Қазақстан Зимбабведе платина өндіруге қатысады

Зимбабве астанасында су алуға кезекте тұрған әйелдер мен балалар. Хараре, 1 желтоқсан 2008 жыл.

Finanсial Times газеті Қазақтанды инвестиция құюға ең тиімді дамушы елдердің бірі ретінде көрсеткен. Шетел баспасөзі Қазақстанның Зимбабведегі жаңа мәмілесі жайлы да хабарлайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫ МАҚТАҒАН МАҚАЛА

Ұлыбританияның Financial Times газеті жариялаған Стив Джонсон есімді автордың «Қазақстанда ызғардың беті қайтып келеді» деген мақаласында елде шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер бары айтылған. «Қазақстан байырғы автократ билеушісі архитектуралық зәулім ғимараттарға табынатын және экономикасы Ресей мен мұнайға барынша тәуелді ел ретінде көбірек белгілі шығар. Бірақ сарапшылар мен инвесторлар Орталық Азияның жер көлемі Батыс Еуропаға барабар осы бір ірі республикасына дамушы әлемнің ең қарымды елдерінің бірі ретінде тағзым етуге кезекке тұратын тәрізді» деп жазады мақала авторы.

Елдегі жағдайға қатысты мақалада «әлемде мұнай бағасының құлдырауына» және жалпы өнеркәсіп өндірісінің қысқаруына байланысты 2012 жылдан бері Қазақстан экспортының долларға шаққандағы құны 57 пайызға, ал импорт көлемі 43 пайызға азайды деген комментарий де жазған. Бірақ сонымен бірге мақалада Қазақстанның экономикалық жағдайы мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер жайлы жақсы пікір айтып жатқан сарапшылар пікірін де келтірген.

Алматыдағы "Альянс банк" бөлімшесінде. 19 тамыз 2014 жыл.

Мысалы, Ресей Сбербанкі басқармасының төрағасы Герман Греф Қазақстандағы реформалар бағдарламасын «Сингапурмен салыстыруға болатындай» деп атаған. Мәскеуде орналасқан Macro Advisory консалтинг фирмасының бас серіктесі Крис Уифер де Қазақстанның реформалар бағдарламасын жоғары бағалайды.

RenCap институтының бас экономисі Чарльз Робертсон 2017 жылы Дүниежүзілік банк есебінде Қазақстан бизнес жүргізу оңай елдер арасында 35 орынға көтерілгенін атап көрсетеді, ал әсіресе қиын жағдайдағы банктерге көмегі мен Қашаған мұнайын өндіруді жаңғыртуды мақтаған Kames Capital’s Emerging Market Bond fund қоры басқарушыларының бірі Тео Холланд Қазақстанды Шри-Ланка мен Мексика тәрізді «ең тартымды дамушы елдер» қатарына жатқызады.

Батыс баспасөзінде Қазақстанды мақтайтын осындай мақалалар жиі шығып тұрады. Мұндай мақалалардың көбі Қазақстан үкіметін жарнамалау науқандары кезінде пайда болады.

ҚЫТАЙ ЖОБАСЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАТЕРЛЕРІ

Жаңа Зеландияның NZ Herald газетінде Жаңа Зеландияның Қытайдағы елшісі Ванг Лутонгтің мамырдың 14-15 күндері Пекинде өткен Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздейтін «Бір белдеу - бір жол» халықаралық форумы нәтижелерін жан-жақты сипаттаған мақаласы шықты. Онда Қытай президенті Си Цзиньпин әлгі бастама жайлы Қазақстанда алғаш жариялаған сәттен бері оны 100-ден аса ел мен халықаралық ұйымдар қолдап, жобаға қатысты деп көрсетілген.

Бірақ Үндістанның Economic Times газетіндегі «БҰҰ Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасының қаржылық қатерлері жайлы ескертті» деген мақалада БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит елдері бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (UNESCAP) жуырда аяқталған зерттеуіне қатысты комментарий берген.

«Бұл елдердің кейбірінің сыртқы есеп-шоты көрсеткіштері біршама әлсіз. Қазақстанда ағымдағы шот тапшылығы (елдің сыртқы сауда нарығындағы жағдайын сипаттайтын көрсеткіш. – ред.) 2016 жылы ЖІӨ-нің шамамен алты пайызын, ал сыртқы қарыз 2015 жылы ЖІӨ-нің 80 пайыздан көбін құрады. Пәкістанда шетелдік сыртқы резервтер едәуір шағын - 2017 жылдың басындағы төрт айлық импорт көлемінде. […] Инфрақұрылымдық жобалар үшін ірі көлемде шетелдік несиелер алудың біршама оңайлығы (тіпті олардың көбі жеңілдік негізінде берілсе де) қаржы нарығы дұрыс дамымаған және қарызды басқару тиімділігі төмен экономикасы шағын елдерде сауда балансының сәл нашарлауы, макроэкономикалық ахуалдың тұрақтылығы ментөлем теңгерімінің бұзылуы салдарынан қатерлерге ұрындыруы мүмкін» делінген БҰҰ зерттеуінде.

ЗИМБАБВЕДЕ ПЛАТИНА ӨНДІРУ

Зимбабвенің New Zimbabwe сайтында Қытайдың Xinhua агенттігінің Қазақстанның Todall компаниясы Зимбабведегі Боқай платина кенішін сатып алғаны жайлы жазылған «Кабинет Қазақстанмен платина шахтасына қатысты бірлескен жобаны мақұлдады» деген хабарламасы шақты.

Зимбабвенің шахталар және шахталарды дамыту министрі Уолтер Чидхакваның сөзінше, «қазақстандық инвестор мен Қазақстан билігі бірге иелік ететін жаңа қазақстандық компания Бокай кенішін Лондон биржасында зимбабвелік компаниядан сатып алған». Бұған қоса, Xinhua агенттігінің хабарлауынша, министр «кенішке иелік етуге кірісу үшін жуырда жаңа инвестор хабарласты, екі шахтаны суға батыру мен өзге даму жобаларына олар қазірдің өзінде 60 миллионнан көп АҚШ долларын жұмсады деп мәлімдеген». Зимбабве министрі кенішті сатуға министрлер кабинетінің наразы болғанын айтқан, бірақ «олар кен өндіру басталатынына келісті» деп мәлімдеген.

Зимбабве азаматтары сайлауға дауыс беру үшін кезекте тұр. Хараре, 27 маусым 2008 жыл.

Зимбабведегі Бокай кенішіндегі платина қоры 15 миллион унция деп бағаланады. Платина қоры жағынан Зимбабве әлемде Оңтүстік Африка республикасынан кейін екінші орында тұр. Әлгі сайтта Зимбабвенің алтыннан кейінгі негізгі экспорт өнімі - платина екені айтылған. Todall қазақстандық компаниясы жайлы әлдебір қосымша мәліметтер табу мүмкін болмады, әзірше интернеттен де ешқандай ақпарат табылмады.

Қазақстан тәрізді Зимбабве де авторитарлы елдер қатарында аталады. 93 жастағы Роберт Мугабе елді 1987 жылдан бері басқарып отыр. 76 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келеді.