Санкт-Петербург қаласының метрополитеніндегі жарылыс сәуірдің 3-і күндіз «Технологиялық институт» және «Сенная Площадь» станцияларының арасында болған. 11 адамның қаза тапқаны, 50-дей адамның зардап шеккені туралы ақпар тарады. Ресей билігі оқиғаны «теракт» деп атады. Әзірге жарылысты ешқандай ұйым мойнына алмады.
Жарылыстан кейін БАҚ беттерінде Петербургте оқитын қазақстандық студент Максим Арышев туралы түрлі мәлімет тарады. Кейбір ресейлік ақпарат құралдары жарылыс кезінде вагонда 22 жастағы қазақстандық Максим Арышевтың болғанын хабарлады. Енді бір ақпарат құралдары Максим Арышевтың жарылыс болған сәттен кейін хабарсыз кеткенін, оны туыстары іздей бастағанын жазды. Жарылысты «Орталық Азиядан шыққан 23 жастағы адамның жасағаны» туралы да хабарланды.
"АРЫШЕВ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖОҚ"
Азаттық Петербург метросындағы жарылыстан кейін хабарсыз кеткен Максим Арышевтың Алматыдағы ата-анасы Ирина және Виталий Арышевтармен сөйлесуге тырысқан еді. Алайда телефон тұтқасын көтерген, өзін «Максимнің тәтесі» ретінде таныстырған Елена Арышева Ирина және Виталий Арышевтардың Петербургке сәуірдің 4-і ұшып кеткенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Максим Арышевтің қайда екені туралы әлі нақты дерек жоқ.
- Ағам мен жеңгем бүгін ұшып кетті, Біз ештеңе білмейміз, - дейді Елена Арышева.
ФОТОГЛАЕРЕЯ: Петербург. Метродағы жарылыс
Азаттық тілшісі Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстан бас консулдығының «тікелей желісіне» де хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген, өзін «Илья Ильясов» деп таныстырған қызметкер Петербургтегі «жарылыстан қаза тапқан қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ» екенін айтты.
- Тізімде қазақстандықтар жоқ. Арышев туралы да ақпарат жоқ. Біз тізімді Ресей төтенше жағдай министрлігінің солтүстік-батыс бөлімінен алып отырмыз, - дейді Ильясов.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов Максим Арышев жөніндегі ақпараттарға қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Оның Азаттыққа айтуынша, Максим Арышевтің қайда екені жайлы әзірге нақты мәлімет жоқ. Ол «Қаза тапқан адамдар мәйітін тану жұмыстары жүріп жатыр. Мерт болғандардың қай елдің азаматтары екені жөніндегі тізім әлі жасалып жатыр. Ресми ақпарат әзір болған бетте біз оны БАҚ-та жариялаймыз» деді.
Әлеуметтік желідегі аккаунтарда «Максим Арышев» деген атпен тіркелген интернет қолданушы «Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінің информатика және қолданбалы математика факультетінің 3-курсында «ақпараттық жүйелер және технологиялар» мамандығы бойынша оқитынын» жазған.
ҰҚК БОЛЖАМЫ
Ал Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков "Бұған дейін терактіге 1996 жылы туған Арышев Максим Витальевичтің қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпараттар тарады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкуес келмейді дер еді. Ол комитет назарына ілікпеген, есепте тұрған жоқ. Ресей арнайы қызмет өкілдері оны орындаушы ретінде қарыстырып отырған жоқ. Біздіңше, ол - жарылыс эпицентрінде болған құрбан. Біз ақпарат алмасып жатырмыз, жақын арада белгілі болады" деген.
Нұрғали Білісбековтің сөзіне қарағанда, қазір Ресей қауіпсіздік қызметі терактіге Ресей немесе Қазақстанның азаматы емес, Орталық Азиядан шыққан адамның қатысы бар деген болжамды тексеріп жатыр.
"ТЕРАКТ"
Метрода жарылыс болған сәтте Санкт-Петербургте Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесіп отырған Ресей президенті Владимир Путин «билік жарылысқа себеп боларлық барлық нұсқаларды қарастыратынын, теракт болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайтынын» мәлімдеген.
Ресей бас прокуратурасы өкілі бұл оқиғаны «теракт» деп атады. «Интерфакс» агенттігі Санкт-Петербург метросының «Площадь Восстания» станциясынан да жарылғаш зат табылып, саперлер оны залалсыздандырғанын хабарлады.
Қазір Петербург метросының станцияларында тексеріс күшейіп, жолаушылар кезегі пайда болған. Алматы метросында да қауіпсіздік шаралары күшейтілгені хабарланды.