Accessibility links

Ынтымақтастық аясындағы бәсеке ме?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайда қарсы алып тұр. Ташкент, 16 қыркүйек 2017 жыл
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайда қарсы алып тұр. Ташкент, 16 қыркүйек 2017 жыл

"Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің сыртқы саясаттағы бастамасы және оның ел ішінде жүргізіп жатқан реформалары Ташкенттің позициясын айтарлықтай нығайтады" дейді сарапшылар. Ташкент пен Астана Орталық Азияға көшбасшы болуға таласа ма?

Наурыздың 15-і күні Қазақстанда ресми түрде Өзбекстан жылы ашылады. Сол күні Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев, Сооронбай Жээнбеков, Эмомали Рахмон және Шавкат Мирзияев кездеседі. Кездесуге Түркіменстан атынан мәжіліс жетекшісі Акджа Нурбердыева да келмек.

Постсоветтік елдердің басын қосып, жоғары деңгейде ынтымақтастық мәселелерін талқылауға 20 жылдан астам уақыт бойы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып келді. Алайда осы жолы Астанада өтетін кездесуге Қазақстан президенті мұрындық болмаған тәрізді.

Бір күн бұрын Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі Астанадағы кездесу "Шавкат Мирзияевтің ұсынысымен өткелі жатқанын", оны аймақтағы барлық елдердің қолдағанын, Қазақстан астанасында өткізуге дайын екені айтылған ақпарат таратты.

Оқи отырыңыз: Кремльсіз өтетін "стан"- саммит

2016 жылы тұңғыш президент Ислам Каримов дүниеден өткен соң Өзбекстан билігін қолына алған 60 жастағы Шавкат Мирзияев көршілермен тату болуды сыртқы саяси басымдықтардың бірі деп атады.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік мерекесіне арналған шарада билеп жүр. Суретте оң жақ шетте тұрған – премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік мерекесіне арналған шарада билеп жүр. Суретте оң жақ шетте тұрған – премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл

Президент Мирзияевтің жүргізген реформалары мен барынша ашық болуға ұмтылуына қарап бірқатар сарапшылар "Өзбекстан болашақта күшейіп, Қазақстанмен аймақта бейресми көшбасшы болуға таласады" деп болжам жасайды.

БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

Қазақстан мен Өзбекстан 1990 жылдары бәсекелес болды, ол кезде екі елдің экономикасы салыстырмалы болатын, солайша Назарбаев пен Каримов көшбасшылыққа таласты деген әңгімелер айтылды. Бірақ кейін Өзбекстан оқшауланып, тұйықтала берді, ал Қазақстан "көпвекторлы" саясат жүргізіп, шетелдік инвестицияларды тартты.

Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың күзінде Ислам Каримов дүние салған кезде Өзбекстанда жалпы ішкі өнім сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша адам басына шаққанда алты мың доллардан сәл көп болған, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш сол кезде шамамен 25 мың долларға жеткен.

Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин. Алматы, 19 қазан 2016 жыл
Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин. Алматы, 19 қазан 2016 жыл

Қазақстан саясатының патриархы 80 жастағы Серікболсын Әбділдин советтік билік кезінде жоғары мемлекеттік лауазымды иеленген болатын, ал 1991-1993 жылдары Қазақстан Жоғары Кеңесін басқарды. Оның айтуынша, екі мемлекеттің арасында бәсекелестік советтік кезде де болған (ол кезде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің ұзақ жылғы бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев КПСС орталық комитеті саяси бюро мүшесі болды, оның өзбекстандық әріптесі Шараф Рашидов саяси бюроға мүшелікке кандидат ғана болды).

Қазақстандағы тың жерлерді игеру арқасында республика астық пен жемнің қуатты базасына айналды, мал шаруашылығы табысты дамыды, өнеркәсіптік өсім байқалды. "Соның арқасында Қазақстан экономикалық жағынан Өзбекстаннан озып кетті", - дейді экономика ғылымдарының докторы Серікболсын Әбділдин.

СCСР тараған соң Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиялық мемлекеттерді біріктіру туралы бастама көтерді.

