Назарбаев жайлы кино жеке басқа табынуды еске салды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Тұңғыш президент күні қарсаңында өткен "Көшбасшы жолы. Астана" фильмінің премьерасында. Астана, 30 қараша 2018 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы киноэпопеяның кезекті сериясы туралы жазған батыс басылымдары картинаны "жеке басқа табынудың" оғаш үлгісіне балайды. Бұған қоса Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу қиындығы мен авторитарлық басқаруға үйренген билік үшін оның қанша проблема тудыратыны да талқыланған.

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында жарық көрген "Қазақстан: Назарбаев туралы соңғы байопик ұйқыны келтіреді" деген мақалада автор Крис Риклтон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген киноэпопеяның алтыншы бөлімінен алған әсерімен бөліседі.

НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ЖАҢА КИНОДАҒЫ "ЖАУЫЗ" ҚАЖЫГЕЛДИН

"Көшбасшы жолының" алтыншы бөлімінде Астананың қалыптасу кезеңі көрсетілген. "Фильм президенттің жеке басына табынуды толықтыра түседі. … 2011 жылдан бастап түсірілген "Көшбасшы жолы" үгіт-насихат сипатында екені анық байқалады, алтыншы фильмде ондай сипат тіпті оғаш көрінеді" деп жазады Крис Риклтон.

Фильмді көру үшін Eurasianet.org тілшісі кинотеатрға үш рет барыпты. Біріншісінде зал толы болған, кассада отырған адам киноны көруге мектеп оқушылары келгенін айтады. Екінші жолы журналист қазақ тіліндегі сеансқа келген жалғыз көрермен болған. Әйтеуір, үшінші рет келгенде журналист тағы екі адаммен бірге киноны көре алған.

Президенттің Астанаға Батыс Қазақстаннан енді ғана көшіп келген адамдардың үйіне барған сәтін сипаттаған журналист "отбасы болашаққа сеніммен қарайды, бірақ инфрақұрылым тұрғындардың өсу қарқынына ілесе алмай жатқандықтан, олар қиналып жүр" дейді. Автордың пікірінше, сюжет осындай жаңадан келгендердің тағдырын баяндап, тарихына тоқталса, фильмде "адамгершілік" басым болатын еді.

"Көшбасшы жолы. Астана" көркем фильміне түскен актерлер мен авторлары Алматыдағы көрсетілімнен кейін. 19 желтоқсан 2018 жыл.

​"Әулиенің өмірбаянын сипаттау болғандықтан, тек Назарбаевқа назар аударады. Оның күндіз ойға беріліп, [марқұм] анасымен сөйлесетін сәті бар. Ресей президенті Борис Ельцинмен теннис ойнаған кезін түсірген. Кабинеттегі жиындар, саяси сөздер мен Астанаға жұмыс сапарымен бару сияқты зеріктіретін көріністерді осындай эпизодтар ғана "бұзып" тұр" дейді мақала авторы.

Бұрынғы серияны түсірушілер советтік кезеңді көрсетті. Олар саяси әрі шығармашылық қиындыққа тап болды, сол жүйенің жемісі Назарбаевты көтермелей отырып, советтік биліктің мәселесін ашып беруі керек болды.

Соңғы серияны түсірген топтың жұмысы жеңілдеу болған сияқты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар, ел астанасын жасыл желекті, тау қоршаған Алматыдан масасы қаптаған суық далаға көшіру баяндалады. Назарбаевтың астананы өзгерту туралы идеясына 1994 жылы күлгендер мен сынаушылар көп болды, бірақ қазір күлуге батылы баратындар жоқтың қасы.

Автордың айтуынша, Астана осы жылдарда үлкен қалаға айналды, бірақ жоспарлауы нашар. Құрылыс салу қымбатқа түсетін, түтін тұмшалаған қалада қоғамдық орындар аз, қысы қатал. Бірақ кинода, әрине, оның бәрі айтылмайды.

"Көшбасшы жолы. Астана" фильмінің ресми трейлері:

Фильмде бұрынғы премьер-министр, кейін оппозицияға өткен Әкежан Қажыгелдиннің (1999 жылдан бері шетелде тұрады, отанында жемқорлық үшін айыпталып, сырттай 10 жылға сотталған) пайда болуын автор "драма жасау мақсатында жауыз кейіпкер қосу" деп бағалайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жағдай өте нашар. Ұрланған капитал - өте үлкен"

"Қажыгелдинді жалқау макиавеллист етіп көрсеткен, ол міндетін атқарудан жалтарып жүреді, әркез билікті тартып алу үшін Назарбаевтың беделін түсіруге тырысады. Оппозиционерді қаралауға мемлекет қаржысы кеткенін былай қоя тұрсақ, мұндай көріністер аз әрі тез өтеді, онда Қажыгелдинді қаскүнем етіп көрсету ғана көзделген. Тіпті үгіт-насихат фильмдерінде Назарбаевтың қарсыластарына эфирден уақыт берілмейді" деп қорытады мақала авторы.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖӘНЕ АВТОРИТАРИЗМНІҢ ТИІМСІЗДІГІ

Канадалық McGill университеті шығаратын McGill International Review журналының сайтында "АБВ сияқты оңай ма? Қазақстанда олай емес" деген мақала жарық көрді. Онда авторлар кирилден латын әліпбиіне өту туралы айтады.

"Президент Нұрсұлтан Назарбаев 28 жылдағы билігінде қабылдаған трансформациялы шешімдерімен қатар сегіз жылда елді өзгертем деген амбицияға толы мақсат қойды" делінген мақалада.

Қазақстан тарихында әліпби өзгерту бұрын да болғанын, араб жазуынан латынға, одан кирилл әліпбиіне өткенін атап өткен авторлар бұрынғы өзгерістің "халыққа қатты ауыр тимегенін", себебі "тұрғындардың көбі сауатсыз болғанын, оқу мен жазудың адамдар өмірінде маңызды рөл атқармағанын" ескертеді.

"Отыз жылға жуық билік құрғанда шешіміне ешкім қарсы шығып көрмеген Назарбаев үшін бұл өзгеріс біраз мәселе тудырып тұр" деп жазады автор.

Апостроф қолданып жазылатын алфавиттің алдыңғы нұсқасы "советтік кезеңнен қалған жалғыз президент 98 пайыз дауыс жинайтын елде бұрын-соңды болмаған пікір алауыздығын тудырды". Әліпбидің "сиықсыз әрі пайдасыз" екеніне шағымданушылар көп болды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңа әліпбиді қолдаушылар да, қарсылар да бар

"Апостроф мәселесі Қазақстан қоғамындағы үлкен проблеманы – президент Назарбаевтың жарлықпен елді басқаратын зор билікке ие екенін көрсетті. Отыз жылға жуық елді жалғыз өзі билеп-төстейтіні сондай, қаласа тұтас бір тілдің жазуын бір өзі өзгерте салады. Апостроф мәселесі Қазақстандағы авторитарлық заңнаманың тиімсіздігін байқатты. Күрделі лингвистикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен, кеңесетін саяси орта құрудың орнына Назарбаевтың сөзі талқыға салынбайды, қазақтар түбінде президент қабылдаған шешіммен жұмыс істеуге мәжбүр" деп жазады McGill International Review.

Алайда апострофы бар алфавитке наразылық биліктің аяқ тартуына ықпал етті, "заманауи Қазақстан үшін бұл сирек кездесетін құбылыс". Латын әліпбиіне өту қажеттігі туралы айтатын билік "Рухани жаңғыру" бағдарламасын шығарды.

