Ақпанда Ресей президенті Владимир Путин "Заманауи медициналық технологиялар: алдағы ықтимал мәселелер" конференциясында жаңа бағдарлама ұсынды.
"Бұл алаңды жаңадан пайда болып, сынақтан өтіп жатқан, келешегі бар шешімдерді талқылау үшін құрдық. Мұндай шешімдер адамдардың өмірін түбегейлі өзгертеді", – деді 71 жастағы Путин.
Путин сөзінің негізгі түйіні – Ресейдің 14-ұлттық жобасын жариялау болды. Бұл бастама "Денсаулық сақтауға арналған жаңа технологиялар" деп аталады. Ұлттық жобалар дегеніміз — демография, білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларды жақсартуға бағытталған көпжақты үкіметтік бастамалар. Путин ұлттық жобаларын 2005 жылы бастаған, содан бері бәсекесіз өтетін сайлауалды науқандарында осы бастамаларын жиі алға тартады.
16 мамырда Путиннің бесінші президенттік инаугурациясынан кейін бір аптадан соң, вице-премьер Татьяна Голикова жаңа жобаны таныстырып, оны жүзеге асыру 2025 жылы басталатынын айтты. Голикова Ресейдегі "демографиялық тенденциялар" денсаулыққа қатысты жаңа мәселелер туғызғанын, бұл жетекші медициналық технологиялар дайындауға түрткі болғанын айтты.
Ол жасушалардың қартаюын баяулатып, өмір сүру жасын ұзартуға бағытталған технологияларды атады. Жаңа бастаманың негізгі аспектісі – белсенді әрі дені сау қартаюға арналған биомедициналық технологиялармен жұмыс істеу болады. Бұл туралы мемлекеттік РИА Новости хабарлады.
Қартаю процесін баяулатып, өмір жасын ұзартуға аса мән беру медицина саласындағы көп адамның назарын аударды.
"Бұл – қартайған саяси бюроның сандырағы", – дейді Мәскеудегі ауруханада істейтін мамандардың бірі.
"Бәрі қартаяды, саясаткерлер де", – дейді ол. "Қартаюға қарсы терапия өте танымал, ал жаңа технология енгізу шарттары жайлы болып отыр".
Азаттық радиосының зерттеу бөлімі "Система" мен қуғында жүрген ресейлік медиа "Медуза" басылымының бірлескен зарттеуінде авторлар Путиннің жаңа ұлттық жобасын талқылап, ондағы кей идеялар мен ойыншыларға тоқталады.
"ОЛАР ЖАУАБЫН КЕШЕ АЛҒЫСЫ КЕЛГЕН"
Жаңа жобаға қанша ақша бөлінетіні жарияланған жоқ. РИА Новости дерегінше, бұл жоба 2030 жылға қарай "175 000 адамның өмірін құтқарады". Жоба мақсаттарының бірі – алдағы 5 жылда "жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық медициналық бұйымдар көмегімен емдеу үлесін 10 пайызға жеткізу.
Маусымның басында денсаулық сақтау министрлігі ғылым және инновация департаменті ресейлік жетекші ғылыми-зерттеу институттарына хат жазып, мынадай тақырыптар бойынша шұғыл гранттарға өтініш беруге болатынын хабаралған:
- жасушаның қартаюын баяулататын медициналық бұйымдар жасау;
- когнитивті және сенсорлық бұзылыстарды анықтап, оларды емдейтін нейротехнологиялар мен медициналық бұйымдарды қолданысқа енгізу;
- қартаю процесіндегі рөліне байланысты иммундық жүйені басқару әдістерін дайындау;
- биоөнімді басып шығару негізінде жаңа медициналық технологиялар ұсыну.
Биоөнімді 3d технологиясымен басып шығару адам ағзасындағы аурулар мен жарақаттарды тірі жасушалар, ақуыз бен басқа да заттар арқылы емдейді.
Бұл хаттың көшірмесі "Система" мен "Медуза" журналистерінде бар. Осы хаттың келгенін медициналық зерттеу орталығында жұмыс істейтін екі дәрігер және академиялық институтта істейтін бір маман растады. Олар грантқа шұғыл тапсыру керек деген хабарламаға таңғалған.
"Бүкіл идеяларыңды жылдам жіберіңдер деген талап қойды", – дейді дәрігерлердің бірі. "Хат бүгін келсе, олар жауабын кеше алғысы келген".
"Мұндайды өмірде бірінші рет көруім", — дейді ол сөзін жалғап. "Әдетте ұлттық немесе кез келген федералды деңгейдегі бағдарлама дайындар кезде әртүрлі мамандармен кездесіп, бәрін ашық талқылайтын".
Тағы бір дәрігер хатқа таңғалғанын айтады.
