Хакасия астанасы - Абакан қаласының тұрғыны Лидия Баинованың үстінен экстремизм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу оны "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы экстремистік сипаттағы үндеулер таратты деп санайды.
Лидияның өзі "әлгі постымда ешқандай үндеу болмаған, тек эмоцияның әсерімен жазылған пост болатын" дейді.
- Бұрын бұл жайлы ойланбаппын, ал Ресейде сөз бостандығы мүлде жоқ екеніне енді көзім жетті. Билікке қолайсыз жандарды атып тастайтын сталиндік қуғын-сүргін кезіндегідей заман болып тұр. "ВКонтакте" желісіндегі постары үшін жазаға тартатын баптар қолайсыздарды тұқыртып алуға көмектеседі. Өйткені миллиондаған адам небір дүниелер жазып жатыр, бірақ мұндай бапты кейбір жандарға ғана қолданады, - дейді ол.
30 жастағы Лидия Баинованың үстінен қылмыстық іс 2018 жылы мамырдың 7-сінде қозғалған. Үйін тінткен кезде оның компьютері мен ақпарат сақтайтын өзге де құралдарды алып кеткен. Бұған 2017 жылы шілдеде Лидия "ВКонтакте" желісіндегі парақшасында жариялаған пост себеп болған. Әйел Абакан мейрамханаларының бірінің ойын бөлмесіне кіре бергенде бейтаныс балалар қызы екеуіне "Бұл жерге орыстар ғана кіреді" деп айқайлағанына ашуланған. Лидияның сөзінше, ата-аналары балаларының қылығын тыюдың орнына оған қоқан-лоқы жасай бастаған.
- Қайран қалдым. Өйткені 1990 жылдары мұндай нәрселер (ксенофобия көріністері - Азаттық) көп болатын, жұрт төбелесетін де жататын. Ол кезде хакастардың көбі орыс тілін білмейтін, ал қазір бәрі ассимиляцияланып кетті. Мұндай көріністердің әлі күнге дейін қалғанын көргенде шошып кеттім. Қазір 21 ғасыр ғой. Ал ата-аналар мұндай қылықты тойтарып тастамайды. Бұл балалардың кінәсі емес, бәрі әке-шешеден басталады ғой...- дейді Лидия Баинова.
Ата-бабасының байырғы қонысын мекендейтін хакастарды сыйламау, менсінбеу және ашықтан-ашық кемсіту сияқты көріністерге бұрын өзі де, әке-шешесі де жиі тап болғандарын, бұл құбылыс қазір де байқалатынын ашына әрі қызба сөздермен жазған Лидияның посты желіде бірнеше апта тұрған. Кейін таныстарының бірі "кесірі тиюі мүмкін" деп ескерткен соң автор жазбаны алып тастаған әрі мұны репост жасаған достарынан да өтінген (бірақ кей репостар желіде сақталып қалған). Ал әлі пост жарияланған сәттен жарты жылдан асып кеткенде – 2018 жылы сәуірде Лидияның үйіне штат киіміндегі екі адам барған...
- Бұлай болады деп мүлде күткен жоқпын! Әлдебір профилактикалық әңгіме жүргізбестен үстімнен бірден қылмыстық іс қозғағаны, кінәмді бірден мойындап, әлгі постың экстремизмге шақыру болғанын мойындауымды талап еткендері тіпті шошытты. Бірден шаблонды тықпалап, қол қойдырып алуға тырысты. Олар "егер мойындасаң, минимум жазамен құтылатындай етіп шығарамыз, ал мойындамасаң, көпке кетесің, судьяның алдында сені нағыз экстремист қылып шығарамыз" деп қорқытты. Мені осылай тығырыққа тіреді. Яғни олар мені бәрібір кінәлі етіп шығарар еді, - дейді Лидия.
Ресей ФСБ-сының (Федералдық қауіпсіздік қызметі - Азаттық) Хакасиядағы басқармасы тергеушілері Ресей қылмыстық кодексінің 280 бабының екінші бөлімі ("Интернет желілерін пайдалану арқылы экстремистік әрекеттерге жария түрде шақыру") бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық іс лингвистикалық сараптама нәтижелері негізінде қозғалған. Сараптама авторлары постағы мәтінде экстремизм белгілері бар деп тапқан. 2018 жылы шілдеде Баиноваға айып тағылып, оның "Мұндай сәттерде революция мен төңкеріс жасағың келіп кетеді! Билік пен жер халыққа қайтарылсын! Қайтарылсын!" деген сөздері - ұлтаралық өшпенділік негізінде қасақана экстремистік үндеу тарату деп көрсетілген.
Лидия "жазбамда экстремистік сипаттағы үндеулер жоқ" деп мәлімдеп өзін кінәлі деп мойындаудан бас тартқан. Жақындары мен достары да солай деп санайды. Әйел ФСБ қызметкерлерінің үстінен прокуратураға шағымданған.
- Әйтеуір ұрып-соққан жоқ, соған да тәуба. Өйткені тергеуден шығармай қоятынын түсіндім де әуелгіде олардың ығына жығылып, шарттарына көндім. Қызымды балабақшадан алатын ешкім жоқ болатын. Алғашқы тергеуде адвокатсыз әрі ұзақ тергеді... Ал кейінірек кінәмді мойындаудан бас тарта бастап едім, "Демек, бізбен осылай ынтымақтасайын дедің бе?", "Қолымызға тағы түсерсің" деп тағы қоқан-лоқы жасай бастады. Алғашқы тергеу кезінде мені жаңылдыра берді, ешқандай құқығымды түсіндірген жоқ, компьютерімді тартып алғанда ешбір көшірмені оқуға берген жоқ. Олардан "Бұларыңыз не, неге бірден қылмыстық іс қозғайсыздар?" деп сұрап едім, "Сені әлпештеп отыратын жайымыз жоқ, әне, Сирияда адамдарды өлтіріп жатыр, ал мына жақта мәпелеп отыруымыз керек екен ғой!" деді, - деп баяндайды Лидия.
Ол өзін қылмыстық іске тартуды кездейсоқтық емес деп санайды. Ол төрт жылдан бері хакас тілін сақтауды насихаттаумен айналысып жүр.
- Бәлкім, қылмыстық іс әлдекімдердің пікірінше тым белсенділік танытқандарға сигнал шығар. Ақын Моисей Баинов - менің атам. Бұл шаруамен сол кісінің әсерімен айналыса бастадым. 2015 жылы балам хакас тілін үйрене берсін деп ойладым. Атамның өлеңдерін, ертегілерін қайта шығара бастадым. Менде орыс ертегілерінің хакас тілінде шыққан жинағы бар болатын. Мұнымен балам екеумізге хакас тілін үйрену қызықты болсын, мүмкін тағы біреулердің қызығушылығы оянар деген оймен айналысамын.Бізде хакас тілін үйренуге арналған мүлде ештеңе жоқ, бәрін өзің түртпектеп іздеп табуың керек. Қайда барсаң да ештеңе жетпейді. Біреулер белсенділігімді тежегісі келеді, өйткені тікелей желіге де, үкімет сайттарына да жазғанмын. Тілді насихаттау керек, жұрт хакас тілін қызыға үйренетіндей жағдай жасау керек деп жазғанмын. Демек жазғандарым біреулерді қимылдауға мәжбүрлеген...-дейді Лидия.
Баинова жергілікті ФСБ жоғарыдан түскен нұсқауды құр орындаушылар ғана деп топшылайды. Оның пікірінше, мемлекет аз ұлттарды бақылауда ұстауға тырысып отыр, ал бұл үшін оларды қорқытып-үркітіп алу қажет.
- Әлгі постымда эмоциядан өзге ештеңе жоқ болатын. Ешкімді кемсітіп я қорлайын деген жоқпын. Постымды жұрттың көбі қолдады, адамдар, көптеген түркілер сөздерімнен өздерінің проблемаларын көрді. Тергеушілер жоғарыдан түскен жалаң жоспарды орындап, есеп береді екен деп сотты болғым келмейді. Ал мемлекет көпшілікпен жұмыс істеудің орнына, аз ұлттарды қыспаққа алып отыр. Мысалы, шорлықтар қысым көріп отыр. Бұл жерде де дәл солай. Мысалы, мектептерде профилактикалық жұмыс жүргізудің орнына менің үстімнен қылмыстық іс қозғады. Сонда көздегендері не? Онсыз да әрең тіршілік етіп отырмыз, ал енді міне, саған дегендері ғой. Бұл ешкімге абырой әпермейді, - дейді Лидия Баинова.
Тергеу әлі жүріп жатыр, оның материалдары сотқа қашан жолданатыны белгісіз. Лидияға бұлтартпау шарасын белгілемеген. Ресей қылмыстық кодексінің 280 бабына сәйкес, ол бес жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Сот тәжірибесі көрсеткендей, мұндай істер бойынша көбінесе шартты жаза тағайындайды, бірақ адамдарды бір жылдан үш жылға дейін түрмеге кескен оқиғалар да болған.
("Сибирь.Реалии" сайты тілшісі Игорь Чигарскихтің мақаласы орысшадан аударылды)
ПІКІРЛЕР