Путиннің достары және Ресейден қуылғандар

Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони (сол жақта) баспасөз мәслихаты кезінде Ресей президенті Владимир Путинге қалжыңдап тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2004 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Ресейге Италияның экс-премьері Сильвио Берлускониді шақырды. Бұрын ол дәл осылай Жерар Депардьені шақырған еді. Ал шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаров Ресейден қашып кеткен соң, енді оның есімін ел тарихынан өшіруге тырысып жатыр.

ПУТИННІҢ ЖЕКЕ ДОСЫ

Ағылшынның Daily Telegraph басылымы Владимир Путиннің тосын ұсыныс жасап, Ресейдің экономика министрі етіп Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускониді сайлауды ұсынғанын жазады. «Салық төлеуден жалтару және жүрек айнытарлық секс-дауға қатысты ұзаққа созылған үкім кезінде ол ескі досын қолдады. Владимир Путиннің Сильвио Берлускониге деген мейірімі шексіз сияқты, енді ол Италияның бұрынғы басшысына қаржы министрі болуды ұсыныпты» делінген мақалада.

Мақала авторы Владимир Путин мен Сильвио Берлускони арасындағы жақын қарым-қатынасты атай отырып, олардың бір-біріне жиі іссапармен барғанын, соның ішінде Берлусконидің қалыңдығына тиесілі ақ пудель Дудудің құрметіне өткен Римдегі балға Путиннің қонақ болғанын еске салады.

Daily Telegraph газетінің жазуынша, Кремль өкілі Дмитрий Песков Путиннің ұсынысы «бейнелі» түрде айтылғанын, оны шындыққа балаудың қажеті жоқтығын ескертсе, италиялық кейбір комментаторлар бұл оқиғаның бәрін «аптап ыстық кезінде айтылған бес минуттық ақымақшылық» деп бағалапты.

2013 жылы «салықтан жалтарды» деген үкім шығарылған соң Сильвио Берлускони Италияда саясаттан алшақтай бастады, аяғында парламенттен қуылд. Осы жылдың басында ол салыққа қатысты қылмысы үшін қоғамдық жұмысқа жегілді.

Daily Telegraph оның «Руби – жүректі жаулаушы» атты кәмелеттік жасқа толмаған бишімен жыныстық қатынасқа түскенін соттың ақтағанын айтады. Себебі, бұрынғы премьер «қыздың кәмелеттік жасқа толмағанын білмеген» екен.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) осының алдында Ресей азаматтығын алған француз актері Жерар Депардьемен кездесіп тұр. Сочи, 5 қаңтар 2013 жыл.

Тағы бір ағылшын газеті Guardian Владимир Путиннің сүйікті актері Жерар Депардьеге мақала арнаған. «Француз актері Жерар Депардье өзін қабылдаған «Отаны» Ресейді қолдап сөйлеген соң Украина оны «ұлттық қауіпсіздікке қатерлі тұлға» санатына енгізіпті» деп жазады басылым.

Guardian 2013 жылы Киевте француз циркі өнер көрсеткен кезде 66 жастағы актердің оған қатысып, Қырымда жасалған шараптан дәм татқанын хабарлайды. Бірақ, 2014 жылы Латвиядағы кинофестивальден соң «Ресейді және оның бір бөлігі Украинаны жақсы көретінін» мәлімдеген Депардье Киевтің ашу-ызасын тудыратын тұлғалардың біріне айналды. Оның есімі «Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзатын пікір айтқан» 500 шетелдік өнер қайраткері тізіміне енді.

Мақалада Франциядағы салық мөлшерінің үлкендігіне наразылық танытып Ресейге кеткен, сол елдің азаматтығын алған Депардьенің досы Путинді «мықты жетекші» ретінде мақтағаны және «Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың туған күнінде билегені» айтылады. Мамыр айында ресейшіл сепаратистер өздері бақылауда ұстап отырған Донецкіге келіңіз деп шақырғанда, актердің өкілі «егер осы сапарға саяси астар бермегенде ол баратын еді» деп жауап берген.

КАСПАРОВ КІТАПҚА КІРМЕЙДІ

Америкалық New York Times газеті Ресейден MacArthur Foundation халықаралық үкіметтік емес ұйымының қуылғанын жазады. «MacArthur Foundation – Ресейде шетелдік ұйымдар ықпалын азайтуға арналған жаңа шектеудің соңғы (уақыты жағынан) құрбандығы» дейді автор.

MacArthur Foundation ұйымы Ресейде 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді, ол жоғары білім, адам құқығы және ядролық қаруды таратпау саласында әртүрлі жобаларға 173 миллион доллардан аса қаржы бөлген еді.

Осы айда ресейлік депутаттар мамырда Владимир Путин қол қойған заңға сәйкес, Ресейде іс-әрекетін тоқтатуы мүмкін 12 үкіметтік емес ұйымның алдын ала тізімін жариялаған. Mac Arthur Foundation-нан бөлек, ол тізімге Джордж Сорос қоры, Freedom House және Charles Stewart Mott Foundation ұйымдары кірмек.

Оппозициялық саясаткер, шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаров полиция бөлімінен шығып келеді. Мәскеу, 20 тамыз 2012 жыл.

«Бұл ұйымдарға қысым жасау, әсіресе, шетелден қаржы алатындарға тиісу Ресейдегі ұлтшылдықтың бір белгісі, ол былтыр Украинадағы төңкеріс пен Қырым аннексиялаудан соң күшейіп кетті. Елде патриоттық және қорғануға дайын көңіл-күй орнады, сондықтан Кремль қауіпті деп танитын шетелдік ұйымдарды бақылау үшін жасалған қадамдарды көпшілік қолдайды. Америкалық ұйымдар ерекше күдік тудырады, себебі АҚШ Ресейдегі революцияны қолдайды деген секем бар» деп жазады New York Times.

Ағылшындардың Independent басылымы Ресейде шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровтың есіміне қатыстының бәрін жоюға тырысып жатқанын жазады. Ресейлік «Спартак» спорт клубының 80 жылдығына арналған кітаптан оның есімін өшірмек. Танымал оппозициялық саясаткер Гарри Каспаров Ресейден баяғыда кетіп қалған еді. Қазір батыста тұратын ол Путиннің режимін сынауды жалғастырып келеді.

«Ол Совет одағының ең танымал әрі табысты шахматшысы болғанына қарамастан, путиндік билік кезінде саяси белсенділігі үшін жексұрынға айналды» деп жазады Independent.

Шолуды орысшадан аударған – Динара Әлімжан.