Гуково қаласындағы шахтерлерге ақшаны төлеу туралы уәде берілгеніне алты айдан асты. Енді проблеманы шешуге аймақ және федералдық билік араласты. Бірақ уақыт өтіп жатыр, ал жұрттың коммуналдық қызмет орындарына қарызы мен несиелерінің пайызы көбейіп барады. Бір мыңға жуық адам жұмыссыз қалған. Көптеген отбасы қарт әке-шешесінің зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдердің арқасында ғана күн көріп отыр.
Гуково, қаңтардың 11-і, балалар шығармашылығы үйі. Залға ерлер мен әйелдер, жастар мен зейнеткерлер - жүздеген адам жиналды. Олардың бәрі - Kingcoal ("Кингкоул" - ред.) компаниясына қарасты кәсіпорындардың бұрынғы жұмысшылары. Олар шенеуніктермен, конкурстық басқарушылармен кездесуге, ауыр еңбекпен тапқан ақшасын қашан алатындарын сұрауға келген.
– Күйеуім екеуміз ақырына дейін жұмыс істедік. Өйткені қайда барамыз, өзге жұмыс жоқ, ал менің екі балам бар. Бірақ күйеуім 2015 жылдың жазында шахтаға жұмысқа тұрғалы жалақы алған жоқ. Олар маған - 162 мың, ал оған 583 мың рубль қарыз. Жыл аяғында екі айдың жалақысын аударған, бірақ ол неге жетеді? Әке-шешеміздің арқасында амалдап әрең отырмыз, сол кісілерге рахмет, - дейді «Замчалов» шахтасының табель толтырушысы Алла Тарарыкова.
2012 жылдың аяғында Kingcoal компаниясы Ростов облысындағы көмір өндіретін бірнеше кәсіпорынның иесіне айналған. Төрт шахта - «Алмаз», «Ростов», «Замчалов» және «Гуково», одан бөлек, «Замчалов» кен байыту фабрикасы ертеректе Михаил Гуцериевтің «Русский уголь» концерніне тиесілі болған. Мәміле сомасы жарияланған жоқ. «Гуково» шахтасы үш жылдан бері тоқтап тұр. Ал қалғандарының жабдықтарын толық жаңалау қажет. Kingcoal компаниясы 2014 жылға қарай 4 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлаған болатын. Ал тағы екі жылдан кейін бұл көлемді тағы 30 пайызға көбейтіп, Оңтүстік федералдық округтің көмір нарығының жартысын жаулап алу көзделген.
– Жаңа инвесторды әскери оркестрмен қарсы алып тойлаған едік. Әуеге шар ұшырып, бізге бәрі жақсы болады деп уәде еткен, - дейді Алла Тарарыкова.
2013 жылы жаңа инвестор кен ұңғылау және көмірді қайта өңдеу құрал-жабдықтарын өз ақшасы есебінен және қарызға алып, бір миллиардтай рубль жұмсаған. Тағы бір жылдан кейін жаңа лаваны (пайдалы кен өндіретін тау-кен қазбасы. - Азаттық) пайдалануға берген. Бірақ жар салып жарияланған жоспарлар ақыры орындалмай қалды. Kingcoal алдын ала хабарланған көлемге сол күйі жете алмай, ал қарыз берген кредиторлардан көп ұзамай талап-арыздар түсе бастады.
Шахтерлердің айтуынша, жалақыны кешіктіру 2014 жылдың өзінде басталған.
– Бізге үнемі «Күте тұрыңдар, береміз» дейтін. Жалақымызды ай сайын кешіктіретін. Біз жұмысты үнемі - біресе үш күнге, біресе бір аптаға тоқтатып, ереуілге шығатынбыз. Төлесе, қайта жұмыс істей бастаймыз, - деп еске алады «Замчалов» шахтасының электр механигі Дмитрий Коваленко. Қазір Kingcoal компаниясы оған 360 мың рубль қарыз.
