COVID-19 індеті алғаш тарай бастаған кезде достарым мен әріптестеріме маған ауыруға болмайды, себебі біздегі (Мәскеудің шетінен 15 шақырым жердегі өзім тұратын Нахабинде) медицина оны емдеуге дәрменсіз дегем. Өйткені бізде өзгелерге үлгі қылатын Коммунарка (Ресей президенті Владимир Путин наурыздың соңында болған) сияқты клиника жоқ, облыстық емхана дәрігерлері оның қандай дерт екенін түсінбейді, өкпеге кесел жабысқанын 100 пайыз дерлік анықтай алатын компьютерлік томографияға (КТ) қолың жетпейді.
Мысалы, Нахабинде бір де бір КТ аппараты жоқ, ал 50 мыңға жуық адам тұратын елді мекенде жалғыз ғана емхана бар. Қысқасы, ауырып қаламын-ау деген ойға келген жоқ, үйден жұмыс істеп, анда-санда дүкенге шыққанда маска тағып, қолғап киіп жүрдім.
Өкінішке қарай, күйеуім пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпаған мекемесіне барып-келіп еңбек етіп жүрді, сірә, маған инфекция содан жұққан тәрізді. Әйтеуір, бір жақсысы күйеуім де, қызым да аурудан аман, оларға жұқпапты.
Сәуірдің 20-сы күні өзімді жайсыз сезіндім, ыстығым көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болды. Емханадан дәрігер шақырып едім, маска тақпаған, қолғап кимеген бір жап-жас қыз келді. Ол дәрігерлердің бәрі ауырып қалды деп хабарлады.
Ол өкпемді тыңдағаннан кейін барлығы орынша деп, ОРВИ деген диагноз қойды. Сосын азитромицин (сумамедке балама саналатын осы арзан дәріні қазір науқастардың бәріне беретінге ұқсайды) жазып берді. Мен дәрігер атаулыға, тіпті осындай жас болғанына қарамастан сенетін адаммын, сондықтан жазып берген дәріні іше бастадым. Бірақ жағдайым нашарлай берді.
"БАҒА АСПАНДАП КЕТТІ"
Ыстығым мен жөтелім күшейіп, жүрегім айнып, тұла бойым қақсады. Иіс сезбей қалдым. Көзім қанталап, қызарып, жаман түс көретін болдым (мазаң қашу, күйзеліске түсу, жаман түс көру – осы аурудың белгілері екенін кейін білдім).
Ауырып жатсам да, коронавирус инфекциясымен ауырғандардың қандай күйде болғаны жайлы көп оқып, Нахабиннің маңайында КТ бар ма деп іздестірдім. Қай жерге телефон шалсам да кезек үш аптадан кейін келеді дейді, баға аспандап кеткен.
Бірақ бұл жолы да жолым болды – Истрадағы ақылы емханалардың бірінен телефон соғып, кезегінен бас тартқан біреудің орны босады деп хабарлады. Сәуірдің 27-і күні QR-код арқылы тіркеліп, такси шақырдым да, өкпемді компьютерлік томографияға түсіруге бардым.
Бір сағатқа жеткен жоқ, тексеру қорытындысын абайлап қолыма ұстатқан дәрігер маған жедел ауруханаға барыңыз деп кеңес берді. КТ қорытындысында интерстициалды вирустік пневмония, COVID-19 болуы әбден мүмкін деп жазылыпты. Сол жолы өкпемнің екі жағы 10 және 15 пайызға зақымданған еді (кейін, мен ауруханаға түскен кезде тағы да КТ жасап, өкпемнің әр жағы 25 пайызға зақымдалғанын анықтады).
Дәрігердің кеңесі бойынша өз емханама телефон шалдым. Олар шошып кетті, маған ешқандай көмек көрсете алмайтынын айтып, жедел жәрдем шақырыңыз деумен шектелді.
"ЖЕРДІҢ ШЕТІНЕ БОЛСА ДА БАРУҒА ДАЯР ЕДІМ"
Дене қызуым - 38,5. Пневмония болған әрі COVID-19 жұқтырған кәдік деген КТ қорытындысын қолыма ұстап жедел жәрдемді күттім, бірақ ол маған келмеді. Өзімнің аса ауыр жағдайда болмағанымды түсінемін, бірақ тым құрмағанда "Сізге жедел жәрдем бармайды!" деп турасын айтпай ма?
Өйткен жоқ, келеміз деп уәде етті, қайтадан телефон соғып, заттарыңды жинай бер деді, тіпті қай ауруханаға (Мәскеуден 115 шақырым қашықтағы Каширы орталық клиникалық ауруханасына) апаратынын да айтты. Мен жердің шеті болса баруға даяр едім, өйткені маған пневмония мен коронавирустан үйде жатып емделу - түк шықпайтын бос әуре болып көрінді.
Бірақ маған сол күйі ешкім келмеді. Әуелде шақыру тым көп, соңыра барамыз деді. Арада 20 сағат өткенде маған жедел жәрдем келмейтіні туралы СМС хат алдым. Жедел жәрдемге телефон соқтым (тұтқаны ешкім көтермеді), түрлі жедел қызметтерге хабарласып, неліктен маған жедел жәрдем келмейтінін, енді не істеуім керек екенін білмек болдым. Ешкім маған тұщымды жауап бермеді. Ал Мәскеу маңындағы коронавирус бойынша жедел желідегі оператор бір жігіт "Сізге не істеу керегін білмеймін, ешкім де білмейді" деп шынын айтты.
