Жаңа журналистік зерттеу Путиннің қызы деген әйелге үйленген жас кәсіпкердің некеге тұрған сәттен көп ұзамай Ресейдегі ең ірі компаниялардың үлесін алуға көптеген ұсыныс алғанын көрсетіп отыр.
Жас кәсіпкер Кирилл Шамалов 2013 жылы ақпанда Путиннің қызы деген Катерина Тихоноваға үйленіп, артынша Ресейдің ең ірі деген мұнай-химия компаниясы "Сибурдың" құны 380 миллион доллар болатын акция пакетін 100 долларға сатып алған. Яғни Шамаловқа нарықтағыдан 3,8 миллион есе төмен баға ұсынылған. Бұл туралы қолына түскен электронды хаттарға сілтей отырып "Важные истории" жобасы мен Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) хабарлады.
2019 жылдың басында хакерлік форумда сатылымға 773 миллион имейл-адрестен және 21 миллион құпиясөзден тұратын архив қойылған. Бұл архивте Шамаловтың электронды поштасы да болған.
2020 жылдың басында "Важные истории" басылымына Кирилл Шамалов электронды поштасының архиві түскен. Бұл құжаттарды белгісіз біреу жіберген. Шамасы ол бұл мәліметтері сол хакерлік форумнан алған.
2013 жылғы маусым айында Кирилл Шамаловтың Белиздегі офшорлық компаниясы Kylsyth Investments Ltd Британиялық Виргин аралдарында орналасқан өзге бір офшорлық компания Volyn Portfolio Corp-тан Гернси аралындағы Themis Holdings Ltd офшорлық компаниясының 38 мың акциясын сатып алған.
Ол кезде Themis Holdings Ltd "Сибур" компаниясы акцияларының басым бөлігіне ие болған. Themis Holdings Ltd компаниясының акциясын сатып алған Шамалов автоматты түрде "Сибур" компаниясының 3,8 пайызына ие болған. Бұған дейін Шамаловта "Сибур" акцияларының 0,5 пайызы болған. Демек мәміледен кейін оның акцияларының жалпы көлемі 4,3 пайызға жеткен.
2003 жылдан бергі уақытты қамтитын электронды хаттар басқа дереккөздер де растап отыр. Бұл құжаттар Путиннің айналасындағы адамдардың қалай тез байып кете алатынын көрсетеді. Шамалов Тихоноваға үйленгенде 30 жаста болған.
"Сибур" компаниясында бірнеше жыл жұмыс істеп үлгерген Шамалов компания акцияларының 3,8 пайыз бар-жоғы 100 долларға сатып алған. Бұл үлестің нарықтағы бағасы 380 миллион доллар болған.
Компания басшысы Дмитрий Конов Шамаловтың бұл акцияларды опциялық бағдарлама аясында сатып алғанын айтып, басқарманың және қызметкерлердің мотивациясын арттыру үшін оларға компания акциясын төмен бағамен сатудың қалыпты тәжірибе екенін атап өткен.
Бірақ OCCRP зерттеуі "Сибур" басқармасында отырған азаматтардың өз акцияларын миллиондаған долларға сатып алғанын, Шамаловқа ерекше баға ұсынылғанын көрсетіп отыр.
Шамалов Тихонованы кездейсоқ кездестірген жоқ. Зерттеулерге қарағанда, ол Путиннің қызын бала кезінен білген. Әкесі Николай Шамалов – Путиннің бұрыннан келе жатқан жақын достарының бірі. Бірақ Путиннің өзі Тихонованың қызы екенін ешқашан мойындамаған.
2014 жылы тамызда Кирилл Шамалов Мәскеудегі Зоологическая көшесінде орналасқан пәтеріне "Яуза 12" компаниясын тіркеген. Алты күннен кейін бұл компания "Сибур" акцияларының 17 пайызын сатып алған. Бұл пакеттің нарықтағы құны 80 миллиард рубль (сол кездегі валюта бағамы бойынша, 2,2 миллиард доллар) болған. "Коммерсант" басылымына берген сұхбатында Шамалов бұл ақшаны Газпромбанктен өз активтерін кепілге қоя отырып қарызға алған. Кепілген қойылғаны қандай актив екенін Шамалов нақтыламады.
Бұл пакетті Шамаловқа Путиннің серігі Геннадий Тимченко сатқан. Зерттеулерге қарағанда, ол компаниядағы акцияларын АҚШ санкциясына ілікке соң сата бастаған.
Ресей Қырымды аннексиялаған соң АҚШ пен Еуропа Путиннің айналасындағы адамға санкция сала бастады. Осы кезде Шамаловқа титан өндіретін VSMPO-Avisma компаниясының 51 пайыз акциясын сатып алу ұсынылған. Компанияның өнімдерін Батыстың аэроғарыш компаниялары сатып алатын болғандықтан, Вашингтон мен Брюссель өз экономикасын зиян тигізбеу үшін VSMPO-Avisma-ның бас акционеріне санкция салмайды деген пайым болған.
Бірақ АҚШ 2018 жылы сәуірде Шамаловқа санкцияны бәрібір салды. Тихоновамен бес жыл некеде тұрған Шамалов бұл кезге дейін ажырасып үлгерген. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, жұп 2018 жылдың басында ажырасқан. Бұдан жарты жыл бұрын Шамалов "Сибурдағы" акцияларын сатып үлгерген. Bloomberg агенттіне пікір білдірген адамдардың сөзінше, Шамалов бұл сатылымнан пайда көрмеген, себебі ол бұл акцияларды Ресей президенті тарабынан сенім кепілі ретінде алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шығу төркіні белгісіз миллиардтар. Ресей олигархтарының АҚШ-тағы ақшасы