Accessibility links

Рахмонды әспеттеген Рогун ГЭС-і туралы поэма


Тәжікстан президент Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-іне плотина салу үшін Вахш өзені арнасын бұру рәсімі кезінде бульдозердің үстінде тұр. 29 қазан 2016 жыл.
Тәжікстан президент Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-іне плотина салу үшін Вахш өзені арнасын бұру рәсімі кезінде бульдозердің үстінде тұр. 29 қазан 2016 жыл.

Тәжікстанда құрылысы аяқталмаған Рогун ГЭС-і туралы поэма жазған ақын ел президенті Эмомали Рахмонды пайғамбарға да, халифаға да және эпос кейіпкеріне де теңейді.

Тәжікстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ато Мирходжаның "Нуристан дастаны" поэмасы маусымның 2-і күні "Садои Шарқ" журналының бесінші санында жарыққа шықты. Наурыз айында жазылғаны көрсетілген бұл шығармада ақын ел президенті Эмомали Рахмонды бірде Иса пайғамбарға, тағы да бірде мұсылмандардың төртінші халифасы Әлиге, енді бірде "Шахнама" эпосының кейіпкері Рүстемге теңейді.

НҰР МЕН СОРДЫҢ АЙТЫСЫ

"Нуристан дастаны" – диалогқа құрылған поэма. Шығарма "Ақын сөзімен" ашылып, Вахш өзеніндегі "Нұр суы" мен "Сор суының" айтысымен жалғасады. Арасында Рогун су электр станциясы құрылысшылары мен Тәжікстан президенті "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы" Эмомали Рахмонның толғамдары келтірілген. Автор поэмада "Ақын сөзін" қолданып оқиғаларды түйіндеп отырады.

Тәжікстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ато Мирходжа.
Тәжікстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ато Мирходжа.

Шығарманың кіріспесінде ақын Тәжікстанды бүкіл Шығыс елдерінің орталығы ретінде бейнелейді. Автордың сипаттауынша, от пен алғашқы адамның мекеніне айналған Тәжікстаннан әлемге нұр тараған. Одан кейін арнасынан Рогун су электр станциясы салынып жатқан Вахш өзеніндегі "Нұр суы" сөйлеп өзін таныстырады. Оның сөйлегенін қызғанған лай су – "Сор суы" оған "өз-өзіңді мақтама" деп қарсылық білдіреді. Оған қарсы уәж айтқан "Нұр суы" босқа жатпай өмірге аралас, зауыттарға жарық бер дейді. Бұған намыстанған "Сор суы" ашуға мінеді. Алайда "Нұр суы" оған ақпаған судың өлім екенін, судың ағын арқылы жасампаз екенін айтады. Сондықтан қуат өндіретін күшке айналайық, біртіндеп нұр болып, шығыс елдеріне жарық беретін күн болайық дейді. Оған "Сор суы" көнбейді. Соңынан "Сор суы" ашуланып, тауды қопарып буырқанып, тасып


жөнеледі.

Осы тұста "Нұр суы" "Сор суынан" жеңіліп, тәжіктердің күні қараң болды дейді ақын. Автор Эмомали Рахмонға меңзеп "адасқан халқын жөнге салатын Рүстем қайда?!" деп риторикалық сұрақ қояды.

"МӘРИЯМНАН ТУҒАН ИСА МӘСІХ"

Поэманың осы тұсында "Ақын сөзімен" Эмомали Рахмонның нұр болып жаралғаны баяндалады. Ақын Эмомалидің анасын "отаны үшін перзенттеріне алаңдаған тұлға" ретінде суреттейді. Эмомали Рахмонның анасының есімі Майрам болғанымен, автор оны "Мариям" деп атайды.

Мариям жаңа Исаны туып,

Атын қойды Эмомали, - дейді ақын.

Ато Мирходжаның жырлауынша, алып батыр Эмомали үнемі жеңіске жетіп отырған. Жарқырап шыққан ол биікке өрлей берген екен.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен етіп жасалған суретінің алдында Рахмонды қолдау митингісіне жиналған адамдар. Душанбе, 3 қараша 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен етіп жасалған суретінің алдында Рахмонды қолдау митингісіне жиналған адамдар. Душанбе, 3 қараша 2013 жыл.

Бұдан ары поэмада автор президент Рахмонның өзін сөйлетеді. Рахмон тау жарып, ГЭС салып, жарлыны байытатынын, елді игілікке кенелтетінін айтады. Оның даусын естіген "Сор суы" шошынып, судың төменгі ағысындағы елдерге қарата былай дейді:

Ей, су аяғында отырған елдер,

Арал (теңіз) апатынан сабақ алыңдар.

Жаман Рогун ГЭС-іне қарсы

Дабыл қағып, SOS - сүрең салыңдар...