2015 жылы көмір өндіру төрт шахтаның бәрінде тоқтаған. Қазір олардың бәрін су басып жатыр.
– «Замчалов» шахтасын жауып тастауы мүмкін деп мүлде ойламаппыз. Мұндай көмір бүкіл Ресейде жоқ, оны экспортқа шығарады. Бұрынғы директорымыз «енді 50 жыл алаңсыз жұмыс істеуге болады» деп сендірген еді. Мына Kingcoal кететін шығар деп үміттенгенбіз. Қаншама қожайын келді, мен жұмыс істегеннен бері ғана үшеуі ауысты, - дейді Дмитрий Коваленко.
Шахтерлердің көбінің жалақы бойынша қарызы 12 айдан асқан 2016 жылдың жазында олар компания әкімшілігі ғимараты жанында бір кісілік пикеттер өткізе бастаған болатын. Тамыздың басында Kingcoal бас директоры мен тең қожайыны Владимир Пожидаев (оған 10%-ы, ал қалған 90%-ы кипрлік Kingcoal компаниясына тиесілі) қамауға алынған. Оған «жалақыны қасақана төлемеді», «өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айып тағылды, прокуратура пікірінше, соның салдарынан кәсіпорын экономикалық зиян шеккен. Пожидаев 13 жылға сотталуы мүмкін.
Ал тамыздың аяғында 100-ден аса кенші түрлі есеп бойынша, жалпы сомасы 320-350 миллион рульге жеткен жалақы қарызын төлеуді талап етіп аштық жариялады. Бұл қарыздың жалақыға қатысты бөлігі ғана. Ал жабылмаған несие, лизингтік төлемдер, салық пен зейнетақы аударымдары бойынша қарыз бір миллиард рубльден асады. Тамыздың 24-інде Ростов облысы губернаторы Василий Голубев шахтерлермен кездесіп, жалақы қарызын аймақтың резерв қорынан жабу мүмкін емес екенін мәлімдеген.
– Резерв қорынан төлесем болды, облысқа берген несиенің бәрін - 7 миллиардтай рубльді менен бірден қайтарып алады. Қаржы министрлігі бізге «өзге мақсаттарға бір копейка жұмсамайсыңдар» деп, осындай талап қойған, - дейді ол.
Бірақ Голубев жалақы төлей бастауға уәде етіп, бұл шаруамен айналысуға «Ростов даму корпорациясы» («РДК» ААҚ облысқа инвестиция әкелуге жауапты) кіріскен болатын. 2016 жылғы қазанда жұмысшыларға алғашқы 20 миллион рубльді (оның қайдан алынғаны айтылмайды) бөліп берген. Жалақы алушылар тізімін конкурстық басқарушылар құрастырған, Kingcoal компаниясына кіретін кәсіпорындардың бәрі түрлі банкроттық сатыда тұр деп танылған. Қарашада Ростов облысы басшысы федералдық резерв қорынан 300 миллион рубль бөлуді сұрап, РФ үкіметіне жүгінген. Бұл идеяны облыстан мемлекеттік думаға сайланған депутаттар қолдаған. Бірақ әлі күнге дейін оң шешім қабылданған жоқ.
Желтоқсанда 150 шахтер мемлекеттік дума депутаттарымен кездесу үшін астанаға бармақшы болып жиналған. Бірақ полиция Гуково қаласында террорға қарсы «Анаконда» арнайы операциясын жариялап, оларды қаладан шығармай қойған.
– Мәскеуге бару үшін автобусқа тапсырыс беріп қойғанбыз. Бірақ ақшасы төленсе де, жолға шығатын күннің қарсаңында тасымалдаушы компания өкілі телефон соғып, бізді апарудан бас тартты. Біз бір топ делегат сайлап, рейстік автобуспен жетпек болдық. Бірақ автовокзалда бізге билет сатпай, Гуководан шыға алмадық. Бізді солай мазақ етті. Көрші Зверево қаласына көлікпен барып едік, бізге ол жақтың кассалары да билет сатпай қойды. Бірнеше сағат бойы аязда тоңып, үйге қайттық, бірақ жолда көлігімізді еш себепсіз жол полициясы ұстап, құжаттарымызды ұзақ тексерді. Тағы бірнеше күн бойы да Гуководан мүлде ешкімді шығармай, ақыры Мәскеуге бара алмадық. Ал кейін үйге полициядан біреулер келіп, бірдеңелерді сұрап, жазып әкетті, - деп еске алады шахта маркшейдері Татьяна Авачева.
Желтоқсанда «РДК» ААҚ Kingcoal кеншілеріне тағы 50 миллиондай рубль аударды. Бірақ жұмысшылардың көбі оны алған жоқ, жұмысшылардың мүддесін қорғайтын бастамашыл топ дерегінше, 600-ге жуық адам мүлде ақша алмаған.
Қазір жалақы бойынша қарызды барлығы 3,1 мың адам күтіп отыр. Аударылған 70 миллионды алып тастағанда, әлі шамамен 275 миллион рубль жетпейді. Бастамашыл топ мүшесі, шахтер Николай Надкерничный:
– Ең үлкен проблема компаниялар тобына кіретін шағын кәсіпорындардың (қызмет көрсететін. - Азаттық) жұмысшылары болып тұр. Оларға бір тиын да берген жоқ. Әлгі кәсіпорындардың мәселесін алты айдан бері шеше алмай жүрміз. Кезінде Пожидаевтың шешімімен оларды жеке заңды тұлға ретінде бөліп тастаған, соның кесірінен олардың проблемасы мүлде шешілмей жатыр, - дейді.
Гуково қаласы прокуроры Валерий Поцелуйконың сөзінше, бұл шынымен қиын жағдайға айналған.
– Жалақы бойынша қарызды қайтарудың жалғыз заңды жолы – борышкердің мүлкін сату. Бірақ кейбір шағын кәсіпорындардың төленбеген жалақы көлемі бағаланған мүлік сомасынан асып кетеді. Мысалы, «Спецуглестрой» кәсіпорнында мүліктің көлемі шамамен бір миллион рубль, ал «Империя чистоты», «Горный проходчик» кәсіпорындарында мүлде жоқ. Бірақ біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Ең әуелі әлгі кәсіпорын жұмысшыларының жиынтық тізімдерін құрып, мөр басып, қол қойып куәландырып, облыстық үкіметке жолдадық. Мүмкін, олардың жалақысын да «РКР» қолданған схемамен жабудың сәті түсетін шығар, - дейді ол.
Бұдан бөлек, Поцелуйконың айтуынша, қазір сервис компаниялары жұмысшылары сот арқылы оларды да көмір өндіретін кәсіпорындарда жұмыс істеген деп тану үшін тырысып жүр. Бұл банкрот компанияның мүлкін сатқаннан кейін олардың жалақыларын талап етуіне мүмкіндік береді.
Ростов облысы үкіметіне қарасты ақпараттық саясат басқарма дерегінше, «Алмаз» басқарушы компаниясының әкімшілік ғимараттары мен Гуково қаласындағы жер телімін жалға алу құқығын сату үшін қазір сауда-саттық жүріп жатыр. «Замчалов антрациті» (кен байыту фабрикасы мен осы аттас шахтасы бар) мүлкін бағалау аяқталып келеді. «Ростовгормаш» жабық акционерлік қоғамы мүлкін сату аукционын өткізу ақпанның 13-іне белгіленген.
Шахтерлер алдағы сауда-саттық нәтижелерінен үміт күтпегенімен, Гуково прокуроры қорытынды жасауға асықпауға шақырады.
– Зауыттың өзін ғана (кен байыту фабрикасы. - Азаттық) 191 миллион рубльге бағалады, ал кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 38 миллион. Сондықтан ақырын күтейік. Жалақы қарызы екінші кезекте жабылатын қарызға жатады. Бірінші орында – кредиторлар, үшінші кезекте – салық және өзге төлемдер, - дейді Валерий Поцелуйко. – .
Шахтерлердің көбі жалақы бойынша қарыздың жиналып қалуының бір себебі - Владимир Пожидаев ақшаны шетелге, офшорға алып кеткен деп есептейді. Бірақ Валерий Поцелуйконың сөзінше, компаниядан тәркіленген құжаттарда бұл болжамдар расталмаған.
– Тексеру әлі жүріп жатыр, бірақ оның алдын ала қорытындыларымен танысып шықтым. Ақшаның шетелге кеткені туралы деректер жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдеймін. Бұған қоса, жұрт ол салық та төлемепті деп жүр. Құжаттарды қарап шықтым, олай емес екен. Бір жарым жыл ішінде 400 миллион қарыз жиналып қалғаны рас, оны жоққа шығармаймын. Бірақ оның 250 миллион төлегенін ешкім айтпайды. Зейнетақы қорына тағы 160 миллион жарна төлеген.
Ал ресейлік көміршілер кәсіподағы төрағасының орынбасары Рубен Бадалов Гуководағы жағдайға қатысты мынадай комментарий берді:
– Гуково шахталарының жағдайы Пожидаев келгенге дейін мүшкіл болған, ол проблемасы көп кәсіпорынға келді. Ресей отын және энергетика министріне дейін өткен жиналыстарда ол «бәрін шешемін» деп ант-су ішкен, ал қайда құлдырап бара жатқанымыз сол кезде-ақ байқалған болатын. Бұған экономикалық дағдарыстың әсері де тиген сияқты. Бұған қоса, жақын шетелден көмір арзан бағамен келе бастап, Украинадағы жағдай да әсер етті. Мұның бәрі кәсіпорынның «экономикасын» құлдыратып жіберді.
Ростов облысы билігі шахтерлерге жиналған 50 миллион рубльді қаңтардың аяғына дейін аударуға уәде етеді. Бірақ жұрт наурыздың 1-іне дейін қарызды толық төлеп бітіруді талап етіп отыр. Оның жауабы ретін әкімшілік ғимараты алдында күн сайын бір кісілік пикет өткізуді тоқтатуға міндеттенеді.
– Жалақымызды тезірек алып, жұмысқа орналасуымыз керек. Мен жұмыс істеген кәсіпорын ресми жойылған қарашаның ортасынан бері жұмыс істемеймін, өйткені жұртты тастай алмаймын, бастамашыл топта болуым керек. Әйтпесе бізді ұмытып кетеді. Маған 700 мыңдай қарыз, былтыр жыл аяғында 60 мың берген, бар болғаны сол. Өзгелер сияқты шешемнің зейнетақысымен лаждап отырмын, біреулер балалардың жәрдемақысымен амалдап күн көруде, енді біреулері жазда бақшасында бірдеңе өсірген,- дейді Татьяна Авачева. Татьяна Авачеваның айтуынша, тау-кен кәсіпорындары жойылғаннан кейін бір мыңға жуық адам жұмыссыз қалған.
– Енді қайтеді, мұнда жұмыс табу мүмкін емес. Гуководан да, Красный Сулиннен де, Звереводан да жұмыс табылмайды. Бәрі көмірге байланған. Жеті мың рубль жалақы төлейтін жұмыс ұсынады, оған қалай күн көреміз? Баламды оқытқан кезде алған несиелерімнің өзі 15 мың болады. Ал оны қайтаруға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге ақша жоқ. Жұрттың бәрі қарызға батқан. Тіпті мынадай да болды. Жыл аяғында жұртқа азын-аулақ тиын-тебен аударып еді, оны банктер автоматты түрде ұстап қалған. Кейбіреулердің электр жарығын өшіріп жатыр. Мысалы, жуырда бастамашыл топқа бір әйел келді, ол жарықтың ақысына екі мың төлеген екен, бірақ қыс мезгіліне қарамастан, электр қуатын бәрібір қиып тастапты, - дейді ол.
