Мәскеудің Украинаға қарсы соғысы қызып жатқанда Ресей мектептерінің оқу бағдарламасы қыркүйектен бастап милитаристік бағытқа өзгеруі мүмкін.
Өткен айдың соңында парламенттің төменгі палатасында өткен талқылауда Мемлекеттік дума депутаты Андрей Картаполов соғысқа ерікті түрде кеткен жас сарбаздардың дайындығы нашар деп сынаған.
– Жастар әлсіз, шынайы өмірге дайын емес, – деді билік партиясы "Единая Россияның" мүшесі Картаполов.
Ресей мектептері бұл мәселені шешу үшін алдағы екі жылда "Қауіпсіз өмір негіздері" сабағын "Қауіпсіздік негіздері және Отанды қорғау" пәнімен алмастырмақ.
Бұл – Владимир Путин билікте болған кейінгі жиырма жылда күшейген патриоттық тәрбиенің бір көрінісі. Сарапшылар мемлекет өз мақсатын балалар мүддесінен жоғары қойып отыр дейді.
ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ
Жаңа оқу жылынан бастап 10-сынып оқушылары "базалық әскери дайындық элементтерін" үйренеді. Интернетке жарияланған мұғалімдерге арналған оқулықтарға қарағанда, бұл сабақта жаттығу мен негізгі әскери дағдылардан бөлек, әскери қызметтегі карьералық мүмкіндіктер туралы да айтылады.
11-сынып оқушыларының бойында азаматтық болмыс, патриотизм мен Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға мән беріледі. Оқу бағдарламасының мақсаты – балаларды Отанға қызмет етіп, оны қорғауға дайындау және өз тағдырына жауапкершілік алуға үйрету.
Одан бөлек, қоғамға қарсы, заңсыз қызметпен айналысу қаупі және жастарды тұрақсыздық орнату құралы ретінде пайдалану ықтималдығы туралы дәрістер оқылады.
Оқушыларға жалған деректер ақпараттық соғыс элементіне жататыны айтылады. Мұғалімдер СССР-дің Екінші Дүниежүзілік соғыстағы рөлі туралы ақпарат тарату нормасын бұзуға, Ресей Федерациясы қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіретін әрекетке баруға болмайтынын түсіндіреді.
2022 жылы ақпанда Ресейде Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің әскери операциясы туралы жалған ақпарат таратып, қарулы күштердің беделіне нұқсан келтіргендерге қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңдар қабылданды.
Ақпанда 18 жастағы Максим Липкан соғысқа қарсы мәлімдемелері үшін екі айға қамалды. Ол жаңа заң бойынша жауапқа тартылған ең жас азамат болды.
Бұл пән Совет Одағынан бері келе жатқан, 1980-жылдардағы бірқатар апаттан соң (1986 жылы Чернобыль апаты болды) енгізілген "Қауіпсіз өмір негіздері" сабағының орнын басады. Бір жылда 68 сағат оқытылатын сабақ заман ағымына сай өзгеріп, оған терроризм мен киберқауіпсіздік сияқты жаңа қауіп түрлері қосылған.
"Қауіпсіз өмір негіздерінің" қазір оқытылып жүрген нұсқасында террористік шабуыл қаупін азайту, көп адам жиналған жерлер мен интернеттегі қауіпсіздік ережелері, Ресей әскерінің символдары мен дәстүрлері туралы дәрістер қамтылған.
Жаңа курста оқушылар алғашқы көмек көрсетуді меңгеріп, базалық әскери дайындықтан өтеді. Олар тіпті Калашников автоматы мен екі түрлі қол гранатасын пайдалануды үйренеді.
Совет Одағы тұсында оқушыларды дәл осылай әскерге дайындайтын. Бұл бағдарлама 1993 жылы тоқтаған еді.
Өткен айда Ресейдің білім министрі Сергей Кравцов мемлекеттік ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында бұл өзгерістер біртіндеп енгізілетінін айтты.
Қаңтарда Кравцов мектепте Украинада соғыста болған ардагерлер сабақ бере алады деген. Мәскеу Украианаға қарсы соғысын "арнайы әскери операция" деп атайды. Министр соғыстан келген жауынгерлерді білім беруге жібермес бұрын үш айлық педагогикалық дайындықтан өткізуді ұсынған.
