"Қартайған басшының дұшпандарының үміті"

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл.

Батыс баспасөзі осы аптада Қазақстандағы саяси оппозицияның жағдайын талдап, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық мүмкіндіктерін салыстырған және Астана мен Мәскеудің "идиллия деуге келмейтін" қарым-қатынасы жайлы жазған.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН "ҚЫЗЫҚ СӘТКЕ" ТАЯДЫ

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Қазақстан мен Өзбекстандағы экономикалық мүмкіндіктерді пайдалан отырып..." деген мақаласында Орталық Азия аймағында көрші орналасқан екі елдегі экономикалық ахуалды талдаған әрі Өзбекстанмен салыстырғанда, Қазақстанның шетел инвестициясын тартудағы жетістігін атап, олардың мүмкіндіктерін сипаттаған. Екі елді "Орталық Азияның ең негізгі екі экономикасы" деп атаған Diplomat бұл екеуі "өз дамуының қызық кезеңіне таяды, олар ірі өзгерістер қарсаңында тұр" деп жазған.

"Қазақстан – демократиялық ел деген аты ғана бар мемлекет болғанымен, оның экономикасы Орталық Азиядағы ең ашық әрі бәсекеге қабілетті саналады. Бұрынғы Совет одағы елдерінің ішінде іргелі экономикалық реформаларды да Қазақстан бірінші болып жүргізе бастаған. Мысалы, 2000 жылдардың басында бақылаушылардың көбі оның банк секторын Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымындағы ең озық жүйе деп бағалаған" деп жазады Diplomat.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Оңтүстік Қазақстан облысы, 29 сәуір 2017 жыл.

Мақалада 2016 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін елді басқаруға кіріскен президент Шавкат Мирзияев билікке келгеннен бері Өзбекстанның экономикалық жағдайы (жақсы жағына қарай) өзгере бастағаны айтылған. "Өзбекстан экономикасы 10 жылдан аса толық қалыптаспаған күйде қалып, жете бағаланбай келді. Енді Мирзияевті жетістіктері мен сәтсіздіктер ұштасатын әрі ұзаққа созылатын реформалар кезеңі күтіп тұрғанына шүбә жоқ" деп жазған авторлар.

Оқи отырыңыз: Ынтымақтастық аясындағы бәсеке ме?

Мақалада "ең құнды компанияларды жекешелендіру, тау-кен өндірісі саласын жаңғырту және экономиканы әртараптандыруды Қазақстанның дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер ретінде қарастырған. Бірақ бұл секторлар "коррупция мен тамыр-таныстыққа бейім салалар" екенін ескертіп, жекешелендіру процесінде "ойын шарттарын белгілейтін негізгі принциптерді және олар қалай және қай жерлерде енгізілетінін айқындап" алуға кеңес берген.

"Қазақстан үкіметінің диверсификация жөніндегі бастамасының өзегі саналатын қалпына келетін энергия көздері сияқты салалар үшін ел билігі халық онша тығыз қоныстанбаған әрі қалпына келетін энергия көздері әлеуеті жоғарырақ аймақтарда жүргізетін саясат пен процедураларды стандарттап алуы тиіс. Бұл аймақтарда процедураларды жеңілдету мен адам капиталы сапасын жақсарту тиімдірек келіссөздер мен лицензиялау процестеріне ұласады әрі коррупцияға қатысты шағымдарды және Астана мен Қазақстанның өзге ауылдық аудандарының арасындағы үйлесімсіздікті мүлде жоймағанымен, біршама азайтады" деп жазған Diplomat.

РЕСЕЙ ӘРІПТЕСТЕН МАСЫЛҒА АЙНАЛДЫ МА?

Вашингтонда орналасқан Jamestown Foundation зерттеу институтының сайты жариялаған "Қазақстан нейтралитеті Ресейді тіксіндіріп, екі жақты байланысты ширықтырып отыр" деген мақала авторы Джордж Волошин Ресейдің аймақтағы одақтастарымен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасын талдаған.

"ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы – ред.) ішінде де, бұрынғы советтік кеңістіктегі одан тыс елдер арасында да Ресейдің негізгі одақтасы болған Қазақстан әлі де солай қала беруі әбден мүмкін. Бірақ қазір екі елдің арасын идиллия деуге келмейді. Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанға жөнелтілетін немесе Ауғанстаннан келетін америкалық әскери жүктер үшін Қазақстан қосымша екі транзит бекетін беретіні туралы 2017 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен АҚШ арасында бекітілген келісім-шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Мұндай қосымша келісім-шарт бар екені хабарланғанына алты айдан асқанымен, оны түпкілікті мақұлдау ресейлік БАҚ-та дүрбелең туғызды" деп жазған мақала авторы. Әңгіме ресейлік кей депутаттардың мәлімдемелері мен мәскеулік журналист Владимир Соловьевтің телехабары жайлы болып отыр. Бірақ өткен айда Сочидегі кездесуде Ресей мен Қазақстан президенттері екеуінің "жеке достығы және Астана мен Мәскеу арасындағы стратегиялық байланыс" туралы айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Сочиде. 14 мамыр 2018 жыл.