Шынымен де, 42 таңбасы бар кирилл алфавиті компьютерде қолдануға қолайсыз, ал шағын экранды телефонда тіпті ыңғайсыз. "Латын әліпбиіне өтудің астарында Қазақстанның үлкен әрі өктем көршісі – Ресейден іргесін аулақ салуға тырысқаны байқалады. … Назарбаев әкімшілігі шешімнің геосаяси астары бар екенін терістейді, бірақ тілді Ресей мемлекетінің саяси құралы ретінде қолданудың бар екенін естен шығармау керек" делінген мақалада.

Министр мен шенеуніктер диктант жазды (14 қараша 2018 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Министр мен шенеуніктер диктант жазды

"Бұл өзгерістер Қазақстанның 21-ғасырға еніп, халықаралық саудада тартымды болуына ықпал етеді, бірақ әліпби ауыстырудың қиындығы айқын байқалады. 21-ғасырда алфавит ауыстыру – үлкен жұмыс. Оның үстіне, сыбайлас жемқорлықтың кеңінен тарауы процесті одан әрі күрделендіреді, аферистердің мемлекеттік келісімдерден пайда табуына жол ашады" деп жазады McGill International Review.

"РЕЖИМ ӨЗІН МӘДЕНИ ТҰРҒЫДА АШЫҚ ЕТІП КӨРСЕТКІСІ КЕЛЕДІ"

Франциялық Le Monde Diplomatique газетінің ағылшын тілді нұсқасында "Астанадағы лимизундер мен қызыл жолдар: Қазақстан театрға қаржы салып жатыр" деген мақала жарияланды. Онда "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жазда өткен халықаралық "Астана" театр фестивалі туралы жазған.

Жобаның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдени модернизация жоспары бойынша өтіп жатқанын айтқан автор "Саяси тұрғыда оның режимін жабық деп сынайды, бірақ ол мәдени жағынан ашық болып көрінгісі келеді" деп жазады.

Назарбаев даңғылындағы музейдің алдындағы "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жарнамасы. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.

Президент 2017 жылы сәуірде ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады, оны жүзеге асыру үшін 2022 жылға дейін бюджеттен 54 миллиард теңге (160 миллион доллардан астам) жұмсау қарастырылған.

"Қазақстан коммунистік партиясының басшысы болып тұрған Назарбаев 1990 жылы президент болды, содан бері нақты оппозициясы жоқ, сайлау сайын қайта сайланып келеді, өзі "ағартушылық диктатура" деп атайтын билігін сақтап отыр. Ол қазақстандық ерекшелікті жаңартқысы келеді, себебі "ерекшелік пен ойлаудың ескі үлгісін сақтай отырып, дамыған елдер арасынан орын алу мүмкін емес" деп жазады Le Monde Diplomatique.

Назарбаевтың "сәтті жаңғырудың алғашқы шарты – ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтау" деген сөзінен цитата келтірген газет Қазақстан президентінің "сәтті жаңғыру – 2025 жылға қарай латын әліпбиіне өту, мектептерде ағылшын тілін оқыту және жұмсақ күштің маңызын мойындау" деп санайтынын ескертеді.

Бұл тұрғыда театрдан бөлек кинематографқа баса мән береді, ол жағынан да аздаған жетістіктер бар, былтыр Канн фестивалінде Әділхан Ержановтың "Әлемнің мейірімді бейжайлығы" фильмі көрсетілді.

Қазақстандық Самал Еслямова режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильміндегі рөлі үшін Канн кинофестивалінде "Үздік актриса" номинациясы бойынша жүлдегер атанды (“Айка” фильмі "Оскар" сыйлығынан үміткер шет тіліндегі фильмдер қатарына енді).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Айка" фильмі тоғыздың ішінен топ жара ма?

Назарбаевтың пікірінше, АҚШ-тың қырғи-қабақ соғыстағы табысына Голливуд зор үлес қосқан. Қазақстан президенті "ғаламдық картада қайталанбас орны бар елге айналғымыз келсе, заманауи қазақ мәдениетін жаһандық өркениетке енгізуіміз керек" дейді.