Иранның ядролық отыны Қазақстанға келуі мүмкін

Ирандағы атом электр станциясына Ресейден ядролық отын жеткізілгені туралы ирандық телеарна видеосюжетінен скриншот. 11 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан Иранның ядролық отын қоры сақталатын орынға айналуы мүмкін, ал Каспий теңізіндегі мұнай платформасында шыққан өрт оффшорлық мұнай өнеркәсібі беделіне нұқсан келтіруі ықтимал.

ЯДРОЛЫҚ ОТЫНДЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘКЕЛЕ МЕ?

Американың Wall Street Journal басылымы Иранның ядролық отын қорының бір бөлігін Қазақстанда құрылып жатқан халықаралық ядролық отын қоймасына жөнелту жөніндегі келісімге қол жеткізуіне АҚШ көмектесіп жатыр деп хабарлайды. Мақала авторларының жазуынша, әлі бекітілмеген бұл келісім бойынша әзірше «келіссөз» ғана жүріп жатыр әрі «ол жайлы бұрын хабарланбаған». Бұл қадам Иранға салынған санкцияны тезірек алып тастауға көмектесіп, алты халықаралық державаның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзіндегі негізгі тосқауылдардың бірін жоюға ықпал етуі мүмкін.

Бірақ сейсенбі күні АҚШ-тың ресми тұлғалары шілдедегі ядролық келісімге қарамастан Иран өткен айда екінші баллистикалық зымыранын ұшырғанын растады. Бұл сынақ БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қарарын ашық бұзу болып саналады, сондықтан АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдері жаңа санкция салу мүмкіндігін талқылап жатыр деп жазады Wall Street Journal.

Иран сыртқы істер министрі Мухаммад Зариф (сол жақта) пен Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Астана, 13 сәуір 2015 жыл.

«[Ядролық] материалды Ираннан әкетіп, Қазақстан сияқты Вашингтон мен МАГАТЭ-мен (халықаралық атом энергетикасы агенттігі) байланысы тығыз елге жеткізу Иранның ядролық материалына бақылауды күшейтіп, АҚШ және өзге державалармен ядролық келіссөз кезінде қол жеткен келісімге сәйкес оның қорын азайтуға көмектесер еді. Талқылауға қатысқан ресми тұлғалар осылай деп мәлімдейді. Иран және өзге елдер сияқты, МАГАТЭ Қазақстанның ядролық бағдарламасын бақылайды, сондықтан әлдебір материалды құпия түрде Иранға кері қайтару қиынға түседі» деп жазады Wall Street Journal газеті.

Мақала авторларының айтуынша, 20 пайыз байытылған ондаған килограмм уранды ұзақ жылдар бойы сақтау жөнінде Иран мен Қазақстан арасында коммерциялық келісім-шарт бекіту жоспарланған. Бірақ Қазақстанмен арада мұндай келісімге әзірше қол қойылған жоқ, ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдері Wall Street Journal басылымының сауалына жауап бермеген.

«Қазақстанның бұл келісімде атқаратын рөлі нақты белгіленбегенімен, таңдаудың постсоветтік республикаға түсіп отырғаны табиғи жайт. 2013 жылдың басында бұл ел Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің екі раундын өткізген әрі Вашингтон, Тегеран және Мәскеумен жақсы қарым-қатынаста. Совет одағы ыдыраған кезде мұраға қалған ядролық қарудан Қазақстан кейін өз еркімен бас тартқан» деп жазады Wall Street Journal басылымы.

МҰНАЙ ПЛАТФОРМАСЫНДАҒЫ ӨРТ

Американың New York Times газетінде жарияланған мақала авторларының жазуынша, Каспий теңізінің Әзербайжанға тиесілі бөлігінде орналасқан мұнай платформасындағы өрт салдарынан акваторияға мұнай жайылу қаупі төнген. Желтоқсанның 4-і күні газ құбыры жарылып, өрт басталған соң платформадағы жұмысшыларды эвакуациялаған, бірақ дауылда құтқарушы қайықтардың бірі аударылып, 29 адам хабарсыз кеткен және бір адам мерт болған деп саналады. Дүйсенбі күні «Азнефть» компаниясы 33 жұмысшы құтқарылып, бір адамның денесі табылды деп хабарлаған. «Теңізде жоғалған 29 адамды табудан күдер үзудің белгісі ретінде компания жексенбі күні көрші елдердің территориялық суларынан мәйіттерді іздеуге рұқсат сұрап, өтініш жолдады» деп жазылған мақалада.

Каспий теңізіндегі Әзербайжан мұнай платформасындағы өрт. 5 желтоқсан 2015 жыл.

«Бұл өрттің зардаптары қандай болса да, көп адам қаза тапқан әрі Каспий бассейніне үлкен қауіп төндіретін мұндай апаттың шығуы 2010 жылы Мексика шығанағында ВР мұнайы жайылғаннан кейін айырылған беделін қалпына келтіруге тырысып жатқан оффшорлық мұнай өнеркәсібі жұмысының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызады» деп жазады New York Times газеті.

Австралияның Courier Mail басылымының хабарлауынша, Американың Chevron мұнай компаниясы 2016 жылы ірі қаржы шығындарын 26,6 миллиард долларға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл «ағымдағы жылға болжанған капиталдық және барлау саласына жұмсалатын шығындардан 24 пайыз кем». Дереккөз ақпаратына сәйкес, Chevron компаниясының 2016 жылға арналған ірі қаржы жұмсау бағдарламасына оның еншілес компанияларының 4,5 миллиард доллар шығыны да кіреді, оның 80 пайызға жуығы Қазақстандағы «Теңізшевройл» компаниясы мен АҚШ-тағы жобаға Phillips компаниясымен бірлесіп құйған инвестициялары. Қазақстанда Chevron компаниясы Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеруге қатысып жатыр.

Мұнай бағасы арзандауына байланысты өзге ірі мұнай компаниялары да Chevron сияқты күрделі қаржы жұмсауға қатысты жоспарларын қысқартып жатыр. Bloomberg агенттігінің ақпаратына сәйкес, 11 желтоқсандағы есеп бойынша, Brent Crude маркалы мұнайының бір баррелінің бағасы 37,70 долларды құраған.