Марий Элдің тіл үшін күресі

Марий Эл республикасының бұрынғы білім министрі Римма Катаева

"Білім туралы" заңдағы өзгерістерден кейін ана тілін оқыту 1990 жылдардың басындағы схемаға оралатын болады дейді Ресей құрамындағы Марий Эл республикасының бұрынғы білім министрі.

Ресейде "Білім туралы" заңға ана тіліне қатысты түзетулер енгізілгеннен кейін ұлттық республикаларда бұл өзгерістерді құқықтық тұрғыдан қолдану салдары қандай болады деген талқылау жалғасып жатыр.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі бұл жайлы қоғам қайраткері, 1998-2001 жылдары республиканың білім министрі болған Римма Катаевамен әңгімелескен еді. Катаева 1980 жылдардың аяғынан бергі ана тілінде оқыту жүйесі туралы, 2000 жылдары Марий Элде ұлттық білім беру жүйесі қалай өзгергені және ана тілінде оқытуға қатысты соңғы түзетулердің қандай жағымды тұстары болуы мүмкін екенін айтып берді.​

- Бұл проблема неге қазір туып отыр?

- Өйткені Ресейде 1990 жылдары құрылған бүкіл механизм жойылды. Ол шамамен 2000 жылға дейін жұмыс істеді.

"МАРИ ТІЛІН ҮЙРЕНУ, ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ ДЕП СЕНДІК"

- 1990 жылдары Марий Элде ана тілінде білім беру жүйесі қалай болды?

- Республиканың білім министрлігінде ұлттық білім беру проблемалары бойынша жеке бөлім болған. Ол кезде Ұлттық білім беру проблемалары институты белсенді жұмыс істеп тұрды, ел аймақтарының бәрінде филиалдары болды. Бұл институттың міндеті азаматтарға ана тілін үйрену және ана тілінде оқуға жағдай жасауды қамтамасыз ету болатын. Бізді үкімет те қолдап отырды.

Республикада, оның ішінде Йошкар-Олада (Марий Эл республикасының астанасы – ред.) білім беру мекемелерінің бәрі - әр мектеп, әр балабақша ұлттық білім беру жүйесімен қамтылды. Бұған білім беру стандарты, негізгі оқу жоспары көмектесті. 2003-2005 жылдары федералдық деңгейде бекітілген үш компонентті (федералдық, ұлт-аймақтық және жергілікті) білім беру стандартында онша көп сағат бөлінбегенімен, балаларды мемлекеттік тілде және ана тілінде (Мари Эл конституциясына сәйкес, мемлекеттік тіл – орыс және мари тілдері) оқытуға мүмкіндік берді.

Біз мари халқы барда, тілді білетіндер барда мари тілін үйрену, оны өмірде қолдануға болады деп сеніп келдік. Ал 1993-1994 жылдары Ресей Федерациясының білім министрлігі бұл саясаттан ауытқи бастады. Аймақтарда бәрі бұрынғы жүйеге сүйеніп жұмыс істеп тұрды. Білім беру стандартында ұлт-аймақтық компонент 2003-2005 жылдарға дейін сақталды.

— 1990 жылдары республика мектептерінде мари және өзге ана тілде сабақ оқытуға қанша сағат бөлінетін еді?

— 3-5 сағат. Алты сағатқа дейін бөлінетін. Қазір Татарстанда шамамен осынша сағат бөлінеді екен. 1998 жылы бекітілген жалпы білім беретін мектептерге арналған негізгі оқу жоспарына сәйкес, 1-11 сыныптарда мари тілі мемлекеттік тіл ретінде аптасына екі сағат оқытылатын. Мари халқының тарихы мен мәдениеті сабақтарына тағы бір сағат беретін. Мари мектептерінде 1-4 сыныптарда орыс емес ана тілін оқыту сақталған болатын.

Ана тілі мен әдебиеті аптасына алты сағат, мари халқының тарихы мен мәдениеті бір сағат оқытылатын. Орыс тілді мари мектептерінде 1-5 сыныптарда ана тілі мен әдебиеті аптасына төрт сағат, 6-9 сыныптарда – үш сағат, ал 10-11 сыныптарда екі сағат оқытылатын. Оларда мари халқының тарихы мен мәдениетін тоғызыншы сыныпқа дейін оқитын. Республика территориясындағы татар, чуваш және удмурт мектептерінде балалар аптасына 2-4 сағат ана тілін, бір сағат мари тілін (мемлекеттік тіл) және мари тарихы мен мәдениетін оқитын.

