Мемлекетпен ұстасқан белсенділер

Александр орманындағы қарауыл.

Мақала Ресейдегі үш белсендінің қарапайым азаматтан қалай күрескерге айналғанын баяндайды. Ол елдегі мемлекеттік биліктің жай азаматтарға жасайтын қысым түрлерін де білуге болады.

Қарашаның 2-сі күні Вологда соты Евгений Доможировке 40 сағат міндетті жұмыс істеуге үкім шығарды... Орталық сайлау комиссиясы Самара облысының сайлау комиссиясы құрамына кіру туралы Людмила Кузьминаның өтінішін қарамай тастады... Мәскеу маңындағы Химки қаласының оппозициялық депутаты Антонина Стеценконы жергілікті құрылыс компаниялары «қаскүнемдігі» үшін айыптады...

Осы оқиғалардың арасында еш байланыс жоқ сияқты көрінеді. Шын мәнінде байланыс бар. Бұл мақалада өз басының пайдасынан гөрі жалпы мүддені қорғау жауапкершілігін мойнына алған адамдар сөз болады.

«ОСЫНДАЙ ӨМІРДІ ӨЗІМ ТАҢДАДЫМ»

«Оларға жазаны орындау федералдық қызметінің (ФСИН) бұрынғы басшысы, 2000 жылдардың соңында Самараның ішкі істер бас басқармасының жетекшісі болған, маған қарсы қылмыстық іс қозғаған Реймердің өзі миллиондаған қаржы жымқырғаны үшін түрмеде отыр, ал сендер мені қудалап, ақша іздеп жүрсіңдер деймін».

Полиция қызметкерімен болған әңгімесін самаралық құқық қорғаушы Людмила Кузьмина осылай баяндайды. Ауданаралық «Голос Поволжье» қоғамдық қорының бұрынғы жетекшісі билікпен қарым-қатынасы жайлы мысқылмен айтады.

Қазіргі қысым мен қуғынға солай ғана қарсы тұруға болатын сияқты. Әділетті сайлау өткізейік дегені үшін әйелді полициядан бастап, тергеу комитеті, салық инспекциясы мен прокуратура қудалап келеді.

Қазір Людмила Кузьминаның пәтері мен көлігі кепілге алынып, зейнетақы шотына тыйым салынған. Кузьмина түрлі қоқан-лоқыға мән бермейді. Ол мұндайдың талайын көрген, бірақ қазір оны қорқытатын жайт - өзгеріс болады-ау деген үміттің үзіліп бара жатқаны.

Кузьмина 1980 жылдардың соңында, қайта құру кезінде саяси кітаптар кітапханасының директоры болды. Ол 20-ғасырдағы Ресейдің құпия тарихы туралы құжаттармен елдің алды болып танысты. Ол шындықты жасырмайтын отбасында өсті.

Мектепте оқып жүргенде Людмила оқулықтан бас хатшы Хрущев туралы дауыстап оқығанда әкесі «бас хатшы емес, үшінші коммунистік патша» дейтін.

Мектепте оқып жүргенде Людмила оқулықтан бас хатшы Хрущев туралы дауыстап оқығанда әкесі «бас хатшы емес, үшінші коммунистік патша» дейтін. Солайша Людмила ресми ақпаратқа сынмен қарап, тәуелсіз пікір айтуды үйренді.

Сол кезеңде саяси кітаптар кітапханасына «ресми емес» адамдар жиналатын. Олар мемлекеттің азаматтарға қатысты әрекеттерін «түсінуге» тырысты. Людмила Кузьмина өткеннің қатесін қайталамас үшін репрессия жайлы деректерді жариялау керек деп сенді. Мысалы, «Самараның жоғалған ғибадатханалары» көрмесінде жергілікті баптист қоғамының өкілі ғибадатханалардың қалай талқандалғанын және медициналық институтта оқығанда діни сенімі туралы жазылған домалақ арызға бола КПСС тарихы емтиханына жіберілмегенін баяндады.

