Шешенстанның бөлінуін қолдаушылар көбейді

Владимир Путин мен Рамзан Қадыровтың суреті. Грозный, 7 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ресейдің әрбір екінші тұрғыны Шешенстанның бөлінуіне қарсы емес» дейді ел тұрғындары арасында сауалнама жүргізген ұйым.
«Левада-центр» мемлекеттік емес тәуелсіз зерттеу ұйымы өткізген сауалнамаға қатысқан ресейліктердің жартысы Шешенстанның Ресейден бөлінуіне қарсы емес екенін айтты. Ұйымның сөзінше, сауалнама нәтижесі Кремльдің Солтүстік Кавказдағы саясатына халықтың наразы екенін көрсетеді.

ПУТИННІҢ САЯСАТЫНА НАРАЗЫЛЫҚ

Ресей аумағында жүргізіліп, шілденің 1-інде жарияланған сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 24 пайызы Шешенстан Ресейден бөлінсе, «қуанатындарын» айтқан. 2009 жылы бұл көрсеткіш 14 пайызды ғана құраған.

Сауалнамаға қатысқан ресейліктердің 27 пайызы «Шешенстанның бөлінуі маған әсер етпейді» дейді. 1998 жылы респонденттердің 11 пайызы ғана осындай пікірде еді.

«Левада-Центр» ұйымының әлеуметтанушысы Лев Гудковтың пікірінше, «сауалнама нәтижесі президент Владимир Путиннің Шешенстандағы саясатына

Шешенстандағы Ахмад Қадыровтың музейі. Грозный, 2013 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

қатысты қоғам наразылығы күшейе бастағанын көрсетеді».

Путиннің Ресейде шешен сепаратистеріне қарсы екінші соғыс басталған 1999 жылы билікке жеткен еді. Кремль содан соң Шешенстанның билеушісі етіп бұрынғы көтерілісші, қастандықтан қаза тапқан Шешенстан президенті Ахмад Қадыровтың ұлы, қатал Рамзан Қадыровты тағайындады.

– Екінші шешен соғысынан кейін жағдай ушықты, Шешенстанды Ресей федерациясының құрамынан көргісі келетін адамдар азайды. Әртүрлі жауаптарды салыстырып қарасақ, тұрғындардың жартысы Шешенстанның бөлінуіне қарсы емес. Бұл Путиннің Солтүстік Кавказда теріс саясат жүргізгенін көрсетеді, – дейді Лев Гудков.

ҚАДЫРОВ БАСҚАША ОЙЛАЙДЫ

Сауалнама көрсеткендей, Ресейдің Шешенстандағы әскери әрекетін қолдайтындардың саны да кеміген. 2005 жылы респонденттердің 23 пайызы шешендер бүлігі «кез-келген әдіспен, соның ішінде әскери амалмен де басып-жаншылуы тиіс» десе, қазір ол пікірді тек 10 пайызы ғана қолдайды.

Сауалнама толтырғандардың 52 пайызы Солтүстік Кавказ тарапынан соңғы 10 жылда қауіп азаймады десе, 72 пайызы Шешенстанды «бүлікшіл, шиеленісті аймақ» деп біледі.

Бірақ бұл сауалнама қорытындысы өзін Шешенстанның бейбітшілігі мен тұрақтылығының кепілі санайтын Рамзан Қадыровқа ұнамады. Оның баспасөз хатшысы Альви Каримов Азаттыққа берген жауабында:

– Бұл сауалнама қазіргі Шешенстандағы нақты жағдайды бейнелемейді. Қазір Шешен республикасы – тұрақты, тыныш аймақ. Мен «Левада-Центрдің» дерегіне мүлдем сенбеймін, тіпті оны Ресейдің тағдырына алаңдайтын, тұрақтылығы мен болашағын көздейтін адамдар дайындады деп ойламаймын, – деді.

Азаттық тілшісі Клэр Биггтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.