1998-1999 жылдары 125 мың оқушының 70 мыңы мари тілінде оқыса, 41 мыңы оны мемлекеттік тіл ретінде оқыған болатын. Ол заманда республикада 31 мың бала ана тілінде - мари, татар, удмурт, чуваш тілдерінде оқыған.

— Сағат саны қашан қысқарды?

— Бізде 2001 жылдан кейін қысқарды. Аптасына 1-2 сағат қана қалдырды.

"МАРИ ТІЛІ КОМПОНЕНТІ ДЕГЕНДІ ҚҰРТЫҢДАР"

- 2000 жылдары не өзгерді? Мари Элдің бұрынғы басшысы Леонид Маркеловтің тұсында мари тілінде білім беру жүйесі мүлде өзгеріп кетті деген мәлімдемелер көп айтылып жүр. Бірақ неліктен және қалай болғанын көрсететін ақпарат аз.

- Былықтың бәрі федералдық мемлекеттік білім стандартын (ФГОС) ұлт-аймақтық компонентсіз қабылдаған кезде басталды. Бұл - республиканың үшінші президенті (2000 жылдың аяғындағы сайлауда Леонид Маркелов жеңген) тұсында болған жағдай. 2002 жылы ұлттық қозғалыс Маркеловке сенімсіздік білдіріп, митингі өткізді. Мектептерді "оңтайландыру" сол кездің өзінде жүріп жатқан болатын. Ресей мен Марий Эл деңгейінде жаңа кадрлар келіп, министрліктегі ұлт-аймақтық бөлім жабылып қалды. Ұлттық проблемалар институты "Білім жүйесін дамыту институты" деп атала бастады (екеуін қосқан). Марий Элде институттың филиалын жауып, оны Марий білім институты құрамына зертхана ретінде енгізді.

Былықтың бәрі федералдық мемлекеттік білім стандартын ұлт-аймақтық компонентсіз қабылдаған кезде басталды

Жуырда балабақша меңгерушілерінің бірімен сол заман туралы әңгімелестік. Оның сөзінше, оларды Йошкар-Ола қалалық білім басқармасына жинап, "Мари компоненті дегенді доғарыңдар, ұлт ойынын ойнағандарың жетер" деген көрінеді. Сондықтан балабақшаларда мари тілін қолдану біртіндеп тоқтап, оңтайландыру деген желеумен тәрбиешілерді қысқартып тастады.

Егер балабақшада мари тілін білетін тәрбиешінің ставкасын қысқартып тастаса, ана тіліндегі іс-шараларды кім өткізеді? Балабақшалар "сабақты тек орыс тілінде өткізіңдер" деген бейресми нұсқау алған. Қала, ауылдарда балабақша тәрбиешілері "Балаңыз неге орысша білмейді? Үйде балаңызбен орысша сөйлесіңіздер" деп ата-аналарды жазғырға бастады. Ақыры бастауыш мектепке тек орысша сөйлейтін балалар бара бастады. Мари тілінде оқытатын сынып жасақтау, мари тілінде сөйлейтін мұғалімдер табу проблемаға айналды.

2018 жылы мари тілінде оқитын бала саны едәуір қысқарды. Білім министрлігі дерегінше ("Мари Үшем" қоғамдық ұйымының ресми сауалына жауап), бастауыш мектепте 12 мыңға жуық, ал мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде төрт мыңдай бала мемлекеттік тіл ретінде мари тілін оқиды. Балабақшаларда тіл сабақтары үйірме ретінде өтеді, мектептерде мари мемлекеттік тілін аптасына 1-2 сағат оқытады. Бастауыш мектептің шамамен 4,5 мың оқушысы мари тілін мемлекеттік тіл ретінде оқиды. Оған аптасына 2-3 сағат бөлінген. Балабақшаларда 2215 бала мари тілінде тәрбиеленеді.

Негізгі себеп – Ресей білім министрлігі саясатындағы өзгерістер. Ал аймақтар бұл саясатқа ерікті я еріксіз түрде көшті. Балаларды ана тілінде оқыту талабын өткізуге ақырына дейін тырысқан әрі бұрынғы совет одағының түркі тілдес халықтарымен жақсы байланыс орнаған Татарстанда бұл жұмыс бұрынғы деңгейде қалды. Фин және угор компонентін сақтап қалуға ақырына дейін тырыстық. Бірақ жүйеде құрылымдық өзгерістер болды, мамандар қысқартуға ұшырады.

2001 жылға дейін Марий Эл үкіметінде мари тілін жетік білетін, ана тілін дамыту қажеттігін, балаларды ана тілінде оқыту қажеттігін түсінетін бір шоғыр шенеунік болды. Олар ана тілінде білім алған адамдар болатын. Мынадай мысал келтірейін. 1990 жылдары республика үкіметінде жиын марий тілінде өтетін, оларды мемлекеттік хатшы Николай Фёдорович Рыбаков жүргізетін.

Федералдық деңгейде, аймақ деңгейінде күйрегеннен кейін аудандарда да ұлттық білім беру жүйесі қожырады. Қысқартуға дәл осы ұлттық білім беру жүйесінде жұмыс істейтін мұғалімдер ұшырады.

Өкінішке қарай, қазір бізде республикалық білім министрі де, оның бірінші орынбасары да мари тілін білмейді. Жұрт ұлттық білім беру жүйесі құрылымын қалпына келтіруді талап ете бастаған кезде біз Александр Евстифеевке (2017 жылғы қыркүйектен бері Мари Эл басшысы) жүгініп, ол кісіден министрдің мари тілі, ұлттық тілдер үшін жауап беретін орынбасары қызметіне мари тілін білетін, ұлты мари маманды тағайындауы өтінгенбіз.

Қазіргі жағдай - мемлекетіміздің даму тарихының салдары, құрылымдық өзгерістер болды. Бірақ олар қалпына келтіру керек.

— Сонымен мари тіліне бөлінетін сағаттарды, мұғалімдерді не себепті қысқартқан? Мұның әкімшілік әлде экономикалық себептері болды ма?

— Бұл бірінші кезекте - экономикалық себеп. Мектеп дегеніміз не? Бұл - балалар саны, жан басына қарай қаржыландыру. Бәрі басқаруға байланысты болады. Қаржыландыру көзін, кімнен үнемдеуге болатынын басқарушылар анықтайды. Кімнен алсақ дейді. Ол кезде мектептерден үнемдеуді - сағат санын, мұғалімдерді қысқартуды жөн деп тапты.

Мысалы, Йошкар-Оланы алайық. Ол жаққа "үш адамды қысқартыңдар" деген бұйрық түседі. Білім басқармасына "Мари тілі дегенді доғарыңдар" деп айтса, кімді қысқартады деп ойлайсыз? Әрине, мари тілі мұғалімдері мен тәрбиешілерін. Кейде жоғары жақтағылардың ойсыз әрекетінен төмендегілер зардап шегеді.

"ҰЛТШЫЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ"

- Сіз айтып отырған өзгерістер ұлттық білім беру саласы үшін кадр даярлау жүйесіне қалай әсер етті?

- Бұрын кадрларды мақсатты түрде даярлайтын тұтас жүйе болған, оның санын қадағалап отыратын. Қазір бұл жоспар Ресей білім министрлігі деңгейінде бекітіліп, "төменге" – жоғары және орта оқу орындарына жолданады.

Мысалы, қазір Оршан педучилищесі балабақша тәрбиешілерін даярламайтын болды. Өйткені тапсырыс жоқ. Пединститутта бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын факультеті болған. Қазір ол да жоқ. Мұның бәрі 2001-2007 жылдар аралығында жойылды. Балабақшада сәбилер мари тілінде неге сөйлемейді? Өйткені білім министрлігі маман даярлауға тапсырыс бермейді. Онда мектепке дейінгі білім факультетінің, бастауыш сынып факультетінің қажеті не? Оңтайландыру деген желеумен шағын әрі бастауыш мектептерді жауып тынды. Ал олар ана тілінде оқытудың негізі болған еді.

2007 жылы Мари педагогикалық институтын Мари мемлекеттік университетіне қосып тастады. Мари тілі мамандарының мәртебесін, маңызын көтеру үшін фин және угортану институтын құрды. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін фин тілі орталығын құрды. Пединституттың сол кездегі басшылығының арқасында мари тілі проблемалары фин және угор тілдері деңгейіне көтерілді. Бірақ институтты ұлтаралық араздықты қоздыру орталығы деп атап, сол замандағы биліктің жауы етіп шығарды. Қазір ұлттар орталығы фин, угорлар жиындарын да, конгрестер де өткізеді. Бұл проблеманы марилерді марилерге қарсы айдап салып қолдан жасады. "Мари Үшем" ұйымын көзге ілмейтін болды, ал қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бірін-бірі толықтырып жұмыс істеуі тиіс қой.

- Марий Элде ана тілін аптасына 1-2 сағат оқыту тәртібі қашан енгізілді?

- 2005 жылдан кейін яғни, Федералдық мемлекеттік білім беру стандарты қолданыла бастағаннан кейін. Онда "ұлт-аймақтық компонент" деген позиция жоқ. Оның орнына "ана тілінің кіріктірілген курсы" деген термин пайда болды.

- 1990 жылдары құрылған жүйеге қайта оралу басталады деп айтып отырсыз. Демек, ана тілі туралы заңның қабылданғаны жақсы болған ғой?

- Мына жағдайға басқарудағы қателіктер ұрындырғанын біліп отырмыз. Сарапшылар бұл проблеманы зерттеп, ескі схемаға оралудан артығы жоқ деген ұйғарымға келіп отыр. Ол кезде мектептерде ұлт тілінде оқулықтар жеткілікті болған. Білім туралы заңға апалаң-топалаң өзгертулер енгізгеннен кейін олар оқу-әдістемелік базасымен айналысу керек деген шешімге келді. Қалай оқыту керек? Нені оқыту керек? Мұнымен кім айналысуы тиіс деген проблема туды. Келесі кезең - кадр даярлау. Ұлттық кадрлар даярлау жүйесі күйреді. Бұл ұлттық аймақтардағы ұлттар мәселесіне көңіл бөлмеуге ұласты. Сондықтан қазіргі іштен тынған наразы көңіл-күй біртіндеп үлкен бүлікке ұласып кетуі мүмкін. Мұның қауіптілігі де осында. Ең әуелі Ресей білім министрлігінде ұлттық білім беру жүйесі концепциясын әзірлеуі тиіс сарапшылар тобын құру қажет. Қор құру жоспары бар деп естідік. Мұның бәрі біраз уақыт алады.

2005 жылы қабылданған федералдық мемлекеттік білім беру стандартын іске қосудың дұрыс тетігі күні бүгінге дейін жасалған жоқ. Оны іске қосатын инфрақұрылым да жоқ. 120 тілдің бесеуі бойынша ғана оқу-әдістемелік комплекс құрылған. Оның ішінде мари тілі жоқ. Кезінде ана тілінде оқулық, құралдар шығарумен ұлттық білім беру проблемалары институтының филиалдары, білім институттары, мұғалімдер, ЖОО оқытушылары айналысқан. Ол кезде мұндай ынта болған. Қазір мұндай материалдық ынталандыру жоқ. Мысалы, ЖОО оқытушыларының аттестаттау көрсеткішінен оқу-әдістемелік құралдар жазу талабы алынып тасталған.

Қазір оқулық шығаруды білім институтына да жүктеп қойды. Бірақ ол мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысуы тиіс. Кітап шығару – жеке проблема. Мари кітап баспасы, республикалық баспа ісі жөніндегі комитеті, білім министрлігі, ғылым және мәдениет министрлігі, баспа ісі және ұлттар ісі министрлігі сияқты арнайы мекемелер әлеуетін пайдаланып оқулықтар, әдістемелік материалдар шығару керек.

Римма Катаева туралы

Римма Катаева кәсіби қызметін 1965 жылы мұғалім, кейінірек ауыл мектебінің директоры ретінде бастаған. 1970 жылдары партия және комсомолдық жұмыста болып, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, КПСС облыстық комитетінің нұсқаушысы, ВЛКСМ облыстық комитетінің хатшысы, республикалық пионерлер ұйымы төрайымы қызметтерін атқарған.

1980 жылдары Римма Катаева Ресей ескерткіштерді қорғау қоғамының Марий Эл бөлімшесі төрағасының орынбасары болған. Ол – Марий Элдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының "Азалы кітабын" шығару, "Мемориал" қоғамын, "Мари Үшем" қоғамдық ұйымын құру, "Мендур зираты" кешенін (1937-1938 жылдары бейбіт тұрғындарды жаппай атқан орын) ашу бастамасын көтергендердің бірі.

1990 жылдан бері Ресей білім министрлігінің кеңесшісі, 1992 жылдан бері Марий Эл үкіметінде кеңесші әрі қызмет жетекшісі болған.1997 жылы республиканың білім министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. 1998-2001 жылдары министрлікті басқарған. 2003-2008 жылдары Марий мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, Марий мемлекеттік университетіне қарасты жоғары оқу орнына дейінгі даярлық және кәсіптік бағдарлау жұмысы орталығының бастығы болған.

("Idel.Реалии" сайтының тілшісі Дмитрий Любимов алған сұхбат орысшадан ықшамдалып аударылды)