Жергілікті билік мұндай көзқарасқа қатты мазасызданды. Олар Кузьминаны жиі өздеріне шақырып «Не бүлдіріп жүрсіздер?» деп сұрайтын. Әйтеуір жоғары билік қайта құру жариялап, Кузьмина аман қалды. Тіпті СССР-дің саяси тарихы туралы, көсемдер мен энциклопедиялар қалай редакторланғанын көрсететін көрме өткізгені үшін ВДНХ-ның күміс медалін де алды.

Кузьмина Совет Одағы тарар алдында «советке қарсы» болғаны үшін ескерту алып, оған Валерьян Куйбышевтің атын қаралады деген айып тағылды. Себебі «Самара комитеті» Куйбышев қаласына тарихи атауын қайтаруды қарастырған еді. Ақыры Кузьминаны «мемлекеттік мекемені ресми емес тұлғалардың жиналатын орнына айналдырды» деген айыппен кітапханадан шығарды. Лауазымын қалпына келтіруге қатысты сот кезінде судья оған: «Күн әлі шыққан жоқ, ымыртта отырмыз. Қалпына келтіруге шешім шығарамын, бірақ ол жерге қайта бармаймын деп уәде беріңіз» деген. Обкомдағы бір әңгімеде оған КГБ іс қозғауы мүмкін екенін, егер ол іс қозғалса түрмеде шіритінін ескерткен. Алайда 1990 жылдары жалпы жұрттың бойындағы оптимизм әсері ме, ондай қоқан-лоқылар белсендіні тоқтата алмаған.

Обкомдағы бір әңгімеде оған КГБ іс қозғауы мүмкін екенін, егер ол іс қозғалса түрмеде шіритінін ескерткен.

Самараның алғашқы мэрі Олег Сысуев қоғамдық-саяси орталық ашқан кезде Людмила Кузьмина орталықта кеңесші болды. 1990 жылдардағы саяси өмірді Людмила Гавриловна «мүмкіндіктер терезесі» деп сипаттайды, 2000 жылдардың соңында ол терезенің тарс жабылғанын айтады.

1999 жылы Ресей әділет министрлігінің бақылау комитеті қоғамдық ұйымдарды жаппай таратқанын еске алған Кузьмина ол кезеңді «тұншықтыру мен саяси бюрократияның алғашқы толқыны» деп атайды. Ары қарай бұл қысым тым күшейіп кетті, құқық қорғау мекемелері тексерісті көбейтіп, тәуелсіз БАҚ пен қоғамдық ұйымдар жойылды. Олардың орнына жалған ұйымдар құрылды.

2006 жылы мэр сайлауынан соң Самара бизнесі де бір жүйеге бағынуға мәжбүр болды, көнгендері көніп, көнбегендері кетті. Соңғы 10 жылда «Голос-Поволжье» азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ету қоры мен оның жетекшісі Людмила Кузьмина қаралау мен арыздан көз ашпады.

«Жақында губернатордың жиналысына ФСБ (Ресейдегі тергеу бюросы), СК (тергеу комитеті) өкілдері мен прокуратура және полиция қатысатынын білдім. Азаматтардың өмірін жақсартып, экономикалық дамуды талқылау орнына олар «АҚШ агенттеріне» қарсы күресті талқылайды екен. Мысалы бір жиында «Самарское обозрение» газетіне олар жарнама бермесін деген нұсқау беріпті» дейді Кузьмина.

2014 жылдың маусымында Самара облысының салық қызметі «Голос-Поволжье» қорының 2010-2012 жылғы іс-әрекетін тексеріп, 2 миллион 222 мың 521 рубль айыппұл салды. «Голос-Поволжье» қоры арбитраждық сотқа шағымданған еді, бірақ олар салық қызметін қолдады.

2015 жылы ФСБ қорды емес, оның атқарушы директоры Кузьминаны жауапкер деп таныды. Ақыры ол мемлекетке 2 жарым миллион рубль төлеуге тиіс болды. Қазір Людмила Кузьминаның пәтері мен көлігі кепілге қойылып, зейнетақы шотына тыйым салынған. Сот жасауылдары алдымен шотты құлыптап, кейін оның зейнетақы шоты екені туралы анықтама әкелуді талап етеді. Банк анықтаманы зейнетақы түскен соң ғана береді, демек, екі айлық зейнетақы қаржысы жасауылдарға кетеді.

Оған қоса сот жасауылдары үнемі келіп, сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық қудалау болады деп қорқытады, полиция қызметкерлері «сатқынмен» профилактикалық әңгіме өткізу үшін келеді. Кузьмина олармен сөйлесу әдісін ойлап тапқан. Мысалы, алдын алу әңгімесін өткізуге келген бөлімше қызметкерінен ол: «Не туралы сөйлесеміз? Таң атпастан Хайдеггерді оқып келдіңіз бе? Әлде түні бойы Платонның айтқандары туралы ойландыңыз ба?» деп сұраған.

Халық азаттық қозғалысының (НОД) самаралық бөлімі құқық қорғау мекемесіне Кузьминаның үстінен шағым түсіреді, әлеуметтік желідегі парақшаларында оны «Шетелдік агент Кузьминаға қарсы патриоттық шағым» деп атайды. Оның нақты авторын Кузьмина бұрыннан біледі – есірткі үшін екі мәрте сотталған Дмитрий Гуренков деген адам.

Людмила Кузьмина

Людмила Кузьмина кейде салы суға кететінін мойындайды, бірақ қоғамдық қызметке қайтадан ораламын дейді. «Егер бәріміз үнсіз отырсақ, адамдар кімді сүйеу қыларын білмейді. Бізді түсініп, қолдайтын көптеген жандар бар. Уақыты келгенде олар біздің жанымыздан табылады деп сенемін. Авторитарлық мемлекетте белсенді болудың құны тым қымбат, сондықтан біздің санымыз аз. Бірақ мен бұның бәрін саналы түрде істеп жүрмін, осы өмірді өзім таңдадым» дейді ол.

«ДЕРЖАВАҒА БОЛА ӨКПЕЛЕДІМ»

Орта жастағы ер адам сот залында сөйлеп тұр және смартфонымен бәрін түсіріп тұр. «Сізді полициядан сыпыртқымен қуып шығуға лайық қызметкерлердің бірі санаймын. Себебі – сауатсыз қызметкерсіз» дейді Евгений Доможиров полицейге.

«Вместе» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Евгений Доможиров қатысқан сот отырыстары ылғи осылай өтеді. Ол сотқа, полиция мен прокуратураға пікірін ашық айтады, ал қарсыластары оның айыбын ойдан шығарады. Жақында Доможировті митингке шыққаны үшін 40 сағаттық жұмысқа міндеттеді, бірақ ол митинг өткізуге өтініш бермеген.

Доможировтің көлігін 4 рет өртеп, екі рет өзіне шабуыл жасады.

Евгенийге қарсы үш қылмыстық іс қозғалған, анасы Галина Константиновнаны да жауапқа тартқан. Доможировтің көлігін төрт рет өртеп, екі рет өзіне шабуыл жасады: 2013 жылы таяқпен ұрып басын жарса, 2016 жылы «Оса» травматикалық тапаншасынан атқан.

Евгенийдің отбасы да үздіксіз қысымнан шаршаған, бірақ әйелі мен бес баласы оның өздері үшін тырысып жүргенін түсінеді. Доможиров «Белое солнце пустыни» фильміндегі Верещагиннің сөзін жиі қайталап, «Державаға бола өкпеледім» дейді.

Евгений Вологда қаласында туған, университет бітірген соң шенеунік болуды жоспарлады. Бірақ бизнеспен айналысып, 15 жылдан соң еріксіз азаматтық белсендіге айналды, кейін саясатқа кетті. Доможировтың саясатпен айналысатын ойы жоқ еді, нақтырақ айтқанда саясат онымен айналысты. 2009 жылдың көктемінде Вологда мэрі Евгений Шулепов барлық сауда павильондары мен дүңгіршектерді алып тастауды ұйғарды. 10 мың сауда орнының жартысын құртты, 5 мың жұмыс орны жоқ болды.

Сол кезде кәсіпкерлер қауымы бірікті. Евгений Доможировтың өз павильоны болатын, ол да бастамашылар тобының әкімшілігіне кірді. Кәсіпкерлер шеру өткізді, Вологда үшін бұл үлкен оқиға еді. Мемлекеттік билік наразылықты бюрократиялық тәсілмен тыныштандырмақ болды, бірақ Доможировтың «мемлекеттік басқарушы» мамандығы көмекке келді.

Бастамашы топ павильондарды бұзуды тоқтатып қана қоймай, Ресейде бірінші болып павильондарды бес жылға жалға алуға қол жеткізді. 2010 жылы Доможиров пікірлестерімен бірге «Вместе» құқық қорғаушы қоғамдық қозғалысын құрды. Басында ұсақ-түйек жұмыстарды атқарып, балалар алаңы, көше тазалығы сияқты істерді реттеді.

Евгений Доможиров

Бір жылдан соң қозғалыс жемқорлыққа қарсы тергеу жүргізе бастады. Қалаға қарайтын, қалалық шенеуніктер мен депутаттар бенефициар болған есеп айырысу орталығы туралы тергеу жарияланғанда төбеден жай түскендей болған еді. Қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер мемлекетке 19 миллион шығын келгенін дәлелдеді.

Осы оқиғадан соң губернатордың ішкі саясат жөніндегі орынбасары Доможировты шақырып, облыстық үкіметтегі департамент басшысы бол немесе «Біртұтас Ресей» партиясының Вологда облысындағы депутаты бол деген ұсыныс жасады. Доможиров бас тартты, содан соң губернатордың күйеу баласы Позгалевке қатысты зерттеу жүргізіп, оның құрылысқа қатысты 40 компанияның қожайыны екенін анықтады. Позгалев сұйытылған газды қызық әдіспен сатқан: оның компаниясы литрін шамамен 4 рубльден алады да, тұтынушыға 12 рубльден сатады, ал тұтынушылар тікелей сатып ала алмайды.

2011 жылдың желтоқсанында «Вместе» қозғалысының жетекшісі «Әділетті Ресей» партиясының заң шығару жиынының депутаты болды. Келесі күні оған партиядағы әріптестері келіп: «Мандатты алдың ғой, енді сайтты жауып, газет шығарғанды доғар» деген талап қояды. Доможиров олардың кеңесін тыңдамаған, мұнан соң белсендіге сайлауға дейін өткен митингте полиция қызметкерін тұншықтырды деген айып тағылды.

Келесі күні оған партиядағы әріптестері келіп: «мандатты алдың ғой, енді сайтты жауып, газет шығарғанды доғар» деген талап қояды. Доможиров олардың кеңесін тыңдамаған, мұнан соң белсендіге сайлауға дейін өткен митингте полиция қызметкерін тұншықтырды деген айып тағылды.

Тергеу ісі мен сот бір жылға созылды, айыптау тек полицияның түсініктемесіне құрылды. Евгенийдің айыпсыз екенін дәлелдейтін бейне көрініс белгісіз себептермен өшіп қалған. Сот жүріп жатқанда депутат жаңа істермен айналысып, көптеген заң бұзушылықтарды анықтады.

Бірақ Доможировке қатысты айыптау үкімі шығып, депутаттық мандатынан айырды. Белсенді оған мойымады. 2015 жылдың желтоқсанында шенеуніктер қаланы көгалдандыруға қатысты белсенділердің 17 ұсынысын тыңдамаған кезде Евгений Доможиров қала басшысының орынбасарын «жексұрын» деп атайды. Ол бірден қызметтік міндетін орындап жатқан билік өкілін қорлады деп айыпталды. Доможировтің қылмыстық істері көбейіп барады, бірақ ол сот залынан шыға сала жаңа мәселенің шешімін іздейді, мысалы, саябақты қорғау туралы жоспарды талқылайды.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН АНТОНИНА

Химки кеңесінің оппозициялық депутаты Антонина Стеценко ақша алмай белсенділікпен айналысқаны үшін «ақымақ» атанғанына қынжылады. Бірақ ол таңдаған бағытынан айнымақ емес.

1990 жылдардың буыны саналатын Антонина ешқандай идеологияға сенбейді. Химки орманын қорғаған азаматтық белсенділердің бірінші толқынына кірген жоқ, қаладағы орманды өзінің өмір сүру ортасы деп санамады. Оның әлемі үйі, отбасы және жұмыспен шектелді.

Химки орманына қатысты жаңалықтарды тыңдаған кезде адамдар ізгі іс жасап жатыр деп ойлады, бірақ "бұл майданға менің қатысуым керек" деген ой басына кіріп шықпады. Алайда 2013 жылдың тамызында үйінің маңындағы тоғайды отай бастаған кезде Антонинаның өмірі өзгере бастайды.

Антонина Стеценко

«Үйге келгенде балалық шағым өткен тоғайды шауып жатқандарын көрдім. Басында есеңгіреп қалдым, сосын трактор мен ағаштардың ортасына барып тұра қалдым. Соңы не болады деп ойланып жатпадым» дейді әйел.

Жұмысшылар ағаш отауды тоқтатады, тұрғындар қарсылық танытады деп ешкім ойламаған, жұмысшылардың ағашты шабуға қатысты құжаттары да болмаған екен. Осылайша Антонина тоғайды қорғауға белсене кіріседі, жиналыстар мен шерулер өткізеді. Жарты жылдан соң «ПИК регион» компаниясы оған қарсы шағым түсіреді.

Құрылыс салушы оны «іске кедергі келтіреді, заңды жұмыспен айналысуға жол бермейді» деп айыптаған. Кейін компания интернет бетіне белсендінің өздерінен пәтер алғанын, сондықтан оған сенуге болмайтынын айтып, ақпарат таратады. Бірақ белсенділер мен тұрғындар екі ықшам ауданның арасындағы жасыл орманды сақтап қалуға тырысты. Бір жылдан соң құрылыс компаниясы 300 ағашты отап тастады.

Үйге келгенде балалық шағым өткен тоғайды шауып жатқандарын көрдім. Басында есеңгіреп қалдым, сосын трактор мен ағаштардың ортасына барып тұра қалдым. Соңы не болады деп ойланып жатпадым.

2015 жылдың маусымында Антонина Стеценконы Новокуркинодағы келісілген шеруге шақырды, ол жақта да «ПИК регион» тұтас ықшам аудандар салып жатыр екен. Антонина «ПИК регион» жүрген жерінде ағаштарды шауып тастайды» деген плакатты көтеріп шықты.

Бір айдан соң соттан шақырту келді. Компания Антонина мен басқа төрт белсендінің әрекетінен миллиондаған шығынға батқанын айтып, әрқайсысынан шығынды толтыруға 23 миллион 800 рубль және беделіне нұқсан келгені үшін 10 миллион рубль өндіруді талап еткен.

Бірақ шағымның негізсіз екені анықталып, құрылыс компаниясы өкілі оны қайтарып алды. Бұл іс сонымен бітті. Құрылыс салушы инфрақұрылым мен қала кеңістігін сауатты игеруді ойламай, тұрғын үйлер салып жатыр. Антонина Стеценко қала депутаты болып, қала салу саясатына өз ұсыныстарын айтып жүр. Олардың қақтығысы аяқталған жоқ.

Эла Знаменскаяның мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.