ҰҒЫНЫҚСЫЗ ӘРІ ЕКІҰШТЫ ПІКІР
21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы Луганск пен Донецк облыстарының едәуір бөлігін бақылауында ұстап отырған жікшілдердің өзін өзі жариялап алған құрылымдарын "тәуелсіз ел" деп таныды. Бұл біршама мәселемен қатар "Мәскеу сепаратистік құрылымдардың қай аумағын тәуелсіз деп мойындады?" деген сұрақ туғызды.
2014 жылы Ресей қолдап отырған сепаратистер Донбасты басып алып, ресми мойындалмаған "конституция" жасаған. Онда Луганск пен Донецк облыстарының 53200 шаршы шақырым жері тұтасымен сепаратистер бақылауында екені жазылған.
2015 жылғы ақпанда бірнеше айға созылған әскери іс-қимылдардан кейін атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Бірақ құжат Киев әскері мен Ресей қолдап отырған сепаратистер арасындағы соғысты тоқтата алмады. Содан соң облыс жері екіге бөлінді: Украина әскері осы аумақтың үштен екісін, соның ішінде Азов теңізіндегі Мариуполь портын бақылауға алды. Ал сепаратистер облыстың қалған бөлігін, оның ішінде облыс орталықтары Донецк пен Луганск қалаларын бақылайтын болды.
21 ақпанда Путин қол қойған қаулыда Ресей сепаратистік құрылымдардың қай аумағын тәуелсіз деп танығаны нақты айтылмаған. Ал ертеңіне Ресей шенеуніктері Путин таңдаған жол туралы ұғынықсыз әрі екіұшты пікір білдірумен болды.
Өткен аптада Ресей парламенті қаулыны талқылап жатқан кезде Мәскеу Карнеги орталығының сарапшысы Константин Скоркин әлгіндей айырмашылық шешуші мәселе болуы мүмкін деген еді.
"[Сепаратистер] территория тұтастығы үшін күресті қайта бастауы мүмкін, – деді ол. – Территориялық талаптар әскери іс-әрекет пен шиеленіс туатынын білдіретіндей. Қалай болғанда да, оған Ресей әскері де араласады".
"ҚАУЛЫ ЕКІ ОБЛЫС АУМАҒЫН ТҰТАС ҚАМТИДЫ"
22 ақпанда Путин сепаратистік құрылымдар орналасқан облысты тұтастай "тәуелсіз ел" деп танығанын айтып, Украинамен әскери жанжалға жол ашқандай болды.
"Біз оларды мойындадық қой. Яғни, олардың құжаттарын, конституциясын мойындадық. Онда Донецк пен Луганск облыстарының шекарасы Украина құрамында болған уақыттағыдай белгіленген, – деді Путин Мәскеуде. – Бұл мәселе бейбіт келіссөздер арқылы реттеледі деп үміттенеміз. Бірақ қазір онда әскери іс-қимылдар болып, жағдай нашарлап жатқандықтан, талқыланып жатқан жоқ".
Киев Донбаста ешқандай әскери әрекетке бармағанын, Ресей бақылауындағы сепаратистер атқылап жатқанын мәлімдеді.
АҚШ-тың есебінше, Ресей мен Украина шекарасындағы және оккупацияланған Қырым ауданындағы әскер саны 190 мыңға жеткен. Сондықтан Киев пен Батыстың Мәскеу Украинаға басып кіруі мүмкін деген күдігі күшейе түскен.
Президенттің үндеуінен соң Ресей парламентінің жоғары палатасы – федерация кеңесі Путиннің екі аумаққа әскер кіргізу туралы бұйрығын мақұлдады. Біршама жылға созылған соғысқа Ресей әскерінің араласқанына айғақ-дәлелдер барына қарамастан, Мәскеу мұны жоққа шығарып келген еді. Федерация кеңесі Украинаның сепаратистер бақылайтын және басқа да жерлеріне әскер кіргізуді мақұлдады.
Дауыс бермес бұрын қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков еш дәлел келтірместен депутаттарға "Украина билігі зорлық-зомбылық пен қантөгіс жолына түсті" деді.
"ДХР мен ЛХР шекарасында, – деді Панков сепаратист облыстардың қысқартылған атауын қолданып. – Украина 60 мыңнан астам адамы бар әскери топ құрды, зымыран мен көпсатылы іске қосу жүйелерін, ауыр техникалар дайындады".