— "Кәрі қақпастардан" басқа емдейтін адамымыз жоқ сияқты, — дейді ол Путин билікте болған 25 жылда ел басқарған шенеуніктерді меңзеп. "Қазір [Украинада соғыс болып жатқанда] қалғанының бәрін шетке ысырып қоюымыз керек. Арсыздықтарында шек жоқ".
"Система" мен "Медузаның" ақпарат көздері денсаулық сақтау министрлігінің хатына әзірге жауап бермегендерін айтқан.
"Ұлттық жобада аталған заманауи зерттеулерді жүргізу өте қымбатқа түседі", — дейді Крельге қатысы кісі. "Оған көп ақша мен ресурс кетеді. Емдеудің жаңа әдістерін табуға миллиардтаған қаржы керек, ешқандай ұлттық жобада мұндай бюджет қарастырылмаған".
"Олар тар уақыт аралығында қисынды дүние әзірлеп шыға алады деп ойламаймын", — дейді фармацевтика саласында жұмыс істейтін бір адам.
КОВАЛЬЧУКТІҢ ТЕОРИЯЛАРЫ
Кремльге қатысы бар ақпарат көздерінің бірі жаңа ұлттық жоба бастау біреудің лоббиі болуы мүмкін дейді.
— Мәңгі өмір сүру және "орыс геномы" жайлы жиі айтатын Михаил Ковальчуктің сандырағы шығар", — дейді ақпарат көзі. — Шамасы ол президентке де жеткен болар".
77 жастағы Ковальчук — физик әрі миллиардер бизнесмен Юрий Ковальчуктің ағасы. Юрий Ковальчукті бәрі "Путиннің жеке банкирі" деп атайды. Ол Путинмен 1990-жылдары Санкт-Петербург мэрінің орынбасары болған кезінен бастап араласады. Михаил Ковальчук –ядролық зерттеумен айналысатын Курчатов институтының (Мәскеу) президенті, 2000 жылдан бері Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Ол былтыр Мәскеу политехникалық мұражайының президенті болып тағайындалған.
Жаңа ұлттық жобаның қалай дамып жатқанын білетін үш ақпарат көзі идея авторы Ковальчук болуы мүмкін деп топшылайды. Ковальчук федералды генетикалық бағдарламаға жауап береді. Бұл жобада Путиннің мойындалмаған үлкен қызы, эндокринолог Мария Воронцова маңызды рөл атқарады.
2015 жылы Ковальчук "шетелдік элита" өзіне құл жасау үшін "эволюциялық процесті" жаулап алуға тырысып жатыр деп мәлімдеген.
"Бұл адамдардың санасы шектеулі болады, оларды толықтай басқа адамдар басқарып, гендік модификацияға ұшыраған ағзалар беріп, асырайды" деді ол. Ковальчук ақылға сыймайтын мәлімдемелеріне еш дәлел келтірген жоқ.
Ресейлік ақпарат құралдары Путин осындай идеяларға сенеді деп бірнеше рет жазған. "Адам белгілі бір сипаттама бойынша адам жасай алады дегенді теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибе жүзінде де елестете аласыздар", — деді Путин 2017 жылы. "Ол математикалық данышпан немесе керемет музыкант, болмаса, қорқыныш, аяушылық және өкініш сезімдерімен соғысатын жауынгер болуы мүмкін".
"КЕЗ КЕЛГЕН ӘДІСПЕН"
Дәл сол жылы қазанда Путин шетелдіктер "жүйелі және кәсіби түрде" Ресей тұрғындарының "биоматериалын" жинап жатыр деп сөйледі.
"Неге өйтеді?" — деді ол.
2009 жылы Ковальчук институы ресейлік геномды талдау жобасын бастады.
Ковальчуктің өзі ұзақ әрі өнімді өмір сүргісі келетінін көп рет айтқан. Оның бұл тақырыптағы ойларына Ковальчуктің жетекшілігімен Курчатов институтында "Ресейлік геном" жобасында жұмыс істеген Константин Скрябин әсер етті.
"Біз [ғалымдар] мәңгілік өмір сүру идеясын талқылағанды жақсы көреміз", — деген Скрябин 2019 жылы Азаттыққа берген сұхбатында.
Путиннің денсаулық сақтау саласындағы ұлтық жобасы осындай талқылаулардың жемісі болса керек. Бұл пікірге "Система" мен "Медуза" сөйлескен сарапшылар да қосылады.
"Үлкен бастық бұйрық берді", — дейді Мәскеудегі ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері. "Енді бюрократтар бұйрықты кез келген әдіспен орындауға тырысады".
Зерттеудің мақаласын Азаттыққа Роберт Коалсон әзірледі.