"1990 жылдардан бері ұстанып келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясаты іргедегі көршілерімен және алыс әріптестерімен, оның ішінде Еуропа мен АҚШ-пен ұтымды байланыс орнатып, дамытуды көздейтін Қазақстан үшін Ресей орнықты әріптестен және әскери одақтастан біртіндеп масыл елге айналып барады" деп жазған Jamestown Foundation.

"ДҰШПАНДАР" ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҮМІТІ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты "Қазақстанның саяси оппозициясы оралды ма?" деген мақаласында елде жуырда құрылған "Жаңа Қазақстан форумы" жайлы жазған. "Елдегі саяси жағдайдың мүлде өлімсіреп қалғанына бес жылдан асқан болатын. Тіршілік етуіне рұқсат етілген партиялар биліктің жыртысын жыртып, әнін айтады. Өзгеше пікірдегі партияларға я тыйым салынған, я мүлде жойылған. Қазір сахнаға мақсаты ұқсас, бірақ тәсілдері мүлде бөлек екі қозғалыс шықты" делінген мақалада.

"Жаңа Қазақстан форумы" билікпен диалог құрғысы келеді (Алматы, 17 мамыр 2018 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

"Жаңа Қазақстан форумы" билікпен диалог құрмақ

Бұдан кейін мақала авторы Мұхтар Әблязовтің Астана "экстремистік ұйым" деп тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Ермұрат Бапи және өзгелер кіретін "Жаңа Қазақстан форумының" әдіс-тәсілдерін салыстырған.

"Бұл топ Қазақстан өз тарихының жаңа кезеңі қарсаңында тұр деген жоспарға негізделген мерзімде құрылып отыр. Биыл шілдеде Назарбаев 78 жасқа толады. Оның "дұшпандары" жасы ұлғайған басшы биліктен кетіп, басшылық сөзсіз ауысады деп үміттенеді" деп жазған Eurasianet.org.

ҰЛЫБРИТАНИЯ СОТЫНДАҒЫ АРЫЗДАР МЕН АҚЫШЕВТІҢ ҚАУПІ

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынас салқындағанына қарамастан, орыстар Лондон соттарына жүгінуге тырысады" деген мақаласында британдық сотқа жүгінетін шетелдік талапкерлер ішінде Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұрғанын жазған. Ең көп арыз (278) британдықтардан, одан кейін Ресей мен Қазақстаннан түскен. "Қазақстанға қатысты істердің көп түсуінің себебі – қазақстандық банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның серіктерінен активтерді өндіріп беруді талап етіп БТА банкі қозғаған әрі әлі жалғасып келе жатқан күрделі сот процестеріне байланысты түсіндіріледі. Іс қозғалған 2011 жылдан бері британдық соттар осы банкке байланысты 75 шешім шығарған" деп жазған Financial Times.

Америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігі сайты "Қазақстан 22 миллиард долларға қатысты Ұлыбритания сотының шешіміне апелляциялық шағым берді" деген мақаласында BNY Mellon банкінің Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард доллар тұратын активтерін бұғаттау жайлы сот шешіміне Астананың шағымданып жатқаны туралы жазған. Активтер молдовалық бизнесмен Анатол Статидің арбитраждық талап-арызы бойынша бельгиялық және голландиялық соттардың шешімімен бұғатталған. Сот процесіне Қазақстан тарапынан қатысқан заңгерлердің айтуынша, халықаралық банктің британдық бөлімшесінде сақтаулы жатқан салымдардың тағдырын Ұлыбритания соты реттеуі керек әрі бұл елдегі банк шетелде шыққан шешімді мойындамауы тиіс.

Оқи отырыңыз: Бұғатталған 22 млрд доллардың салдары қандай болмақ?

Financial Times газетінің "Қазақстан ұлттық банкі басшысы теңге облигациялары жөніндегі жоспарды қайта қарауға шақырады" деген тағы бір мақаласында Аргентина, Түркия, Ресей және Польша тәрізді кейбір дамушы елдердің қаржы секторы тап болған жуырдағы күйзелістердің Қазақстанға да әсері болуы мүмкін деп ескертеді. Газетке берген сұхбатында Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев "ықтимал турбуленттілік ұшығы Қазақстанға тиіп кетуі мүмкін" деген болатын. Мақалада биыл Қазақстан үкіметі теңгемен есептелетін еурооблигациялар шығаруды жоспарлағаны туралы жазылған.

Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.

Ақышев дамушы елдер нарығындағы тұрақсыздық пен Ресейге қарсы жаңа санкцияларға байланысты туған белгісіздікке сілтеп, "меніңше, қазір бұған қолайлы кезең емес" деген болатын. "АҚШ Қазақстанның негізгі сауда әріптесі Ресейге санкция салғаннан кейін – сәуірден бері Қазақстан теңгесі долларға шаққандағы құнының үш пайызын жоғалтты, бірақ сосын бағам тұрақтанды" деп жазған Financial Times.