Шерлок Холмс үйінің Қазақстандағы иесі

Шерлок Холмс туралы фильмнен скриншот

Батыс баспасөзі Лондондағы Шерлок Холмстың әйгілі үйінің кемінде бір бөлігінің қожайындары Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаева болуы мүмкін деп көрсеткен журналистік зерттеу жариялады. Өзге басылымдар Өзбекстан авторитаризміндегі "жылымық", Қорғастағы "болашақ қаласы" және Головкиннің жаңа қарсыласына қатысты жорамалдар жайлы жазған.

ЖҰМБАҚ ҚОЖАЙЫН

Америкалық Quartz жаңалықтар сайты құны "130 миллион фунт тұратын Шерлок Холмс үйінің нағыз қожайыны кім екені шешілмеген жұмбақ" деген мақаласында журналист Макс де Хальдевангтің көлемді зерттеуін жариялаған. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, Лондонның Бейкер-стрит көшесіндегі 215-237 нөмірлі ғимараттар, оның ішінде Артур Конан Дойл романының ойдан шығарылған әйгілі кейіпкері Шерлок Холмс тұрған 221b нөмірлі ғимарат қазақстандықтарға тиесілі болуы (немесе бір кездері оның жарым-жартылай бөлігі тиесілі болғаны) мүмкін.

"Quartz қарап шыққан сот құжаттары мен "Панама қағаздарында" жарияланып кеткен файлдар осы меншіктің кемінде бір бөлігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасының бір немесе бірнеше мүшесіне тиесілі болған деген болжам жасауға түрткі болды. Оффшорлық құпияны ашу қиын, сондықтан бұл ғимараттарға Назарбаевтың айналасындағы дәл қай адамдардың иелік ететіні тіпті Холмстың өзі тарқатуға лайық жұмбақ түйін болып тұр. Бірақ Quartz есебінде бұл ғимараттарға өзгелермен бірге Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев пен президенттің қызы Дариға Назарбаеваның да қатысы болуы ықтимал деп көрсетілген. Екеуі көп жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарғанымен, Forbes Kazakhstan дерегінше, президенттің жиені де, қызы да жеке меншік секторда жүздеген миллион доллар табыс тапқан" делінген Quartz мақаласында.

Дариға Назарбаева мен Ұлыбритания патшайымы Елизавета

Бұл ғимараттардың ресми қожайыны Farmont Baker Street компаниясы саналады. Ұлыбритания заңдарына сәйкес, британдық компаниялар 25 пайыздан көп үлесі бар адамдарды ашық көрсетуі тиіс, бірақ Farmont Baker Street ондай ақпаратты бермейді. Сондықтан бұл құпиялылық компанияның әрбірі 24 пайыз немесе оған жетпейтін үлеске ие кемі бес қожайыны бар дегенді білдіруі тиіс.

Бұдан ары қарай Quartz әлгі жылжымайтын мүлікке Нұрәлі мен Дариғаның ықтимал қатысын қалай анықтағанын егжей-тегжейлі түсіндірген. Оларға OCCRP (Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) зерттеуінде Нұрәлі 2008 жылы сатып алған, бірақ кейін тіпті пайдаланбастан сатып жіберген деп болжанған "Номад" яхтасы көмектескен. Quartz Бейкер-стриттегі ғимараттар мен британдық компаниялардың жылжымайтын мүлкіне иелік ететін Мұхамед Әли Курмандаев пен Максимилиано Даль’Оссо сынды қызметкерлерге британдық Виргин аралдарындағы оффшор компаниялар арқылы апаратын іздерді Панама құжаттарында жарияланып кеткен және немістің Süddeutsche Zeitung газеті мен International Consortium of Investigative Journalists халықаралық ұйымы тапқан ақпарат негізінде анықтаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев. Астана әкімдігі сайтындағы сурет

Global Witness коррупцияға қарсы ұйымы бұл ғимараттардың қожайыны Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, қазір марқұм болған Рахат Әлиев болуы мүмкін деп бұған дейін, яғни 2015 жылғы зерттеуінде хабарлаған болатын. Бірақ әлгі жылжымайтын мүліктің иесі – холдинг компанияның номиналды директорының мүддесін қорғайтын BCL Burton Copeland адвокаттары Рахат Әлиевтің қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарған. Quartz сайтының "Ал ғимарат Әлиев отбасының өзге мүшелеріне, мысалы, баласы Нұрәлі немесе бұрынғы әйелі Дариғаға тиесілі болуы мүмкін бе?" деген сұрағына Global Witness есебі авторларының бірі Том Мейн "бұл 130 миллион фунт тұратын сұрақ" деп жауап берген. "Компания [мүлік иелері тізімінен] Рахатты сызып тастаған, яғни [жылжымайтын мүліктің ықтимал қожайындары ішінде] Нұрәлі мен Дариға қалды" дейді Том Мейн. Бұл болжамды растауды немесе терістеуді өтінген Quartz сайты сауалына BCL Burton Copeland жауап берген жоқ.

