Иранда өткен жылғы желтоқсанның 28-інде басталып, бірнеше күнге созылған наразылық акциясында режимге қарсы және жекелеген саясаткерлер мен топтарға, саяси ұйымдар мен жекелеген елдерге бағытталған ұрандар айтылды. Парсы тілінің поэтикалық табиғатына тән экспромтты түрде, ұйқаспен, ырғақпен айтылған ұрандарды толқу кезінде күрдтер, әзербайжандар, лурлар, бахтиярлар және т.б. ұлттар мен ұлыстар елдегі ортақ Тегеран диалектісімен, бірақ өздеріне тән аздаған акцентпен айтып шықты. Мұны әлеуметтік желіде тараған түрлі видеолардан аңғаруға болады. Толқу кезінде айтылған ұрандардың саны белгісіз. Азаттық тілшісі әлеуметтік желі арқылы тараған видеолардан санамалап көргенде, толқуда айтылған ұранның саны 40-тан асқанын байқаған. Әлбетте, ұран саны бұдан көбірек болғаны күмән туғызбайды.
Қазір Иранда сол наразылық акциясына қатысқандарды ұстап қамау басталды. Мәліметке қарағанда қамалғандардың саны үш мыңнан асып кеткен. Акция күндері қаза тапқандардың саны 22 адам деп жарияланса, қазір қамалғандардың ішінде де кем дегенде екі адамның қазаға ұшырағаны белгілі болған. Олардың "өз-өзіне қол жұмсауы" мүмкін екені айтылады.
Ирандағы наразылық туралы фотогалерея:
АМЕРИКА МЕН ХАЛИФАЛАРҒА ҚАРСЫ ҰРАНДАР
Иранда 1979 жылғы ислам революциясынан кейін рәсімге айналған әр жұма намазының соңынан ұрандар айтылады. Ел басшылары, дінбасылар, діни оқу орындары өкілдері мен студенттері, "Бәсиж" күштері (жоғары рухани басшыға бағынатын ислам революциясы сақшылары корпусы құрамындағы еріктілер) міндетті түрде қатысатын жұма намазының өзі Иранда тұрақты өтетін саяси акцияға ұқсайды. Ондағы тұрақты айтылатын ұранның бірі "Аллаһукакбар, аллаһуакбар! Хаменеи – лидер!" нұсқасында айтылады. Елдегі жоғары билікке ие рухани басшы аятолла Хаменеиді дәріптей айтылатын осы ұраннан кейін намазға жиналғандар жабылып, тұрақты түрде "Жойылсын Америка!", "Жойылсын Израиль!" деп айқайлайды.
Ілгеріде бұған жалғас айтылатын Совет одағы жайлы "Жойылсын советтер!" және Саддам Хусейнге қарсы "Саддамға өлім келсін!" деген ұрандар болатын. Совет одағы құлап, Иранға соғыс ашып, сегіз жыл соғысқан Ирак диктаторы Саддам Хусейн өлім жазасына кесілгеннен кейін мұндай ұрандар айтылмайтын болған. Бұл қазіргі режимді жақтаушыларға кәдімгідей сенім ұялатқандай әсер береді. Сондықтан Иран ислам республикасын жақтап ұрандаушылар ендігіде Америка мен Израильдің де "күні санаулы" деп есептейді.
Иранда мұндай ұрандар жұма намазында ғана емес, сонымен бірге бірнеше ғасыр бұрын қаза тапқан шиға имамдарының құрметіне өткізілетін көше қойылымдары мен рәсімдерінде және аятоллалардың қатысуымен өтететін жиындар мен форумдарда да айтылып жатады. Осы ұрандарды кейде Иран қалаларындағы ғимарат қабырғаларына да жазады.
Ал шиитік бағыттағы орталықтанған діни оқу орындары орналасқан Құм қаласындағы үйлердің қабырғасынан тіпті исламның алғашқы дәуіріне қатысты ұрандарды да ұшыратуға болады. Мұндай ұрандар әдетте шиғалар ұлық тұтатын Әлиге дейінгі үш халифаға қарсы бағытталған. Солардың ішінде Омар халифаны қаралаған ұрандар жиі кездеседі.
