ШАБАН ӨСІМ
Үндістанның DNA India ақпараттық агенттігі сайты «Мұнай бағасының күрт қымбаттауы дамушы елдер биржаларын кейінгі екі жылдағы рекордты деңгейге жеткізді, рубль нығайып келеді» деген мақаласында «мұнай бағасының күрт қымбаттауы бейсенбі күні дамушы елдер биржаларын кейінгі екі жылдағы рекордты деңгейге дейін жеткізуге көмектесіп, мұнай өндіруші елдер - Ресей мен Қазақстанның валютасын өсірді, ал доллардың сәл арзандауы өзге валюталардың да күшеюіне мүмкіндік берді» деп жазған.
Расында, Сауд Арабиясының Азияға сататын мұнай көлемін қысқарту жоспары жайлы мәлімдемелері мен ОПЕК (мұнай өндіруші елдер ұйымы) мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы пактіні биылғы жылдың екінші жартысына ұзартуы мүмкін деген болжамнан кейін биржаларда рубльдің долларға шаққандағы бағамы жұмадан бері бір пайыздан аса, Brent маркалы мұнай шамамен үш пайызға қымбаттады.
«Биылғы жылдың АҚШ-тың мұнай қоры ең көп азайған аптасы мен Ирак пен Алжирдің ОПЕК-ті қолдап, Сауд Арабиясының мұнай сатуды қысқарту шешіміне қосылу жайлы шешімінің арқасында Brent crude маркалы мұнайына жасалған фьючерстер көлемі 0,8 пайызға ұлғайып, сәрсенбіде 3 пайызға артты. Мұнайдың қымбаттауы Ресей рублінің долларға шаққандағы құнын осы аптадағы ең жоғары деңгейге жеткізіп, сәрсенбідегі 1,6 пайыз өсімнен кейін ол 0,6 пайызға нығайды. Қазақстан теңгесі 0,9 пайызға нығайды» деп жазады DNA India. Бірақ мақалада Rabobank-тің дамушы елдердегі FX нарығы стратегиясы жөніндегі сарапшысы Петр Матистің “алдағы апталар немесе айларда шикізат саласында баға тағы бір құлдырайды деген қауіп бар, ал бұл Ресей рублі мен Оңтүстік Африка валютасы - ранд үшін жағымсыз белгі болмақ” деген пікірін келтірген.
Америкалық Zero Hedge қаржы жаңалықтары блогында «ОПЕК-тің жоғарыдан жасап отырған қысымын нарық мазақ етті, Morgan Stanley 2018 жылы мұнай бағасы арзандауы мүмкін деп ескертеді» деген мақала шықты. Мақалада ОПЕК-тің бағаны нығайтуға тырысып, мұнай сатуды қысқарту шешімін сынаған: «ОПЕК-тің жоғарыдан жасаған қысымы нарыққа әсер етуге енді қауқарсыз екенін көрсететін кезекті белгі […] бүгінгі сессияда [бағаны] қымбаттатуға тырысқан сәтсіз әрекеттен кейін таңертең мұнай бағасы бір деңгейде тұрып алды. Bloomberg агенттігі хабарлағандай, мұнай бағасы құлдыраған тұста Сауд Арабиясы мен Ресей мұнайды артық сатуды тоқтатуға еселеп күш салу арқылы 2018 жылы өндіруді азайту келісімін ұзартуы мүмкін екенін көрсетеді» деп жазады Zero Hedge.
НИГЕРИЯДАҒЫ ДАҒДАРЫС
Америкалық My San Antonio сайтында «Нигериядағы доллар дағдарысы кезінде компаниялар сағатына 33 цент төлей алмай отыр» деген мақаласында Нигериядағы дағдарысты сипаттап, президент Мухаммад Бухаридің елдің ұлттық валютасы – найраның бағамын бақылауда ұстауды жалғастыру шешімі «1990 жылдардан бергі кезеңдегі алғашқы рецессия мен жұмыссыздықтың өсуіне» ұласқан факторлардың біріне айналғанын жазады.
«Мұнай бағасы құлдырағаннан кейін өз валютасының бағамын бақылаудан бас тартқан Ресей мен Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы елдерден өзгешелігі - Нигерия найра бағамын әлі бақылауда ұстап отыр. Билікке экономиканы нығайтамын деген уәдемен келген […президент Мухаммад Бухаридің] айтуынша, ол елдің кедей азаматтарын қорғағысы келеді, ал әлсіз валюта инфляцияны күшейтеді. Жергілікті өндірушілерді осыған ұқсас амалмен қорғағысы келген оның президент ретіндегі алғашқы әрекеттерінің бірі - маргариннен бастап болат құбырлар мен тіс шұқығыштарға дейінгі - 41 тауар түрін импорттаушы компанияларға доллар сатуды тоқтатқан. Әлгі шешімдерінің екеуі де кері әсерге ұласты» деп жазады My San Antonio. Мақалада көптеген компаниялар тыйым салынған тауарларға жергілікті балама таба алмай, долларды қара нарықтан сатып алуға, өндіріс пен жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болған деп хабарлайды.
Қытайдың China Post газеті Қытай мен Мьянма арасында тартылған құбыр іске қосылды деп хабарлайды. Қытайдың CNPC ұлттық мұнай компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, Мьянмадан сатып алынған алғашқы мұнай Қытайға үш аптадан кейін жетуі тиіс, осы аптада сағатына шамамен 1150 текше метр мұнай тией бастаған. CNPC өкілдері Мьянма мен Қытай арасындағы мұнай құбыры Қытай сатып алатын энергия көздерін әртараптандыруды көздейді деп хабарлайды.
Қазақстан Қытайды өз мұнайын сататын жаңа әрі үлкен нарық ретінде қарастырады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстан мұнайы Қытайға түсе бастаған болатын. Бірақ Қытай мұнай мен табиғи газды импорттаудың өзге жолдарын көбейтіп келеді.