Шахтерлермен тамызда кездескен кезде губернатор Василий Голубев оларға мыңдаған тонна көмір түрінде «гуманитарлық көмек» көрсетуге уәде еткен, Kingcoal компаниясының 900 жұмысшысының үйі пешпен жылынады. Бірақ қазірге дейін оның 500 тоннасын ғана жеткізген.
Кездесу тағы бір әлсіз уағдаластықпен аяқталды, шахтерлер «бақылауда ұстау үшін» прокуратурадан жалақыны кімдер алатыны бекітілген тізімді беруді сұрайды. Кездесу бойы үнсіз отырған Гуково қаласы мэрі Виктор Горенко мәселе «губернатордың бақылауында» деп сендірді.
Тізімдерді өнеркәсіп министрлігіне бердік. Олар ықтимал нұсқалардың бәрін қарап, заң тұрғысынан пысықтауға уәде етті. Қазір біз 150 миллион төлеуді жоспарлап отырмыз.Гуково мэрі Виктор Горенко
– Василий Юрьеичпен шағын кәсіпорындар жайлы сөйлестік. Тізімдерді өнеркәсіп министрлігіне (аймақтың. - Азаттық) бердік. Олар ықтимал нұсқалардың бәрін қарап, заң тұрғысынан пысықтауға уәде етті. Қазір біз 150 миллион (жалақы бойынша қарызды төлеуге арналған алдын ала сома. - Азаттық) төлеуді жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Жеке меншік кәсіпорында болған жағдайға қағаз жүзінде билік жауапты емес. Бірақ Татьяна Авачеваның сөзінше, шахтерлер бұлай ойламайды.
– Біз болған жағдайға губернатор да жауапты деп есептейміз. Өйткені облысқа әлгі шаруаға қырсыз қожайынды кіргізген сол. Жалақы бойынша қарызға қатысты проблеманы шешуге көмектеседі деп күтеміз. Әйтпесе қайтадан аштық жариялауға тура келеді,- дейді Авачева.
Ростов облысы губернаторы Василий Голубев қаңтардың 26-сы күні жыл сайынғы баспасөз жиынында Kingcoal компаниясына қарасты кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына байланысты қалыптасқан жағдайға комментарий берді. Шахтерлердің наразылығы туралы аймақ басшысы «Бұдан құр мылжың мен жұртты қоздырудан өзге ештеңе шықпайды. Жұртқа жұмыс ұсынылған нақты фактілерді білемін, бірақ олар бас тартқан. Шахтерлердің талабы дұрыс екеніне дау жоқ. Мен бұл жерде облыстың өнеркәсіп энергетикасы министрлігінің кінәсі жоқ демеймін, өйткені олар жағдайды бақылауда ұстап, сәл ертерек араласуы керек еді. Кәсіпорындар банкрот болған кезде бизнесмендер сауатсыз шешімдер қабылдап, жағдайды ушықтырып жіберген. Кадр қызметін таратып жіберген, директорлар болмаған, бәрін Мәскеуден басқарған. Жұрт жұмысқа шықпай қойған кезде сөйлесетін ешкім болмады. Ал компания басшылығы Мәскеудегі жайлы кеңселерінде отырды» дейді.
Оның сөзінше, бұрынғы меншік иесінің мүлкін сатып, кеншілердің жалақысын төлеу үшін қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Ертеректе Голубев Ростов облысындағы Kingcoal конкурс жарияланған кәсіпорындарын жаңа инвесторларға сатып, шахтерлердің жалақысын төлеу мәселесін алты ай ішінде толық шешу жоспарланған деп мәлімдеген еді.