Орталық Азияны әлемдегі жемқорлыққа әбден батқан аймаққа жатқызады

Қырғызстандағы казино қызметкерлері оны жабуға қарсылық акциясында тұр. Бішкек, 13 ақпан 2012 жыл.

Орталық Азиядағы демократияның жай-күйін талдаған Батыс баспасөзі оны «постсоветтік арманның ақыры» деп атаған.

Ұлыбританияның Guardian газеті «Демократия ұрланды. Ол «постсоветтік арманның ақыры» деген жаман атты иеленді» деген мақаласында Орталық Азияның бес еліндегі тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылдағы жағдайды талдаған. Мақалада тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде аймақтағы бес елде президент билігі біртіндеп қалай күшейгені сипатталған. Автор Тәжікстанда Эмомали Рахмонның портреттері көптеп ілінгені, Түркіменстандағы Гурбангулы Бердімұхаммедовтің алтын түсті ескерткіші, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елбасы» атағы мен Астана қаласын оның құрметіне атау жоспары жайлы жазған.

«Бес елдің бәрінде басшыларының отбасы мүшелері мен жақын серіктері байып алды. Орталық Азия - әлемде жемқорлыққа әбден батқан аймақ, бірақ сауда-саттық жүргізу үшін кезінде Жібек жолы бойындағы елдер әмірлеріне жалбақтаған шетелдік авантюристер тәрізді аймақ ресурстарына қол жеткізу және әуе базаларын пайдалану үшін шетелдік бизнесмендер мен саясаткерлер аймақ автократтарына жалбақтауға бәлендей қымсынған жоқ» деп жазады Guardian басылымы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Мақалада Орталық Азия елдерінің мазасын қашырып тұрған ең үлкен қатер ретінде радикалды исламды атаған. Аймақта бейбіт сипаттағы консервативті ислам ағымдары басып-жаншылғаннан кейін «мұндай жандар экстремизмнің зорлық-зомбылық тәсілдеріне көше бастағаны» айтылған.

«Орталық Азиядағы диктаторлық режимдер қазір өліара кезеңде тұр. Сырттай қарағанда, олар азды-көпті тұрақты болып көрінеді. Түркіменстан диктаторының 10 жыл бұрынғы және Өзбекстан автократының биылғы қазасы саяси өзгерістер әкелген жоқ, процесс басына сырттай көзге жұмсақ көрінетін жаңа автократ келуімен шектелді» деп жазады Guardian.

Мақалада аймақ басшыларының бәрі «ірі державалармен ойында неғұрлым көбірек пайда табу үшін барынша ептілік танытып отыр», бірақ аймақ елдерінің халқы «кедейліктен әлі арылған жоқ», Ресейдегі экономикалық дағдарыс ақша аударымдарын азайтып жіберді, «денсаулық сақтау мен білім беру саласында жақсару нышандары болмасыз», ал «әбден тамыр жайып алған қасарыспа жүйелер нағыз реформалар жүргізуге мүмкіндік бермейді» делінген.

КОРРУПЦИЯ ЖАЙЛАҒАН ЕЛ ВИЗА ТӘРТІБІН ЖЕҢІЛДЕТТІ

Американың International Business Times сайтындағы «Әлемнің қай елдерінде жемқорлық өршіп тұр?» деген мақалада «жыл сайын шамамен бір триллион доллар пара беріліп, шамамен 2,6 триллион доллар коррупция арқылы жымқырылады. Бұл қылмыстың болмысына байланысты әлдебір статистика жүргізу мүмкін емес, бірақ әлем елдерінің 68 пайызға жуығында коррупцияға қатысты проблема бар деп саналады» деп жазылған.

Жемқорлық түбегейлі жайлаған елдер қатарында Солтүстік Корея мен Сомали, одан кейін Ауғанстан, Судан, Ангола және Оңтүстік Судан, Ирак пен Ливия аталған. Постсоветтік елдерден бұл тізімге Түркіменстанды (Эритрея, Сирия және Йеменмен бірге жетінші орында), Өзбекстанды (сегізінші орында) енгізген. «Жемқорлыққа әбден батқан елдердің бірі Өзбекстанда бизнес пен бүкіл қоғамды қылмыс жайлап алған. Сот шешімдеріне пара ықпал етеді, полицияда ақша бопсалау әрекеттері үйреншікті жайтқа айналған, ал коррупцияға қарсы заңдар нашар орындалады» делінген мақалада.

Өзбекстанның Әндіжан қаласында хаттама толтырып жатқан жол полиция қызметкері. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

International Business Times сайтындағы тағы бір мақалада «Бұрынғы құпия советтік мемлекет Өзбекстан арасында Ұлыбритания да бар 27 елдің туристеріне есігін ашты» деп жазады. Жуырда сайланған ел президенті Шавкат Мирзияев күні 15 елдің (арасында Австралия, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Испания және Жапония тәрізді елдер бар) азаматтары үшін визалық шектеулердің күшін жойған жарлыққа желтоқсанның 2-сі күні қол қойған, енді олар бұл елге 30 күндік мерзімге турист ретінде визасыз келе алады.

Тағы 12 елдің (мысалы, Бельгия, Қытай, Малайзия, АҚШ) азаматтары да Өзбекстанға туристік мақсатпен визасыз, бірақ 55 жасқа толғаннан кейін келе алады. Елдерді бұлай алалаудың себептері түсіндірілмейді. Президент жарлығы 2017 жылғы сәуірдің 1-інен бастап күшіне енбек, туристер елге кіргені үшін 50 доллар көлемінде баж салығын төлеуі тиіс. «Билік ауысуы қандай да бір түбегейлі өзгерістерге ұласатынына құқық қорғаушылар сенбейді» делінген мақалада.