Путин кеңесшісі отбасындағы «махаббат хикаясы»

Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі және танымал ұлтшыл, бұрынғы министр Сергей Глазьев. Мәскеу, 3 сәуір 2013 жыл.

Тәжікстаннан келген мигрант әйел үй қызметшісі болып жүрген жерінен қожайынның ұлын өзіне ғашық еткен. Ал үй иесі - Кремльдегі ықпалды адам әрі орыс ұлтшылы.

Бұл хикаядан әйгілі сериалдардың барлық элементтерін байқайсыз: шетелден келген қызметші әйел ауқатты әрі ықпалды қожайынның үйіне қызметке тұрып, оның баласына ғашық болады, солайша қызғаныш, ашу-ыза мен өлім қатері араласқан даудың ортасында қалады.

МАХАББАТ ХИКАЯСЫ

Бұл - Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі және танымал ұлтшыл, бұрынғы министр әрі депутат Сергей Глазьевтің ұлы 23 жастағы Юрий Глазьев пен тәжікстандық жалғызбасты ана, 31 жастағы Фируза Савушкинаның махаббат хикаясы.

Савушкина Сергей Глазьевтің Мәскеудегі пәтерін тазалайтын үй қызметкері ретінде жалданған. Бірақ көп ұзамай қожайынның ұлын өзіне ғашық етіп, саясаткер отбасын әуре-сарсаңға салды.

Савушкинаны көргенде есі кеткен Юрий Глазьев жас айырмашылығы мен әлеуметтік жағдайларының жер мен көктей екеніне қарамастан, Фирузамен үйленбек болады.

«Фирузамен табысқаным - өмірімдегі ең үлкен жетістігім» дейді Юрий Глазьев үйінде түскен бір видеосында. Онда Юрий Глазьев Савушкина мен оның қызы және Орталық Азия тұрғындарына ұқсайтын бірнеше әйелдің ортасында билеп жүр.

Юрий Глазьев Савушкинаны «бақытым, күнім» деп сипаттайды, қалған өмірін Фируза және оның қызы Полинамен бірге өткізуге ант етеді.

Ресейлік БАҚ-та жарияланған суреттерде олар жағажайда серуендеп жүреді, енді бірде саябақта жатады, тағы бірде Орталық Азия халықтарының дәстүрлі дастарханында отырады. Араларындағы махаббаттың қашан басталғаны белгісіз, бірақ Глазьев Савушкинаның өзінен жүкті екенін айтады.

Қыркүйектің 24-і күні Савушкина «тәжік мигранты Дилафруз Мирзоеваға күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасады» деген айыппен қамауға алынғанда екі жастың бақытына бұлт үйірілді. Мирзоева да Глазьевтердің үй қызметшісі болғанын, Савушкинаның өзіне пышақ ала жүгіріп, бетін тырнағанын, «өлтірем» деп қорқытқанын айтады. Савушкина одан күйеу жігітті қызғанған -мыс.

Фируза Савушкина (сол жақта) мен Юрий Глазьев.

«ӘКЕ-ШЕШЕМ ӘДЕЙІ ҚАМАТТЫ»

Бірақ Юрий Глазьев оның айтқанына сенбейді. Ол бұл істі «жалшы әйелден баласын сақтандыру үшін әке-шешесінің ұйымдастырғаны» деп біледі. Анасын «Ольга» деп атайтын Юрий «ұлының таңдаған «жарына» әке-шешесінің қуана қоймағанын» айтады. Өйткені ол - Ресейде жексұрын, жалшы болып көрінетін 1 миллион 200 мың мигранттың арасынан шыққан әйел.

Ал ұлдың әкесі Сергей Глазьев - Ресей министрлер кабинетінің бұрынғы мүшесі, депутат болып та қызмет атқарған ықпалды тұлға. Кейінгі екі жылда бұл адам Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі қызметін атқарады.

Юрий Глазьевтің сөзіне қарағанда, «анасы Савушкинаны жек көреді әрі мигрант әйел ұлының тағдырын талқандап, байлыққа қол жеткізгісі келеді деп қорқады».

Юрий ресейлік «Рен ТВ» телеарнасына берген сұхбатында «Алғашқы күннен бастап-ақ анам оны еш себепсіз жек көре бастады» дейді. Оның айтуынша, «Фируза әркез оның көңілінен шығуға тырысып, жақсы қарым-қатынас орнатқысы келген. Бірақ олардың арасы барған сайын нашарлай түскен». Юрий Глазьев анасының Савушкинаға деген жеккөрініші «шектен шыққанын» айтады.

Оның сөзіне қарағанда, ата-анасы ықпалдарын пайдаланып, Савушкинаны Тәжікстанға депортациялап, 10 жыл бойы Ресейге келмейтіндей жасамақшы болған. Бірақ Савушкина мұндай шешімнің орынсыз екенін дәлелдеп, қажетті рұқсат қағазын алып алған.

Юрий Глазьевтің ата-анасы ұлы айтқан айыптаулар мен оның махаббаты туралы ештеңе айтпайды.

Дегенмен Youtube-ке жарияланған, Сергей Глазьев пен ұлының телефон әңгімесі деген аудиоматериалда олар Савушкинаны түрмеден шығару жолдарын ақылдасады.

Сергей Глазьевтікіне қатты ұқсайтын дауыс ұлына «адвокатпен сөйлес» деп, қалай әрекет етудің жолдарын үйретеді. Ұзақ әңгімеден кейін ұл әкесінен «таныстарын іске қосуды» өтінеді.

Ұл «Сен судья немесе прокурорға ықпал етіп, оның қамау уақыты біткенде, мерзімін созбай-ақ қойыңдар деп айта аласың ба?» дейді.

Дауысы Юрий Глазьевке ұқсайтын адам «адвокаттың ақша сұрағанын, бірақ тек қажетті құжаттар дайын болғанда ғана ақысын төлейтінін» айтады. Оған әкесі «бұның да дұрыс» дегендей болады.

Бұл хикаяның немен бітетіні әзірге белгісіз. Бірақ Юрий Глазьев «Не көрсем де, қалыңдығыммен бірге көрем. Бар күшімді сарп етіп оны құтқарамын» дейді. Савушкина әлі абақтыда отыр, ал Юрий Глазьев оның қызы мен туысқандарына барып, жағдайларын біліп тұрады.

(Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)