Ары қарай ақын сөйлеткен Рахмон Рогун су электр станциясы үшін Вахш өзенін нұр теңізіне айналдырамын, оның қызығын көрші елдер де көретін болады, Тәжікстан нұр қазынасына айналады деп бір тоқтайды. Автордың суреттеуінше, тәжіктер Рогун ГЭС-інен пайдаға кенеліп, әлемге үлгі боларлықтай зауыттар салатын болады. Өз ризығын өз елінен тапқан адамдардан "мигрант" атауы қашқақтап, Ресей және Қытаймен есеп айырысатын болады. "Қырғыз, түркімен, өзбек, Ресей, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, араб, қазақ және Иран Рогун ГЭС-і жарығын тұтынып, шөлін басады". Осылайша, "Сор суы" тұсалып, "Нұр суы" кеңінен таралып кете бермек.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-іне плотина салу үшін Вахш өзені арнасын бұру рәсімі кезінде бульдозермен топырақ күреп жатыр. 29 қазан 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-іне плотина салу үшін Вахш өзені арнасын бұру рәсімі кезінде бульдозермен топырақ күреп жатыр. 29 қазан 2016 жыл.

Поэмада автор Рогун су электр станциясы құрылысшыларына да сөз кезегін береді. Олар "Сор суын" бөгегенін, енді нұрға малынған Эмомалидің даңқы әлемге тарайтынын айтады. Құрылысшылар 2016 жылы Эмомали "Ұлт көшбасшысы – Пешвои миллат" шапанын киіп, қайтадан өмірге келді дейді. Сондайда ақын Вахш өзені Эмомалидің алдына келіп, тағзым етіп, шүкіршілік қылды деп бейнелейді.

Автор Рогун ГЭС-ін мадақтай келе, оның тек су станциясы ғана емес, елдің өмірі мен өлімінің маңызы екенін де атап өтеді.

"ПУТИН, ТРАМП, СИ ЦЗИНЬПИН РАХМОН ЖОЛДАУЫН ТҮСІНДІРГЕН"

Ақын Ато Мирходжаның Тәжікстан басшысын мадақтаған өлеңі бір бұл ғана емес. Ол биыл қаңтар айында президенттің жолдауына да арнап ода жазған. Мирходжаның сол өлеңі "Ұлт көшбасшысының жолдауы – ұлт тағдыры" деп аталады. Ақын сондайда президент жолдауын жариялаған Сомон сарайы Қағбаға айналып кетті деп жырлайды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммиті аясында кездесті. Қытай, 9 маусым 2018 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммиті аясында кездесті. Қытай, 9 маусым 2018 жыл.

Мирходжа президент жолдауы бүкіл жер-дүниені, аспанда ай мен күн, жұлдыздарды да ұйытқанын айтады.

Жолдауын Путин талдаған,

Трамп та оны бағалаған.

Си Цзиньпин де тәпсірлеп,

Қазақ, қырғыз, ауған, өзбек қолдаған...

Ақынның жырлауынша, алғашқы жолдауын бейбітшілікке арнаған Рахмонның жолдауларының мағынасы жүздеген кітапқа жүк болады. Өзінің ұзағынан толғаған ода өлеңін Ато Мирходжа "Президент жолдауы өмірлік маңызы бар әрбір сауалға жауап береді" деп аяқтаған.

БИЛІКТІҢ БАҒЫТЫН ЖЫРЛАУ

Тәжікстанда бұған дейін ел басшысы туралы пьеса да жазылған болатын. Абдуғаффор Абдужабборовтың Эмомали Рахмон туралы жазған драмалық шығармасы "Құдайдың назары түскен адам" (Назаркарда) деп аталады.

Оқи отырыңыз: Назарбаев жайлы спектакльден соң Рахмон туралы пьеса жазылды

Ақын Ато Мирходжаның "Нуристан дастаны" поэмасы жеке басқа табынудың мысалымен қатар Совет кезіндегі құрылыс, өндіріс тақырыбындағы әдеби туындыларды да еске салады. Тың игеру, алып зауыттар құрылысы, жоспарды асыра орындау – жалпы өндіріс тақырыбы советтік идеологияның бір өзегіне айналып, осы тақырыпты жырлаған ақын-жазушылар да билік тарапынан марапатталып та отырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оңнан солға қарай), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оңнан солға қарай), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл.

Орталық Азияда бұл үрдіс әлі де байқалып қалады. Мәселен, Қазақстанда Астана туралы әзірленген ондаған фильм мен әдеби шығармаларға қоса әндер де баршылық. Тәжікстанда да Рогун ГЭС-і құрылысын ұлттық мақтаныш ретінде көрсетуге тырысады. Конституциялық реформа арқылы президент құзыры кеңейтілген Тәжікстанда биыл "Ұлт көшбасшысы – Пешвои миллат" қоры құрылды. Заң бойынша енді жыл сайын мемлекеттік бюджеттің 0,2 пайызы осы қорға аударылады. Қазақстанда да Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған "Тұңғыш президент – Елбасы" қоры 2000 жылдан бері жұмыс істейді.

Құқық қорғаушылары Тәжікстанда да, Қазақстанда да адам құқығы мен сөз бостандығы шектеліп отырғанын жиі айтады. Эмомали Рахмон Тәжікстанды 26 жылдан бері мызғымай басқарып келсе, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан билігіне келгеніне биыл маусымның 22-інде 29 жыл толады.

(Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG