2023 жыл Азаттық көзімен. Ең үздік фотолар

Украинадағы соғыс, Косоводағы наразылық, Таулы Қарабақтағы ұлы көш, Пәкістандағы ауғандарды жаппай жер аудару... Азат Еуропа/ Азаттық радиосының фототілшілері түсірген ең үздік суреттер арқылы өткен жылға көз салайық.

Қаңтар оқиғасының бір жылдығына Алматы жұртшылығы алаңға жиналып, қаралы митинг өткізіп тұр. 2022 жылғы 5 қаңтарда көп қалада жаппай наразылық болып, соңы тәртіпсіздікке ұласқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ескертусіз оқ атуға» пәрмен берген. (Петр Троценко, Қазақ қызметі)

Чехия астанасы Прагада тұратын украин босқындары жасаған окопқа арналған шырақтар. 10 қаңтарда картон мен парафин толтырылған қалбырлар майдан даласындағы украин солдаттарына жіберілді. (Юлиана Бондарь, Украин қызметі)

Украинаның Днепр қаласында құтқарушылар құлаған тұрғын үйдің қирандыларын жинап жатыр. 14 қаңтарда Ресей қаланы зымыранмен атқылады. (Юлия Рацыбарская, Украин қызметі)

Мәриям есімді малшы әйел қораға қамар алдында қойын санап тұр. Алматы облысының қиыр шетіндегі қыстау. 3 ақпан, 2023 жыл. (Петр Троценко, Қазақ қызметі)

Арменияның оңтүстігіндегі Горис қаласының қыстағы көрінісі. Күзге қарай Әзербайжан Таулы Қарабақта әскери операция бастаған соң соғыстан қашқан ондаған мың армян осы қаланы паналады. (Амос Чаппл, Азаттықтың Орталық жаңалықтар бөлімі)

25 ақпан. Украин әскері Донецк облысындағы Бахмут қаласын қорғап қалуға тырысып жатыр. Бірнеше айға созылған кескілескен ұрыстан соң, мамыр айында Ресей әскері қаланы басып алды. (Сергей Нужненко, Украин қызметі)

Косоводағы Гадиме үңгірі түрлі сталактиттерімен, басқа да геологиялық құрылымдарымен туристер арасында ерекше танымал. Фото наурыз айында түсірілген. (Экрем Фазлиу, Балқан қызметі)

Грузияның күш құрылымдары 7 наурызда Тбилисиде наразылыққа жиналған мыңдаған адамды тарату үшін су шашты. Халық «шетел агенттері туралы» заңды қабылдауға қарсылық білдіріп, көшеге шыққан. Халық толқуынан соң заң жобасы кері қайтарылды. (Гела Бочикашвили, Грузин қызметі)

Қабырғасына британ суретшісі Бэнкси мурал салған жартылай қираған тұрғын үйдің қасынан өтіп бара жатқан адамдар. 2023 жылғы сәуір. Киев түбіндегі Ирпень қаласына Ресей жойқын шабуыл жасап, қала қатты бүлінді. (Сергей Нужненко, Украин қызметі)

24 сәуірде Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва аймағының Кабал қаласында орналасқан оқ-дәрі қоймасында болған екі жарылыс кесірінен терроризммен күрес кеңсесі жермен жексен болды. (Нияз Ахмад Хан, Радио Машаал)

Косово полициясы 29 мамырда Звечандағы жергілікті әкімшілік ғимаратын қорғап тұр. Косоволық сербтер жақында албан ұлтынан сайланған мэрді қызметінен алуды талап етіп наразылық білдірді. Жергілікті сербтер сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. (Арбен Хоти, Балқан қызметі)

Шілдеде ауа температурасы рекорд көрсеткішпен қатты ысығанда Косово астанасы Приштинада тұратын балалар фонтан суына шомылып салқындап жүр. (Арбен Хоти, Балқан қызметі)

Боснияның Меджугорье қаласы маңында христиан ғибадат орнында жиналып тұрған сиынушылар. 1981 жылы бірнеше бала Дева Марияны көрдік деген соң бұл жер христиандар келіп дұға оқитын орынға айналды. (Амос Чаппл, Орталық жаңалықтар қызметі)

Грузия астанасы Тбилисиден солтүстік-батысқа қарай 140 километр жердегі Шови курорт қалашығында 3 тамызда топырақ күшіп, ондаған адам үйінді астында қалды. Құтқару жұмысына ауыр техника жұмылдырылды. (Илья Ратиани, Грузин қызметі)

Тамызда Босния-Герцеговинаның Остра-Луки қаласы маңында өткен 251-ші Грмецка коррида ойыны кезінде екі бұқа сүзісіп жатыр. Оны көрермендер тамашалап тұр. (Амос Чаппл, Орталық жаңалықтар қызметі)

16 жастағы палуан Арууке Әкібаева Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Қаба ауылындағы өз үйінің ауласында көлік шинасын көтеріп жаттығып жатыр. (Гүлжан Тұрдыбаева, Қырғыз қызметі)

Болгариядағы Жеравна фестивалінде дәстүрлі музыка ойнап жатқанда алауды айнала билеп тұрған бишілер. 19 тамыз. (Амос Чаппл, Орталық жаңалықтар қызметі)

Мамыр айында болған екі бірдей атыстан соң, 26 тамызда «Сербия зомбылыққа қарсы» деген наразылық шеруіне шыққан демонстранттар ел астанасы Белградтағы мемлекеттік телеарна кеңсесіне беттеп барады. (Весна Андич, Балқан қызметі)

Ресейдің атышулы «Вагнер» қарулы тобының басшысы Евгений Пригожинді жерлеу рәсімінен соң оның Санкт-Петербургтің Гороховский зиратындағы бейітіне қойылған гүл шоқтары. Пригожин 23 тамызда әуе апатынан қаза болды. (Орыс қызметі)

Косово полициясы сербтер көп тұратын солтүстік аймақта жүргізілген рейд кезінде тәркіленген қару-жарақты жұртқа көрсетті. Қыркүйекте православ монастырына жасалған шабуылдан төрт адам қаза тапқан. (Бужар Терстена, Балқан қызметі)

Украин сарбазы 2С 22 "Богдана" гаубицасынан Донецк облысындағы Ресейдің нысандарын атып жатыр. (Сергей Нужненко, Украин қызметі)

Қазан айында Алматы облысында өткен саятшылар турниріне қатысқан бүркітші мен оның аңшы құсы ойын арасында демалып тұр. (Петр Троценко, Қазақ қызметі)

Армениядағы бейбіт тұрғындар 19 қазанда Ереванда қару атып жаттығып жатыр. Бұдан бір ай бұрын Баку өзіне жылдар бойы бағынбай келген Таулы Қарабақ ауданын толық бақылауға алып, аймақтағы армяндар түгел дерлік Арменияға өтіп кеткен. (Амос Чаппл, Орталық жаңалықтар қызметі)

8 қараша. Украин солдаттары Донецк облысындағы майдан шебіне тиіп тұрған Авдеевка маңында Ресейден камикадзе-дрон түсіп, жанып жатқан автокөлік қасынан өтіп барады. (Сергей Нужненко, Украин қызметі)

2 қараша. Пәкістанның Белуджистан аймағында уақытша пана маңында күтіп отырған ауған азаматтары. Пәкістан заңсыз кірген мигранттардың бәрі елден кетсін болмаса тұтқындаймыз деп хабарлаған соң жүздеген ауған шекарадан Ауғанстанға өткен. (Шабад Шабнам, Радио Машаал)

4 қарашада бір адамдық пикет өткізген 21 жастағы Алматы тұрғыны Ілияс Бейсенбай Қазақстанда әсіресе шахтерлар мен мұнайшылардың еңбек құқықтарын сақтауды талап етті. Мұның алдында Қарағандыдағы шахтада жарылыс болып, 46 шахтер опат болған. (Мейірім Бақытжан, Қазақ қызметі)

8 қарашада Украинаның Донецк облысындағы Авдеевка тұрғындары Ресейдің толассыз шабуылы кесірінен қатты бүлінген үйінің қасына жиналып жатыр. (Сергей Нужненко, Украин қызметі)

7 желтоқсанда Косово астанасы Приштинада демонстранттар 30 жастағы әйел Лиридона Мурселидің қазасына байланысты наразылық білдіріп тұр. Екі балалы әйелді біреулер атып кеткен. Прокуратураның хабарлауынша, оны күйеуі өлтірткен деген күдік бар. (Арбен Хоти, Балқан қызметі)

7 желтоқсанда Тбилисидегі соборда 1992-1993 жылдары грузин-абхаз соғысында қаза болғандардың сүйегін жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Іс жүзінде дербес өмір сүріп жатқан Грузияның Абхазия аймағы жақында марқұмдардың сүйегін Тбилисиге берген. (Мзия Саганелидзе, Грузин қызметі)