ШЫҰ, ЕХРО және қаңыраған көрме

Астанадағы EXPO-2017 халықаралық көрмесінің бас ғимараты жанынан велосипедпен өтіп бара жатқан адам.

Шетел баспасөзінде бұл аптада бәсекелес елдер - Үндістан мен Пәкістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына қабылданғаны және Астанадағы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін көруге жұрттың ықыласы аз екені жайлы комментарийлер беріліпті.

ШЫҰ ТУЫ АСТЫНДА

Үндістанның Business Standard газеті "Үндістан мен Пәкістанға Қытай ШЫҰ-на екі жақты өшпенділік әкелмей, ережені орындауды ескертті" деген мақалада қазір Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің маусымның 9-ы күні Астанада аяқталған саммиті жайлы коментарий жариялаған. Үндістан мен Пәкістан енді бұл ұйымға ресми түрде қабылданды. Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия бақылаушы елдер мәртебесіне ие. Биыл ШЫҰ-на төрағалық ету міндеті Қазақстаннан Қытайға көшеді.

Business Standard басылымы Қытай сыртқы істер министрінің көмекшісі Конг Суаниоудың Үндістан мен Пәкістан арасындағы "өшпенділік" "ұйымға жайсыз тиеді" деген сөзін келтірген. Бірақ ертеректе жоғары лауазымды пәкістандық дипломат "ШЫҰ – екі жақты дауларды шешетін алаң емес" деген болатын.

Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди (сол жақта), Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақтан үшінші), онымен қатар тұрған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путиннің алдынан өтіп барады. ШЫҰ елдері саммитінде түсірілген сурет.

Үндістанда шығатын Asian Age газеті "Бейсенбі күні Қытай ұйым жарғысы екіжақты өшпенділікті ұйымға әкелуге қатаң тыйым салатынын ескертіп, [Үндістан мен Пәкістан арасындағы] өзгешеліктердің ұйым бірлігіне зияны тиюі мүмкін деген мәлімдемелерді теріске шығарды" деп жазған. Бұған қоса, мақалада ұйымға мүше сегіз елдің ішіндегі ықпалы үстем Қытай ШЫҰ штаб-пәтерін өз аумағында орналастырады делінген.

Екі ел "өзара айырмашылықтарын" екіжақты байланыстар арқылы реттей алуы мүмкін екенін Қытайдағы Үндістан елшісі Виджай Гохале де растайды. Asian Age газетінің жазуынша, Қытайдағы Пәкістан елшісі Масуд Халид аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін, дамудың, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің ортақ мақсаттарына жету үшін Пәкістан ШЫҰ-дағы белсенді серіктес елдердің бірлескен жұмысына барынша күш салып қатысады дейді.

Asian Age газетіндегі "ШЫҰ-ында Пәкістан өз мұрасы жайлы [Үндістан туы] бейнесі аясында айтты" деген тағы бір мақалада ұйым құрамына Үндістан мен Пәкістанды қабылдау құрметіне орай ШЫҰ-ның Пекиндегі штаб-пәтерінде өткен ұйымға мүше елдерді қабылдауды ұйымдастырушылардың елдердің туларын шатастырып, ыңғайсыз жағдай тудырған қателігін көрсеткен. Қабылдауды ұйымдастырушылар "тулардың бейнесін дисплейден тексермеппіз, бұл - Үндістан мен Пәкістан қатысқан алғашқы шара" деп ақталған.

Саммит жұмысы қорытындылары бойынша Астана декларациясы қабылданып, экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясы мен халықаралық терроризмге қарсы бірлесіп тойтарыс беру туралы мәлімдемеге қол қойылды. Саммитті қорытындылаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылар жан-жақты ынтымақтастықты ары қарай дамыту қадамдарын, ШЫҰ қызметіне қатысты халықаралық мәселелерді талқылады деп мәлімдеді.

АСТАНАДАҒЫ ҚАҢЫРАҒАН ЕХРО

Тайландтың Bangkok Post газетіндегі "ЕХРО-ның тай елінің символы жапон кейіпкерінің көшірмесі емес" деген мақалада Жапонияның Осака қаласы мэрінің Twitter парақшасында Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесінде Таиланд пайдаланған символ Жапонияның Фунабаши қаласының символына тым қатты ұқсайды деген хабарламасынан кейін туған тағы бір ыңғайсыз жағдайға қатысты комментарий берген. Index Creative Village Plc компаниясы өкілі, тай дизайнері Чандр Чандрвирочана "тай елінің Па-Ланг бейнесі ЕХРО-ның "Биоэнергия" тақырыбына бейімделген жүгеріні (Қазақстанда жұрт жақсы білетін) білдіреді, оның жапонның алмұрт түріндегі кейіпкеріне мүлде қатысы жоқ" деп өз дизайнын қорғаған.

Америкалық Foreign Policy журналында "Қазақстан ажал жұлдызына бес миллиард доллар жұмсады, бірақ ол тіпті лазермен атқылай алмайды" деген мақалада комментатор Джеймс Палмер Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесіне барған сапарынан алған әсерін сипаттаған. Ол ең әуелі көрмеге келушілердің жоқтығын байқаған.

"Ертеректе ЕХРО үлкен халықаралық оқиға, ал оны өткізген қожайындар мен қонақтар үшін көпшілікке танылу мүмкіндігі болатын. […] Бірақ 1980 жылдардан бастап ЕХРО Батыс жұрты экрандарынан кетті. Париждегі халықаралық көрмелер бюросы оны өткізуге әлі рұқсат береді, бірақ коммуникация оңайлаған және әуе рейстері арзандаған дәуірде Испания, Тайланд немесе Египеттің бір бөлшегін экраннан көру онша қызық болмай қалды" деп жазады Джеймс Палмер.

Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі жайлы Азаттық фотогалереясы:

ЭКСПО қарсаңындағы қарбалас

Бұған қоса, мақалада ЕХРО шараларында көбінесе жеке меншік корпорациялардың рөлі артып келе жатқаны, сондықтан 1999 жылы АҚШ-та шығындарды тіпті корпоративті демеушілер мойнына артып, АҚШ павильонын ұйымдастыруға мемлекет ақшасын бөлуге тыйым салынғаны айтылған.

"Бірақ дамушы елдерде ЭКСПО – әлі күнге дейін тамсана тамашалайтын нысан. Әлемнің бұл бөлігінде тұратын халықтар үшін шалғай елдер мен халықтарды таңсық көріп тамашалайды. Ал билік үшін мұндай іс-шаралар (азайып бара жатқанымен) үлкен халықаралық аудиторияда өз маңыздылығын көрсетудің бұрынғыдай сирек мүмкіндігі саналады" деп жазады Джеймс Палмер. Ол ЕХРО-2017 көрмесінің "қазақстандықтар үшін де, Орталық Азиядағы көршілері үшін де жету оңай әрі әлдеқайда үлкен қала" Алматыда емес, Астанада өткеніне қынжылыс білдірген.