Путин пиғылын ашық білдірмес бұрын Мәскеудің тұтастай облыстан дәмелі екені айтыла бастады.
Ресей мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Донецк сепаратистерінің лидері Денис Пушилин жікшіл екі құрылымның шекарасы "Донецк пен Луганск облыстарын қамтитынын" айтты.
"Енді не боларын уақыт көрсетеді" деді ол.
КҮШПЕН БАСЫП АЛМАҚ ПА?
22 ақпанда Луганск сепаратистерінің лидері Дмитрий Хорошилов журналистерге "халық республикасы" тұтастай Луганск облысының аумағын, тіпті "Украина күштері оккупациялаған" жерлерін де қамтитынын айтты.
РИА Новости агенттігі Хорошиловтың "Украинаны әскерді өз еркімен шығаруға көндіреміз деп ойлаймын деген сөзін келтірді. Ол Киев әскерін өз еркімен шығармаса, облысты күшпен бақылауға алуға тырысатынын тұспалдағандай болды.
Луганск сепаратистерінің тағы бір лидері Родион Мирошник екі құрылымның шекарасы жікшілдер қабылдаған "конституцияда белгіленгенін" айтып, Ресей мен Украинаны сол шекараны қабылдауға итермелеуге "заңды да, заңсыз да негіз" бар деді.
Путиннің мәлімдемесіне дейін сепаратистер Киевтен жікшіл облыстардың Украина үкіметі бақылауындағы жерлерінен қарулы күштерін әкетуін талап еткен.
22 ақпанда Ресей ресми тұлғалары Путиннің не ойлағаны барына, жағдайдың қандай салдары болатынына сенімді көрінді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков екі сепаратистік құрылым "әу баста қандай шекарамен құрылса, сол аумағымен тәуелсіз ел деп танылғанын" мәлімдеді.
"Тәуелсіз деп танылған жерлерге Мариуполь порты кіре ме?" деген сұраққа Песков "Басқа алып-қосарым жоқ. Қандай шекарамен құрылып, күн көріп жатса, сол шекарасы [мойындалды]".
Сепаратистер ресми белгілеген шекара құрылым жерінен анағұрлым үлкен болғандықтан, бұл екіұшты пікір болды.
Песковтың сөзі Мәскеудің жұртты әдейі екіұдай пікірде қалдырып жатқанын көрсеткендей болды. Сол күні сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Мария Захарова Ресей шекараны нақтылау мәселесін кейінге қалдыруы мүмкін деген болжам айтты.
"Шекарасы анықталмаған немесе белгіленбеген егемен елдердің болғанында тұрған ештеңе жоқ. Мұндай елдер көп, – деді ол. – Бұл [мәселе] болашақтың еншісінде".
Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың мәлімдемесінде де нақтылық болмады.
"Ресей ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін сол облыстардағы билік пен заң негізінде мойындайды" деді Руденко.
Ресейлік белгілі тележүргізуші Владимир Соловьев Telegram-да "Донецк сепаратистері Азов теңізіне шығуды және Мариуполь портын бақылауды қажетсінеді" деп жазды.
Сепаратистік құрылымдар "Донецк пен Луганск облыстарының 2014 жылдың басында белгіленген шекарасы бойынша мойындалады" деп болжады ол.
Экономист әрі блогер Хазби Будунов Путин шекара жайлы ойын айтпай тұрып Facebook әлеуметтік желісінде пікір білдірген. Ол "Ресей сепаратистер бақылауындағы жерді ғана емес, тұтастай облыс аумағын тәуелсіз деп таныса, бұл Ресейдің шабуыл жасауына пара-пар" деп жазды. Ол бұл мәселенің ашық айтылмауын "қазіргі шақтың басты сұрағы осы" деп атады.
Саяси сарапшы, Мәскеу Карнеги орталығының бас қызметкері Александр Баунов Ресейдің тұтас облысты тәуелсіз деп тануы "Украинаға, сол арқылы Батысқа әскери қысым көрсетудің әлсіремегенін көрсетеді" дейді.
Мемлекеттік думаның либерал депутаты Илья Пономарев Мәскеу тұтас облыс аумағын "тәуелсіз ел" деп таныса, "мұны Ресейдің басып кіруі деп қарастырып, соған сай жауап қайтару керек" деп жазды.
Бұл материалды дайындауға Азаттықтың Орыс және Украина қызметтері, Current Time басылымы атсалысты.
ПІКІРЛЕР