"ЖАҚЫНДАУ"
Орталық Азиядағы постсоветтік екі республика – Қазақстан мен Өзбекстан арасында қарым-қатынастың жақындай түсуін саяси сарапшылар Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевтің бағытымен байланыстырады. Өзбекстанды ұзақ жылдар басқарған Ислам Каримовтың кезінде екі мемлекет өзара достық туралы ресми түрде бірнеше рет мәлімдесе де, соңғы жылдардағыдай жақындық байқалмаған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев президент сайлауынан кейін "Өзбекстанның негізгі бағыты Орталық Азияға арналатынын" мәлімдеген. Осыған орай Өзбекстан көршілес елдермен қарым-қатынасын жақсартуға кіріскені соңғы жылдағы бірнеше қимылынан байқалды.
Тәжікстанмен арада ұзақ жылдар тартыс нысанына айналған Рогун су электр станциясы (ГЭС) бойынша көзқарасын жұмсартып, Қырғызстанмен арадағы даулы аумақтар мәселесін шешуге пейіл білдірген Өзбекстан Қазақстанмен де бірнеше сауда-экономикалық келісімге қол қойды. 2017 жылдың наурызында Өзбекстан президенті Қазақстанға ресми сапармен келгенде Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлерінің арасында "25 жылда болмаған бизнес-форум" өткізілген еді.
Оқи отырыңыз: Мирзияевтің Қазақстанға тұңғыш сапары
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келіссөздерден кейін екі ел арасындағы әуе қатынасы мен көлік қатынасы күшейтіліп, шекарадағы жолдар ашылған.
Ал 2017 жылы қыркүйекте өткен Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жауап сапары да ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, жоғары деңгейде өткен. Назарбаевтың өзі мұны "тарихи сапар" деп бағалаған.
Осы сапар кезінде "2018 жылды Өзбекстанның Қазақстандағы жылы" деп жариялау туралы келісімге қол қойылды. Кейбір ақпарат құралдары "2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы атап өтілуі мүмкін" деген ақпарат таратты.
"АЛЫСТАУ"
Қазақстан билігінің Орталық Азиядағы серіктес әрі туыс Қырғызстан билігімен кикілжіңге түскені 2017 жылдың күзіндегі негізгі саяси оқиғалардың бірі болды. Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін бірнеше рет сынауынан кейін Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтті. Қазақстан бұл шараны "Еуразия экономикалық одағына Қырғызстаннан кіретін контрабандалық тауарларға тосқауыл қою" деп түсіндіргенімен, жұртшылық оны "Атамбаевқа жауап" деп есептеген.
ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (11 қазан 2017 жыл.)
Алмазбек Атамбаевтың сынына Нұрсұлтан Назарбаев жеке өзі жауап бермесе де, Қазақстан билігіндегі бірнеше тұлғаның пікірінен кейін екі ел өзара бірнеше рет наразылық ноталар алмасқан. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қарым-қатынас деңгейі түрліше өзгергенімен екі ел билігі арасында 2017 жылдың күзіндегідей салқындық тумаған еді.
ВИДЕО: Қырғыз президенті Атамбаевтың сөзі (27 қазан 2017 жыл)
Қырғызстан Қазақстанмен бұған дейін жасасқан "Еуразия экономикалық одағының кеден бақылауын күшейту үшін 100 миллион доллар беру туралы" келісімнің күшін жойып, Қазақстаннан аталған көмек пен тағы да басқа жәрдем алудан бас тартты. Ал Қазақстан жағы Қырғызстаннан келетін кейбір тауарлардың санитарлық талапқа сай келмейтінін айтып, шекарадан өткізбеді.
Қазақстан мен Қырғызстан билігінің кикілжіңін екі елдің халқы қолдамағаны байқалды. Президент сайлауы алдында басталған араздық жаңа президент Жээнбеков іске кіріскеннен кейін аяқталады деп үміттенген. Жээнбековтің Назарбаевпен Минскідегі уағдасынан кейін бұл мәселе шешілген сияқты көрінген. Ал таяуда Жээнбеков өзінің екінші ресми сапарын Қазақстанға арнағанда бұл уағда өзара келіссөздерге ұласқан.
Азаттықпен сөйлескен қырғыз сарапшыларының айтуынша, Сооронбай Жээнбековтің алғашқы ресми сапарын Өзбекстанға арнауына Қазақстан билігімен арадағы салқындық та ықпал етуі мүмкін.
"БӘСЕКЕ"
Ресми Астана мен Бішкек арасындағы қатынастың салқындауы, ал Қырғызстан билігінің Өзбекстан басшылығымен жақындасуы саяси сарапшылардың түрлі жорамалына себеп болған. Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевтің экономикалық реформа бастау туралы пікірлерінен кейін ұзақ жылдар біршама томаға-тұйық сипатта келген Өзбекстан экономикасы қарқынды дамуы мүмкін деген болжамдар жасаған.