Қандай жағдайда қалғанымды әлеуметтік желідегі достарыма айттым, небір мықты дәрігерлер кеңес берді, таныстарым, олардың таныстары – барлығы да қызуыңды 38 градустан түсіруге тырыс деп ақыл қосты, бірақ 40 градусқа таяған қызуым не істесем де түспей қойды.
"ЗӘРЕМ КЕТІП, АШУ ҚЫСТЫ"
Сәуірдің 28-і күні маған емханадан тағы бір жас қыз келді, бірақ бұл жолы қорғанатын киім киіпті. Ол маған амоксиклав жазып беріп, сырқаттануыма байланысты жұмысқа уақытша жарамайтыным туралы анықтама толтырды.
Антибиотиктерден дауа болмады, жағдайым жақсарған жоқ. Шыны керек, зәрем кетіп, қатты ашуландым. Біреулер сабыр сақтап, үйде жатып емдел деп ақыл айтты. Бірақ ешқандай созылмалы дерті болмаса да қырықтан енді асқанда коронавирустан көз жұмғандардың бірі болғым келмеді.
Созылмалы дерті болмаса да қырықтан енді асқанда коронавирустан көз жұмғандардың бірі болғым келмеді.
Қысқасы, алған бетімнен қайтпайтын мінезімнің арқасында ауруханаға жаттым. Оған қалай түскенімнің бүге-шігесіне дейін тәптіштемей-ақ қояйын. Тек айтарым, байырғы және жаңа достарым болмаса, ештеңеге қол жеткізе алмас едім. Сәуірдің 28-і күні кешке мені Одинцово облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жатқызды. Ол жерде мені Александр Анатольевич Литвинов деген дәрігер емдеді. Жүзінен қажығаны байқалатын өзіне сенімді, білікті, майталман дәрігер маған міндетті түрде емдеп шығарамын деп уәде берді.
Ауруханада 10 тәулікке жуық жаттым. Тамырымнан антибиотик салды, безгек пен қышымаға қарсы дәрілер, антикоагулянттар берді. Ауруханаға жатқан соң бес күн бойы ыстығым түспей қойды, басым мен асқазаным қатты ауырды, жөтелім барған сайын күшейіп, қорқынышты түстер мазалады. Сәуірдің 30-ы күні менен коронавирусқа тест алып еді, ауру белгісі жоқ деп көрсетті. Мамырдың 6-сы күні тағы бір тест алды, оның қорытындысы әлі белгісіз. Дәрігер менің клиникалық жағдайым мен КТ қорытындысы COVID-19 барын растайтындықтан, тестке бәлендей көңіл аудармайтынын маған бірден айтты. Ауруханада сондай қорқынышты емес екен: үнемі тазалап отырды, тамақтан да тарықтырған жоқ. Жұмыстан әбден қалжыраған медбикелер науқастардың көңілін аулап, жұбатуға да уақыт табатын.
Алтыншы күн дегенде жағдайым жақсара бастады. Менен тағы бір рет анализ алып, жақында шығарамыз деп уәде берді. COVID-19 диагнозымен түскен ауруханадан мамырдың 8-і күні үйге шықтым.
"ӘРКІМ ӨЗІНШЕ ЖАН САҚТАЙДЫ"
Асқынған ауру - орташа ауыр дәрежелі екіжақты пневмония деп аталады. Дәрігер әлі сырқат екенімді, бірақ енді менен ешкімге жұқпайтынын айтты. Қазір жағдайым едәуір жақсы, бұрынғыдай жөтелмеймін, тек түн ішінде мазалайды. Кейінгі 20 тәулікте алғаш рет температурам 37 градустан төмен түсті. Күйеуім мен қызым науқаспен қатынаста болған адам ретінде емханада тіркеуде тұр. Олардан да тест алған, бірақ әзірге қорытындысы шыққан жоқ. Біз әлі екі апта үйде отыруымыз керек.
Мен бір ай бойы емделуім керек: антибиотик те, қышымаға қарсы препараттар да, антикоагулянттар да, асқазан мен бауырға да дәрі-дәрмек жазып берді. Өткені бір апта ауырғанымда өте көп дәрі ішуге тура келді. Ем біткен соң тағы бір рет компьютерлік томографияға түсіп, пневмониядан кейін өкпемді қалпына келтіруге көмектесетін пульмонолог дәрігер іздеуім керек.
Бұл әңгімеден шығатын қорытынды қандай деп сұрарсыз? Ешқандай да. Әркім өзінше жан сақтайды. Бұрыннан солай. Ең таңғаларлығы сол – шенеуніктер қаншама күш салса да, оңтайландырылған ресейлік медицина әлі де болса тырмысып, қарекет жасап жатыр. Жалақысы аз, адам төзгісіз ауыр жұмысты абыроймен атқарып жүрген сауатты дәрігерлер әлі де бар. Жұмыстан шаршап-шалдыққан медбикелер әзіл-қалжың, күлкісімен науқастың көңіліне демеу беруге тырысады.
Олардың төзімі қашанға дейін жетеді, ол жағын білмеймін.
Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Любовь Чижованың әңгімесінен аударылды.