Accessibility links

Ұлыбритания барлауы: Закаев бір өлімнен қалды


Ахмед Закаев, қуғынға ұшыраған шешен саясаткері. Лондон, 12 тамыз 2009 жыл
Ахмед Закаев, қуғынға ұшыраған шешен саясаткері. Лондон, 12 тамыз 2009 жыл

Ұлыбританияның арнайы қызметі қуғынға ұшырағалы бері Лондонда тұратын Шешенстанның оппозицияшыл саясаткері Ахмед Закаевқа жасалмақ болған қастандық әрекетін әшкереледік деп мәлімдеді.

Ұлыбританияның барлау қызметі Лондонда тұратын, қуғынға ұшыраған оппозицияшыл шешен саясаткері Ахмед Закаевқа жасалмақ болған қастандықтың алдын алдық деп хабарлады. Sunday Telegraph ("Сандей телеграф" - ред.) газетінің жазуынша, MI5 ("Эм Ай Файв" - ред.) барлау кеңсесі Ахмед Закаевтың өлімін тілеп отырған адам Шешенстан президенті Рамзан Қадыров деп қауіптенеді.

E1-дің ЖҮЗЕГЕ АСПАҒАН ЖОСПАРЫ

Ахмед Закаевтың өзі бұл жаңалыққа таң қалмағанын айтты. Sunday Telegraph сәуірдің 1-і таратқан ақпарат бойынша редакция қызметкері көрген құжатта MI5 ұйымы қастандық жоспарын сипаттап, Қадыровтың Закаевты өлтіргісі келетіні туралы алаң білдіреді.

Ахмед Закаев Азаттық радиосына берген сұхбатында мұндай қастандықтың бұрын да жасалмақ болғанын айтты.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров туған күніне арналған салтанатты жиында сахнада билеп тұр. Грозный, 5 қазан 2012 жыл
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров туған күніне арналған салтанатты жиында сахнада билеп тұр. Грозный, 5 қазан 2012 жыл

- Олар маған тұрақты түрде қауіп-қатер туралы хабарлап тұрады. Не істеуім керектігі жөнінде кеңес береді. Бұл жеті, я сегіз жыл бойы жалғасып келе жатқан жағдай. Ресейде қылмыстық режим қала берсе, осылайша жалғаса да береді, - деді Закаев.

Sunday Telegraph-тың мәліметі бойынша Қадыров Закаевты өлтіруді E1 ("И-уан" - ред.) деген атау берілген лондондық қарапайым тұрғынға тапсырған.

Ұлыбританияның полициясы 2010 жылы ол адамды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деп елден шығарып жібергісі келген екен. Бірақ жергілікті сот оның елде қала беруіне рұқсат еткен деп жазады Sunday Telegraph.

E1 туралы азды-көпті мәлімет мынадай: ол - 45 жасар орыс, 2003 жылы Ұлыбританияға отбасымен бірге келіп, Шешенстандағы соғысқа байланысты саяси баспана сұраған. Алты баласы бар, өзін Шешенстанда Ресейге қарсы соғысқан адам ретінде сипаттаған.

Закаев E1-дің кім екенін іштей шамалайды, бірақ ашып ештеңе айтпайды.

"БІЗ ҚАДЫРОВҚА КЕРЕКПІЗ"

Қадыровтың өкілі Sunday Telegraph-тың мәліметін жоққа шығарды. Алви Каримов есімді өкіл Азаттық радиосына:

- Ресейге қатыстылығы туралы айтсақ, бұл - ешқандай қисыны жоқ өтірік. Өйткені Ресейде Закаевтың ешкімге керегі жоқ. Закаев саясаткер емес, ешқандай да сепаратистердің жетекшісі де емес. Ешқандай сепаратистер де жоқ, - деді.

Закаевтың өзі де Қадыровтың қастандыққа қатысы бар деген мәліметке сеніңкіремейді. Оның айтуынша, Шешенстан басшысына бұдан ешқандай пайда жоқ.
Рамзан Қадыров кабинетінде Владимир Путиннің қайта сайланғаны туралы ақпаратқа қол соғып тұр. Грозный, 5 наурыз 2012 жыл
Рамзан Қадыров кабинетінде Владимир Путиннің қайта сайланғаны туралы ақпаратқа қол соғып тұр. Грозный, 5 наурыз 2012 жыл

- Бізді құрту - оның мүддесімен үйлеспейтін іс. Шешен халқының өз болашағын өзі анықтауы үшін күресіп жүрген адамдар барда ол Кремльге керек. Өйткені ол қарама-қарсы әрекет жасап отыр. Өзі де мұны жақсы біледі, - деді Закаев Азаттық радиосына.

Шешенстанның Ресейден бөлініп шығуын талап еткен, ресми мойындалмаған Ичкерия үкіметінің мүшесі болған Ахмед Закаевты экстрадициялау туралы Кремль көптен бері сұрау салып келеді. Ұлыбритания Закаевты Ресейге қайтармай отыр. Себебі саясаткер еліне табыс етілсе, оны түрмеде азаптауы мүмкін деп қауіптенеді.

2001 жылы Закаевқа терроризм және адам өлтіру бойынша айыптар тағылып, оған Ресейде федералдық және халықаралық іздеу жарияланған еді.

Кейбір сарапшылар қастандық туралы жоспардың болғанына сенбейді. Азаттық радиосының Солтүстік Кавказ бойынша эксперті Андрей Бабицкий MI5 ұйымының мәліметі дұрыс болуы мүмкін дейді.

- Закаев Ичкерия идеясын жақтаушылардың басын қосатын тұлға, Қадыровтың жанын тыншытпайтын мәселе де осы, - дейді ол.

Sunday Telegraph-тың жазуынша, MI5 өкілдері E1 атты адам Қадыровтың бұрынғы кежеуілі (жеке күзетшісі - ред.) Умар Исраиловты өлтіруге де қатысқан.

Исраилов Шешенстан басшысын ашық түрде сынап, Страсбургтегі Адам құқықтары бойынша еуропалық сотта азаптау шағымы бойынша Қадыров туралы куәлік берген еді.

Оны 2009 жылы Венада жүрген кезінде төрт шешен жігіт ұстап алмақ болып қуалап, ақыры көшеде атып кеткен еді.
XS
SM
MD
LG