Accessibility links

"Отан Ана үшін өлуге де болады". Ресей мектептерінде патриотизм туралы жаңа пән оқытылады


Ресейде 5 қыркүйектен бастап "Маңызды әңгіме" деген жаңа пән енгізіледі. Бұл сабақ әр дүйсенбі сайын мектепте ту көтеріліп, әнұран айтылған соң өткізілмек. Оны ағарту министрлігінің идеясы бойынша енгізген. Қыркүйектегі сабақтардың жоспары ашық дереккөздерде жарияланды. Одан 12 қыркүйекте 5-11 сынып оқушыларына Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы айтылатынын көруге болады.

Сәуірден бастап Ресей мектептерінде ту көтеріліп, әнұран айтылып жүр. Бұл идеяны президент Владимир Путин де қолдап шыққан.

"Әнұран мен туға келсек, иә, бұл өте дұрыс [шешім], тек мұны лайықты істеу керек. Ұйымдастыру мүмкін емес жерлерде кейінге шегерген жөн, түсіндіңіздер ме? Процедураның өзі мемлекет символдарының маңызына сай болуы үшін" деді ол.

Бұл бастамаға ақша да жылдам табыла қойды. Мамырдың аяғында үкімет мектептердің мемлекеттік символдар сатып алуы үшін миллиард рубль бөлді. Маусымда ағарту министрлігі рәсімнің ресми стандартын да бекітті. Бірақ бұл жеткіліксіз болып шыққанға ұқсайды. Енді жаңа оқу жылында мектептерде "Маңызды әңгіме" деген жаңа пән оқытылады.

"Маңызды әңгіме" – бұл міндетті қосымша пән. Ол 5 қыркүйектен бастап Ресейдің әр мектебінде, әр колледжінде оқытылады. Сабақ бірден мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран айтып болған соң өткізіледі" деді педагогикалық қызметкерлерді дайындау, кәсіби дамыту және әлеуметтік қамту департаментінің директоры Алексей Благинин.

Пән мазмұны әр сынып үшін әртүрлі. 1-2-сынып оқушыларына отанға деген махаббатты Ресей табиғатын сипаттап отырып түсіндірсе, 3-4 сыныпта балаларға отан үшін күресіп, оның бай және жақсырақ болуы үшін жұмыс істеуі керек екенін айтады. Әдістеме авторлары балалар жауап ретінде мына мақал-мәтелдерді айтатынын болжайды:

Отан үшін өлуге де болады

Отанға қызмет ету оны сүюден басталады

Отанның бақыты өмірден қымбат.

Бесінші сыныптан бастап оқушыларға арнайы әскери операция туралы айтылады. Әдістемеде "Нағыз патриотизмнің көрінісін арнайы әскери операция жүріп жатқан қазіргі кезде де көріп отырмыз. Оны 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин жариялаған еді. Арнайы операция мақсаттары – Киев режимі қыспаққа алып, кемсіткен Донбасс халқын қорғау, Украинаны қарусыздандыру, оның жеріне НАТО әскери базасын орналастыруға жол бермеу" деп жазылған.

"Мұның бір ғана идеясы бар. Циолковский, халықтар бірлігі күні туралы жазылғаны түсінікті, бірақ түпкі идеясы – пропаганда. Бұл алыстан көрініп тұр. Іске аспайды деп ойлаймын. Неге? Мұның бәрі бұрыннан айтылып жүр, тек былтырға дейін "арнайы операция", яғни соғыс қана айтылмады. Мұның қосымша пән екенін ескерсек, ол тиімді бола ма? Бұл пәндердің тиімділігі болмайды деп ойлаймын. Мен де сынып жетекшісі болғанмын. Мұндай тапсырмаларды, фильмдерді, презентацияларды жіберетін. Мұғалімдердің жартысы оны өткізбейді, себебі балаларға бұл қызық емес. Қалған жартысы жай отырады – фильм қосасың, балалар көреді де, кетеді" дейді география пәнінің мұғалімі Кямран Манафлы. Ол соғысқа қарсы болғаны үшін жұмысынан айырылған.

10-11 сыныптарға "арнайы операция" туралы айтып болған соң педагог оларға "Ұранмен ғана патриот болуға болмайды. Нағыз патриот адамдар Отанын қолына қару ұстап қорғауға дайын болады" деп айтуы керек екен.

"Бұған өте сақтықпен қараймын, себебі мемлекеттік дума арнайы операция туралы айтып, бірдеңеге ұшырап қалуға болатындай заң қабылдады. Менің пікірім керек болса, онда мен мектепте ешқандай саяси, саяси астары бар мәселелерді талқылағым келмес еді. Өзімнің жеке ұстанымым мен әкімшілік ұстанымын қалай түйістіре аламын? Мұны қалай істейтінімді әзірге білмеймін. Мен үшін жауабы жоқ сұрақ" дейді Ксения. Ол Мәскеу мектептерінің бірінде бір сыныпқа жетекшілік етеді.

