортын салу үшін жеке меншікке беру қарастырылған.
"Белсенділердің пікірінше, Көкжайлауды мекендейтін жойылып бара жатқан жануарларға қауіп төніп тұр, жасанды көлдер салу Алматыға зиян келтіруі мүмкін, Алматыда екі тау шаңғысы курорты бар екенін ескерсек, тағы біреуін салудың қажеттілігі күмән тудырады", - делінген мақалада.
Басылымның жазуынша, 2017 жылы Capital Partners ұйымы бизнесмен Сержан Жұмашевтің басшылығымен жаңа ұсыныс жасап, жобаның ауқымы мен бюджетін 20 миллионға азайтып, белсенділердің уәжіне көнетінін білдірген. 2015 жылы жеке инвесторлар жобадан шыққан соң оны толықтай мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру жоспарланып отыр.
Жобаға қарсы шығып жүргендер - "Зеленое спасение" және "Көкжайлауды қорғайық" топтары. Ал "Еріктілер лигасы" тобы құрылысты қолдап, 100 мыңға жуық студенттің қолын жинаған.
"Алайда, алматылық университеттерде оқитын студенттердің көбі қолды ішінара болсын мәжбүрлеп қойдырғанын айтады. Кейбір студенттер қол қоюдан бас тартқанда университет әкімшілігі бағаларын төмендететінін айтқан", - делінген мақалада.
"Қоғамдық қолдауға ие болу үшін мәжбүрлеу және қоғамдық ұйымдар санымен қатарды толықтыру автократия үшін қалыпты тәжірибе. Жақында Қазақстан үкіметті қолдайтын ұйымдардың көмегімен азаматтық қоғам жұмысын "қайталайтын" әрекеттерге көше бастады. Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік (кейін атауы "Әлеуметтік даму министрлігі" деп өзгертілді), қоғамдық кеңестер құрылды, мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға қаржы бөледі. Бұл мемлекет азаматтық қоғамның шынайы субъектілерін ығыстырып жатқанымен, қарсылықты азайту үшін қоғамдық қолдау барын көрсеткен жөн деп санайтынын білдіреді", - деп жазады азаматтық қоғам кеңістігі күн өткен сайын тарылып бара жатқанын ескерткен Diplomat басылымы.
ЖОЛ ТОРУЫЛДАҒАН "ҚАРАҚШЫЛАРДЫҢ" СӘЙГҮЛІККЕ СҰҚТАНУЫ
Ұлыбритания жақында Ұлттық мұрағатта сақталған 1993 жылғы үкіметтік құжаттарды жариялап, құпиясын ашты. Оның бірінде ширек ғасыр бұрын Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың Ұлыбритания премьер-министрі Джон Мейджорға сыйлаған Мақсат атты ақалтеке айғырын Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға қалай жеткізгені айтылған. Түркіменбашы сол кезде тағы бір ақалтекені Франция президенті Франсуа Миттеранға сыйлапты. Батыстың екі басылымы аттардың қалай тасымалданғанын қызықты оқиға деп тауыпты, оның бірі тіпті "Гоголь жазуға лайық оқиға" деп сипаттаған.
АҚШ-тың Bloomberg жаңалықтар агенттігі "Түркімен айғыры, үлкен қауын мен өлі тотықұс туралы хикая" деген мақаласында екі ақалтеке жылқысын Орталық Азия арқылы алып өткен британ және француз дипломаттары жол-жөнекей кездескен қиындықтар жайлы жан-жақты баяндаған. Мақалада асыл тұқымды аттарды ұрламақшы болған қазақстандық "қарақшылар" туралы да айтылыпты.
"Олар пойызбен сапары кезінде түрлі оқиғаларға кезіккен. Қазақстан арқылы өткенде қарулы қарақшылар аттарды ұрламақшы болған, бірақ жылқылар вагоннан шықпай қойған. Кейін одан да қауіпті мәселе: постсоветтік бюрократияға тап болған", - деп жазады Bloomberg.
Британдық дипломаттардың материалына сәйкес, сыйға тартылған аттарды Ресей кеденінен өткізіп алу үшін сансыз көп құжаттарды толтырып, бірнеше күн уақыт жұмсауға тура келген. Дипломаттар бюрократиялық кедергілердің барлығынан өтіп болдық-ау деген кезде олардан тағы бір құжатты талап еткен. Оны алу үшін... вагонды тезектен тазалау керек екен. Ал кеденшілер жылқы тезегін темір жол бекетіндегі қоқыс жәшіктеріне тастауға тыйым салған. Дипломаттардың шыдамы шегіне жеткен. Ақыр соңында машинистке бірнеше қауынды "параға" беруге тура келген, ол вагонды алысқа сүйреп апарып, тезекті сол жерге төккен. Мұрағат құжаттарында дипломаттардың Мәскеудегі кеден бекетінде фин елшісінің тотықұсы діттеген жерге аман жетпегені туралы оқиғаны естігені айтылған.
Британдық Guardian газетінде жарияланған "Джон Мейджорға Түркіменстан сыйлаған аттың құпиясы ашылды: британ дипломаттары айғырды жеткізерде "Гоголь қаламына лайық" хикаяны бастан кешірген" деген мақалада 25 жыл бұрын болған оқиға баяндалады.
Басылым мақаласында ақалтеке сәйгүліктерін алып жүрген түркімен жылқышыларының сөзіне сілтеме жасап, "Мәскеуге бара жатқан жолда оларды қазақстандық қарақшылар тоқтатқан, олар қолма-қол ақша таба алмай, түркімен қауынын көтергенінше алып кеткен" деп жазған.
Жылқышылардың сөзінше, олар кемінде 200 қауын, бірнеше қап картоп, пияз және сәбізді атпен бірге вагонға тиеп алыпты. "Көкөністі Мәскеуде сатып, Ашғабатқа қайтар жолдың пұлын шығармақ болған" деп жазады басылым.
ҚАЗАҚСТАН – ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ ТУРИЗМ ОРНЫ
Британ журналының азиялық нұсқасы - Asia Tatler сайтында жарияланған "Грузия мен Қазақстан қалайша тамаша аспаздық өнер орындарына айналды?" деген мақалада ерекше ұлттық тағам дәмін тату үшін гурмандарға Қазақстан мен Грузияға баруға кеңес береді. "Бесбармақ – елдің ұлттық тағамы, оны әдетте қолмен жейді. Піскен етке (жылқы немесе қой еті) пиязы бар сорпа құйылады да, жайылған қамырмен бірге береді", - деп жазады Asia Tatler.
ВИДЕО: Жылқы етін жейтін ағылшын
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда жергілікті тұрғындардың жылқы етін жеу дәстүрін сипаттаған журнал мұндай еттің шетелдіктер үшін тосын ас болғанымен, Қазақстан мен көрші елдер үшін өте танымал дәм екенін жазады.
"Мыңдаған жылдар бойы көшпенділер өз өмірін жылқымен тығыз байланыстырып келді, оны құрметтейді, бірақ үй жануары ретінде қарайды. Алматыдағы ең негізгі тамаша азық-түлік базары – Көк базарға барсаңыз [етті] қалай дайындау керектігін көрсетеді", - дейді мақала авторы. Мақалада бесбармақтан бөлек, мәнті мен тұшпара, палау мен бауырсақ туралы да жазылған.