Қырғызстандық сарапшы Марс Сариевтің сөзінше, соңғы кездері Өзбекстан Орталық Азиядағы постсоветтік елдермен интеграциясын күшейткені, осы тұрғыда Орталық Азиядағы жетекшілік рөлге ұмтылатынын байқатқан.
- Қазақстан халықаралық түрлі имидждік жобалармен айналысып, Қырғызстанмен қатынасын салқындатып алды. Өзбекстанның билігі әлдебір амбициялардан гөрі нақты іске жақындығын байқатты, - дейді ол.
Қазақстан халықаралық түрлі имидждік жобалармен айналысып, Қырғызстанмен қатынасын салқындатып алды. Өзбекстанның билігі әлдебір амбициялардан гөрі нақты іске жақындығын байқатты
Ал қазақстандық сарапшы Толғанай Үмбетәлиева "Орталық Азияда жетекші болу – белгілі бір деңгейде қаржы және саяси жауапкершілік пен күш-жігерді талап етеді. Қазақстан оны жалғыз өзі тарта алмайды. Сондықтан, серіктес ел табылғанына ренжімейді. Мұны Астананың Ташкентпен қарым-қатынасынан аңғаруға болады. Өзбекстан экономикасының дамығаны Қазақстанның дамуына да сөз жоқ әсер етеді" деп санайды.
Таяуда Өзбекстанға барғанын әлеуметтік желіде жариялаған экономист Мұхтар Тайжанның сөзінше, Шавкат Мирзияев билік басына келгеннен кейін Өзбекстанда өзгерістер байқала бастаған, бірақ Мирзияев бастамаларының нәтижесін көруге бірнеше жыл уақыт керек.
- Әзірше өзбекстандықтар азайған жоқ, көп жастары шетелге жұмыс іздеп кеткен. Егер экономиканы еркіндікке жіберсе, Орталық Азияда жетекші елге айналуға мүмкіндігі бар, - дейді ол.
Өзбекстанның қаржы министрлігінде жұмыс істеген, қазір Қазақстанда тұратын қаржыгер Сапарбай Жобаевтың пікірінше, президент Шавкат Мирзияевтың жұмыс тәсілі бұрынғы әкімшілік әдістерден көп өзгермеген, сол себепті түпкілікті реформа жасау қиын болады.
- Таяуда Өзбекстан ақшасын девалвациялады. Бірақ соның өзінде еркін айырбасқа жіберілмегені байқалды. Яғни АҚШ долларын кез-келген жерден сатып ала алмайсың. Алғашқы девальвацияның өзі халыққа, кәсіпорындарға ауыр тиді. Өзбекстанға шеттен келетін азық-түлік өнімдері өте көп. Себебі территориясының 80 пайызы құм, он пайызы таулы жер, қалған он-он бес пайызында ғана өнім өндіреді. Қазақстанға қарағанда Өзбекстанның экспорттық әлеуеті бес-алты есе аз, - дейді ол.
Сарапшылар Мұхтар Тайжан мен Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы Қазақстан экономикасы үшін пайдалы болмақ. Алайда Қазақстан экономикалық реформаларды әрі қарай жалғастырмаса, әсіресе Қазақстан экономикасының жартысына жуығына иелік ететін квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендірмесе әрі қарай даму қиындай береді.
- Қазақстан экономикасын мұнайдың арқасында алға жылжытты, бұл үкіметтің тиімді экономикалық саясатының нәтижесі емес. Квазимемлекеттік сектор Қазақстан экономикасына артық салмақ салып келеді, өйткені ол қайткенде пайда табуды көздейтін жекеменшік емес, көбіне шығынмен жұмыс істейді, - дейді Мұхтар Тайжан.
Сапарбай Жобаевтың сөзінше, экономикадағы қарапайым тұрғындарға біліне бермейтін жемқорлық та осы квазимемлекеттік секторда.
2017 жылы қыркүйектің 5-і күні Өзбекстан орталық банкі ұлттық валюта бағамын екі есеге жуық девальвациялаған. Бір АҚШ долларының бағамы 4210 сумнан 8200 сумға өсті. Ұлттық валюта девальвациясынан кейін шикізат импортымен айналысып жүрген кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің бизнесі тығырыққа тірелді.
Желтоқсан айында Өзбекстанның жүздеген азаматы Қазақстаннан арзан азық-түлік алу үшін шекарадан өте алмай, кезектің күрт күшейгені туралы хабарланған. Сарапшылар мұны Өзбекстандағы девальвациядан кейін азық-түлік бағасының 70-80 пайызға өсуімен байланыстырған.