Болотный белсендісінің аштық жариялағанына 50 күн толды

Сергей Кривовты сотқа әкеле жатыр. 6 мамыр 2013 жыл.

«Болотный ісі» бойынша Мәскеу абақтысында жатқан белсендінің аштық жариялағанына 50 күн толды. Онымен бірге тағы 20-дан астам адам "жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп айыпталған.
Саяси белсенділерге «2012 жылы мамырдың 6-сы күні Мәскеудің Болотный алаңында өткен шеру кезінде полицияға шабуыл жасады» деген де айып тағылған.

Мәскеу үкіметінің ресми рұқсатымен Болотный алаңында өткізілген наразылық шарасының соңы шерушілер мен полиция қақтығысына ұласты.

ЕЛУ КҮН АШТЫҚ

Аштық жариялағанына 50 күн болған оппозиция белсендісі Сергей Кривов «айыпталушылардың әділ сотқа жүгіну құқығы аяққа тапталып отыр» дейді.

«Болотный ісі» бойынша айыпталған азаматтардың ең егдесі – Сергей Кривов. 52 жастағы белсенді қарашаның 5-і күні өткен сот процесі кезінде жүдеу әрі сырқат көрінді. Адвокаты Вячеслав Макаровтың айтуынша, «ол қыркүйектің 19-ынан бері нәр татпаған, соның кесірінен жүріп-тұру түгілі сөйлеуінің өзі қиын».

Сергей Кривовтың аштық жарияламаған кезі. Мәскеу қалалық соты, 3 сәуір 2013 жыл.

Адвокат Макаровтың айтуынша, «Мәскеу қалалық сотында аптасына үш рет болатын ұзақ-сонар сот процестері белсендінің денсаулығына зардабын тигізіп жатыр».

- Абақты мен сот ғимаратының арасы алыс, жолға ұзақ уақыт кетеді. Тыңдау кезінде ол салыстырмалы түрде айтсақ, «шағын камерада» отырады. Қайтар жолда оны Микулинский сотына апарады. Онда да осы жайттар тағы қайталанады. Өзге айыпталушылар сияқты ол да тек түн жарымда уақытша қамау изоляторына жеткізіледі. Оның тынығуға уақыты жоқ - күнде таңғы алтыда тұруы керек. Бұл - денсаулығы мықты адамның өзі үшін өте ауыр сынақ, - дейді Вячеслав Макаров.

«СОТ ЗАЛЫНДА ЖАТУ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛУ КЕРЕК»

Макаровтың айтуынша, «тиісті орындар айыпталушы Кривовты қорғауға өте қажет құжаттарды – сот процесінің хаттамаларын бермей отыр».

Хаттамалар айыпталушыға жеткенге дейінгі аралықта алты аптадан астам уақыт өтеді. Макаровтың айтуынша, сот ол түсірген өтініштерінің көбін қабылдамай тастайды.

Енді ол «Кривовтың күш-қуатын сақтау үшін оған сот процесі кезінде жату құқығы беріледі» деп үміттенеді.

"Болотный ісі" бойынша айыпталушыларды қолдайтын азамат Мәскеу соты алдында пикет өткізіп тұр. Ресей, 6 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Айыпталушының сырқат кейпіне қарамастан, изолятор басшылығы «оның денсаулығы сотқа қатысуға жарайды» деп ұйғарған. Ал Макаровтың айтуынша, «клиентіне тиісті медициналық көмек берілмей жатыр».

- Қырық күннен астам аш жүрген адамның денсаулығы әлсірейді. Оның өздігінен жүріп-тұра алатынын ғана тексермей, толық медициналық сараптама тағайындалуы керек, - дейді адвокат.

Кривов - екі жас баласы мен мүгедек анасын асырап отырған азамат. Құқық қорғау ұйымдары белсенділері осы жайтқа алаңдайды.

Бұған дейін түрмеде осынша ұзақ мерзім аштық жариялаған адам - Ирланд республикалық армиясының әйгілі мүшесі Бобби Сэндерс 1981 жылы британ түрмесінде аштық жариялап, 66 күннен соң қаза болған.

«ҮНСІЗ ОТЫРА БЕРМЕ!»

«Солидарность» оппозициялық қозғалысының мүшесі Надежда Митюшкина Сергей Кривовты осы ұйымның қатарына келіп қосылған 2011 жылдан бері таниды. Ол көбіне парақшалар мен үндеу қағаздар таратуға көмектескен. Кривовты «өз принциптеріне берік, біртоға, еңбекқор азамат» деп санайды.

Митюшкина «азаматтың өмірі үшін алаңдайтынын және «Болотный ісі» бойынша айыпталғандарға қолдаудың аз болып жатқанына қынжылатынын» айтты:

«Солидарность» оппозициялық қозғалысының мүшесі Надежда Митюшкина.

- Меніңше, Сергейдің және басқа да саяси тұтқындардың ісіне елдің назарын көбірек аудару үшін даусымызды қаттырақ шығарып, қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз, олардың бостандығы үшін күресуіміз керек. Бірақ Ресей халқының көбі "адам түрмеге түссе, демек оның себебі бар" деп санайды. Мұндайларға айтарым: көшеге шық, айқайла, үнсіз отыра берме, - дейді белсенді.

Қазір «Болотный ісі» бойынша 25 адамға айып тағылып, тергеу жүріп жатыр. Былтыр мамыр айында болған бұл оқиға Кремль саясатына қарсы оппозиция қозғалысының символына айналды. Ал үкімет наразылықты күшпен басып тастады.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ КӨБІ - ТҮРМЕДЕ

Сотқа тартылған алғашқы шеруші Максим Лузянин тергеушілермен ынтымақтасқаны және кінәсін мойындағаны үшін жазасы жеңілдеп, төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Кінәсін мойындаған тағы бір демонстрант Константин Лебедев екі жарым жылға сотталды. Басқа айыпкерлер кінәларын мойындамай отыр.

Олардың 17-cі алдын-ала сот тыңдауларына қатысу үшін арнайы түрмелерге қамалса, үшеуі үйқамақта. Ал бір шеруші елден кетіп қалған.

Болотный алаңында шерушілерді полиция тұтқындап жатыр. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл.

Әскер қатарында жүргенде алған соққы кесірінен психиатриялық сырқаттың жеңіл түрімен ауыратын Михаил Косенко басында «белсендіден жәбір көрдім» деген полицейдің кейін оны қорғап сөйлегеніне қарамастан психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылды.

«Болотный ісі» бойынша айыпталған адамдарды қолдайтындар Мәскеудегі Қызыл алаңда шеру өткізіп, олардың босатылуын талап етті.

Наталья Джанполадова мен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.