"Қауіпсіздік негіздері және Отанды қорғау" – Путиннің билігі тұсында енген мектеп бағдарламарының бірі ғана. 2014 жылдан бері білім министрлігі мектептерге 10 сыныпта оқитын ұлдарға және ерікті түрде қыздарға жақын маңдағы әскери базада бес күндік әскери лагерь ұйымдастыруды ұсынып келеді.
Лагерьдің мақсаты – оқушылардың Қарулы күштерде қызмет етуге қажеті моральдық-психологиялық және физикалық қабілеттерін дамыту. Оқушылар окоп қазып, шеруде жүріп, оқ атып, граната лақтырып, майданда жүріп, жарақат таңып үйренеді.
Мұндай лагерь құруды 2010 жылы қорғаныс және білім министрлігі бірлесіп ұсынған. Биыл ақпанда Украинаға қарсы соғысқа бір жыл толып, күрестің ұзаққа созылатыны белгілі болғанда оқушылар әскери лагерьге қатысуға міндеттелді.
Қыркүйектен бастап қорғаныс және білім министрлігі лагерьді "Авангард" (қорғаныс министрлігі қаржыландыратын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы) ұйымының қолдауымен ұйымдастыруға болатынын айтты. Осыған дейін кей мектептер лагерь өткізуге әскери база жоқ деп шағынып еді.
Мәскеудің сыртында "Авангард" ұйымының үлкен заманауи кампусы бар. Онда соғыс ардагерлері, Украинадағы соғыста болған бұрынғы жауынгерлер сабақ береді. Олар мектепте қарастырылған бес күндік лагерьлерді ақылы негізде ұйымдастырады.
"Авангард" Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың туған жері – Чуваш мемлекеті, Пермь облысы мен Санкт-Петербургтің іргесінде осыған ұқсас нысандар ашқан. Челябинск облысының билігі алдағы екі жылда "Авангард" орталығын салуға 7 миллион долларға жуық қаржы бөлген.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ ЖЕҢІЛДЕДІ
2022-2023 жылғы оқу жылында Ресей мектептерінде барлық сынып оқушыларына апта сайын "Маңызды әңгіме" деп аталатын дәріс оқылды. Бұл дәрісті Ресей президенті Владимир Путин Калининградтағы мектепке барған кезде ұсынған.
Мұндай тәрбие сағаттарында оқушыларға Украинадағы соғыс пен басқа да саяси мәселелерге қатысты Ресейдің нұсқасы айтылады. Төменгі сынып оқушылары Ресейдің табиғи көрікті жерлері туралы оқып, арасында "Отанды сүй", "Отан үшін отқа түс – күймейсің" деген насихат тыңдайды.
Мамырда өткен форумда Кравцов 2024 жылы білім министрлігі қоғамтану бойынша жаңа оқулық таныстыратынын айтты.
"Қазіргі оқулық либералды немесе үнемі либералды болды. Енді қоғамның нағыз, өзгермейтін құндылықтарын енгіземіз", – деді Кравцов.
Ол математика, физика және география оқулықтарын да жаңартқысы келеді. Кравцов осыған дейін 11-сынып оқушыларының жаңа тарих оқулықтарына Украинаға қарсы соғыс туралы бөлім қосылатынын айтқан.
Сәуірде Мемлекеттік дума әскери қызмет туралы заңға ұсынылған өзгерістерді бір ауыздан қабылдады. Енді 18 жасқа толған адамдар келісімшартпен әскери қызметке тұра алады. Бұрын еріктілер әскери қызметке тұру үшін техникалық білім немесе ғылыми дәреже алуы керек еді. Сондықтан 20-ға толмаған жауынгерлер сирек кездесетін.
2022 жылы мамырда Путин әскери қызметке арналған ең төменгі жасты 18-ге дейін төмендетті.
Мектеп түлектерін әлсіз деп атаған мемлекеттік дума депутаты Картаполов 2022 жылы осындай бастама көтергенде отбасы, әйелдер мен балалар істері жөніндегі комитет төрағасы Нина Останина бұл ұсыныс бірден ақша тапқысы келетін жастарды қорғансыз күйге түсіреді деген.
Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, Ресей соғысқа 400 мың жаңа жауынгер жинауды көздеп отыр.
– Мақсат қойылды, енді заңдағы әскери қызметке тұруды қиындататын баптардың бәрін алып тастап жатыр, – дейді құқық қорғаушы Сергей Кривенко BBC-ге берген сұхбатында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мектептерінде патриотизм туралы жаңа пән оқытылады