"ЖАНЫМ ПИДА ИРАН ҮШІН!"
2017 жылғы желтоқсанның 28-інде басталып, 10 күнге созылған наразылық акциялары кезінде де айтылған ұрандардың бастысы саясаткерлер, саяси топтар, саяси ұйымдар мен елдерге қарсы ұрандар мынандай болып келеді: "Роуханиге өлім келсін!", "Хаменеиге өлім келсін!", "Диктаторға өлім келсін!", "Жойылсын Ресей!", "Жойылсын Қытай!", "Жойылсын "Хезболла!" "Қарсымын: Газа үшін, Сирия үшін, Ирак, Йемен, Ливан үшін, Жаным пида Иран үшін!"
Тегерандағы билікке наразылар шеруі:
Басқарушы элитаға қарсы айтылған ұрандар елдің қазіргі саясатына қарсылығын көрсетсе, Ресей мен Қытайға қарсы айтылған ұрандардың астарында ол екі елдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранның қазіргі билігіне қарсы үн қатпауына наразылық жатыр. Газа секторы мен Таяу Шығыс елдерінің аталуының сыры Иран билігінің өз халқына емес, осы елдерге көмектесуіне деген қарсылықпен байланысты болып келеді. Сондай ұрандардың тағы да бірі - "Сирияны босатқын! Бізге де бір қарағын!"
Наразылық шеруінің шығуына себеп болды делінген негізгі ұрандарының бірі "Қымбатшылық жойылсын!" деген нұсқада айтылды. Қымбатшылыққа қатысты айтылған ұранның тағы бірі ұйқастырыла "Халық қайыршылық қылады, мырза құдайшылық қылады" нұсқасында таралды. "Мырза" деп аятолла Сеид Әли Хаменеиді меңзеген көпшілік кейде ұранға оның атын қосып "Хаменеи, ұялғын! Мемлекетті босатқын!", "Сеид Әли, кешір енді, кет енді!" деп айқайлады.
Шеруге шыққандар: "Хаменеи, ұялғын! Мемлекетті босатқын!"
Бұл жолы наразылыққа шыққандар жоғары биліктегі консерваторларға ғана емес, атқарушы биліктегі реформаторларға да қарсы үндеді. Сондайда "Консерватор, реформатор! Дәуренің таусылып жатыр!", "Реформаторлық, консерваторлық жойылсын! Путиншіл Хаменеиге өлім келсін!" деген ұрандар айтылды.
Наразылық акциясына шыққандар Хаменеи мен Роуханиге ғана емес, әділетсіздікке себепші тұлғаның бірі деп санайтын елдің жоғарғы соты төрағасы аятолла Садық Лариджаниге де қарсы "Лариджани – Ирактікі, Иран енді қарабет болды!" деп ұрандады. Адам құқығын аяқасты еткені үшін Батыстың санкциясына ұшыраған Садық Лариджани шиит мұсылмандарының тағы бір орталығы Ирактың Наджаф қаласында туып өскен. Оның алдында жоғарғы сот төрағасы болған тағы бір наджафтық аятолла Хашеми Шахруди де осы аптада Германияда емделіп жатқан жерінен наразылық туындап Иранға қайтуға мәжбүр болды.
Оқи отырыңыз: Иранда не болып жатыр?
Соңғы толқуда Иранда 1979 жылы революция жолымен орнаған теократиялық биліктің ел үмітін ақтамағанын меңзейтін "Біз революция жасадық – қате қылдық", "Еліміз біздің ұрыхана, әлемге берген өнеге" деген сарказммен айтылған ұрандар да естіліп жатты. Діни билікке қарсы "Исламды баспалдақ қылдың, халықты қанадың", "Дінбасылар республикасын қаламаймыз!", "Жойылсын ислам республикасы!" деп ұрандағандар да болды.
"ҚОРЫҚПАҢДАР, ҚОРЫҚПАҢДАР! БІЗ БӘРІМІЗ БІРГЕМІЗ!"
Осыдан тура 39 жыл бұрын ислам революциясы қарсаңында ирандықтар Мұхаммед Риза Пехлеви шахқа қарсы: "Шахқа өлім келсін!", "Бүгінгі күн жауынды, шахты өлтіру – заңды", "Шахты кебінге орамай отан отан болмайды", "Әй, шах, отан жерін ойран қылдың", "Шах қылмыс жасайды – Картер оны қолдайды" деп ұрандап жүрген болатын.
Ал бұл жолы соңғы наразылық акциясында шахты ашық түрде қолдаған ұрандар айтылды. Бұл толқуда Иранда ислам республикасы орнағалы монархияның кеңінен аталғаны байқалды. "Риза шах, рухың шад!", "Шаһиншах, рухың шад!", "Иран шахы, елге қайт!", "Иран – біздің отанымыз, Кир – біздің әкеміз", "Біз арийліктерміз! Арабқа табынбаймыз!" деген ұрандар – соған мысал.
Хомейн қаласындағы наразылық шеруі:
Наразылық акциясына шыққандар елді көшеге шығуға да үндеп отырды. Сондайда айтылған ұрандардың бірі парасы "Бір, екі, үш! Мүшкіліміз шешілер!", "Сыртқа шыққын, отандас! Хақыңды өзің талап ет!", "Қайратқа мін, ирандық! Қолдауға шық, ирандық!" нұсқасында болып келеді. Тағы бір ұран Руми өлеңінің мақамымен "Қорықпаңдар, қорықпаңдар! Біз бәріміз біргеміз!", "Қорықпаңдар, қарсы тұр!" түрінде айтылды.
Бұған қоса толқу кезінде шеруге шыққандар әскер мен полицейлерді өз қатарынан көргісі келетінін білдіріп ұрандап жатты. "Әскер – біздің бауырымыз! Құдай – біздің жетекшіміз!", "Қоғамдық тәртіп күштері, "бәсиждерді" ұстағын!" деген ұрандар – соның айғағы. Толқуды басуда Хаменеиге адал Ислам революциясы сақшылары корпусы мен ақпарат және барлау министрлігі "бәсиж" күштерінің белсенді болғаны айтылады.
Ал толқу соңынан наразылыққа шыққандар қамалған кезде де белсенділер мен ұсталғандардың туыстары түрме алдына жиналып ұрандаған. Мәселен, Тегерандағы саяси тұтқындар отырған "Эвин" түрмесінің алдына жиналғандар "Саяси тұтқындар босатылсын!" деп ұрандады.
Ирандағы толқуды қолдаған митингілер Иранның бірнеше шетелдегі елшіліктерінің алдында да өтті. Онда жиналғандардың көбінің қолында "Ислам республикасы набыт болсын!" деген плакаттар болды.
Иранда соңғы жылдары саяси технологияның бір түріне айналып кеткен мынандай жағдай бар. Наразылар акциясы кезінде билік өзін жақтаушылардың жаппай шеруін өткізеді. Мұндай "массовкаға" әдетте мемлекеттік қызметкерлер, имамдар мен дінбасылар, дін ғұламалары, діни оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, "Бәсиж" мүшелері қатысады. Онда да өлеңдетіп, ұйқастырылып режимді қолдаған көптеген ұрандар айтылады.
Осы арқылы билік өзіне қарсылардан гөрі қолдаушылардың көп екендігін көрсетуге және наразылардың акциясын залалсыздандыруға тырысады. Соңынан акция аяқталғанда наразылыққа шыққандарды қудалау басталады. Бұл жолы да бұрынғы ереже өзгермегені байқалды. Алайда осы толқу кезіндегі ұрандарды енді режим де, режимді сынаушылар да ұмытпайтын тәрізді.
Шет елдердегі Ирандағы толқуды қолдаған акциядан фотогалерея: