2016 жылы мамырда Бақшасарайда Қырым татарлары арасында жаппай тінту жүргізіліп, кейбірі ұсталған еді. Ақыры ФСБ (Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ислам партиясының мүшелері деп айыптап, жергілікті төрт тұрғынды тұтқындады. Сол күні Бақшасарайдағы үйінде Қырым татарларының Межлис басшысының орынбасары Ильми Умеровті ұстап әкетті. Тергеу үшін оны Симферопольге апарып, оған сепаратизм бабы бойынша, яғни "Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға шақырды" (Ресей қылмыстық кодексінің 280.1-бабы: "Ресей Федерациясының территориялық тұтастығын бұзуды көздейтін әрекеттерге жария түрде шақыру") деген айып тағылды.
Қырымның сол кездегі прокуроры Наталья Поклонская Умеров ісіне қатысты "2016 жылы наурызда Украинаға барған кезінде азамат Умеров украиналық АТR телеарнасының тікелей эфирінде сөз сөйлеп, Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға жария түрде шақырған. Кейін Умеровтің әлгі сөзі интернет желісінде жарияланды" деп комментарий берген.
Умеровті бес жылға дейін соттауы мүмкін деп болжанған. Симферополь аудандық сотында маусым айында басталған сот процесінің аяғына қарай прокурор Денис Семенчук оны шартты жазамен үш жарым жылға соттауды және кез келген қоғамдық қызметпен айналысуына үш жылға тыйым салуды сұраған.
...судья шартты жазаның орнына екі жылға қоныс-колонияға қамау туралы үкім кесті.
Бірақ Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің сот залынан хабарлауынша, судья шартты жазаның орнына екі жылға қоныс-колонияға қамау туралы үкім кесті. Умеров жазықсыз екенін мәлімдеуден танбай келеді, ал адвокаттары "кез келген айыптау үкіміне шағымданатындарын" деп мәлімдеп үлгерді.
Тараптардың жарыссөзі кезінде Умеров "Өзімді Украинаның ғана азаматымын деп санаймын. 2014 жылы әлгі "референдумға" да, "қосылуға" да, одан кейін болған жайттардың бәріне ашық қарсы болғанмын. Аннексияны - аннексия, ал орнаған үкіметті – оккупациялық билік деп атаймын. 1991 жылғы - СССР ыдыраған кездегі шекараны қайта қалпына келтіру қажет деп санаймын. Ол бүкіл әлем мойындаған әрі Украина мен Ресей арасындағы тиісті құжаттарда бекітілген шекара болатын" деп мәлімдеген.
Межлис төрағасының орынбасары сепаратизм бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қудалау басталған сәттен бері осы позициясынан, 2014 жылғы оқиғалардан кейін сол күйі өзгертілмеген Ресей мен Украина арасындағы "Шекара туралы" келісім-шартқа, халықаралық ұйымдардың түбектің Ресей құзырына өткенін мойындамайтыны туралы ресми мәлімдемелеріне сілтеме жасаудан танбай келеді. Тергеу амалдары және сот процесі кезінде БҰҰ-ның Бас ассамблеясының «Украинаның территориялық тұтастығы туралы» 68/262 қарары, БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық сотының Қырымда тұратын Қырым татарлары мен украиналықтарды «қорғансыздар» деп атаған сәуірдегі шешімі сияқты мұндай мәлімдемелер тіпті көбейді. Умеровтің адвокаттары әлгі қарарлар мен мәлімдемелердің мәтіндерін іс материалдарына тіркетуге тырысқанымен, сот Межлис төрағасы орынбасарына тағылған айыпқа олардың қатысы жоқ деген уәжбен тіркеуден бас тартқан.
2016 жылғы наурыздың 19-ы күні Қырым татарларының АТR телеарнасы студиясында берген сұхбатынан кейін Умеровке ресми айып тағылған болатын. Ол кезде телеарна Қырымда жұмыс істеген, бірақ бірнеше тінтуден кейін әрі «Роскомнадзор» (Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі – ред.) Ресейде хабар таратуға лицензия бермей қойған соң Киевке көшуге мәжбүр болған. Айыптау ұйғарымында эфир кезінде Умеров "Ресей Федерациясына және Қырым Республикасының оның құрамына жаңа субъект ретінде кіру фактісіне деген саяси өшпенділікпен..., саны шексіз адамдардың сана-сезімі мен еркіне жария түрде ықпал ету және оларды экстремистік әрекеттерге итермелеу мақсатында... Ресей Федерациясының территориялық тұтастығын бұзуға, атап айтқанда, Қырым Республикасын Украинаның құзырына қайтаруды көздейтін әрекеттерге шақырған" деп жазылған.
...Умеровтің әлгі сөйлемді бұлай айтпағаны, ал айып тағылған сәтте YouTube желісінде әлгі эфирді "саны шексіз адам"емес, 711 адам көргені анықталды.
Ресейлік күш қолдану құрылымдары Умеровті көбінесе Ресейге қарсы санкцияны күшейткісі келгеніне және "Ресейді Қырымнан, Донбас пен Луганскіден кетуге мәжбүрлеу керек" деген сөзіне бола айыптайды. Сот процесі кезінде Умеровтің әлгі сөйлемді бұлай айтпағаны, ал айып тағылған сәтте YouTube желісінде әлгі эфирді "саны шексіз адам"емес, 711 адам көргені анықталды. Шамамен 40 минутқа созылған жазбада Умеров Қырым татарлары тілінде сөйлеген. Оның сөзінің ұсақ жазумен жазылған аудармасы іс материалдарында 10 бетті алады.
Тергеу кезінде Умеров қылмыстық іс қозғауға келіспейтінін мәлімдеп, сотқа жүгінген, бірақ ол әрекетінен түк шықпаған. 2016 жылғы мамырда одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Умеровтің сөзінде сепаратизмге шақыру белгілері бар я жоғын анықтау үшін ФСБ лингвистикалық сараптама жасауды өзінің маманы Ольга Ивановаға тапсырды. Сарапшы "бар" деген ұйғарым шығарған. Тағы бір сарапшы Умеровтің төлқұжаты мен АТR эфирінде сөйлеген "қысқа етіп қиылған ақсары шашты, ашық түсті жейде мен классикалық пиджак киген және галстук таққан ер адамды" салыстырып,"екеуі - бір адам" деп тапты. Ақыры тергеуші сот-психиатриялық сараптама өткізуге мүмкіндік беруді сұрап жүгінді, сот рұқсат бергенімен, Умеров өз еркімен сараптамадан өтуден бас тартты. Тамыздың 11-і күні тергеуші талабы қаралған сот отырысы кезінде ол өзін жайсыз сезінген соң жедел жәрдем келіп, Межлис төрағасының орынбасарын ауруханаға апарып жатқызды. Бір аптадан кейін ФСБ қызметкерлері оны ауруханадан алып кетіп, психиатриялық клиникаға жатқызды, Умеров ол жерде бір айдай қамауда болды.
Умеровтің телефонын клиникаға түскен күні тартып алып, сәлемдеме алуға, туыстарымен жолығуға тыйым салған. Әлгі клиниканың палаталарында есік жоқ, Умеров үнемі науқастардың ортасында болған. Жаздың ыстығында олар даладағы қатар-қатар қойылған кереуеттерде жатып ұйықтаған. Умеровке палатада жеке заттарын сақтауға рұқсат бермей әрі оған өзге науқастарға қарағандай қараған. Ол психикаға әсер ететін препараттар беруі мүмкін деген қауіппен аурухана тамағынан бас тартқан болатын.
Сараптама жасаудың орнына онымен дәрігерлер жиі-жиі сұхбат өткізген.
Сондай сұхбаттардың бірінде дәрігер оған "Қаталестім деп мойындай салсаңыз болды, сізді бәрі жайыңызға қалдырады" деп мәлімдеген. Бірнеше күннен кейін Умеровтің жағдайы мүлде нашарлап, есінен танып қалған. Әлгі ақпарат БАҚ-та тарап кеткеннен кейін оның туыстарына тергеуші Игорь Скрипка енді ол кісіге дұрысырақ жағдай жасалады деп уәде еткен. Умеровке әжетхананың жеке кілтін беріп, телефон соғуына және туыстары әкелген ас-ауқатпен күніне екі рет тамақтануға рұсқат еткен.
Умеров клиникада 21 күн жатты. Бұл кезде құқық қорғаушылар мен Батыс елдерінің саясаткерлері жазалаушы психиатрия Ресей арнайы қызметінің жұмыс тәсілі ретінде қайта күшіне енді деп айта бастады.
Умеров клиникада 21 күн жатты. Бұл кезде құқық қорғаушылар мен Батыс елдерінің саясаткерлері жазалаушы психиатрия Ресей арнайы қызметінің жұмыс тәсілі ретінде қайта күшіне енді деп айта бастады. Бұл жайлы СNN телеарнасына берген сұхбатында Украина президенті Петр Порошенко де айтты. Умеровті қудалауды президент жанындағы адам құқығы кеңесінің мүшесі Максим Шевченко мұны «жазалаушы психиатрияның қайта оралуы» деп атады. Шевченко "Егер тергеу мүддесінде шын мәнінде жазалаушы психиатрияға көшсе, бұл – жантүршігерлік симптом. Егер бұған Қырым билігі немесе күш құрылымдары рұқсатымен жасалса, бұл - қылмыс" деген болатын. Ол Умеровті қудалау жайлы Владимир Путинге жеткізуге уәде еткен, бірақ хабарлады ма, жоқ па - белгісіз. "Мемориал" құқық қорғау орталығы Умеровке қарсы істі саяси астары бар іс, ал күш құрылымдарының әрекетін заңсыз деп атаған. Еуропа Одағы мен АҚШ-тың мемлекеттік департаменті өкілдері жазалаушы медицинаның қолданылуына алаңдаушылық білдірді. Сотта Умеров "сараптама өткізуді мені қорқытып-үркітуді, сағымды сындырып, рухымды түсіруді және қорлап-кемсітуді көздейтін "бүтіндей азаптау" деп бағалаймын" деп мәлімдеген.
Межлис төрағасының орынбасарының ақыл-есі дұрыс деп танылып, сот процесі шамамен бір жылдан кейін басталды. Сотта Умеровтің мүддесін жергілікті адвокаттар - биыл Front Line Defenders құқық қорғау саласындағы сыйлығын алған Эмиль Курбединов және Эдем Семедляев, Мәскеуден барған Марк Фейгин қорғады. Оны тағы бір адвокат - "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды" деп айыпталатын Межлис төрағасының тағы бір орынбасары Ахтем Чийгозды қорғап жатқан Николай Полозов та қорғауы тиіс болған. Қырым татарларының сепаратизмге қарсы 2014 жылғы наурыздағы митингісін тергеушілер мен сот осылай деп атаған. Бірақ Полозовты іске жолатпай қойды, сондықтан сотта ол куәгер ретінде жауапталды. 2017 жылы қыста Қырымның жоғарғы сотының судьясы Юрий Латынин тергеуші Скрипкаға Умеровтің ісі бойынша Полозовты куәгер ретінде тергеуге рұқсат етті. Полозов мұны адвокаттық құпияға жасалған қастық деп атады, ал тергеуші адвокатқа "Умеров Межлис мүшесі ме, жоқ па?" деген жалғыз сұрақ қойғысы келген екен.Умеровті қорғаушылар тобына ең соңғы болып диссидент әрі публицист, Совет заманындағы жазалаушы психиатрияны зерттеп жүрген маман Александр Подрабинек қосылды. Мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Олег Саргинов қарсылық білдірді.
Қырымның жоғарғы соты Межлис қызметіне бұл ұйымды "Ресейге қарсы" деп атаған Наталья Поклонскаяның ұсынысымен тыйым салған еді. 2016 жылғы қыркүйекте Ресей жоғарғы соты тыйымды бекітіп, ұйым мүшелері экстермизмге қарсы заңмен қудалана бастады. Алты айдан кейін БҰҰ-ның халықаралық соты Мәскеуді Межлиске салынған тыйымды жоюды міндеттеді, бірақ Қырым татарлары белсенділері тыйымды қайта қарау туралы Қырым жоғарғы сотына арызданғанымен, Ресей әлгі шешімді орындауға асықпай отыр.
Сотта айыптаушы тараптың негізгі куәгері – Умеровтің ісіне қатысты сараптама ұйғарымын әзірлеген ФСБ сарапшысы Ольга Иванова тергелді. Сепаратизмге қатысты айыпталған журналист Николай Семенаның ісі бойынша да сараптаманы сол кісі жүргізген болатын. Адвокаттар әлгі іске қатысты сараптамалық ұйғарымнан 72 грамматикалық қате тапты, ал рецензент Иванованы біліксіз маман деп атады. Бірақ ол кісінің Умеровтің сөзіндегі сепаратизм туралы пікірі айыптауға бәрібір негіз болды. Сотта Иванова "Мәтіннің жалпы бағытына қарап сепаратизмге шақыру белгілері бар деген тұжырым жасауға болады" деп мәлімдеді.
Иванова Умеровтің Қырым татарлары тілінде сөйлеген сөзінің орысша аудармасына сараптама жасап, оны стенограмма деп атайды. Аудармашы Хубедин Салединовті тергеуден кейін Умеровтің сөзіне еркін аударма жасалғаны, стенограммаға ұқсамайтыны анықталды. Умеров ісін тергеуге қатысты адамдардың ішінде Қырым татарлары тілін 2014 жылға дейін Украина қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеп, Қырым татарларына қатысты мәселелермен айналысқан ФСБ-ның жедел уәкілі Владимир Шевченко ғана біледі. Тергеу хаттамасында ол "жедел ақпарат алғанын" мәлімдейді, ал сотта "Умеровтің сөзін БАҚ-тағы жазбаларды бақылап отырып өзім таптым" деп мәлімдеді. Айыпталушы мұны "сөз тасу" деп атады.
Тәржімашы Салединовті екі күн тергеді, сот залындағы экраннан трансляция жасалған Умеровтің сөзін тәржімашы орыс тілінде айтып үлгеру үшін әр сөз сайын бөліп жіберіп отырды. Мәтінді Қырым татарлары тілінде мүлде ешкім жасаған жоқ, Салединов мәтінді ФСБ үшін де ауызша аударған. Тәржімашы шатасып, сөздерді ұмытып қала берген соң оған залда отырғандар көмектесті, ал жасауылдар тыныштық сақтауға шақырумен болды. Салединов Умеровтің даулы сөйлемін "Ресей Қырым мен Донбастан кетуі үшін олардың ықпалы керек, болуы тиіс" деп аударды.
Тәржімашының жаңылыса бергені қитығына тиген судья Андрей Кулишов "Бұл сөзбе-сөз аударма екеніне сенімдісіз бе? Аударма қиыспай тұрғанын байқап тұрсыз ғой" деп сұрады. Умеров аудармаға қатысты орыс тіліндегі "надо" деген сөзді айтқаным жоқ» деп мәлімдеп, Салединовтан "надо" сөзі Қырым татарлары тілінде қалай айтылатынын сұрады. Тәржімашы не дерін білмей бөгеліп қалып еді, залдағы жұрт "керек" деп айтады" деп дауыстады. Салединов бұл сөз Умеровтің сөзінде жоқ екенін мойындады, ал тергеу соңында " Музыка деген бе, Скрипка деген бе - әлгі тергеуші хаттамаға қайтадан қол қойдыру үшін мені үш-төрт мәрте шақырған. Мәтінді сол кісі өзгертіп жіберген шығар. Мітінде айырмашылық болса, соның кінәсі" деп түсіндірді. Прокурор шыдай алмай тергеушіні сотта тергеуді талап етті.
Игорь Скрипка сотта күйгелектеніп тұрды әрі сұрақтардың көбіне "ұмытып қалдым, бірақ қарауға болады, тексеруге болады" деп жауап берді. Сотта бірнеше куә ФСБ-ға бір рет қана барғандарын, ал іс материалдарында мәтіні бірдей бірнеше тергеу хаттамасы бар екенін мәлімдеді. Бұған Скрипка "Өздерінің сөздері ғой, менің не қатысым бар, мен олардың айтқандарын ғана жаздым" деп жауап берді. Ал тәржімашыны жала жауып тұр деп айыптап, ауызша аударғандарын ілесе жазып отырдым деп мәлімдеді. Салединовті екінші мәрте шақырды. Ол қорқып, сенімді түрде ештеңені растай алмаймын деп түсіндірді. Тәржімашыны тергеуден кейін Умеров "Біз әлі жұмысты бастағанымыз да жоқ, ал іс қазірден күйреп жатыр" деп мәлімдеді.
Қорғаушы тараптан сөйлеген сегіз адамның бәрі - Умеровтің сөзін түсінетін Қырым татарлары. Куәгерлердің бірі Нариман Джелял "Ол кісі Ресей Қырым мен Донбастан өзі кетуді ұйғаратындай ету үшін санкциялар қолдануға болады деп болжады. Ол Украина мен Ресей шекарасын халықаралық деңгейде танылған форматта қалпына келтіруді жақтап сөз сөйледі" деді. Тараптар жарысссөзі кезінде адвокат Семедляев "Куәлердің бәрі Қырым татарлары тілін біледі. Умеров қатысқан хабарды куәлердің бәрі көрген, бірақ олардың ешқайсысы Ресей Федерациясының территориялық тұтастығын бұзуды көздейтін әрекеттерге шақырды деп санамайды" деді.
- Ежелгі грек философы Аристотель «сөз – адамның ең мықты қаруы» деген. Ал ойшыл әрі ақын Омар Хайям ...- деп бастаған прокурор сөзінің соңында Умеровті шартты жазамен үш жарым жылға соттауға және қоғамдық қызметпен айналысуға үш жыл тыйым салуды сұрады.
Умеров кінәсіз екенін тағы мәлімдеді. "Менің үстімнен қозғалған бұл іс менің позициям үшін, пікірім үшін, Қырымның Ресей Федерациясы құзырында екенін мойындамайтынымды ашық айтқаным үшін ойдан құрастырылған деп мәлімдеймін. ФСБ сарапшысы үндеуге балаған "керек"сөзін ATR телеарнасында айтқаным жоқ, мұны сотта аудармашы да айтты" деп мәлімдеді. Ақырында Умеров тіпті материалдарды бұрмалағаны үшін Скрипка мен Иванованың үстінен қылмыстық іс қозғау жайлы жеке қаулы шығаруды талап етті.
Сот кезінде Александр Подрабинек қылмыстық кодекстің сепаратизм туралы 280.1-бабы конституцияның сөз еркіндігіне кепілдік беретін 29-бабына қаншалықты сәйкес келетінін түсіндіруін сұрап, Ресейдің конституциялық сотына сауал жолдауды ұсынған еді. Сот оның өтінішінен бас тартты.
- Сотқа Ресей конституциясына емес, қылмыстық кодекске сүйену қолайлырақ екенін түсіндім. Ойдан жалған айғақтар құрастырып, заңсыз үкім шығарғандарды қылмыстық жауапқа тарту мәселесін көтеру керек. Өйткені сот төрелігіне қарсы қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс, - деді қорғаушы жарыссөз кезінде.
Киевте орналасқан Қырым автономиялық республикасының прокуратурасы Украина тарабы атынан Умеровтің ісіне қатысты «прокурорлардың бірі күдікке ілінді» деп жариялады.Украинаның Қырым автономиялық республикасындағы өкілі Александр Даракчи тамыз айында "Іске қатысып жатқан прокурорлардың біріне қатысты күдік тудыратыны жайлы жоба әзірленді. Бұдан бөлек, істің түгелдей ойдан құрастырылғанын дәлелдейтін айғақтар жиналып жатыр. Айыптауды қолдайтын прокурор ғана емес, судья да күмән тудыратыны туралы жуырда айта аламыз" деп мәлімдеген болатын. Прокурор мемлекеттік опасыздық бабы бойынша күдікке ілінген, бірақ оның аты-жөні аталмаған. Бұл күдік процестің ең басында мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Олег Саргиновке қатысты болса керек. Украиналық әріптестері оның әрекетін "бүлдіргіш" деп атап, "Умеровтің үстінен қозғалған қылмыстық іс материалдарын бұрмалады" деп айыптаған.
- Өзімді Ресейдің алдында қандай да бір кінәм бар деп санамаймын! Оның алдында мен емес, менің алдымда ол кінәлі! Менің отаным – Қырымға басқыншылық жасап, аннексиялап алып, Украинаға қарсы агрессиялық акт жасады! Бүгін Қырымда сатқындық жасамағандарды Украинаға сатқындық жасағандар соттап жатыр. Сатқындар патриоттарды соттап жатыр. Қандай үкім шыққанына қарамастан күрес жалғаса береді. Қырым татарлары бұл жерде бүкіл өркениетті әлемнің қауіпсіздігін қорғап отыр. Егер Ресейдің Украина мен Қырымға қатысты агрессиясы жазасыз қалса, бұл прецедентке айналып, бүкіл әлемдік тәртіп бұзылады, – деп мәлімдеді Ильми Умеров соңғы сөзінде.
Ильми Умеров сөзін "Гаагада кездескенше" деп аяқтады.
Азаттық тілшісі Антон Наумлюктің мақаласы орыс тілінен аударылды.