Ресейліктер не үшін бір-бірін жекпе-жекке шақырады?

Дуэльге шыққандар.

Ресей гвардиясының басшысы Виктор Золотов оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды дуэльге шақырды. Комментаторлардың көбі оның видеоүндеуін генерал мен офицерге лайық емес әрекет деп атап, "ессіз бұзақының" ісі деп сипаттады.

Солай ма, жоқ па, ол жағын "дуэльге шақыру" эпизоды бойынша Ресейде қаралған қылмыстық істерге шолу жасап, өзіңіз ой түйіңіз.

Арнайы абақтыда отырған Алексей Навальныйды дуэльге шақырған Виктор Золотовтың әрекеті түрлі реакция тудырды.

Видео: Виктор Золотовтың видеоүндеуі

Ресей гвардиясы басшысының Борис Немцов қазасына қатысы болуы мүмкіндігін еске алған кейбір қолданушылар "бұдан қауіптену керек" десе, кейбірі Ресей президентінің бұрынғы күзетшісін мазақтап, оны түрлі "жекпе-жекке" шақыра бастады.

ЛДПР (Ресейдің либерал-демократиялық партиясы) атынан сайланған мемлекеттік дума депутаты парламент назарына "Дуэль кодексін" енгізуді ұсынған (бірақ ол 1912 жылғы кітаптан толықтай көшіріліп алынған екен).

Шындығында ресейліктер бір-бірін дуэльге жиі шақырады - сау күйінде де, мас күйінде де, ескі реніші есіне түсіп немесе аяқ астынан туған жанжалға орай төбелесе береді. Көбіне біреу қаза тауып, екінші жақ бірнеше жылға түрмеге отырады.

"ТЕЛЕФОНДЫ АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН ҰТЫП АЛУ"

2013 жылдың 10-қазан күні Алтай өлкелік соты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотталған В.И. Гузеватых есімді азаматтың апелляциясын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Соттың тұжырымдауынша, сыбайласы Соколовпен бірге ол Рубцовск қаласы тұрғынының сөмкесі мен ұялы телефонын ұрлап алған. Бұл қылмысын жасамай тұрып, бірнеше сағат бұрын Гузеватых пен Соколов тағы бірнеше ұрлық жасаған. Гузеватыхтың қорғаушысы соттан оның айыбын жеңілдетуді сұрады, себебі ол телефонды ұрламапты, сыбайласы Соколов дуэль шарты бойынша аппаратты "ұтып алыпты".

Сотталушының жауабы:

"Соколовтың музыка тыңдайын деген өтінішіне орай Ч.Я.А. (жәбірленуші) оған ұялы телефонын берді. Соколов әуелі музыка тыңдады, кейін Ч.Я.А-ға оны кепілге салуды ұсынды, бірақ ол келіспеді. Бұдан соң Соколов Ч.Я.А-ны дуэльге шақырды, олар төбелесе бастады. Төбелес кезінде Соколов Ч.Я.А-ның төбелес шартын бұзғанын айтып, ұялы телефонын алатынын айтып, оны сәкіге қойды да, өзі киіне бастады. Ч.Я.А сәкіге келіп, телефонын алып кетті. Бір кезде Соколов оның қасына келіп, телефонын күшпен тартып алатынын айтты, одан көмек сұрады. Екеуі Ч.Я.А-ның соңынан жүгіріп барып, қуып жетті. Соколов Ч.Я.А-ның арты жағынан кеп, мойнынан ұстап тұрды, ол қолынан телефонын тартып алды".

Адвокатының сөзі:

"Сот кезінде Соколов пен Ч.Я.А-ның дауласқаны, дауды төбелес арқылы шешуге келіскендері анықталды. Жеңімпаз телефонды алатын болды. Гузеватых дауға араласқан жоқ. Жәбірленуші дау шартына қарсы шықпады. Ұтыстан жеңіліп қалды, оны сот отырысында мойындады. Соколовқа телефонды тартып алуға көмектескен Гузеватых жәбірленушіні тонауды көздеген жоқ. Ол Соколовтың адал еңбегімен ұтып алған телефонын қайтарғысы келді".

Сот Гузеватыхтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

"Онегин және Ленский дуэлі" Илья Репин.

​ФСБ ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҚАРСЫ БӨЛІМ КОМАНДИРІ

2013 жылдың желтоқсан айында Выборг гарнизондық әскери соты 42741 әскери бөлімінің командирі Алексей Фабринге қатысты қылмыстық істі қарады.

Фабринді "алаяқтық жасағаны" үшін соттады: 2010-2012 жылдары ол "өлген адамдарды" қызметке алып, олар үшін жалақы алып отырған. Осылайша бір миллион рубль жымқырған.

Бұған қоса, өзінің сыбайласы, аға лейтенант Максим Галичпен бірге бөлім аумағынан "ЗиЛ-130" автомобилін алып шығып, сатып жіберген. Біраз уақыт Фабриннің ісіне құқық қорғау мекемелері назар аударып жүрді. Желтоқсанның 13-і күні әскери контрбарлау қызметінің жедел уәкілі екі куәгермен бірге келіп, оқу және жоспарлау бөлімінде тінту жүргізуге оқталады:

"Фабрин Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі бөлімінің аға жедел уәкілінің (қылмыстық іс бойынша жедел іздестіру шарасын жүзеге асырған және өзіне қызметі бойынша тәуелді емес тұлғаларға қарсы өкім ету өкілеттігіне ие) іс-әрекетіне наразылық танытып, балағат сөздер айтқан. Жәбірленушіге қарсы күш қолданып, сол қолымен формалық киімінің кеуде тұсынан ұстап, оң қолымен ұрмақ болады. Ол әрекеті жүзеге аспаған соң Фабрин жапа шегушіні дуэльге шақырып, күш көрсетуді жалғастырады".

Бөлім командирінің іс-әрекетін сот "билік өкіліне қарсы күш қолдану" (РФ ҚК 318-бабы, 1-б.) деп тіркеді. Сол бап бойынша оған 30 мың теңге айыппұл салынды (Фабриннің үкімімен қоса, 750 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді).

АЖАЛҒА СЕБЕП БОЛҒАН "ЗИГА"

2014 жылдың 29-шілде күні Ставрополь қаласының Октябрь аудандық соты В.Е. Евтушенко есімді азаматқа қарсы қылмыстық істі қарады. Евтушенко "жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зақым келтіріп, ажалына себеп болғаны" үшін сотталды.

2012 жылдың 23-қараша күні Евтушенко кафеде туған күнін атап өтеді.

Оның айтуынша, кафеде адам көп болады – келген қонақтар да, өзімен "бір ауданда тұратын", әшейін кірген азаматтар да отырады. Олардың арасында мекемедегі бір күзетшінің досы Т. болады. Туған күн кезінде сайыстар өткізіледі, соның біреуін ұтып алған Т. "Зиг хайль!" (куәгерлердің бірінің айтуынша, біреудің "Хайль Гитлер!" деген сөзіне жауап ретінде) деп қуанышты түрде айғайлайды. Оның сөзі Барушев деген біреуге ұнамай қалады. Ол Т. мен оның танысын ұялтуға тырысады. Евтушенко Т.-ға араша түседі.

Ресейдегі марш. 2008 жыл

Куәгердің сөзі:

"Сайыста Т. "Зиг Хайль" деп айғайлады. Оны ешкімге арнап айтқан жоқ. Жай айтты да кете берді - өзі мас болатын. Сол кезде "Диджейкадан" Б. шығып оған: "Ей сен... осындай адамсың... оның не екенін түсіндің бе" деп дөрекі түрде түсіндіре бастады. Олар айтыса бастады. Сол кезде жақын маңда жүрген Евтушенко келіп араласты. Ол төбелесті тоқтатқысы келді, бірақ Барушев қатты ашулы болды. Енді назарын В.-ға аударып, айғайлай бастады. Бұл кезде өзге күзетшілер болмады. Ол араласып "демалыңдар" деді. Евтушенко оған қарап бәрі жақсы болады деді. Бірақ Барушев ашудан қайтпады, оны дуэльге шақырып, "жекпе-жекке шық" деп, көйлегінің түймесін ағытып, бүкіл залға айғайлады. Олар далаға шығып кетті.

Бұдан соң жаппай төбелес басталып, Барушев көлік аялдамасы жанында соққыға жығылып, қаза табады. "Зиг Хайль!" деген сөзді әбестік көрмеген күзетшілер бұл іске араласпайды.

Күзетшінің түсініктемесі:

"Сол күні кешке төбелес болды, біреу "Зиг хайль" деп айғайлады. Оны әрқалай түсінуге болады. Мен ол сөзге мән бермедім, себебі оның мағынасын білмедім. Оның саяси үгіт екенін білмеппін, сондықтан назар аудармадым".

Сот Евтушенконы 9 жылға соттады. "Зиг хайль!" деп айғайлаған Т. мен Барушевпен төбелеске қатысқандар ісі жеке қаралатын болды.

Красноярск өлкесінің Уярский аудандық соты 2015 жылдың шілдесінде адам өлтіруді көздеу ісін қарады. Оқиға сот материалында былай көрсетілген:

"Қақтығыс кезінде жәбірленуші мен айыпталушы бір-бірінің намысына тиетін сөздер айтады. Бұдан соң айыпталушы саусағымен оның көзі мен аузын басып, тісін сындырады. Пышақ алып шығып, бетіне тақайды. Жәбірленуші өзін босатуды талап етіп, айыпталушыға айғайлайды. Айыпталушы оны өлтіремін деп қорқытады. Қаруы бар екенін айтып, сағат 19-да дуэльге келуін талап етеді, сол жерде атысамыз дейді.