- Бұл кездесулерге мен де қатыстым, олар Алматыда және Ташкентте өтті. Негізінен Назарбаев пен Каримов "Жаңа одақты кім басқарады?" деген мәселеге кеп тірелетін. Түрлі нұсқалар болды, оның бәрі ұзақ әңгіме... Кейін Назарбаев тағы да бірігу керек деп шықты. Ал Каримов ашық түрде "байлығының 70 пайызын шетелдіктерге сатқан елді көрші деп атай алмаймын" деп мәлімдеп, "орталықазиялық одақ құруға қатыспаймын деді", - деп еске алады Серікболсын Әбділдин.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта. Алматы, 6 қаңтар 2001 жыл
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта. Алматы, 6 қаңтар 2001 жыл

Ол Назарбаев пен Каримовтің қарым-қатынасы екіұдай болғандықтан одақ құрылмай қалғанын айтады. Саясаткердің сөзінше, Назарбаев пен Мирзияевтің өзара қарым-қатынасына келсек, олардың әрбірі өз мемлекетінің мүддесін көздейді. Өзбекстанның экономикалық болашағы туралы айтқан Әбділдин ол жақта шағын және орта бизнестің жақсы дамығанын атап өтті.

- Болашақта шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасаса (Мирзияев соны көздеп отырған сияқты), азаматтардың әл-ауқатын жақсартатын экономикалық негіз пайда болады, - дейді Серікболсын Әбділдин Азаттыққа.

БӘСЕКЕЛЕСТІК БОЛМАЙ МА?

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Азаттыққа Өзбекстанның әлуеті зор екенін және Шавкат Мирзияевтің іс-әрекеті соны ашуға бағытталғанын айтты.

- Тығыз қоныстанған үлкен мемлекет, үлкен экономика деген сөздерді айтқанда ар жағында нақты көрсеткіштер – цифрлар тұрады. Өзбекстанда 32 миллион халық бар, климаттық жағдайы қолайлы, орталықта орналасқан, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте әлуеті зор, - деді Санат Көшкімбаев.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев

Өзбекстанның сыртқы саясатындағы өзгерістер, Көшкімбаевтың айтуынша, елдің басқа әлеммен байланысын оңтайландыруға бағытталған, әсіресе орталықазиялық көршілермен ынтымақтас болуға ынталы. Өзбекстанның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен жақсы көршілік қатынас орнатып, экономикалық байланысты кеңейтуге деген құлшынысын ескерте келе, "қазір ел ішінде және сыртқы саясатта жасалып жатқан шаралардың бәрі прагматикалық, синхронды сипатта" дейді Көшкімбаев.

"Өзбекстан болашақта Қазақстанды негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша қуып жете ала ма?" деген сауалға Санат Көшкімбаев былай жауап берді:

- Неге жетпеске? Еңбекке икемді халық, әлуеті зор. Заманауи мемлекеттердің әл-ауқаты алдымен адам капиталына байланысты. Қалғанының бәрі – қосымша. Оларда да табиғи ресурстар мол – газ, металл жеткілікті; климаты жылы, жер ресурстары да бар. Әрине, Өзбекстанның мүмкіндігі жетіп тұр.

Оқи отырыңыз: Каримовтен кейінгі Өзбекстанға Қазақстаннан қарау

Сарапшының ойынша, Өзбекстанның табысы көрші елдердің табысына да ықпал етеді, оған қауіпсіздік мәселесін де кіргізуге болады.

"Өзбекстанның экономикалық қуаты артқан сайын президент Мирзияевтің көшбасшылық амбициясы күшейе ме?" деген сауалды Көшкімбаев орынсыз санайды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "АҚШ - Ислам әлемі" саммиті кезінде. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "АҚШ - Ислам әлемі" саммиті кезінде. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл

- Бізде қарым-қатынасымызға кедергі болатын ірі мәселелер жоқ. Әркімнің мемлекеттік шекарасы белгіленген, арамызда саяси кедергілер жоқ. Ортақ мәселелер бар. Мысалы, суды бөлісу, ауыл шаруашылығы. Қауіпсіздікке қатысты мәселелер де шығып қалады. Бәріміз бір кемеде отырмыз десек болар. Бірақ ол кемеде бес жолаушы отыр, - дейді Санат Көшкімбаев.

Орталық Азиялық субьектілерді күшейту ұлттық егемендікті әлсіретпейді, керісінше заманауи жаһанданған әлемде субъектілердің ұлттық қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді. "Қазір орталықтануға ұмтылатын кез келді" деп қорытты Санат Көшкімбаев.

