Бірақ қазақ президентінің бай да құдіретті күйеу баласымен жақын байланысы Гога Ашкеназидің Астанамен байланысына айрықша назар аудартып отыр.
Провинциальдық деңгейдегі қаладан келіп, Британ қоғамының көрнекті мүшесіне дейін тез көтерілген Гауһар Берқалиева - Гога Тараздағы су инженерінің кенже қызы болатын.
Бойшаң, көрікті, 31 жастағы Ашкенази қазір Оксфорд университетін тәмамдап, Лондонның мәртебелі Голландия бағындағы зәулім үйде тұрады, бірнеше елді қамтитын бизнес империясын қадағалап отырады.
Ресей мен Ұлыбританияда оны пір тұтатындар баршылық. Бірақ Ашкеназидің жетістігін қазақ президенті әулетімен байланыстарындар да бар.
Гогаға қатысты шетелде әр алуан пікір айтылады. Бірақ ол ақпарат құралдары қатаң мемлекет бақылауындағы Қазақстанда онша танымал болмады. Алайда шетелдік бағдарламалар Ашкенази мен президенттің миллиардер
күйеу баласы Тимур Құлыбаев екеуінің араларындағы қарым-қатынасына назар аударғанда жағдай өзгере бастады.
"ХАНШАЙЫМ"
6 шілдеде – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 71-ге келген күнінде – "K-Плюс" телеарнасы Ашкеназиге қатысты деректі фильмнің алғашқы бөлімін көрсетті.
"Ханшайым мен қайыршылар" деп аталатын фильмге Гога мен Тимур Кұлыбаев екеуінің араларындағы жақын байланыс арқау болған.
Тимур Құлыбаев президент Назарбаевтың қызы Динарамен 20 жылдан астам уақыттан бері отасып, одан үш бала сүйген. Ол бертін келе Ашкеназиден де бала көрді.
"Ханшайым мен қайыршылар" фильмінде Ашкеназидің үлде мен бүлдеге оранған тіршілігі және өлместің күнін көріп жүрген қарапайым қазақтардың қиын жағдайы арасындағы қарама-қайшылық көрсетілген.
Бұдан бұрын ресейлік "НТВ" телеарнасы Ашкеназидің қысқы демалысын Швейцариядағы шаңғы курортында қалай өткізетіндігін, Дубайда қалай жұмыс істейтіндігін көрсеткен еді.
Ашкенази "НТВ" телеарнасына берген сұхбатында орыстілді ақпарат құралдары өзін "жағымсыз кейіпте суреттейтінін" айтып, шағынған еді.
Гога Ашкенази осы хикаяға қатысты Азат Еуропа/Азаттық радиосының сұрақтарына жауап бермеді. Бірақ ол бір кездері Тимур Құлыбаевтың ашынасы болғанын, 2007 жылы желтоқсанда дүниеге келген баласы Адамның әкесі Тимур екенін жасырмайды.
ӨЗ ЕЛІНДЕ ЕЛЕУСІЗ
Ұлыбритания ақпарат құралдарының мәліметтеріне сәйкес, Ашкенази мен Құлыбаев алғаш 2005 жылы кездескен. Гога ол кезде калифорниялық қонақүй мұрагері Стефан Ашкеназидің жұбайы еді. Ашкеназилер кейін ажырасып тынды. Ал Гогамен байланыста болған Тимур Құлыбаев Динара Назарбаевамен ерлі-зайыпты күйінде қала берді.
Бірақ бұл хикая Қазақстан қоғамына мәлім болмады.
- Үкіметтің сөзін сөйлейтін ақпарат құралдары мен ресми Астана Ашкенази жайлы тіс жармайды. Себебі бұл - оның (Гога Ашкеназидің) мұнай секторы мен құдіретті мұнай магнаттарына, атап айтқанда Тимур Құлыбаевқа қалай қолы жеткені жайлы көптеген жайсыз сұрақтарға жетелеуі мүмкін ыңғайсыз мәселе, - дейді қазақ кәсіпкері және оппозициялық саясаткер Болат Әбілов.
"Оның Тимур Құлыбаевпен арадағы бейресми қарым-қатынасын біле отырып, Қазақстандағы мемлекеттік және басқа да ақпарат құралдары Ашкенази жайлы ештеңе айтпайды. Ақпарат құралдарына осы мәселені қозғауға тыйым салынған әрі олар қорқады. Себебі бұл - өте тайғанақ тақырып" дейді саясаткер.
КЕРБЕЗДІКТІҢ ТӨРКІНІ
Ашкенази 13 жасында Англиядағы жабық мектеп-интернатқа жіберілді. Одан кейін Оксфорд университетінде тарих және экономика факультетінде оқыды. Тапқырлығына бұрынғы сыныптастары тәнті болған Гога өзінің алғашқы тиімді байланыстарын Оксфордта оқып жүргенде-ақ орнатып үлгерген.
Мұнайлы Қазақстаннан шыққан жаңа байлар Ұлыбританияда дүние-мүлік ала бастағанда, Гога ауқатты іскер ретінде қалыптасып үлгерген еді.
Қазір Гога Ашкенази ішіне еуропалық король әулеттерімен қатар халықаралық олигархтардың бірқатары, Голливуд жұлдыздары енетін Ұлыбритания қоғамының сорпа бетіне шығар тобымен арасында жүр. Бірақ оның табысының көбі Қазақстанннан түсіп жатыр.
Гога Ашкенази Қазақстандағы жекеменшік MunaiGaz Engineering Group компаниясының негізін қалаушы және президенті. Ол сонымен бірге Қазақстандағы инвестициялармен айналысатын MMG Global Consulting Group-тың директоры. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол енді қазақтың алтын өндіру индустриясын иеленуді көздеп отырғанын айтқан еді.
Кейбір сарапшылар Назарбаевтың мұрагері деп танитын Құлыбаевпен арадағы қарым-қатынасы аяқталды дегенмен, Гога Тимурдың бизнес кәсіпорындарында көмектесіп келе жатқанын мойындайды. Құлыбаевпен қарым-қатынасы газет мақалаларының тақырыбына айналып тұрған кезде Гоганың Қазақстандағы тиімді мұнай секторына қол жеткізетін ерекше амалы жайында жиі айтылады.
- Қазақстанда екіұдай мораль қалыптасқан. Кімнің кіммен жүретінін, кім кімнің көңілдесі екенін, кімнің кімнен бала тапқанын көп адам біледі. Бірақ бұл саясаткерлер мен кәсіпкерлердің абыройына дақ түсірмейді. Бізде мұндай жағдайлар саясаткерлердің не кәсіпкерлердің өсуін анықтайтындай мәдениет жоқ, - дейді сарапшы Айдос Сарым.
Бірақ "халықты қатты ашындыратыны - ұлт байлығының шынымен тоналып жатқаны" дейді ешкімнің атын атамаған Сарым.
ӘУЛЕТТЕГІ АЙҚАЙДЫҢ БАСЫ
Қазақстанның №1 әулетінің абыройына Назарбаевтың шетелдегі бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев тудырған жанжал да біраз нұқсан келтіріп үлгерді.
Рахат Әлиев президенттің үлкен қызы Дариғаға үйленген болатын. Әлиевтің Назарбаевқа деген адалдығына айтарлықтай күмән туған кезде ол президент рақымынан айырылды. Енді, міне, Қазақстан кісі өлтіру мен адам ұрлау кіретін ауыр айыптар бойынша сырттай сотталған Рахат Әлиевті елге алғыза алмай жатыр.
Қазақ депутаттары көп әйел алуға байланысты пікір айтамыз деп сынға ұшырап жүргені белгілі. Сондайда Назарбаевтың екінші күйеу баласының қылығына байланысты шара қабылдауы мүмкін бе?
Тіркелмеген "Алға" партиясының басшысы Владимир Козлов "бұлай бола қоймас" деп болжайды. Оның ойынша, Құлыбаевқа биік моральдық және этикалық стандарттардың қажеті де шамалы болса керек.