Бұдан соң айыпталушы жәбірленушінің үйінен кетеді. Ол үйіне келіп, заңсыз сақтап отырған сыңар ауыз мылтығын алып шығады. Оған бірнеше оқ салады да, жәбірленушінің үйіне келеді. Терезеден оның диванда күліп отырғанын көреді. Айыпталушы қаруын оқтап, терезеден жәбірленушіні атады, бірақ оны өлтіруді көздемейді. Бұдан соң қаруды тағы оқтап, көздемей атады. Сосын бұрылып, кетіп қалады, ал жәбірленуші тұрған қалпында қалады. Жолда қару мен оқты лақтырып жібереді".

Жәбірленушіні "уақытында көрсетілген медициналық көмек" құтқарып қалды. Сот айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды, ол қатаң режимді колонияда жазасын өтейді.

"АЛДЫН ОРАУ"

2016 жылдың шілде айында Челябинск қаласының Калинин аудандық соты РФ ҚК 119-бабы бойынша "өлтірем деп қоқан-лоқы жасау" ісі бойынша А.Р. Воложанин есімді азаматтың ісін қарады. Оған дейін Воложанинді міндетті жұмысқа тартқан бітімгер соттың шешімін мақұлдады. Воложанин қарсыласын дуэльге шақырмақ болады, екеуінде де тапанша болады, бірақ ер адамдар дер кезінде тоқтайды:

"Воложанин мен жәбірленуші арасында расымен де керіс болады. Оның соңы қақтығысқа ұласып, Воложанин қарсыласының алдын орап, тапаншасын алып шығып, оны жәбірленушіге көздейді. Воложаниннің айтуынша, қарсыласы да сөмкесінен қару шығара бастаған. Қорғаушы куәгері де жапа шегушінің сөмкеден тапаншаға ұқсас затты алып шыққанын растады, ал айыптау жақтың куәгері Воложаниннің "... не бар, алып шық, қане, дуэль жасайық" деген сөзін естігенін айтады. Жапа шегуші қаруды алып шығудан бас тартқан соң Воложанин де тапаншасын тығады, себебі оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеді".

АҚШ Қазынашылық бөлімінің хатшысы Александр Гамильтон және Аарон Берр арасындағы дуэль, 1804 жыл

ТЕЛЕДИДАР ҮШІН БОЛҒАН ДУЭЛЬ

2018 жылдың тамызында Мәскеу маңындағы Воскресенскіде ішімдіктің кесірінен болған жағдайды дуэльдің классикалық үлгісі деуге болады. Бәріне кінәлі теледидар: айыпталушы А.Г. Турдыбеков есімді азаматқа бірге ішімдік ішкен көршісі сол бөлмедегі әйелдің басына теледидар лақтырғалы отырғандай көрінген. Әйел де бұлармен бірге ішкен, оның тізесінде бала отырған.

"Турдыбеков 18.08.2016 күні күндіз жапа шегушімен бірге бөлмесінде спиртті ішімдік ішкенін айтты. Алкоголь біткен кезде олар дүкенге барады, оралған соң жапа шегуші бөлмеге кіреді. Ол жерде әйелі Н. баламен отырады, Турдыбеков әжетханаға кіреді. Бөлмеге кіргенде айыпталушы жәбірленушінің қолына ескі теледидарды ұстап тұрғанын көреді, оны Н. мен балаға лақтырғаны тұр деп ойлайды. Турдыбеков жапа шегушіні итеріп жібереді, ол құлап, теледидарды қолынан тастайды. Екеуі төбелесе бастайды. Н. Турдыбековты жұбатып, жапа шегушінің теледидарға отырмақ болғанын, бірақ сымы ағытылмай, оны ағыту үшін төбесіне көтеріп тұрғанын түсіндіреді. Жапа шегуші мен айыпталушы балағат сөздер айтады, сотталушы екі пышақ алып, біреуін жапа шегушіге береді, екіншісін өзіне қалдырып, оны дуэльге шақырады. Сол кезде Н. кері шегінеді, Турдыбеков пен жапа шегуші бір-біріне қарсы жүреді, сотталушы жапа шегушінің сол жақ төсіне пышақ салады. Жапа шегуші оған пышақ салмайды".

"Париждің Булон орманындағы французша жекпе-жек". Дюран, 1874 жыл

​Турдыбеков дуэльде жеңді, бірақ Ресейдің Қылмыстық кодексі 105-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыс жасады деп айыпталды. Сот оны қатаң режимдегі түзету колониясында 10 жыл жазасын өтеуге кесті.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы аударылды)