Путин мен Байденнің егесі

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақ шеттегі ары қарап отырған адам) АҚШ вице-президенті Джо Байденмен (оң жақта) кездесіп отыр. Мәскеу, 10 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Владимир Путин Думаға барып, Қырымның Ресей құрамына қосылғанын салтанатты түрде мәлімдеді. Польша премьер-министрі Дональд Тускпен кездесіп шыққан АҚШ вице-президенті Джо Байден бұған бірден жауап қатты.
Кремльде Қырымның Ресейге қосылғанын жариялаған кезінде ерекше қошеметке бөленген Ресей президенті Владимир Путин масаттана сөйледі. Ол Қырым республикасы мен Севастополь қаласын Ресей Федерациясының құрамына қосу туралы құжаттарға қол қоятынын мәлімдеді.

«Бүгін Қырымдағы референдум нәтижесін негізге ала отырып, Федералдық Кеңестен Ресей құрамына жаңа аймақтар – Қырым Республикасы мен Севастополь қаласын қосу туралы федералдық заңды қабылдауды және Қырым Республикасы мен Севастополь қаласының Ресей Федерациясының құрамына кіретіні туралы заңды бекітуді ұсынамын. Мұны сіздер қолдайды деп сенемін» деді Путин.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресейдің Қырымды қосып алуына орай өткен концертте сөйлеп тұр. Мәскеу, Қызыл алаң, 18 наурыз 2014 жыл.

Бұл Владимир Путиннің президенттік карьерасының шарықтау шегі болса керек.

Бұдан бірнеше сағат өткен соң НАТО-ның шығыстағы одақтастарын қолдау мақсатында Польша мен Балтық елдерін аралап жүрген АҚШ вице-президенті Джо Байден Польша премьер-министрі Дональд Тускпен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Байденнің айтуынша, «Путин шектен шығып кетті».

«Украинадағы ақылға сыйымсыз оқиғалар мені осында келуге мәжбүр етті. Президент [Барак Обама] мені Варшаваға барып, НАТО міндеттемелеріне АҚШ-тың адалдығын білдір және Польша басшылығымен Украинадағы жағдай туралы кеңес деп жіберді» деді Байден.

ЕГЕС

Екілене сөйлеп, ымыраға келмейтінін ашық білдіріп жүрген президент Путин Ресей мен Қырым арасындағы тарихи байланысқа назар аудартты. Ол АҚШ-тың Косовоның тәуелсіздігін мойындауынан бастап, қырғиқабақ соғыстан кейінгі екі Германияның қосылуына дейін түрлі тарихи оқиғаларды мысалға келтірді. Путиннің қисыны бойынша, осының барлығы Мәскеудің Қара теңіздегі стратегиялық түбекті өзіне қосып алуына құқықтық негіз болады.

Екі саясаткердің сөздерінен ешқандай ымыраның белгісі білінбейді. Путиннің кейінгі мәлімдемелері Қырымнан гөрі Ресей мен АҚШ-тың соңғы 20 жылдағы қарым-қатынасы туралы болып кетіп жатыр.

«АҚШ бастаған Батыстағы әріптестеріміз халықаралық құқық нормаларына толық бағынуды қолдайды. Бірақ олар өздерін дара, таңдаулы санайды, олар бүкіл әлемнің тағдырын шешетіндей, өздерінің айтқаны үнемі дұрыс болатындай көреді» деп мәлімдеді Путин.

АҚШ вице-президенті Джозеф Байден. Польша, Варшава, 18 наурыз 2014 жыл.

Ресей президентінің айтуынша, «НАТО-ның кеңеюі, Еуропада зымыраннан қорғану жүйесін орналастыру жоспары Батыстың 18-ғасырдан бергі «Ресейді бөгеу» саясатының жалғасып жатқанын дәлелдейді».

Байден бұл тұжырымдарды жоққа шығарып, Ресейдің Қырымға қатысты саясатын «жер басып алу» деп сипаттады.

«Ресей кәдімгі басқыншылығын ақтау үшін түрлі аргументтер келтірді. Бірақ Ресейдің әрекеттеріне қарап әлем жұртшылығы оның уәждерінің қисынға келмейтінін көріп отыр» деді Байден.

КҮШЕЙЕТІН НАТО, ШЕГІНБЕЙТІН МӘСКЕУ

Байденнің айтуынша, Украинадағы дағдарыс НАТО-ға да үлкен сабақ болып отыр. «Соңғы оқиғалар біздің альянстың басты мақсаты НАТО шартының 5-бабында көрсетілген ұжымдық қауіпсіздік екенін еске салып отыр. Біздің ойымызша НАТО осы дағдарыстан бұрынғыдан да күшті альянс болып шығуы керек» деді ол. Байден «зымыраннан қорғану жүйесін жетілдіру ісі жоспарға сәйкес соңына дейін жүргізіле беретінін» айтты.

«Путиннің наурыздың 18-і күнгі әрекеттері АҚШ пен Еуропа Одағын Ресейге басқа да санкциялар салуға мәжбүрлейді» дейді Байден.

Ресей әскерилері Украина офицерлерін тұтқындап жатыр. Қырым, Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Ал Путин Батыстың әрекеттерінен түрлі астар іздейді.

«Біз ұлттық мүддемізді табанды түрде қорғай аламыз ба, әлде шегініс жасаймыз ба? Кейбір Батыс саясаткерлері бізді тек санкциялармен ғана емес, «ішкі жағдайды нашарлатамыз» деп те қорқытады. Білгім келетіні – олардың ойы не? Бесінші колонна сияқты бірдеңе құрып, іштен жау шығару ма? Әлде олар Ресейдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды нашарлатып, сол арқылы дүрбелең жасағысы келе ме? Мұны біз жауапсыз әрі агрессивті мәлімдеме деп ұғамыз, оған лайықты жауап беретін әрекетке барамыз» деді Ресей президенті Путин.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)