Сасаттанушы Рустам Бурнашев та Өзбекстанның Қазақстанды қуып жетіп, басып озуға ұмтылмайтынын айтты. Себебі екі мемлекет әртүрлі экономикалық алаңда дамып келеді. Оның айтуынша, жалпы ішкі өнім көлемі маңызды емес. Өзбек басшылығы ең алдымен әлеуметтік қысымды азайтуға тырысуы керек.

Саясаткер Рустам Бурнашев
Саясаткер Рустам Бурнашев

Қазіргі таңда президент Мирзияевтің өзін Назарбаевтың алдында "інісі" сияқты ұстауына келсек, Бурнашев оны жаман қылыққа жорымайды, бірақ болашақты болжай алмайтынын айтты.

- Мирзияев шығыс мәдениетін сақтаған адам, Назарбаев одан жасы жағынан да, президенттік мерзімі жағынан да үлкен. Әлбетте, Мирзияев Қазақстан басшысына құрмет көрсетеді, одан еш мәселе көріп тұрған жоқпын. Соған қарап Өзбекстан ұлттық мүддесін көздеп отыр деуге болмас. Мемлекеттік қарым-қатынас деген бар. Жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас бар. Ол кезде адамдар бір-біріне құрмет көрсетеді, - деді Рустам Бурнашев.

МИРЗИЯЕВТІҢ МАҚСАТЫ – ҚАЗАҚСТАН МОДЕЛІНЕ ЕЛІКТЕУ МЕ?

32 миллион халқы бар Өзбекстан – Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан мемлекет, ол аймақтағы басқа елдер – Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстанмен шекараласады және Ауғанстанмен де шекараны бөліседі.

Билікке Шавкат Мирзияев келгелі бері Өзбекстанда бірнеше реформа жасалды. Шетелге шығу үшін биліктің рұқсатын алу енді керек емес, валюталық саясатта өзгерістер болды, күш құрылымдары арасында "тазарту" жүргізілді, біраз саяси тұтқындар бостандыққа шықты. Әзірге Мирзияевтің реформалық әрекеттері саясаттан көрі экономикаға көбірек әсер етіп жатыр. Дегенмен елде шешімін таппаған көптеген экономикалық мәселелер бар. Кейбір деректер бойынша тұрғындардың 10 пайызы шетелден, соның ішінде Ресейден (Өзбекстанның екі жарым миллионнан астам азаматы), Қазақстаннан (миллион) жұмыс іздеуге мәжбүр.

Қаңтар айында Ресейге кетіп бара жатқан автобустағы 52 өзбек мигранты Қазақстан жерінде көлікте өртеніп опат болғанда Мирзияев бұл жағдайдан сабақ алып, Өзбекстанда жұмыс орындарын құруға шақырды (оның алдындағы президент Ислам Каримов болса өзбек мигранттары "тым жалқау", сондықтан елде жұмыс істегісі келмейді" деген еді).

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев экспорт және импорт мәселелері туралы кеңес өткізіп отыр. Ташкент, ақпан, 2018 жыл
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев экспорт және импорт мәселелері туралы кеңес өткізіп отыр. Ташкент, ақпан, 2018 жыл

Жыл басында Мирзияев кәсіпорындарды жоспардан тыс тексеруге екі жылдық мораторий жариялады, бұған дейін билік кәсіпкерлерді осындай әдіспен қудалап келген еді. Мемлекетте инвесторларға салық жеңілдігін ұсынатын арнайы жеті экономикалық өріс құрылды. Еуропалық қайта құру және даму банкі көп жылдан соң қайтадан Ташкентте жұмысын бастады.

Өткен айда халықаралық Financial Times басылымы "Репрессияшыл Өзбекстан Каримовтан кейінгі жариялық дәуіріне өтеді" деген мақала жариялады. Онда Мирзияевтің мақсаты батыс демократиясы емес, қазақстандық модельге еліктеу болса керек деген болжам айтылады.

Яғни, экономикасы біршама либерал, бірақ саяси бақылауы қатаң мемлекетке айналмақ. Мақала авторы Ташкент өзіне қарағанда қарқынды дамыған Қазақстанның мақсатына қызығады дейді. Сонымен қоса, "Орталық Азияда билікті бермей отырған кәрі автократтар өлгенде саяси өзгерістер мүмкін екенін Өзбекстан басқаларға көрсетті" пікір айтылады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG