Шенеуніктің байқамай айтқан сөзінен «виза қозғалысы» басталды

Ресейде құрылыста жұмыс істеп жүрген мигранттар. Сурет Ресей көші-қон қызметінің тексерісі кезінде түсірілген. Мәскеу, 17 қаңтар 2013 жыл.

Орталық Азия елдері азаматтарына Ресейге кіру үшін виза енгізу туралы ақпаратты шенеунік сол күні-ақ теріске шығарды. Бірақ визасыз режимге қарсы қол жинау әлі жалғасып жатыр.
Орталық Азияның бірқатар елдерінің азаматтарына Ресейге кіру үшін виза енгізу туралы жаңалықтың ғұмыры бір тәуліктен аспады.

ДАУДЫҢ БАСЫ - АЗИМОВ

Ресей сыртқы істер министрлігінің (СІМ) айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Әнуар Азимов наурыздың 13-і күні «Дождь» телеарнасының эфирінде Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары үшін виза енгізу туралы сауалдарға жауап берді.

Оған сілтеме жасаған кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Ресейде 2015 жылдан бастап Орталық Азия азаматтары үшін виза енгізілетіні туралы хабарлады.

Әнуар Азимов ертеңінде бұл ақпаратты теріске шығарды. «Голос России» радиосына берген сұхбатында және Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген түсініктемесінде ол «жұрт мені түсінбеді» деп мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Әнуар Азимов. Вена, 28 тамыз 2008 жыл.

- ТМД елдерімен, оның ішінде Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізу туралы әңгіме жоқ. Бұл әңгіме біздің президенттің Федералды жиналыста айтқан «ТМД елдерінің азаматтары 2015 жылдан бастап Ресейге шетел төлқұжаты бойынша кіруі мүмкін» деген сөзіне орай шықты. Айтылған сөз - осы ғана. ТМД, оның ішінде Орталық Азия елдерімен арада ешқандай визалық режим болмайды, - деді Әнуар Азимов журналистерге.

Бұл хабарды Ресейдегі мигранттар бастапқыда селқос қабылдады. Алайда Ресейде сырттан келетін мигранттарға қарсы қозғалыстың күшейгені бірден байқалды. Әнуар Азимовтың сөзін ұлтшылдар «жеңіс» деп бағалап үлгерді.

ВИЗА ЕНГІЗУДІ ҚОЛДАЙТЫНДАР

Vk.com әлеуметтік желісінде «Орта Азия және Кавказ азаматтарына визалық режим енгізу» қозғалысының парағы бар. Онда «Новая сила» партиясы президент әкімшілігіне Орталық Азия және Кавказ мемлекеттерімен арада визалық режим енгізуді ұсынған петиция тапсырғаны жазылған. Петицияға 100 мыңнан аса адам қол қойған.

Кремль алғашқы жауабын бір жұмадан кейін жариялады. РФ СІМ-нің ресми өкілі наурыздың 13-і күні «Ресей 2015 жылдан бастап Өзбекстан және Тәжікстанмен арада визалық режим енгізуді жоспарлап отыр. Президент Путиннің ұйғарымы осындай деп мәлімдеді» деп хабарлады.

Ресейдің көші-қон қызметінің мамандары көшеде жүрген мигранттардың құжатын тексеріп тұр. Мәскеу, 20 ақпан 2013 жыл.

Виза енгізілетін елдердің тізімінде Қырғызстан болмағандықтан, қозғалыс белсенділері «тоқмейілсуге әлі ерте» деп мәлімдеді. Олар өз талаптарының толық орындалуына қол жеткізбек.

«Визалық режимді қолдаймыз» сайтында мемлекеттік думадан Орталық Азия мен Кавказдың бұрынғы советтік мемлекеттерімен арада (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения) визалық режим енгізу туралы заң жобасын енгізуді өтінген үндеу жарияланды.Үндеуге 107 мыңнан аса адам қол қойған.

Орталық Азия және Кавказ елдері азаматтарына виза міндеттеу жөніндегі науқанды екі партия – Ұлттық-демократиялық партия мен тарихшы Владимир Соловейдің консервативті оңшыл «Новая сила» партиясы бастады.

Екі партияның белсенділері аталған елдермен арада виза енгізуді жақтап қол жинап жатыр. Олардың бастамасын Ресейдің либерал-демократиялық (ЛДПР) және Ресей Федерациясының коммунистік (КПРФ) партияларының да қолдайтыны хабарланды.

Баспасөзде «Егер олардың бастамасын жақтап 100 мың қол жиналса, мемлекеттік дума депутаттары Ресей заңына сәйкес, ұлтшылдардың бастамасын қарауы тиіс» деп хабарланды.

ВИЗАСЫЗ РЕЖИМДІ ЖАҚТАЙТЫНДАР УӘЖІ

Орталық Азиядан келген мигранттар жүктерімен Мәскеудегі Қазан вокзалында тұр. 17 қараша 2012 жыл.

Ресей ұлтшылдарының жетекшілері виза енгізу арқылы қалалардағы қылмыс деңгейін төмендетіп, ұлтаралық шиеленісті азайтуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып, еңбек нарығындағы демпинг мәселесін шешуге болады деп есептейді. Ұлттық-демократиялық партияның атқару комитетінің төрағасы Владимир Тор осындай пікір айтты.

Ал Ресейдің федералдық көші-қон қызметі (ФКҚ) Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізуге қарсы. Ведомство басшылығы баспасөзде «Бұл өңірлерде туыстары тұратын ресейліктерге қиындық тудырмас үшін шекара ашық болуы тиіс» деп мәлімдеді.

Ресейдің көші-қон қызметі «Виза мәселесінің саяси астары бар» дейді. ФКҚ басшылығы «ТМД елдерімен арадағы келісімдерді біржақты тәртіппен бұзу дұрыс емес» дейді.

Көші-қон қызметінің деректеріне қарағанда, Ресейде үш миллионнан аса шетел азаматы тіркеусіз тұрып жатыр. Олардың ішінде Өзбекстанның - 900 мың, Украинаның - 500 мың, Тәжікстанның 400 мың азаматы бар.

Қазір Ресейде 10 миллионнан аса шетел азаматы тұрады. ФКҚ-нің деректері бойынша, олардың 40 пайызы - жұмыс істеуге келгендер.