Оқу жылы басталмай тұрып балалалар мен ата-аналардың ағарту министрлігінің әдістемесіне реакцияларын тексерген. Шенеуніктер білім беру ұсыныстарын ресми телеграм арнада жариялаған. Оған қыркүйектің басына дейін 133 мыңнан астам мұғалім тіркелген.

Ата-ананың сұрағы мен педагогтың жауабы мынадай:

Баламның бұл пәнге қатысқанын қаламасам, кімге жүгінуім керек?

– "Маңызды әңгіме" – оқу бағдарламасының ажырамас бөлігі.

Бұрын сынып сағаттарында маңызды емес әңгімелер айтылатын ба еді?

– "Маңызды әңгіме" – ел азаматтарын біріктіретін ортақ құндылықтар туралы әңгіме. Мұндай басымдық бірінші рет беріліп отыр.

Бұл сабақтың ресми статусы – "қосымша пән", бірақ оның міндетті екені айтылып жүр. Әлеуметтік желілерде ата-аналар "Балаларды қатыстырмауға бола ма?" деп сұрап жатыр. Ағарту министрлігінің 2021 жылғы бұйрығында "қосымша пәнді" оқушы немесе оның ата-анасы, қамқоршысы таңдайтыны жазылған.

"Егер ата-ана өтініш жазып немесе ауызша түрде сынып жетекшісіне сол уақытта баланың бос болмайтынын айтса, оның қосымша пәндерге қатыспауына болады. Нақты осы пәнмен не болатынын көре жатармыз, бәлкім оған әкімшіліктің назары көбірек ауатын шығар" дейді Ксения.

Расымен, басқа пәндерге қарағанда "Маңызды әңгіме" сабағы көбірек назарда болуы мүмкін. Тамыздың басында Чувашияда мектеп директорлары 400 кеңесші алған. Олардың міндетіне балалардың патриоттық тәрбие саласындағы жетістігін бақылау кіреді.

Бұл пәнді өткізуі керек мұғалімдердің өзі оған әртүрлі қарайды. Бірақ пікірін ашық білдіруге әлі дайын емес.

"Ең жақсы дегенде жұмысыңнан айырылып, ең жаман дегенде түрмеге түсіп қалмас үшін пікіріңді айтпайтындай жағдайға түстік. Әр сыныпта әртүрлі ата-ана бар. Мемлекет саясатын жақтайтындар да бар. Егер мұғалім "маңызды әңгімеден" қашқақтаса, қиын жағдайға тап болуы мүмкін" дейді Мәскеу мектептерінің бірінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім Антон Сергеев (аты-жөні өзгертілді).

"Арнайы операция жүріп жатыр. Оған көз жұмып қарау ақымақтық. Әскери әрекеттер кезінде мұны айту керек пе, әлде айтпау керек пе деп ойландым. Әртүрлі мектептермен, әріптестеріммен сөйлестім. Әріптестерімнің біразы кей жерде аз айтуға тырысқан, кейде әдістеме бойынша жүргізіп, не оңға, не солға кетпеген, баға бермеген. Бұл өте маңызды" дейді тарих пәнінің мұғалімі Сергей Цыбульский.

"Әскери әрекеттерді балалармен талқылау жоспарланып отырған жоқ. Патриотизм туралы айтамыз, Отанға деген махаббатты сіңіреміз. Округ тұрғындарына келсек, бәріміз алаңдап отырмыз, операцияның аяқталғанын күтеміз. Бірақ президент пен оның саясатын толық қолдаймыз. Басқа амал болмады" дейді Ямало-Ненецк автономиялы округта мұғалім болып жұмыс істейтін Елизавета Ачкеева.

Мұғалімдерді мемлекеттің ресми ұстанымын қолдап, әдістеме бойынша жұмыс істеуге дайындау наурыз айында басталған. Сол кезде Мәскеу мектептерінің педагогтары RT басшысы Маргарита Симоньян мен Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захаровамен кездескен. Сонда Симоньян мұғалімдерге Путин мен Украина туралы жеке пікірі болуы керек екенін, бірақ олар мемлекетте жұмыс істейтіндіктен, мемлекет мүддесін қорғауы керек екенін айтқан. Кей педагогтар бұған толықтай келіседі.

"Мемлекеттік мектеп мұғалімін алсақ, оның шенеунік сияқты белгілі бір мемлекеттік тапсырысты орындайтынын білеміз ғой және ол соны істеуі керек" дейді мұғалім Сергей Цыбульский.

Мұндай пәндерге оқушылардың реакциясы туралы айта келе география мұғалімі Кямран Манафлы оқушылардың көбі мұндай ақпаратты қабылдай қоймайды дейді.

"10-11-сынып оқушылары бәрін күлкі қылады. Оларға беретін ақпарат, сабақ деңгейі өте күлкілі. Бұл фейк ақпаратты интернетте екі минутта тексеруге болады. Олар сөйтеді де. Жеке тәжірибемнен оның тоқсан пайызы [оқушылардың] бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып жатады деп айта аламын" дейді Кямран Манафлы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG