Сеулде наурыздың 26-27-сі күндері дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша екі күндік саммит өтті. Осы жиын аясында АҚШ президенті Барак Обама Қазақстан мен Украина президенттері Нұрсұлтан Назарбаев және Виктор Януковичпен де кездесті.
Саммитте сөйлеген сөзінде Обама "СССР күйреген соң ядролық қарудан бас тартып, ядролық материалдарды қауіпсіз жерге сақтауға өткізген Қазақстан, Украина және басқа елдердің еңбегін" айтып өтті.
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУ
Президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 26-сы күні New York Times газетінде жарияланған мақаласында Қазақстанның ядролық қарудан ерікті түрде бас тартуы "ядролық қауіпсіздік жолындағы күрестің үлгісі" екенін жазды.
Сеул саммиті қарсаңында Украина өз аумағында қалған, жоғары байытылған уранның 20 килограмын Ресейге жөнелтіп, осыдан екі жыл бұрын өткен Вашингтон саммитінде алған міндеттемелерін орындады.
СССР-дан қалған ядролық материалдардың төрт елге бөлініп кетпеуіне АҚШ пен НАТО аса мүдделі болды. Сондықтан АҚШ, әсіресе Қазақстан және Украинамен жүргізілетін келіссөздерге белсене қатысты.
- Совет Одағы тараған соң ядролық материалдардың төрт бөлікке (ядролық арсеналы бар төрт елге – ред.) бөлініп кетпеуіне АҚШ пен НАТО аса мүдделі болды. Сондықтан АҚШ әсіресе Қазақстан және Украинамен жүргізілетін келіссөздерге белсене қатысты, - дейді Алексей Арбатов.
Украинаның армия, конверсия және қарусыздану орталығы директорының орынбасары Михаил Самусь «Украина ядролық қарудан бас тартқаны үшін біраз пайда тапты» деген пікірмен жартылай келісетінін айтты. Алайда бұл дивидендтердің қаншалықты пайдалы болғаны, оның ойынша, әзір байқалмайды. Ол Украина көрген ең үлкен пайда «ядролық клуб» елдерінің Чернобыль мәселесін шешуде жәрдем бергені деп біледі.
Михаил Самусьтің пікірінше, 1994 жылы қабылданып, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік берген Будапешт меморандумы - шын мәнінде Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдеме емес, тек қарарлық құжат.
- Ал Беларусь өзінің тактикалық және стратегиялық ядролық қаруын Ресейге ешбір төлемсіз, тегін өткізді, - дейді Беларусь жоғарғы кеңесінің ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және қылмыспен күрес жөніндегі комиссиясының бұрынғы төрағасы Мечислав Гриб.
Ол Беларуське Ресей тарапынан да, АҚШ тарапынан да үнемі көмек көрсетіліп келгенін жоққа шығармайды.
Алайда АҚШ-тың көмегі кәдімгі қару-жарақты жою жөніндегі Нанн-Лугар заңын орындаумен ғана шектелгенін айтады.
«МАРШАЛЛ ЖОСПАРЫ»
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары, ядролық қару жөніндегі келіссөздерге қатысқан Төлеген Жүкеев Қазақстанды әлем қоғамдастығының бейбіт мемлекет ретінде тануы үшін және ірі көлемде экономикалық көмек алу үшін «Маршалл жоспары» жасалды дейді.
Пост-советтік республикалардың ішінде Қазақстан ғана халықаралық қоғамдастықтың ізгі ниетін барынша тиімді пайдаланып отыр. АҚШ-тан да, Ресейден де, Қытай мен Жапониядан да инвестиция тарта білді.
- Бұрынғы советтік республикалардың ішінде Қазақстан ғана халықаралық қоғамдастықтың ізгі ниетін барынша тиімді пайдаланып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан қарқынды түрде дамыды. Өзінің табиғи қорларын тиімді пайдалана отырып, АҚШ-тан да, Ресейден де, Қытай мен Жапониядан да инвестиция тарта білді. Қазақстан қолындағы ядролық қаруды ешқашан қолдана алмасы анық еді. Ал ядролық «шоқпарынан» айырылмай отырып алған жағдайда (яғни бұл қаруды елден аластап, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қойып, дұрыс әрекеттер жасамаған жағдайда) жаңа айтқан игіліктердің бәрі болмас па еді. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанының арқасында халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды, - дейді Алексей Арбатов.
ИРАН ҚАЗАҚСТАННАН ҮЛГІ АЛА МА?
Төлеген Жүкеевтің пікірінше, бұрынғы советтік республикалардың ядролық қарудан бас тартуы мен бұл арсеналдың Ресейде шоғырлануы стратегиялық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да дұрыс қадам болды.
- Өйткені ядролық қару дүниежүзілік соғысты ауыздықтайтын құрал емес, мемлекеттердің бірін-бірі бопсалайтын құралына айналып отыр, - деді ол.
Бұған мысал ретінде Жүкеев Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегінде болып жатқан оқиғаларды айтады.
Иран ешкімнің ақылына да, алыс-жақын елдер мен әріптестерінің үндеуіне де құлақ аспайды.
Қазақстан президентінің "ядролық қарудан бас тарту мәселесінде Иран Қазақстаннан үлгі алуы қажет" деп, Иран басшылығына жолдаған үндеуі туралы айтқан Жүкеев Тегеранның ең алдымен өз елінің мүдделерін басшылыққа алатынын мәлімдеді.
- Иран ешкімнің ақылына да, алыс-жақын елдер мен әріптестерінің үндеуіне де құлақ аспайды, - дейді Қазақстанның Тегерандағы бұрынғы елшісі Төлеген Жүкеев.
Қазақстан, Украина және Беларусьтің ядролық қарудан бас тартуы Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде де талқыланды.
Дөңгелек үстелдің толық нұсқасын мына жерден тыңдауға болады: