УКРАИНАНЫ ҚАЙТАДАН УЫСЫНА ТҮСІРУГЕ ЖАНТАЛАСУ
2014 жылғы сәуірде Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында үкіметке қарулы қарсылық танытқан сепаратистерге қолдау білдірген соң ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов Владимир Путиннің "ақыл-есі дұрыс емес" деп, дөрекі эпитет қолданған. Бұл соғыста Мәскеу сепаратистерді айдап салып, Киевке қарсы күштерді қолдаған еді.
Ресейдің Украина жерін басып алуына ашық қарсы шыққан Борис Немцовты 2015 жылғы ақпанда Кремль маңында атып өлтіріп кетті.
Арада жеті жыл өткенде Путин Украинаға қарсы еш себепсіз үлкен соғыс бастады. 24 ақпанда басталған басқыншылыққа дейінгі бірнеше аптада және Ресей армиясы Украина аумағын зымыранмен атқылауды бастаған соғыстың алғашқы күндері Путиннің сөзі мен іс-әрекетінен кейін жұртты "Осының ақыл-есі дұрыс па?" деген сұрақ мазалай бастады.
Көпшілікке бұл басқыншылық Путиннің шешімді құбылмалы эмоцияға салынып және қолда бар деректерді бұрмалап, "өз ақылымен я ессіздікпен" қабылдайтынын аңғартқандай болды. Ақыр соңында үлкен қантөгіске алып келді және оның ауқымы әлі кеңейе беретіні сөзсіз.
"Оның шынайы өмірден расымен алыс екені қазір анық байқалып отыр. Бұл – трагедия" деп жазды Ресей жөніндегі сарапшы Марк Галеотти шабуыл басталғаннан кейін Путин жайлы.
Көп уақыт бойы Путин өз мақсатына жету үшін не істейтінін алдын ала есептеп, қалай жазасыз қалуды жақсы білетін салқынқанды сұңғыла прагматик саналатын.
Бірақ көрші елге шапқыншылық жасап, соғыс бастағаны шын мәнінде мүлде керісінше екенін көрсетті. Совет одағы құлағаннан кейін отыз жыл өткенде қайтсем де Украинаны қайтадан уысымда ұстаймын деп жанталасып жүріп өз елінің игіліктерін назардан шығарып алғанға ұқсайды.
"Қазір тек бір нәрсе анық: Путин өз нәпсісін Ресейдің мүддесінен жоғары қойды" дейді Еуропалық сыртқы саясат жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері Кадри Лиик 25 ақпанда жариялаған " Путин неге Ресей болашағын қатерге тікті?" деген мақаласында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?Путиннің "орыстармен біртұтас ұлт" деп сипаттайтын елге қарсы соғыс ашуының өзі шырқау шегіне жеткен есуастық болып көрінуі мүмкін.
Басқаша түсіндірер болсақ, Путин мақсатқа жетудің ең жақсы жолы – шабуыл жасау деп қарастыратын адам және ол өзін ақылға сүйеніп әрекет жасап жатырмын деп ойлайды, бірақ мүлде қате тұжырым мен болжамдарға сүйенеді.
Путин Мәскеудің Украинаны бақылауына алғысы келетінін көп жыл бойы емеурінмен білдіріп келді. Ол басқыншылық жоспарын былтыр көктемде іске асыра бастаған: Украинамен шекарасында әскер апарып, күзден бастап олардың санын үздіксіз көбейте берді.
"ДЕНІ САУ ЕМЕС СИЯҚТЫ"
АҚШ баршаны "Мәскеу Украинаға кез келген сәтте шабуыл жасауы мүмкін" деп ескертіп, күллі әлем Ресейдің шекара маңына әскер шоғырландырып жатқанын кірпік қақпай бақылап отырғанда, Путинді талай жылдан бері бақылап жүрген адамдардың көбі ол шабуылдамайды деп сеніп қалды. Бірақ өткен аптада Путиннің әпербақан сөзі жұртты тіксінтіп, әлгіндей сенімді тас-талқан қылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путиннің "ЛХР" мен "ДХР" тәуелсіздігін мойындауы Қазақстанға қалай әсер етеді?21 ақпандағы мәлімдемесінде Путин Украинаны егемен ел болуға лайық емес заңсыз мемлекет, егер Ресеймен байланысы болмаса, дербес өмір сүруге хақы жоқ деп сипаттауға тырысып тыраштанды. Бұған қоса Киев Донбаста "геноцид" жасап жатыр деген ешқандай негізі жоқ, жалаң айыптауын тағы да қайталады. Украинаның шығысындағы екі облыс ресейшіл сепаратистер қолына өткен. Кремльдің қолдауына сүйенген сепаратистер мен Украина үкімет күштері арасында соғыс болып жатқан Донбаста 2014 жылдан бері кемінде 13200 адам қаза тапқан.
Содан бері Путин "өзінің ақыл-есі дұрыс па?" деген сұраққа негіз болатын бірнеше мәлімдеме жасап үлгерді. Украинаға қарсы кең көлемді шабуыл бастаған күннің ертесіне, 25 ақпанда Путин Украина президенті Владимир Зеленскийдің үкіметін "нашақорлар" мен "неонацистер" деп еш негізсіз айыптады.
Ол Украина әскерилерін билікті басып алуға үндеді. Бұл сөзі оның Ресей мен Украинаның қарым-қатынасынан мақрұм екенін аңғартты. Путин бастаған басқыншылықты басынан өткеріп жатқанына сегіз жыл болған Украинада халық Кремльге дұшпан деп қарап, Мәскеуден іргесін аулақ салғанды жөн санайды.
Your browser doesn’t support HTML5
Путинді зерттеген немесе онымен жеке таныс адамдар Путиннің кейінгі кездегі сөздері мен іс-әрекетіне қарап, "оның таңқаларлықтай өзгергенін" айтады.
"Путинді бақылап, тыңдап келе жатқаныма отыз жылдан асты. Ол өзгерген, – деп жазды Стэнфорд университетінің профессоры, 2012-14 жылдары АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған Майкл Макфол 26 ақпанда Twitter’де. – Ол шынайы өмірден мүлде қол үзгендей әсер қалдырады. Дені сау емес сияқты".
Тіпті 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғаннан кейін және өзге іс-әрекетінде де Путин "асқан прагматик лидер секілді көрінетін" дейді R.Politik саяси сараптама орталығының негізін қалаған, Кремль жөніндегі сарапшы Татьяна Становая.
"Бірақ қазір, Украинға соғыс ашқан соң ол ақыл-ойға емес, эмоцияға сүйеніп шешім қабылдайтындай әсер қалдырады. Бұл тиімді емес" деп жазған Становая 26 ақпанда Guardian басылымында жарияланған мақаласында.
АҚШ-тың Флорида штатынан сайланған сенатор, Республикалық партия мүшесі, сенаттың барлау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Марко Рубио 26 ақпанда Tweetter’де АҚШ барлау агенттігінің Путиннің жан дүниесінің жай-күйі жайлы мәліметін алғанын жазды.
"Көп нәрсе айтқым келеді, бірақ әзірше Путинге бірдеңе болғаны айқын байқалатынын ғана айта аламын" дейді Рубио.
Путиннің ақыл-есі жайлы сұрақтар мен пікірлерге коронавирус пандемиясы кесірінен онымен бетпе бет кездесе алатын кеңесшілер қатары шағын екені де себеп болып отырғаны айтылады. Олардың көбі – соғысқұмар адамдар.
Бұл Кремльде шешім шектеулі ортада, толымсыз, нақты емес немесе жақын серіктерінің сүзгісінен өткен ақпаратқа ғана сүйеніп қабылданатынын білдіреді.
"ЕЛЕУЛІ ҚАТЕЛІКТЕР"
Бұған қоса Путинге жағымпаз шенеуніктер, депутаттар және пропагандамен айналысатын мемлекеттік БАҚ-тың мақтау-мадағы жағатын сияқты. Бәлкім, Украина жөнінде шешім қабылдаған кезде де осындай тұйық орта әсер еткен болуы мүмкін.
Сарапшылардың көбі Ресейдің соғыс науқаны Путин жоспарлағаннан баяу жүріп жатқанын айтады. Бұл пікірді Украинада өлтірілген немесе тұтқынға түскен сарбаздар мен Ресейдің қирап, жайрап жатқан әскери көліктері көрсетілген видеолар нығайта түсті.
"Әзірге біз тек алдын ала болжам жасай аламыз, бірақ Ресей әскерилері стратегия және тактика тұрғысынан болмашы қателіктер жіберіп жатыр" деп жазды 28 ақпанда Twitter’де АҚШ теңіз әскерінің бұрынғы офицері, Лондондағы King's College университетінде әскери саясатты зерттейтін Роб Ли. – Путин еш ескертпестен, орындалуы мүмкін емес мақсат қойып, өз әскерилерін өте жаман жағдайда қалдырды".
Ресейдің соғыс науқаны "қорқынышты көрінеді", өйткені ол "сандырақ" болжамдарға құрылған деп жазды 27 ақпанда Twitterде америкалық CNA аналитика орталығының Ресей зерттеулері бөлімінің директоры Майкл Кофман.
Нақты ақпараттың жоқтығы, Украинадағы жағдайды сипаттағанда оғаш әрі қисынсыз сөздерді қайталайтын риторика қолданатын мемлекеттік БАҚ пен парламенттегі қолдаушы топтар Путиннің жағдайды шынайы бағалап, Украинаға шапқыншылықты жоспарлауына әсер еткен болуы мүмкін.
"Ол Украинаның ең жоғары билігінен бастап майдан даласындағы қатардағы жауынгеріне дейін өте жылдам күйрейді деп ойлап, кішігірім операция жүргізуге тырысқан. Нақұрыс шынымен психологиялық және моральдық басымдыққа ие боламын деп ойлаған болуы мүмкін" деп жазды Америкадағы Kennan Institute сараптама орталығы шығаратын Russia File блогының бас редакторы Максим Трудолюбов.
"[Путин] мұндай "басымдықтың" бәрін өзіне бағынышты телеарналар ойлап тапқанын түсінгісі келмейді. Көп жыл бойы оның телеарнасы мен баспасөзінде бір ғана тапсырыс беруші және жалғыз көрермен ғана болды – оның өзі, – дейді Трудолюбов. – Ол өз өтірігіне өзі уланды".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Есі ауысты ма, әлде стратегия ма? Путиннің Украина облыстары жөніндегі шешімі және оның қисыны"Ресей тұтқиылдан шабуылдады". Соғыс куәгері қазақстандықтармен сұхбатПутин "тәуелсіз" деп таныған аумаққа Донбастағы жікшілдерге бағынбайтын жер де кіредіДума Украинаның жікшіл облыстарын тәуелсіз ел деп тануды ұсынды. Кремльдің көздегені не?Ресей Украинаның жікшіл аймақтарын қолдады. Орталық Азияның болашағы не болмақ?