"Нұрәлі мен [Дариға] Назарбаеваның әлдебір коррупциялық немесе заңға қайшы әрекеттерге қатысы болғаны немесе Бейкер-стритте орналасқан мүлік сатып алу үшін екеуі заңсыз алынған қаржыны пайдаланғаны туралы ешқандай айғақ немесе болжам жоқ екенін айтқан жөн. Бірақ екеуі де өте бай адамдар екеніне де ешқандай шүбә жоқ - Forbes Kazakhstan екеуінің капиталын жүздеген миллион доллар деп бағалап 2012 және 2013 жылдары анасын да, баласын да ең бай 50 қазақстандықтар тізіміне енгізген" деп нақтылайды Quartz.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АВТОРИТАРИЗМГЕ ҚАРСЫ

Америкалық New York Times газеті "Авторитаризм жайлап бара жатқан әлемде Өзбекстан өзге жолға түсті" деген мақаласында Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформалар жайлы жазған. "Полициялық мемлекет құрылымын өзгерту ешқашан оңай болып көрген емес, бұл процесс қандай қиындықпен жүруі мүмкін екенін қазір қауіпсіздіктің зиянды аппаратын ауыздықтауға тырысып жатқан Өзбекстаннан көруге болады. Ол бұл тұрғыда кері кетіп бара жатқан көптеген елдердің ішіндегі сирек үлгі" деп жазған басылым. Әңгіме "конституциялық төңкеріс жасамақ болған астыртын әрекетке қатысы бар" деген айыппен қыркүйекте Ташкентте ұсталып, "түрмеде азаптауға душар болдым" деп мәлімдеген өзбекстандық журналист Бобомурод Абдуллаев жайлы. Бірақ өткен айда оған адвокат-құқық қорғаушымен кездесуге рұқсат еткен, ал қауіпсіздік қызметі органының екі қызметкері оның ісін жүргізуден шеттетіліп, өздері тергеуге іліккен.

Журналист Бобомурод Абдуллаев

"Өзбекстанның жоғары лауазымды шенеуніктері мен тіпті ең қатал деген кей сыншыларының өздері елдің жаңа басшысы - президент Шавкат Мирзияев авторитарлы тәсілдермен басқару моделіне қарсы деп мәлімдейді. Қазір бұл модель бүкіл әлемде – Камбоджада, Филиппинде, Ресейде, Түркияда және тіпті Венгрия мен Польша сияқты бұрын демократиялық болған елдерде тенденцияға айналған. Өзбекстанның Орталық Азиядағы Қырғызстаннан басқа көршілерінің бәрі - авторитарлы әрі режимді босаңсыту белгілері байқалмай отырған елдер. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін бір басшы үздіксіз басқарып отырған Қазақстан әлі күнге дейін шынайы оппозицияға жол бермей отыр, ал Тәжікстан мен Түркіменстан репрессияны тіпті күшейтті" деп жазған New York Times.

БОЛАШАҚ ҚАЛАСЫ

Америкалық Forbes журналы "Болашақта дүрілдеуі мүмкін (жақсы я нашар жаққа қарай) бес жаңа қала" деген мақала жариялады. Осы бес қаланың ішіне жаңа Жібек жолы бойындағы еркін экономикалық аймақта орналасқан құрлық порты - Қазақстан мен Қытай бірлесіп салып жатқан Қорғасты да кіргізген. Қорғас Еуразияның қиыр түкпірі - Жер бетіндегі теңізден ең шалғай нүктенің іргесінде орналасқан.

Қазақ-қытай шекарасындағы "Қорғас"кеден бекеті. Алматы облысы, 20 наурыз 2014 жыл

"Қорғастың Қытай жағындағы қалалық инфрақұрылымы қарқынды дамып барады, ал қазақстандық бөлігінің темір жол станциясынан айырмасы жоқ болып тұр. Бірақ құрылысы жоспарланған Нұркент қаласы мұның бәрін өзгертуі тиіс. […] Жаңа қаланың құрылысына қазірдің өзінде 34 миллион доллар бөлінген, сондықтан Назарбаевтың Астананы қандай қарқынмен тұрғызғанын ескерсек, таяу арада Нұркенттен үлкен өзгерістер күтуге болады" деп жазған Forbes.

ГОЛОВКИННІҢ ЖАҢА ҚАРСЫЛАСЫ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМДАР

Спорт тақырыбына жазатын басылымдар тыйым салынған кленбутерол стимулянтын қолданғаны анықталған мексикалық спортшы Канело Альварес жекпе-жектен шеттетілгеннен кейін қарағандылық боксшы Геннадий Головкиннің (лақап есімі – GGG) жаңа қарсыласы кім болуы мүмкін деген жорамалды талқылаған.

Америкалық Los Angeles CBS Local телеарнасы сайты "Канело Альварес допинг сынағынан өте алмағаннан кейін Геннадий Головкинмен қарымта жекпе-жектен шеттетілді" деген мақаласында мексикалық боксшыны тыйым салынған кленбутерол өзінің қанына жеген ет арқылы түскен деген мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған. Ал Головкин оны "өтірікші" әрі "суайт" деп атайды.

Геннадий Головкин (сол жақта) мен Канело Альварес жекпе-жегі

Америкалық ESPN.com спорт жаңалықтары агенттігі сайты "Геннадий Головкин жекпе-жек өткізетін күн де, орын да белгілі, бірақ Канело Альварестің орнына шығатын қарсылас жоқ" деген мақаласында "Канелоны" ауыстыру мүмкіндігін талқылаған. Кандидаттар ретінде мексикалық Хайме Мунгийді, ирландық Гарри "Спайк" О'Сулливанды, америкалық Деметриус Андрадені немесе украиналық Сергей Деревянченконы атаған.

Ұлыбританиялық Express газеті "GGG мен Канело жекпе-жегі: егер Головкин Билли Джо Сандерспен кездесетін болса, Франк Уоррен жекпе-жек өткізетін стадион ұсынады" деген мақаласында британдық боксшы Билли Джо Сандерстің менеджері Головкинді Сандерспен Ұлыбританияда жекпе-жекке шығуға шақырудан үміттенеді деп хабарлайды. Бірақ Сандерстің жарақаты әрі Мартин Мюрреймен бұрын жоспарлап қойған жекпе-жегі бар, сондықтан Головкинмен кездесу маусымның аяғынан ерте өтпеуі мүмкін.