Путин белгілі бандитке қымбат сағат сыйлады ма?

Швейцариядан келген Сергей Михайлов (ортада) журналистер сауалына жауап беріп тұр. Мәскеу, Шереметьево әуежайы, 12 желтоқсан 1998 жыл.

Ресейдегі атышулы қылмыстық топ жетекшілерінің бірі саналатын Сергей Михайлов «Президент маған өз қолымен қымбат сағат сыйлады» деп мәлімдеді. Кремль бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Ресей президенті Владимир Путин Совет Одағы құлағаннан кейін, «қым-қуыт 1990 жылдары» болған хаос пен қылмысты, «бандиттер капитализмін» көп сынайды.

Алайда сол заманның ең атақты бандиттерінің бірі саналатын Михайлов (Лақап аты «Михась» – ред.) «Ресей басшысы маған өзінің қолы қойылған сағат сыйлады» деп мәлімдеді. Кремль бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕГІ ҮШІН»

Ресейде атағы шыққан «Солнцево» қылмыстық тобының басшысы саналатын Сергей Михайлов өзінің вебсайтында биыл мамырдың 14-і күні «Путиннің қолынан алған» қымбат сағаттың суреті мен құжатын жариялады. Сағатта Ресейдің екі басты қыран бейнеленген гербі және Путиннің қолы бар. Сағатпен бірге берілген сертификатта да Ресей басшысының қолы басылған.

Жеке вебсайтында Михайлов бұл сыйлықты Путин оған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен олардың жесірлеріне және Совет одағы мен Ресейдің мемлекеттік сыйлықтары иегерлеріне жасаған қайырымдылық көмегі үшін бергенін жазады.

Алайда Азаттыққа Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Президент Михайловқа ешқандай сыйлық берген жоқ. Бұл – жалған сөз» дейді. Бірақ Кремльдің бұл ақпаратқа қатысты Михайловқа ескерту жасайтын ойы жоқ. Песков: «Өйтіп қайтеміз? Біз жария түрде ештеңе айтқан жоқпыз. Демек, мұндай оқиға болған жоқ» дейді.

Михайловты Ресей, АҚШ және Еуропа Одағы құқық қорғау органдары Ресейдің қылмыс әлеміндегі ең ықпалды адамдардың қатарына жатқызады. Бірақ ол мафиямен байланысы бар деген айыппен ешқашан жазаға тартылмаған.

Ал Михайловтың өзі президенттен сыйлық алғанын жасырмайды.

Азаттық Михайловтың жақын серігімен хабарласып көрген еді. Аты-жөнін атамаған бұл кісі мәселенің мән-жайын Михайловтың өзінен сұрағанда, ол «барлық ақпарат сайтта тұр, қосымша түсінік берудің қисыны жоқ» деген.

Кремльді сынау арқылы танылған блогер Андрей Мальгин Михайловтың сайтындағы әлгі суреттерді көшіріп таратпағанда, Путиннің қылмыс әлемінің «дөкейі» саналатын адамға сыйлық бергені туралы ақпарат жария болмағандай екен.

Сергей Михайловтың сайтында жарияланған, оның Ресей президенті Владимир Путиннен алған сыйлығы туралы ақпараттың көшірмесі.

Бұл оқиғаға жұрт назары ауған соң Михайлов абырой-беделін қорғау үшін журналистерге ашық хат жазды. Онда Михайлов «Шетелде де, Ресейде де қамауда болғаным рас. Бірақ ұстағандар үнемі менен кешірім сұрап, босатып отырды» деп жазады.

Михайловтың айтуынша, оның қайырымдылық ұйымы кейінгі 20 жыл ішінде қайырымдылық шараларына 100 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Ол «Мұндай мәрттікке Кремльдің назар аударуы ешкімді таңғалдырмауы тиіс... Құрметті журналистер, [Путиннің] маған сыйлық бергені үшін соншама шу көтерудің қажеті бар ма еді? Менің еңбегім сіңген жоқ па?» деп жазған.

«СОЛНЦЕВО» МЕН ШВЕЙЦАРИЯ

Рэкеттің дәурені жүріп тұрған 1980 жылдардың соңында Михайлов «Солнцево» қылмыстық тобының басшысы болды деген ақпарат бар.

Сарапшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, бұл топ Совет Одағы тараған өліара кезеңде жаңа қалыптасып келе жатқан кәсіпкерлерді бопсалаумен, оларға рэкеттік шабуыл жасаумен аты шыққан.

Мәскеудің Солнцево ауданында құрылғандықтан, топ осылай аталып кеткен.

Reuters агенттігінің сол кездегі таратқан ақпаратына қарағанда, Мәскеу қалалық полициясының ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінде лауазымды қызмет атқарған Николай Упоров 1998 жылы Женевада өткен сот процесіне қатысқан. Ол сотта «Михайлов туралы алғаш 1987 жылы естідім. Ол кезде оның «Солнцево» тобы Мәскеу көшелеріндегі дүңгіршектерді «қорғау» үшін олардан ақша бопсалаумен айналысатын» деген куәлік берген.

1989 жылы Михайлов пен «Солнцево» тобының басқа да мүшелеріне «ақша бопсалаумен айналысты» деген айып тағылып, тұтқындалады. Алайда куәгерлер оларға қарсы куәлік етуден бас тартып, қылмыстық іс тоқтап қалған. Упоровтың айтуынша, «кейіннен бұл топ «жұмысын» кеңейтіп, қару-жарақ және есірткі тасымалдаумен де айналыса бастаған».

Михайлов кейіннен Ресейден Швейцарияға көшіп кетеді. 1996 жылы полиция оны «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыппен қайта тұтқындайды. Сол уақыттары Швейцария прокуратурасы куәгер етіп шақырмақшы болып отырған Вадим Розенбаумның мәйіті (атып кеткен – ред.) Нидерландтың Ойрчот қаласындағы үйінен табылды.

Сот процесі кезінде бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары жасалды. Тіпті куәгерлердің үстіне оқ өткізбейтін арнайы кеудеше кигізілді. Швейцарияның алқабилер соты дәлелдер жетіспегеннен кейін Михайловты жазықсыз деп, ақтап шығарды. Женева соты біраз уақыт қамауда ұстап, табысынан айырғаны үшін сол кантонның прокуратурасын Михайловқа бірнеше жүз мың доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сергей Михайлов Швейцариядан Мәскеу әуежайына ұшып келген беті журналистермен кездесіп тұр. 12 желтоқсан 1998 жыл

Сол кезде Швейцария басшылығы Ресейдегі әріптестерінің істі тергеуге көмектесуге құлықсыз болғанын айтып шағымданған. Ал 1999 жылы Ресейдің бас прокуроры «екі елдің арасында дұрыс байланыс болмағандықтан, айыпкер ақталып шықты» деп мәлімдеді.

2002 жылы Ресейдің ұйымдасқан қылмыспен күрес полициясы «бопсалау» және «кісі ұрлау» ісі бойынша Михайловтың үйін тінтті. Бірақ оған ешқандай айып тағылған жоқ.

Одан беріректе, АҚШ үкіметінің 2012 жылғы құпия құжаттарында «Солнцево» тобы туралы мәліметтер болған. Мұны әйгілі Wikileaks сайты жарыққа шығарып, оны The Guardian газеті жариялап жіберді.

Сол құпия хатта сарапшы «Ресей ішкі істер министрінің де, федералдық қауіпсіздік қызметінің де осы қылмыстық топпен жақын байланысы бар» екенін, «топқа ФСБ-ның өзі қолдау көрсететінін» жазған.

Михайловтың өзі «адал кәсіпкер» екенін, «Солнцево» тобымен «ешқандай байланысы жоқ» екенін қайталаумен келеді.

«САҒАТТЫ ПУТИН ӨЗІ БЕРМЕГЕН»

Путин билікте болған 15 жыл ішінде Михайлов Ресейдің саяси, әскери, бизнес және діни элитасымен байланыс орнатып үлгергенге ұқсайды.

Жеке вебсайтында ол танымал депутаттармен, Ресей православ шіркеуінің басшыларымен, соның ішінде қызметінен кеткен Патриарх Алексей ІІ-мен түскен суреттерін жариялаған. Бұған қоса сайтта оның әйгілі боксшы Майк Тайсонмен түскен фотолары да тұр.

Сергей Михайловтың сайтынан алынған скриншот.

Михайловтың сайтындағы ақпаратына қарағанда, ол Ресей Украинаның Қырым аймағын қосып алардан төрт күн бұрын Ресейдің «қайта бірігуі» құрметіне медаль алған. Оны Михайловқа «Совет және Ресей әскери-теңіз флотының бұрынғы командирі, адмирал Владимир Чернавин тапсырған».

Ресейдегі ұйымдасқан қылмысты зерттеп жүрген сарапшы, Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти «Михайловтың элитамен тығыз байланыс орнатқаны рас. Бірақ Ресейде де, шетелде де мафиямен байланысы жиі айтылатын адамға Путиннің өз қолы қойылған сыйлық беріп, құрмет көрсетуі екіталай» дейді.

«Кремль «Михасьтің» бизнес империясының қылмыстарын кейіннен естігенсіп, [сыйлық бергені үшін] ақталып отырғысы келмейді» дейді профессор.

«Новая газетаның» қылмыс туралы мақалалар жазатын тілшісі Сергей Каневтің болжауынша, «Михайлов бұл сағатты президенттің немесе премьер-министрдің атынан сыйлық жасайтын бір ұйымнан алуы мүмкін».

«Путин өз атының мұндай жерде шыққанын қаламайды» дейді журналист.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)